Өскеменде көлік тұрақтарын алып тастау қолайсыздық тудырып отыр
Өскемен көшелерінің бойындағы көлік тұрақтарын алып тастау жүргізушілерге қолайсыздық тудырып отыр.
Бұл жаңдай бәрінен бұрын нәпақасын сауда-саттық пен қызмет көрсету арқылы тауып жүрген шағын және орта бизнес өкілдеріне кесірін тигізіп жатыр, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Жол белгісінің кәсіпкерлерге қатысы қанша?
«Аялдауға тыйым салынады!». Облыс орталығының Абай және Шәкәрім даңғылдары бойында орналасқан бизнес субъектілері бір-ақ күнде ғайып болған көлік тұрақтарына қатысты мәселе көтеріп, өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Жүздеген бизнес субъектісі өз табыстарының басым бөлігінен айырылғанын айтып, Абай, Шәкәрім даңғылдары бойында және Өскеменнің басқа да негізгі көшелерінде көлік қоюға тыйым салуға наразылық білдірді.
Кәсіпкерлер палатасында облыс прокурорының бірінші орынбасары Мейрам Таутеновтің, облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Талғат Башевтің, кәсіпкерлердің бизнес-омбудсмен өкілі Әлия Мұқашеваның, мүдделі мемлекеттік органдар мен Amanat партиясы өкілдерінің қатысуымен кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, аталған мәселені шешу жолдары қарастырылды.
Мәселенің жай-жапсарын баяндаған өңірлік кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Алыстан Маратовтың айтуынша, «Аялдауға тыйым салынады» белгісін тәулік бойы орнату ақылға сыйымсыз.
– Қалалық полиция басқармасының айтуынша, тыйым салу белгілері даңғылдардың өткізу мүмкіндігін арттырып, кептеліс болдырмау үшін қойылыпты. Ал кәсіпкерлердің мәліметінше, аталған бөлікте кептеліс тек кешкі уақытта, яғни «қарбалас сағаты» кезінде ғана болады және оның ұзақтығы жарты сағаттан аспайды. Осыған байланысты «Аялдауға тыйым салынады» белгісін тәулік бойы орнату ақылға сыйымсыз. Бұған дейін көлік құралдарының соңғы оң жақ жолақта тоқтау схемасы басқа жол қозғалысына қатысушыларға кедергі келтірмеді, – дейді Алыстан Маратов.
Тыйым салу белгісін орнату аталған даңғылдардың бойында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандары клиенттерінің азаюына әкеліп соғуда және тауарларды тиеу және түсіруге де көп қиындық туғызып отыр.
– Сонымен қатар ҚР БК 3.01-101-2013 ««Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық елді мекендерді жоспарлау және құрылыс салу» тақырыбында Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекстің 10-бабына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды тұлға әкімшілік рәсімге қатысушылар мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте әкімшілік акт, әрекет не әрекетсіздік мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және дәлме-дәл болуға тиіс.
Осылайша мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін жасанды кедергілер жасалып отыр. Кәсіпкерлер көлік аялдайтын орындардың болмауынан тұтынушыларынан айырылып жатыр, тауарларды тиеу немесе түсіру мүмкіндігі де жоқ. Оны тұрғын үйлердің ауласында істеуге тыйым салынған. Қысқасы, сауда орындары толық оқшауланып қалды, бұл 70-тен астам кәсіпкерлік субъектісінің банкроттығына, қос даңғылдың бойындағы 250-ден астам жұмыс орнының жабылуына әкеледі, – деп түйіндеді сөзін Алыстан Маратов.
Көлік тұрақтарының алынып тасталуына байланысты, «ESDERI» ЖШС директоры (Абай даңғылындағы «Старт» дүкені) Ерік Ағзамов облыстық полиция департаменті жол полициясы басқармасынан тексеру актісін көрсетуді сұраған, бірақ жауап ала алмаған. Жол полициясы басқармасы қала әкімдігі мен ТҮКШ бөліміне, ал әкімдік өз кезегінде полицияға сілтеп, ешқайсы кәсіпкерге жөнін айтпаған. Қазір «Старт» дүкенінде саудамен айналысып, күн көріп жатқан 35 жеке кәсіпкердің бизнесіне жабылу қаупі төніп тұр.
– Егер осы тыйым салу белгісінің пайдалы әрекет коэффициентіне қарасақ, мен оны 1-2% деп есептер едім, яғни ол сағат 18.00-ден сағат 19.00-ге дейін ғана әрекет етеді. Басқа кезде бұл белгі мүлдем қажет емес. Кептеліс деп Алматы, Астанадағы сияқты көліктердің сағаттап жылжымай тұратын кездерін айтады. Бізде ондай кептеліс жоқ, машиналар баяу болса да қозғалып бара жатады. Михаэлис көшесінен «Daniel» сауда үйіне дейін көліктер «қарбалас сағатта» ұзағанда 10 минутта жүріп өтеді. Сол жердегі бизнесмендерден, тұрғындардан кімдерге кедергі келтіретінін сұрастырып, осы деректер негізінде тиісті шешім қабылдауға болмады ма? – дейді Ерик Ағзамов.
Сондай-ақ «Галит» базарының, «Турист» қонақ үйінің, «Гарант-Сервис» тұрмыстық техниканы жөндеу шеберханасының өкілдері және басқа да кәсіпкерлер пікір білдіріп, олар да осы мәселе бойынша жергілікті атқарушы органға бірнеше рет жүгінгендерін, хат жазғандарын, бірақ тыйым салу белгілері қандай негізде орнатылғанын және тиісті бұйрыққа нақты кім қол қойғаны көрсетілген ешқандай құжат алмағандарын жеткізді.
Кәсіпкерлер кірісінің күрт төмендеуі себепті бюджетке түсетін салық та айтарлықтай азаймақ.
Тоқтайтын жер бола тұра көлік тұрағына тыйым салынуы себепті (алып тастағандықтан) «Турист» қонақ үйіне келетін қонақтар мен спорттық жарыстарға қатысушыларды айтпағанда, басқа да клиенттер тыйым белгісін көрген соң, көлік қоятын орынның жоқтығын білген соң немесе дұрыс тоқтамағаны үшін айыппұл төлеген соң, енді бұл маңдағы шағын және орта бизнес субъектілерінің нысандарына келгісі келмейді.
Көлік тұрағына тыйым салу белгісі Михаэлис көшесінен бұрылғаннан кейінгі трамвай аялдамасына қарама-қарсы жерге де қойылып отыр. Даңғыл бойында орналасқан қызмет көрсету орындары мен сауда орындарына келген клиенттер өздеріне орын жетпей жатқан тұрғын үйлердің аулаларына кіруге мәжбүр. Ал ол үйлердің аулаларында орын мүлдем жоқ.
Amanat партиясы қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясы кәсіпкерлердің өтініші бойынша Абай даңғылында көшпелі рейд ұйымдастырыпты.
– Біз Үлбі көпіріне қарай көлік ағынының қарқынын бақылау үшін «Старт» дүкенінің жанында 40 минут тұрдық. Оң жақ жолақта бірде-бір көлік болмады, барлық көліктер екінші және үшінші жолақпен жүрді. Бұл жерде кептелістің негізгі себебі – Үлбі көпірі. Мұны бәрі біледі. Біз әрқашан Президент тапсырмаларына сілтеме жасаймыз, Мемлекет басшысының өзі айтқандай, біздің міндетіміз – шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу. Құрылтайдағы соңғы сөзінде де ол нақты тапсырма берді. Кім шағын және орта бизнеске қарсы, сол мемлекеттің жауы! Сондықтан бұл мәселені бизнестің мүддесі үшін оң шешу керек, – дейді филиалдың партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Серік Оразбайұлы.
Полициядан да, әкімдіктен де жауап жоқ
Облыстық әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекция бөлімінің аға инспекторы Тимур Темірқанов «Жол қозғалысы туралы» Заңның 17-бабы негізінде бұл шешімді қала әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдар мен сарапшылар тобының қатысуымен қабылдап, Өскемен жол полициясы басқармасымен келісілгенін түсіндірді.
– Мен сіздердің проблемаларыңызды тыңдадым, естідім, осыны негізге ала отырып, шешім іздейміз, яғни қандай да бір нақты қадамдар жасайтын боламыз. Айталық, осы белгілер бір жерден алынып тасталуы мүмкін. Көлік тоқтайтын орындардың құрылысына біздің қатысымыз жоқ. Яғни сіздер ұсыныс әзірлеп, әкімдікке жолдап, ары қарай Өскемен қаласының полиция басқармасына жіберу керек, – деді Т.Темірқанов.
Кәсіпкерлер оған полиция басқармасы мен әкімдікке бірнеше рет хабарласып, ештеңеге қол жеткізе алмағандарын айтты.
Өскемен қаласының ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ержан Ыбыраев орнатылған жол белгілерінің құрылыс нормалары мен ережелері (ҚНжЕ) және құрылыс регламенттерінің жаңа талаптары бойынша орнатылғанын алға тартты. Алайда кәсіпкерлер заңның регламент алдында әрқашан артықшылығы бар екенін еске салды. Бұл жағдайда «Автомобиль жолдары туралы» Заңның 14-бабын келтіруге болады. Сонымен қатар ӨКП кеңесінің мүшесі Виталий Чернецкий атап өткендей, жаңа ережелер тек жобаланып және салынып жатқан нысандарға қатысты ғана қолданылады, ал бұрыннан бар нысандарға қолданылмайды.
Кәсіпкерлердің ақпаратын кеңес мүшесі, өз кеңсесі бір жағына тыйым салу белгілері қойылған Буров көшесінде орналасқан адвокат Сергей Шигрин толықтырды.
– Буров көшесін түгел жауып тастады, бірақ онда кептеліс жоқ және ешқашан болмаған. Өмір бойы көліктер бірінші жолақта тоқтады, ал екінші жағында олар әлі күнге дейін осылай тоқтап келеді. Сондықтан мен бұл техникалық негіздеме қайдан шыққанын түсінбеймін. Мен ол құжатты көргім келеді. Мен ол қаулыны жіліктеп, қажет болса, сараптамаға тапсырыс беремін. Мен оның расталмайтынына сенімдімін. Адамдар неге ашуланады? Өйткені олар объективті түрде ешқандай проблема жоқ екенін көреді. Біздің ойымызша, кім болса да мұның бәрін қолдан жасап кәсіпкерлерге проблема тауып беріп отыр, – деді Сергей Шигрин.
Облыс прокурорының орынбасары Мейрам Таутенов бизнес өкілдеріне аталған мәселені сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірге бақылауға алуға уәде берді.
– Келесі аптаның соңына қарай біз мәселені шешу жолдарын әзірлейміз. Жеке кездесу ұйымдастырамыз және біз бұл проблеманы шешеміз деп ойлаймын, – деді ол.
Кеңес төрағасы Игорь Шацкий айтқандарды түйіндей келе:
– Бүгінде әкімдік те, жол полициясы басқармасы да өздері қабылдаған шешімнің салдарын көріп отыр. Біз қалай болғанда да осы мәселеде бизнес субъектілерін қолдайтынымызды ескертемін. Біз жергілікті атқарушы органдар мен ішкі істер органдарының әрекеті кәсіпкерлер мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етпейді деп есептейміз, – деп атап өтті Игорь Шацкий.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кеңесінің қарарына сәйкес, жол полициясы басқармасы Өскемен қаласының әкімдігімен бірлесіп, 7 шілдеге дейін Абай мен Шәкәрім даңғылдары бойындағы көлік құралдарының қозғалысы ережелерін қайта қарау мүмкіндігін қарастыруға, «Тоқтауға тыйым салынады» деген тыйым салу белгісі қолданылатын уақыт кезеңін көрсете отырып «Қолданылу уақыты» қосымша белгісін орнату мәселесін қарауға, осы шешімдерді қабылдау барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, қоғамдық тыңдаулар өткізе отырып кәсіпкерлік субъектілерімен келісуге міндеттелді.
Жамал Ермен