ТОПТүйткіл

Шошқа фермасының шуы басылмай тұр

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ

Өскеменнің дәл іргесіндегі неше жылға созылған шошқа фермасының шуы әлі басылар емес. БАҚ өкілдері бұл мәселені жыл сайын көтергенімен өкінішке қарай еш нәтиже болмай тұр. Ферма иесі тілшілермен тілдескенді былай қойып, соттың шешімін орындамай отыр.

Тек күзетшілері ғана келген адамдарды қарсы алып, шығарып салады. Тіпті аулаға да кіргізбейді. Бір жағында абалаған ит. Қолқаны қапқан жағымсыз иіс пен шошқа сойғанда төгілетін қан-жыннан әбден мезі болған Степной, Лесхоз және Шмелов Лог ауылдарының халқы осы жолы тағы да төртінші билік өкілдері – журналистердің көмегіне жүгінді.

Сонымен Өскемен қаласы әкімдігі мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, облыстық экология департаментінің және БАҚ өкілдері Өскеменнің іргесіндегі Лесхоз ауылына тағы бір мәрте барып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, арыз-шағымдарын тыңдады.

– Енді сіздерден басқа кімге айтамыз? Жергілікті әкімдік тілшілер келсе ғана қимылдайды. Ферма иесі бізді мүлде тыңдағысы жоқ. Маңына жолатпайды да. Тек полицияны ертіп қана бара аламыз. Шошқаларын демалыста немесе мейрам күндері сояды. Бір сойғанда 20-30 басты жайратады. Сою цехы Лесхоз ауылының ортасында тұр. Ол кездегі шошқалардың шуы, төгілген қан-жын мен ішек-қарынның жағымсыз иісі бүкіл ауылға тарайды. Сыртқа шығу мүмкін емес. Балалар да ойнай алмайды. Сонда бұған тоқтау жоқ па? Бұлар ауылға проблема тудырып қана қоймай, жер мен суды, ауаны ластап, экологиялық зардап шектіруде. Маңайы да қоршалмаған. Тексеру келсе, айыппұл төлеп құтылады. Құзырлы орындар неге нақты бір жағына шығармайды, – дейді Степной ауылының тұрғыны Жанар Оспанова.

Көпшіліктің сөзіне қарағанда, маңайдағы Степной, Лесхоз, Шмелев Лог дейтін үш ауылдың тұрғындары кәсіпкерге шошқа ұстама деп отырған жоқ, тек ауылдан алысқа апарып бақса болды. Бірақ ферма қожайыны бұған құлақ асар емес.

Тұрғындардың айтуынша, былтыр фермада 8 мыңнан аса шошқа болған. Оның бәрінің нәжісі ауыл шетімен ағып Үлбі өзеніне қосылып жатыр. Ал Үлбі Ертіске құяды. Сөйтіп, қоршаған ортаға зиян келтіреді. Ол аздай ауылдағы ауызсу ішуге жарамай қалған, сарғайып кеткен. Тұрғындар Өскеменнен су тасып ішіп отыр. Ауыл шетіндегі қаланың қоқыс полигонының мүңкіген исі мен желмен шашылған целлофан пакеттері аз болғандай енді міне, 2005 жылдан бері шошқа қораның зардабын тартып келеді. Тұрмыстық қалдықтарды өңдейді деп ауыл шетіне салған зауыттың өзі қоқыс астында қалған. Істемейді.

– Шошқа ферманы әкелі-балалы Митиндер басқарады. Міне, қазір сәуір айы күн салқындау болса да қан-жынға үймелеген көк шыбын көз аштырмайды. Көрген күніміз осы, өзіміз де ауру болдық. Балалардың болашағына қиын, ауру жұқтыруы да мүмкін, – дейді тұрғындар қапаланып.

Ал Степной ауылы Глубокое ауданына қарайтындықтан, Өскемен қалалық әкімдігінің оған бас ауыртқысы жоқ. Жиынға келген Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смиттің айтуынша, қалалық әкімдік тек ауызсу, тұрмыстық қалдықтар және жол мәселесіне, Лесхоз бен Шмелов Лог ауылдарына ғана жауапты. Осы ретте тұрғындармен әкімдікте кездесіп мәселелерді бірге талқылау керектігін, оған дайын екендіктерін жеткізді. Болашақта ауылдарда су құбыры салынбақ.

Соттың шешімін пысқырмай отыр

Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 21 қарашадағы №6309-22-00-2/3005 шешімімен облыстық экология департаментінің «Митин А.Б.» ЖК-ға талап-арызы негізінде Өскемен қаласының Шмелов Лог ауданындағы шошқа ферманың және Лесхоз кентіндегі сою цехының қызметі тоқтатылған болатын. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оның алдында 2006 жылы да ферманың жұмысын тоқтату туралы сот шешімі болған, бірақ, ол орындалмаған.

Алайда Лесхоз тұрғындары әлеуметтік желілерде сот шешімінің орындалмағаны туралы хабарлап, облыстық экология департаментіне сою цехына қатысты шаралар қабылдауды сұрап тағы да хабарласқан. Мәселені кездесу барысында тағы да көтерді.

– Сою цехына іргелес аумақты тексеру барысында тұрғындардың дәлелдері расталды, «Митин А.Б.» жеке кәсіпкерлігі шошқаларды ұстауды жалғастыруда және оның учаскесінен шошқа нәжісімен ластанған еріген қар суы ағып жатыр, атмосфералық ауада шошқа фермасынан шығып жатқан адам төзгісіз иіс бар. Оның құрамындағы заттар адам денсаулығына зиян. Осыған байланысты, жергілікті тұрғындармен кездесу нәтижелері бойынша және ұсынылған материалдар негізінде экология департаменті әділет департаментіне Өскемен қаласының Шмелов Лог ауылындағы шошқа ферманың және Лесхоз кентіндегі сою цехының қызметін тоқтату туралы атқарушылық іс қозғауға қайта бастамашылық жасайды, – деді облыстық экология департаментінің мемлекеттік бас маманы Ақнұр Құнафина.

Тоқтаған іс қайта қозғалды

Ал облыстық әділет департаментіндегілер тексеру барысында фермада талпақ танаулардың болмағанын айтады.

– Осыдан кейін, Өскемен қаласы бойынша сот актілерін орындау бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Е.Қуанышбаев сот шешімінің орындалуына байланысты 2023 жылдың 4 сәуірінде өз қаулысымен атқарушылық іс жүргізуді тоқтатты. Ол Степное ауылы мен Лесхоз кентіне шошқа фермасына баруы қажет болған. Фотоматериалдарға сәйкес фермада жануарлар шын мәнінде жоқ болды. Тексеру кеткен соң жұмысын қайта бастауы да мүмкін. Қазір сол сот орындаушы еңбек демалысында. Ал біз тұрғындар мен экологтардың шағымына орай тексеруді қайта бастаймыз, – деді облыстық әділет департаменті атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұржан Құрманғалиев.

– Ол кәсіпкер тексеруге келген бұрынғы сот орындаушыны алдап, төменгі жақта тұрған басқа үш қорасын көрсеткен. Ол қоралар үнемі бос тұрады. Әйтпесе, сегіз мың бас шошқаны бір күнде қайда апарып жасырады? Ал мына кірпіштен салынған қораға әкелген жоқ. Сол себепті сот орындаушы шошқалар жоқ деп істі тоқтатқан, нақтысын білмеген, – дейді Лесхоз ауылының тұрғыны Күләш Сүлейменова.

Ауаны да, жерді де, суды да ластап отырған кәсіпкердің өзі төбе көрсетпек түгілі байланысқа да шықпады. Тұрғындардың айтуынша, үнемі солай істеп, тіпті «менің фермам жұмысын тоқтатпайды» деп мысқылдап, жұмысшылары арқылы тұрғындарға сәлем де жолдап жіберіпті.

Материал дайындалып жатқанда Глубокое аудандық мәслихатының осы ауылдар бойынша жаңадан сайланған депутаты Алтай Қалиғожин Степное, Лесхоз ауылдарының тұрғындарымен байланысқа шығып, бұл мәселемен айналысатынын жеткізген. Тіпті, құқық қорғау өкілдерімен бірге арнайы барып ферманы аралап, көзімен көріп те қайтыпты. Айтуынша, басқа сот орындаушы тағайындалып, тоқтатылған іс қайта жанданбақ.

Бұдан бөлек жоғарыда аты аталған Жанар Оспанова есімді тұрғын тілшілермен болған кездесуден кейін ауылдастарының атынан арнайы арыз-шағым жазып, облыс әкіміне және облыстық прокуратураға өткізгенін айтады.

Бұл мәселе құзырлы мекемелер тарапынан ерекше бақылауға алынды. Бұқаралық ақпарат құралдары да шошқа фермасына қатысты жағдайды тұрақты назарда ұстайтын болады.

 

Осы айдарда

Back to top button