Журналистік зерттеу

«Қолжетімді баспанаға» қолымыз қашан жетеді?

Биыл мамандар тұрғын үй нарығында үй бағасының өспейтіндігін айтуда. Өскенде қайда барады? Ипотекамен пәтер алушылардың көбеюі салдарынан Қазақстан қалаларында тұрғын үйдің бағасы әлдеқашан шарықтау шегіне жетіп қойғаны белгілі. Оның үстіне бұрын жығылып-сүрініп жүрсе де несие алып, пәтер сатып алуға ұмтылып келген жастарымыз енді «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасына сенім артып отыр.

«Қолжетімді баспанаға» қолымыз қашан жетеді?

Үйден үміт үзбей жүр

Үкіметтің кеш болса да қолға алған бұл бағдарламасы арқылы пәтер алуға Өскеменде де бірнеше мыңдаған жас отбасы үміттенуде. Бағдарламаның «Жас отбасы» санаты бойынша кейіннен сатып алу жолымен жалға берілетін тұрғын үй құрылысы қалада желтоқсан айында басталған болатын. Қаланың ЖМК ықшам ауданындағы 19 тұрғын үй ауданында салынып жатқан үш көпқабатты тұрғын үйдің 240 пәтері осы санатқа жататын жас отбасыларға жалға берілмек. Тұрғын үйлер екінші жарты жылдықтың соңына таман пайдалануға берілмек көрінеді.

«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп баспаналы болуды армандап жүрген жастар үшін бұл 240 пәтер теңіздегі тамшыдай ғана. Сонда бұл аз-маз пәтер жыл он екі ай пәтер жалдап жүрген, туысқанының үйінде тұрып жатқан балалы-шағалы отбасылардың қайсысына бұйырмақ? «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша жалға берілетін пәтерлерге құжаттар қабылдау қашан басталмақ? Осы сауалдарды Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тұрғын үйлерді бөлу және есепке алу секторының бастығы Лаура Қайрақбаеваға қойғанбыз.

– Бағдарламада көрсетілген тәртіп бойынша құжаттарды қабылдау тұрғын үй құрылысы басталғаннан кейін үш айдан соң жүргізіледі. Жаңа тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың желтоқсан айында басталды, яғни, алдағы наурыз, сәуір айларында құжаттарды қабылдай бастаймыз. Құжаттар қабылдаудың басталғандығы туралы баспасөз бетінде хабарландыру жарияланып, тұрғындар құлақтандырылады. Өтінімдерді қабылдау белгілі бір мерзім ішінде ғана жүргізіледі, ол туралы да хабарландыруда айтылады, – дейді тұрғын үйлерді бөлу және есепке алу секторының бастығы.

Отызға толған жастардың жайын кім ойлайды?

Қазіргі күні Өскемен қаласы бойынша коммуналдық тұрғын үй кезегінде тұрғандардың жалпы саны 4787-ге жеткен. Бұл – сонау 90 жылдардан келе жатқан кезек. 2003 жылдары тіркелгендердің кезегі енді жетіп жатқанын ескерсек, соңғы жылдары өтінім бергендердің тілегі биыл немесе келер жылы қанағаттандырыла қоймайтыны анық.

«Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын 9 бағыттың тек екеуі ғана жергілікті атқарушы орган арқылы жүзеге асады. Біріншісі – бірнеше жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға арналған жалға берілетін баспана. Жоғарыдағы төрт мыңнан астам адамның отбасы осы бірінші бағыт бойынша мемлекеттің тұрғын үй қорынан жалға берілетін үйдің кезегінде тұр. Ол төрт санат бойынша: әлеуметтік жағдайы (оралман, мүгедектер, тағы басқа 11 санаттан тұратын азаматтарды қамтиды) төмендер, мемлекеттік қызметкерлер, ҰОС ардагерлері және апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің тұрғындары отбасыларына беріліп келеді.

Екінші бағыт – жас отбасыларына арналған, кейіннен сатып алу жағдайымен жалға берілетін баспана. Бағдарламада белгіленіп, көрсетілгендей осы бағыт бойынша баспананы жалға алатын жас отбасылары кем дегенде екі жыл заңды некеде тұрған болуы, баспана берілетін мекенжайда тіркелуі қажет. Отбасының белгілі бір мөлшерде табысы болуы шарт. Мысалы, Өскемен қаласы үшін жас отбасының ең аз дегенде 3 айлық есептік көрсеткіш (55 мың теңгеден асатын мөлшерде) көлемінде ортақ табысы болуы шарт.

Жалға берілетін пәтерлер некеде тұрған уақытына, отбасындағы бала санына қарай, бағдарламада көрсетілген басқа да талап, шарттарға орай 5-10-30 бал мөлшерінде бал санын қосу негізінде үлестіріледі. Бұрын мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысып, пәтер ала алмай қалған отбасыларына да қосымша бал қосылады.

Бағдарламада көрсетілгендей пәтерден үмітті ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 29-дан аспауы керек. Бағдарламаның осы шарты бүгінгі жастардың көпшілігінің жолын кесіп тұр. Өйткені, үйсіз-күйсіз жүргендердің басым бөлігі жасы отыздың үстіндегі жандар. Ана санатқа да, мына санатқа да кірмейтін олар енді кімге керек? Бұл қазіргі жас отбасыларын ойландырып, толғандырып отырған басты сауал. Қатып қалған заң жоқ. Жас отбасыларын бөле жармай, бұл бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек. Жуықта болып өткен жастар ісі жөніндегі басқарманың отырысында өскемендік жастар осы отбасылардың жасын шектеу мәселесін көтеріп, 29 жас мөлшерін ұзарту жөнінде Парламентке өз ұсыныстарын да жолдады. Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің тұрғын үйлерді бөлу, есепке алу секторының бастығы Лаура Қайрақбаеваның ойы да осыған саяды.

«Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асатын бұл бағыты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асырылады. Бағдарлама баспанаға зәру болып отырған жас отбасыларға аса қолайлы екенінде дау жоқ. Жас отбасылар өздеріне кейіннен сатып алатындай жағдаймен жалға берілетін пәтерде коммуналдық шығындар төлемдерін ғана төлеп тұра береді. Пәтерді жалға алғаны үшін ақша төлемейді. Ең көп дегенде сегіз жыл көлемінде пәтер ақысының белгіленген мөлшерін банкте жинап алған соң банк оларға жеңілдетілген пайызбен несие береді. Пәтердің қалған сомасы осы жеңілдетілген несие арқылы қайтарылады.

«Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы «Жас отбасы» санатындағыларға берілетін пәтерлерді бөлетін жергілікті атқарушы орган арқылы ғана емес, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры, Қазақстан ипотекалық компаниясы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өзінің жалға берілетін баспаналарға арналған арнайы бағдарламалары арқылы да жүзеге асырылады. Тек сол пәтерге тезірек қолдары жете алса деңіз. Себебі, салынып жатқан үй аз, баспанасыз жүрген жастар көп.

Бағдарлама аясында биылғы көктемнен бастап «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының желісі бойынша төлем қабілеті бар тұлғалардың барлығына жалға берілетін пәтерлерге де құжаттар қабылдана бастамақ. Жас отбасыларға жалға берілетін пәтерлерден айырмашылығы мұндай пәтерлерді алушы тұрғындар ай сайын пәтердің әр шаршы метрі үшін 100 теңгеден жалға алу төлемақысын төлеп отырады. Егер пәтер ауданы алпыс шаршы метр болса, үй иесі ай сайын коммуналдық шығындар төлемақысымен бірге алты мың теңге мөлшерінде жалға алу төлемақысын қоса төлейді. Пәтер ақысын қайтару үшін азаматтар банктен ашқан өз есепшоттарына үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзім ішінде баспана құнының жарты сомасын жинап, қалған қаржыны банктен жеңілдікпен берілетін несие қаржысын төлеу есебінен жаппақ.

Әзірге Қазақстан ипотекалық компаниясы бұл бағдарламаға нақты кірісе қоймағанымен оның Өскемендегі өкілеттігінің мамандары компания қалада биылдан бастап өз тұрғын үйлерінің құрылысын бастамақ екендігін жеткізді.

Ел экономистерінің айтуынша, қазақстандықтар пәтер алу үшін 9 жыл бойы ішпей-жемей қаржы жинау керек екен. Бұл артық қаржысы бар, қосымша табыс көзі бар ауқаттылардың қолынан ғана келеді. Сондықтан халқымызды қолжетімді баспанамен қамтуға септігін тигізеді делініп отырған бағдарламаға алдымен қарапайым ел үлкен үміт артып отыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button