Біле жүріңіз

Өмір мен өлім

Ертеректе қара бұқараға жайсыз хан болыпты. «Жақсы басшы – елге құт, жаман басшы – елге жұттың» кері еді.

Алып денелі, сөзге шешен батыр жігіт ала сөйлеп, ұлыққа жақпай, адал сөйлеп, жұртқа жағыпты. Оған хан өшігіп, өлтірмекші болады. Амал не?! Нөпір халықтан жасқанады. Қаныпезер хан жігітті жеребе тартуға шақырады. Бірінде – өмір, бостандық. Екіншісінде – өлім, дарға асылады. Жігіт нар тәуекел деп келіседі.

Ханның ақылды, білімді уәзірі оңашада:

– «Өлейін деген бала молаға қарай жүгіреді» деуші еді. Мұның не? – деп жаны ашиды.

– Екі қағазға да өлімді жаз, – дейді батыр.

– Жаның қыл көпірде тұр емес пе?!

– Айтқаным болсын!

Уәзір еріксіз көнеді. Келісілген күні хан сарайында жігітке шағын ыдысқа салынған ширатылған екі қағаз ұсынылады. Батыр қос саусағына қыстырып біреуін суырып алады да, әп-сәтте қылғыта салады. Өлі тыныштық. Нөкерлер ыдыста қалған жеребені ашып оқыса, «Өлім» деп жазылып тұр екен. Демек, оның алғаны – «Өмір». Хан екі сөйлемейді.

Батыр жігіт тапқырлығы арқасында бір өлімнен аман қалыпты. «Аққа Құдай жақ» деген осы шығар.

 Үмітхан Нұрғалиев

Өскемен

Осы айдарда

Back to top button