Түйткіл

Сымбатты болу – өз қолымызда

Семіздік бойынша Қазақстан әлемде  94-ші орында тұр. Иә, артық салмақтан зардап шегушілер көп бізде. Көш басында АҚШ, Мексика, Сауд Арабиясы мен Мысыр келеді. Ең төменгі көрсеткіш Жапония мен Оңтүстік Кореяда.

Сіз барлық өлім-жітімнің 60%-ы дұрыс тамақтанбаудан туындайтын аурулардан болатынын білесіз бе? Артық салмақ қант диабетін, жүрек, бүйрек, бауыр ауруларын туғызады.

Семіздік көп жағдайда тәтті мен майлыны көп жеуден болады. Ішімдік ішу де семіздікке әкеледі, себебі спиртте калория мол.

– Бала кезімде салмағым қалыпты еді. Уақыт өте, тамаққа деген тәбетім ашыла бастады. Жылдан-жылға артық салмақ қосыла берді. Денсаулығым да сыр бере бастады. Қазір салмағым – 87 келі. Дәрігерден кеңес алып, арықтауды енді бастадым, – дейді отыз екі жасар Өскемен тұрғыны Айжан Мамырова.

Артық салмақтан арылудың қарапайым тәсілдері – дәрігер кеңесіне жүгініп, диета ұстану, жиі қимылдап, спортпен шұғылдану. Мұны әркім де біледі, бірақ істеуге ерінеді не төзімдері жетпейді.

Жапондар мен кәрістер секілді дені сау ұлт болғымыз келсе, біз ең алдымен артық салмақпен күресуіміз қажет секілді. Менің ойымша, ол үшін спорттық нысандарды баршаға қолжетімді ете отырып, жастар арасында сымбаттылықты жан-жақты дәріптеген жөн.

Айша Кеңесханова,

студент

Осы айдарда

Back to top button