Түйткіл

Өскеменде көлік тұрақтары қайтарылды

Өскеменде кәсіпкерлер осыған дейін тыйым салынған көлік тұрақтары мәселесін шешуге қол жеткізді. Жуықта арнайы құрылған жұмыс тобы осы мәселе бойынша жедел шешім қабылдады.

Облыс кәсіпкерлері палатасында Өскеменнің даңғылдары мен орталық көшелерінің бойына көлік қоюға тыйым салу белгілерін орнатуға байланысты мәселенің оң шешімін тапқаны туралы айтылды, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Естеріңізге сала кетейік, облыс орталығының магистральдық және орталық көшелерінің бойына тыйым салу белгілерін орнатуға байланысты маусым айының соңында Өскеменнің қырықтан астам кәсіпкері облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысына келген болатын. Олар Абай, Шәкәрім даңғылдары, Буров, Бажов және басқа да көшелердің бойындағы көлік тұрақтарының алынып тасталуына наразылық танытып, өздерінің кәсіптерінің шығын шекпеуіне көмек сұрады. Жүздеген бизнес субъектісі бір түнде өз табыстарының басым бөлігінен айырылған. Клиенттерге айыппұл салынып, олар жанына көліктерін қоюға болмайтын дүкендерге, салондарға, қонақ үйлерге, шеберханаларға барудан бас тартты, ал өнім жеткізушілер болса, тиеп-жөнелту үшін аулаларға, аркаларға және аулааралық аумақтарға кіріп, кептеліс туындатып, жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды.

Кеңесте барлық тараптар тыңдалғаннан кейін жол полициясы басқармасы мен Өскемен қаласының әкімдігіне бірқатар ұсыныс жасалды, соның ішінде аталған даңғылдар мен көшелерде көлік құралдарының қозғалысы ережелерін қайта қарау және кәсіпкерлердің коммерциялық нысандарының жанында тұрақтау мүмкіндігі назарға алынды. Сонымен қатар кеңесте облыс прокурорының бірінші орынбасары Мейрам Таутенов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп мәселені шешу жолдарын әзірлеуге уәде берген болатын. Прокурор уәдесі көп күттірген жоқ, мәселе шешімін тапты.

Шілденің 12-сі күні құрамында Өскемен қаласы прокуратурасының бөлім бастығы Бекжан Мүрсәлімов, қалалық Полиция басқармасының ЖКИО бастығы Сергей Коваленко, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Ержан Ибраев және облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Әлия Мұқашева бар жұмыс тобы осы мәселе бойынша жедел шешім қабылдады.

– Мемлекеттік органдардың өкілдері белгіленген орындарға рейд жүргізіп, бірінші болып «Старт» дүкені мен «Пицца Блюз» кафесі мәселесін шешті. Енді бұл жерлердегі «Аялдауға тыйым салынады» белгісінің астында сағат 17.00-ден 09.00-ге дейін әрекет ету уақыты белгіленді. Сонымен қатар «Есдери» ЖШС директорына дүкеннің жанына «қалта» орнату туралы шарт қойылды, оған прокуратура мен АҚМ тарапынан толық көмек көрсетіледі. Кәсіпкер бұл шешімге риза болды, дереу автотұрақ ұйымдастыруды қолға алуға ниеттеніп отыр, – дейді Әлия Мұқашева.

Сондай-ақ ол Михаэлис көшесінен Абай даңғылына бұрылғаннан кейін орналасқан тыйым салу белгісі трамвай аялдамасына жақын жерге көшіріліп жатқанын, нәтижесінде көліктерге «Гарант-Сервис» телерадиошеберханасының алдына тұруға мүмкіндік болатынын айтты.

Шәкәрім даңғылының бойындағы «Галит» базарының жанында жағдай қиындау. Бұл жүріс бөлігінде әр жаққа екі жолақ қана өтеді, сондықтан оң жақ жолақты тұраққа қалдыруға болмайды. Алайда базардың жанында бірнеше көлікті орналастыруға болатын «қалта» бар. Сондай-ақ бұл шағын тұрағы бар Бажов көшесіндегі жүріс бөлігіне де қатысты.

– Буров көшесін де тексеріп, жағдайды шешу бойынша шаралар қабылданады. Онда әр жаққа үш жолақ бар, сондықтан бұл жердегі тыйым салатын белгілерді ауыстыру немесе олардың әрекет ету уақыты «Старт» дүкеніндегідей белгіленуі мүмкін. Оның үстіне онда «қалталарды» жайластыру мүмкіндігі бар. Осы мақсат үшін тротуар  жеткілікті, – дейді Әлия Мұқашева.

Осылайша, облыс орталығындағы бизнес проблемасы өңірлік кәсіпкерлер палатасының прокуратурамен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен және жергілікті атқарушы органмен тығыз қарым-қатынасы нәтижесінде жедел түрде  шешімін тапты.

 

Осы айдарда

Back to top button