Білім

Онлайн оқытудың қиындығы да, тиімділігі де бар

Биылғы оқу жылында Семей қаласы бойынша 54 мектептің оқушылары қашықтан білім алса, қалған білімпаздар 917 кезекші топқа топтастырылған. Онлайн оқытудың ерекшеліктері мен қиындықтары туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко баспасөз мәслихатында баян етті.

Оның айтуынша, оқушылар аз топтастырылған 11 мектепте оқу үдерісі штаттық режимде ұйымдастырылған. Оларда бір сыныпта 15 баладан аспайды. Сабақтың басталуына және үзіліске кезеңдік режим белгіленген, бұрынғыдай кабинеттен-кабинетке көшіп жүрмейді және бір парта нақты бір оқушыға ғана бекітілген. Оқушылар бір-бірінен 1,5 метр қашықтықта орналасқан.

Оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдарын сатып алу үшін биыл бюджеттен 234,3 млн. теңге бөлінді. Олар 11-сынып оқушылары үшін алынды, себебі биылдан бастап олар жаңа мазмұнда оқып жатыр.

– Міне үш жыл көлемінде біз жұмыс дәптерлерін тек бірінші сыныпқа ғана аламыз. Ал қалған сыныптардың оқушылары баспа басылымдарын сатып алмай, кәдімгі дәптерлерді пайдалана алады. Оқулықпен қамтасыз ету 100%, қосымша сатып алудың қажеті жоқ, – дейді Наталия Фесенко.

Шектеу кезеңіндегі басты міндеттердің бірі – әр үйде электронды қондырғылардың болуы. Алайда барлық ата-ана бірдей балаларын компьютермен және интернетпен қамтамасыз ете алмайды. 30 мыңға жуық оқушы компьютерлік технимен, 1155 оқушы планшетпен, 15 400 оқушы смартфонмен жабдықталған.  Бүгінгі күні республикалық және жергілікті бюджет есебінен 1159 ноутбук және 1047 планшет сатып алынып, оқушыларға таратылды.

Тағы да бір мәселе – интернет. Бюджет есебінен интернет төлемі 12 айға есептелген 400 роутер сатып алынды. Оқушылардың онлайн-платформасында қашықтық режимінде оқыту үшін бюджеттен 54 толық жабдықталған мектепке қаржы бөлінді. Қашықтан оқытылатын барлық тұрғылықты мекенде, интернет таратушылардың техникалық мүмкіндіктеріне байланысты 4-тен 8 мбит/сек-қа дейін жылдамдықтағы интернет жүйесіне қосылу мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар білім беру бөлімі басшысының айтуынша, қашықтан оқытудың әлі де болса кемшіліктері бар. Олар: оқушымен мұғалім арасындағы тікелей байланыстың болмауы, балалардың қатынасқа түсуінің шектеулі болуы, түсінбеушіліктердің туындауы. Тиімді жақтары да жоқ емес: балалар өздігінен әрекет етуге дағдыланды, ата-аналары балаларымен көп жұмыс істеп, үлгерімдері мен жетістіктеріне көңіл бөле бастады.

Биылғы оқу жылынан бастап шектеу жағдайында оқушыларды бағалауға өзгерістер енгізілді. Оқушылардың білімі бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалау нәтижесіне байланысты және форматты түрде (ағымды бағалар) бағаланады. Оқушы және оның ата-анасы қосымша сабақ алуға ниет білдірген жағдайда, пән оқытушысы онлайн режимде қосымша сабақ береді.

Сонымен қатар Наталия Фесенко Семейде оқу жылы басталғалы бері 80 оқушы короновируспен ауырғанын айтты. Бүгінгі күні олардың 14-і жазылды, 66-сы амбулаториялық ем алуда. Науқас оқушылардың 54-і қашықтан оқыған. 20-ға жуық оқушы демалыс кезеңінде ауырған.

Кезекші сыныптарда да науқастанғандар бар. Айталық, 26 бала короновирусты жұқтырса, соның бесеуі бүгінгі таңда жазылып шықты. Қалғандары амбулаториялық ем алып жатыр.

Шығыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес үш мектеп жабылып, қашықтан оқыту форматына көшірілді, олар – Шәкәрім атындағы гимназия, №10 және Озерка орта мектептері. Семей қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қаулысына сәйкес, №9,11,35,36 және Шүлбі орта мектептері қашықтан оқыту форматына көшірілді.

Наталия Фесенконың айтуынша, бүгінгі күні барлық орта меткептерде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталуда. Әр мекемеде өткеру пункті бар, ол жерде дене қызуы тексеріледі, оқушылардың қолы залалсыздандырылып, олар дезинфекциялық кілемше арқылы өтеді. Дене қызуы анықталған жағдайда, науқастанған тұлға оқшауланады, медицина қызметкерлері қарайды, жағдайына байланысты ауруханаға немесе үйіне жіберіледі.

– Барлық мекеме дене қызуын өлшейтін тепловизорлармен, қолды залалсыздандыруға арналған шынтақтық дозатормен, дезинфекциялық кілемшелермен, антисептиктермен, көп рет қолданатын маскалармен және қолғаптармен, бактерицидтік шамдармен қамтамасыз етілген. Бөлмелер жүйелі түрде желдетіліп, дымқыл тазалаулар жүргізіледі. Жылы сумен қол жуу үшін су ысытатын қондырғылар сатып алынды. «Бір бағыттағы қозғалыс» ережесі бойынша әлеуметтік ара қашықтықты сақтау үшін ғимарат ішінде және оның аумағында жолақтар сызылған, – дейді Наталия Фесенко.

Сондай-ақ бөлім басшысы екінші тоқсанда білім беру онлайн формата жүргізіле ме, жоқ па әзірге белгісіз екенін айтты. Бұл әрине еліміздегі, өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты болмақ.

– Біздің аймақта шектеу режимі күшейгендіктен, біз оқушылар демалысы біткенге дейін шығатын бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысын күтеміз.  Қаулы шыққаннан кейін оқушылар қалай білім алатыны белгілі болады. Яғни, жағдай қаулығы сәйкес шешіледі, – деді Наталия Фесенко.

Флора Левина

Семей.

                                                                                                                                        

Осы айдарда

Back to top button