Білім

Он бір балабақша салынады

Он бір балабақша салынады

Қазіргі уақытта Өскемен мен Семей қалаларында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын балабақшалардың құрылысы мен оларды пайдалануға беру жөніндегі конкурстар аяқталды.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қатысуымен өткен жиында осы және өзге де концессиялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды.
Мектепке дейінгі білім беру ошақтарындағы орын жетіспеушілігін азайту үшін өңірдегі ең үлкен қос шаһарда концессионерлердің көмегімен 11 балабақша салынады. Облыс орталығында құны 22 миллион АҚШ долларын құрайтын 1640 орынға шақталған 6 балабақша, Семейде құны 14,2 миллион АҚШ долларын құрайтын 1290 орынға шақталған 5 балабақша бой көтеретін болады. Бұл жобалар 2015-2016 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Концессия мерзімі – 20 жыл.
Жақын күндері конкурстық процедуралардың қорытындысы шығарылады. Конкурста жеңімпаз атанған компания балабақша құрылысын жүргізеді және 7 жыл бойы меншік құқығымен тәрбие ошағын жарақтандыратын болады. Бұдан кейін балабақша 12 жыл пайдалану құқығымен мемлекет қарамағына беріледі.
Өз кезегінде концессионерге мемлекет тарапынан жер телімін уақытша пайдалануға беру, инженерлік желілерді тарту, инвестициялық шығындарға компенсация төлеу секілді жеңілдіктер көрсетілетін болады.
Жиын барысында облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Өскемен қаласында 300 төсектік көппрофильді аурухана және Семейде 200 төсектік балалар ауруханасын салу үшін конкурстық құжаттарды әзірлеуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button