Онкологиялық аурудың алдын алуға бола ма?
Кеше аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен облыс әкімдігінің селекторлық режимдегі кезекті мәжілісі болып өтті. Мәжілістің күн тәртібінде төрт мәселе талқыға салынды. Атап айтсақ, онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасының орындалу барысы, облыстың биылғы төрт ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, минералдық-шикізат қорының және тамақ өнеркәсібінің мәселелері қарастырылды.
жазылмайтын ауру жоқ
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Сергей Попов «Қазақстанда онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасының облысымызда орындалуы туралы» баяндама жасады.
Үкімет қаулысымен бекітілген бұл бағдарлама Елбасымыздың биылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Онкологиялық ауруларға Өскемен мен Семейдегі облыстық және аймақтық диспансерлерде қызмет көрсетіледі. Онкологиялық диспансерлерде келушілерге арналған 439 тәуліктік және 30 күндізгі төсек-орын бар. Былтыр бұл диспансерлер компьютерлік томографтармен, Өскемендегі сәулемен емдеу орталық үдеткішпен жабдықталған. Облыста 23 маммограф жұмыс істейді, оның ішінде Семейдегі диспансердегі маммограф қана сандық жүйеге негізделген.
Онкологиялық қызметті қаржыландыру жөнінде айтар болсақ, биылдан бастап онкологиялық қызметті қаржыландыру «Тегін медициналық көмектің кепілденген көлемінің аясында онкологиялық науқастарға медициналық көмек көрсету» бюджеттік бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Жалпы, осы жылы бұл бағдарламаға 2 836 608 мың теңге бөлінген.
Онкологиялық өлім-жітім мен ауру көрсеткіштері, өкінішке қарай, көңіл көншітпейді. 2011 жылы онкологиялық аурулар Шығыс Қазақстанда республикалық көрсеткіштен 48 пайызға артық болған, олардың саны жыл сайын өсіп келеді.
Онкологиялық ауру деңгейінен республикада 2-орындамыз, ал онкологиялық ауру салдарынан болған өлім-жітім деңгейі бойынша көш басында келеміз. Облыс бойынша онкологиялық ауру көрсеткіші 2011 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 270,9 адамды құраған. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш – 182,1 адам. Аймағымыздың өнеркәсіптік өңірлерінде ауру көп байқалады, әсіресе, Өскеменде, Семейде, Риддерде және Зырян, Глубокое, Шемонайха аудандарында. Шығыс жұртшылығы негізінен тері, өкпе, сүт безі, асқазан және тікішек обырына жиі шалдығады екен. Облыс бойынша 2011 жылы қатерлі ісіктен 2207 адам көз жұмған, яғни, 100 мың тұрғынға шаққанда 158 адамнан келеді.
Қатерлі ісіктерді диагностикалау бойынша атқарылған іс-шаралар нәтижесінде ауруларды ерте кезеңде анықтау көрсеткіші жақсарды. Былтыр облыста бұл көрсеткіш 51,6 пайызды құраған, еліміз бойынша – 49,5 пайыз. Шығыс Қазақстанда бағдарламаны жүзеге асыру бойынша келелі іс-шаралар жүргізілді.
Биыл скринингтік бағдарламаларын жүргізуге алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына республикалық және жергілікті бюджеттерден 531 434 мың теңге бөлінді. Облыс бойынша осы жылдың төрт айында скринингке жататын тұрғындардың шамамен төрттен бірі ғана қамтылды. Ағымдағы жылы облыстық және аймақтық онкологиялық диспансерлерде емдеудің жаңа заманауи әдіс-тәсілдері қолға алынған.
Жергілікті бюджет есебінен химиялық препараттармен толық қамтамасыз етілмеген. Биыл бұл мақсатқа 176 083 мың теңге бөлінген, ал керегі – 421 580,7 мың теңге. Обырмен науқастанған тұрғындардың тізімі жасалуда, оған 15 мыңнан астам науқас енгізілген.
Салада маман жетіспеушілігі айқын байқалады. Облыста онколог дәрігерлерінің саны – 62, бүгінгі таңда тағы 20 маман қажет. Биыл Семейдегі медициналық университетте алты онколог оқытылды. 22 дәрігер-онколог еліміздегі және шетелдегі клиникаларда біліктілігін арттырды, бір дәрігер Оңтүстік Кореяда машықтанудан өтті.
Меморандум аясында Алтай өлкелік онкологиялық орталығымен серіктестік жалғасуда. Жеті маман Барнаул қаласындағы «Надежда» орталығының тәжірибиесін зерттеді. Таяуда барнаулдық мамандардың шеберлік сыныптарын жүргізу жоспарлануда.
Өкінішке қарай, жергілікті жерлерде бұл мәселемен тиісті тұлғалар жеткілікті түрде айналыспай келеді. Мәселен, мәжілісте белгілі болғандай, кейбір ауруханаларда обыр дертімен науқастанған тұлғаларға дәрігерлік көмек көрсетуге рұқсат беретін арнайы лицензия жоқ. Соның кесірінен, Шемонайхадағы науқас жандар көршілес Глубокое ауданының ауруханаларына барып, емделуге мәжбүр. Бұл қаншама материалдық және моральдық шығынды қажет етеді? Аймақта, жалпы үш ауданда, атап айтсақ, Шемонайха, Тарбағатай және Бородулиха аудандарындағы ауруханаларда қажетті лицензия жоқ екен.
– Алдын алу шараларымен жұртшылықтың небәрі 25 пайызы ғана қамтылған. Бұл істі ширату қажеттігін қашанғы айтуға болады? Өкінішке қарай, біздің тұрғындар, әсіресе, өз ұлтымыздың өкілдері ауру әбден дендегенде ғана дәрігерге барады. Сондықтан, «скрининг» аталатын медициналық бақылауды жүргізіп отырмыз емес пе? Жалпы, медициналық көмекпен тұрғындардың барлығы бірдей қамтылуы тиіс, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – Семей мен Өскемендегі онкологиялық орталықтарға қандай құрал-жабдықтар жетіспейді? Керекті медициналық құрал-жабдықтардың тізімін әзірлеңіздер. Заманауи медициналық құралдар алуға қаржы қарастырамыз.
Өзіміздің өңірде, Семей қаласында медицина академиясы бар болса да облысымызға жиырма онколог жетіспейді. Бұл ретте де аймақ басшысы тарапынан біраз сын айтылды.
– Аудандар мен қалалардың әкімдері өздерінде қанша маман жетіспейді, соны зерттеп, Семейдегі академиямен келісімшарт жасасу керек. Бұны да қанша айтуға болады? Біз дәрігерлерді Корея мен Израильге кәсіби деңгейлерін арттыруға жіберіп отырмыз. Қай облыста мұндай бар? Осы істің де пайдасы болу керек, – деді облыс Әкімі.
Жиында сөз алған облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Жомарт Кенжалин мен Семей қаласының өңірлік онкология диспансерінің директоры Марат Сандыбаев өз сөздерінде негізгі мақсат аурудың алдын алу екенін баса айтты.
– Онкологиялық аурулар – біздің облыс үшін өте күрделі мәселе. Біз осы бір қауіпті дертке шалдыққан науқастардың сауығуы үшін барынша жағдай жасауымыз керек. Ол үшін қаржы жеткілікті, тек емдеу мекемелерінің басшыларына жұмыс істеген жөн. Семейде оңалту орталығын және Курчатов қаласында дозиметрия орталығын салуды көздеп отырмыз. Аталмыш нысандардың жобалық-сметалық құжаттамаларын тездетіп жасап, құрылысқа кірісу қажет. Бұл істі өзімнің бірінші орынбасарым Серік Әбденовке тікелей жүктеймін, – деді аймақ басшысы.
Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларындағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы ақпарат берген облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинскаяның айтуынша, осы кезең аралығында өңірдегі өнеркәсіпте 300,9 млрд. теңге көлемінде өнім шығарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,6%-ға жоғары. Сол сияқты өнеркәсіп өнімі өндірісінің табиғи көлем индексі 126%-ды құрап, орташа республикалық көрсеткіштен 22,7%-дық тармаққа жоғарылаған. Алайда былтырғы деңгейге Риддер, Бородулиха, Глубокое мен Үржар аудандары жеткен жоқ. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі бойынша өткен жылдың деңгейіне Риддер, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Зырян, Үржар, Шемонайха сияқты аудандар шыға алмаған.
– Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі облыс бойынша 32,5 млрд. теңгені құрады немесе өткен жылғы деңгейден 18,7%-ға жоғары. Ет өндірісі Үржар, Бородулиха, Шемонайха аудандарында, сүт өндірісі Бородулиха, Үржар аудандары мен Семей қаласында төмендеген, – деген басқарма бастығы Елена Ясинская сонымен қатар биылғы төрт ай ішінде жылқы санының 237,2 мың басқа (3,3%), шошқаның 126,6 мың басқа (3,5%) көбейгендігін атап көрсетті.
Жиында сондай-ақ облыстық қаржы басқармасының бастығы Серікқазы Оразалиев облыс бойынша бюджет қаржысының игерілуі туралы ақпараттар беріп өтті.
– Ағымдағы қаңтар-сәуір айларында облыста біраз қаржы игерілмей қалып келеді. Соның ішінде Өскемен, Семей, Курчатов, Риддер қалалары мен құрылыс, денсаулық сақтау, білім басқармаларының жұмыстары бұл бағытта ширамай тұр. Мәселен, Курчатов қаласы биылғы төрт айда 110 млн. теңгені игере алмаса, Риддер 67,3 млн. теңгені іске жаратпаған. Ал басқармаларға келсек, құрылыс – 2,3 млрд. теңге, денсаулық сақтау – 721 млн. теңге, энергетика және коммуналды шаруашылықта – 820 млн. теңге шамасында қаржы игерілмей қалған, – деп түсіндірген Серікқазы Оразалиев баяндамасында жыл басынан бері өткізілген конкурстар туралы да мәліметтерді ортаға салды.
Ақпарат берушілердің алға тартқан деректерін мұқият тыңдаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өз кезегінде көрсеткіштері көңіл көншітпей отырған қалалар мен аудандардың әкімдерімен жеке-жеке тікелей байланысқа шығып, орын алған мән-жайды түсіндіріп беруді сұрады. Кейбір басшыларға сын-ескертпелер де жасады.
– Риддер қаласында неге қаржыны игеру деңгейі төмен?! Бюджеттен бөлінген қаржыны неге уақытымен қажетке жаратпай жатырсыздар? Қала басшылығы «Қазцинк» компаниясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек. Өйткені, қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері осы кәсіпорынға байланысты. Сондықтан айдың соңында қорытынды жасар кезде ғана «Қазцинкті» іздемей, олармен үнемі берік байланыста болу қажет. Әлеуеті зор Риддер қаласын басқалармен салыстыруға келмейді ғой. Оның үстіне мемлекеттен бөлінген қаржы да аз емес. Мәселен, 2009 жылмен салыстырғанда бұл қалаға бөлінген бюджет қаржысы үш есеге дейін өскен. «Қазцинк» кәсіпорны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында біраз қаржы бөлуде. Риддерді көркейсін деп шағын қалалар бағдарламасына енгіздік. Сөйте тұра дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша ылғи артқы орындарда келеді. Нәтиже қайда, неге жұмыс істемейсіздер?! – деп сынға алған аймақ басшысы Риддер қаласының әкіміне биылғы жартыжылдық қорытындысына дейін жағдайды реттеу жөнінде тапсырма берді.
жете барлауды талап етеді
Келесі кезекте облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаевтың «Лицензиялық-келісімшарт талаптарын орындау аясында минералдық-шикізат базасының жағдайы туралы» баяндамасы тыңдалды.
Былтыр облысымызда барлығы 230 кен орны пайдаланылған. Ал кен орындарын игеру талаптарын бұзған бірқатар заңды тұлғалардың лицензиялары қайтып алыныпты. 2011 жылы облысымыздағы кен орындарын барлауға республикалық бюджеттен 519 миллион теңге қаржы бөлінген. Оның 67 миллионы әлі игерілмепті. Осы қаражат бірқатар істі тындыруға септігін тигізген көрінеді.
Ермек Көшербаевтың айтуынша, бүгінде кен барлауға тым аз қаржы жұмсалады, сондай-ақ, кен барлау және игеру ісі жаңа технологияларды енгізуді қажет етуде.
– Минералдық-шикізаттық базаны дамыту үшін кешенді әдіс-тәсілдерді қолдану қажет, сондай-ақ кен пайдалану барысына мониторинг жүргізіп, кен және минералды-шикізаттық кен орындары туралы заманауи ақпараттық база құру керек, – деп түйіндеді өз сөзін облыс Әкімінің орынбасары.
Тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің жағдайы, оны Семей қаласы және Ұлан ауданының үлгісінде одан әрі дамыту жөніндегі міндеттер туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсенбай Селиханов ақпарат берді.
Оның таратқан мәліметіне қарасақ, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің тауарлы өнім көлемі 2011 жылы 62,3 млрд. теңгені құраған, яғни, 2010 жылғы деңгейден 6,7%-ға артық. Осы даму серпіні биыл да сақталуда. Өткен үш айдың ішінде тауарлы өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңдегі деңгейден 10,1%-ға жоғарылаған. Әсіресе, бұл салада Семей қаласы мен Ұлан ауданының кәсіпорындары белсенді.
проблемалар бар
Тамақ және қайта өңдеу кәсіпорындарын өркендету бағытында қабылданған нақты шараларға қарамастан саланың алға басуын тежейтін проблемалар да жоқ емес көрінеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының айтуынша, 2010 жылға қарағанда өткен жылы Семей қаласында тамақ өнімдерін өндіру көлемінің табиғи түрде азайғаны байқалады. Мысалы ет және өсімдік консервілерін шығару – 3,5%-ға, өңделген сүт және кілегей – 2,3 есеге, сары май – 2,2 есеге, ұн – 31,4%-ға, жануарларға арналған дайын жем – 25,3%-ға кеміген. Ұлан ауданы бойынша шұжық және еттен жасалатын өнімдер – 28,3%-ға, өңделген сүт және кілегей – 4,1%-ға, сары май – 48,1%-ға, ірімшік (сыр) – 17,6%-ға, жарма 2,2 есеге азайған.
Тері мен жүнді қайта өңдеу тұрғысында да түйткілдер бар. Облыс бойынша жыл сайын 400,0 мың ірі қара мал терісі және 1188,0 мың қой терісі жиналғанымен олар негізінен облыстан, тіпті, республикадан тыс жерлерге жөнелтіліп жатыр. Өңірдегі жүйе құраушы «Семей тері-былғары комбинаты» шикізатпен толықтай қамтамасыз етілмеген. Осы орайда Әкім аталмыш комбинатты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында бюджет қаржысына құрылған аудандардағы сервистік-дайындау орталықтарының жұмысын дұрыс жолға қоюды ескертті.
Тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемін және тиімділігін арттыру үшін қалалар мен аудандардың басшылары мына міндеттерді қамтамасыз етулері қажет:
тауарлы өнім өндіру көлемін барлық өнім түрлері бойынша жыл сайын 2,4%-ға арттыруға қол жеткізу, жаңа нысандарды енгізу негізінде жаңа технологияны қолдана отырып 2015 жылы сүт өңдеудің үлес салмағын 12,4-тен 21,3%-ға, етті 24,0-ден 25,7%-ға жеткізу, жоспарланған мал шаруашылығы нысандарын іске қосу арқылы шикізат көлемін арттыруды және өсімдік шаруашылығы саласын әртараптандыруды қамтамасыз ету және басқалары.
– Семейдегі ет комбинатының өнімдерін түрлендіруді қолға алу керек. Тек консервідегі ет өнімдерін ғана шығармай, шұжық сияқты басқа да халық жақсы тұтынатын тағамдарды өндіргендері дұрыс. Ал «Семей тері-былғары комбинатына» келсек, біз өзіміздің міндетімізді толық орындадық, 200 млн. теңге қаржы бөлдік. Сервистік-дайындау орталықтарын құрып жатырмыз. Ендігі шаруа – кәсіпорын басшылығына байланысты. Шикізатты аудандардан сатып алған кезде бағасына көңіл бөлсін, алыпсатарлардан төмен баға ұсынса, жергілікті тұрғындар тері-жүндерін өткізбей қояды. Сол сияқты Семейде сүт өндіру мен өңдеуді де мықтап дамытуымыз керек, – деп нақтылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жауапты орындардың басшыларына өңірдегі тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін өркендету бойынша тапсырмалар берді.
Серік Әбілхан
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ:
– Жалпы алғанда аймақтың негізгі даму көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда жаман емес, дегенмен арқаны кеңге салмай, әлі де болса, жұмысты жандандыра түсу қажет. Әсіресе, бюджет қаржысын игеруді, дебиторлық қарыздардың көлемін азайтуды, құрылыс нысандарын уақытында қолданысқа беруді дұрыстап қолға алу керек. Сол сияқты тірек ауылдарын дамытуды да тездеткеніміз дұрыс. Бұған қажетті қаражат бюджеттен бөлініп беріліп қойды, енді қарап отыратын кез емес. Мұның сыртында су жолдарын пайдалануға биылдан бастап кіріскен дұрыс. Ертіс сияқты өзеннің дәл жанында отырып, су көлігінің игілігін көрмеу дұрыс емес.