Қолжетімді баспанаға қалай қол жеткізуге болады?
Бүгінде 27 мыңға жуық шығысқазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр. Баспана мәәселесінің шешімін табу үшін мемлекет тарапынан қабылданған түрлі бағдарламалар арқылы жыл сайын үй беріліп жатқанымен, өңіріміздегі тұрғын үй мәселесі т8бегейл3 шешімін табар емес.
Бүгінде Өскемен мен Семей қалаларындағы жекеменшік пәтерлерді жалға беретін риэлторлардың көмегіне жүгінетіндердің басым бөлігін жастар құрайды. Облыс орталығындағы «Креатив.кз» риэлторлық орталығының мамандары ұсынып отырған мәліметтерге сүйенсек, Өскемендегі жасы 29-ға толмаған азаматтардың 67,4 пайызы жалдамалы пәтерде тұрады.
– Біздің орталыққа күніне 30 шақты адам келіп, жұмысқа таяу жерден пәтер тауып беруге тапсырыс береді. Келісімшарт бойынша бір аптаның ішінде клиенттерімізге өзі таңдаған ықшамауданнан баспана тауып береміз. Қызметтің бұл түрі үшін тапсырыс беруші сегіз мың теңге төлейді. Кейбір кезде біздің мамандардың ұсынған үйлері пәтер іздеушілердің көңілінен шықпай жатады. Мұндай жағдайда біз тапсырыс берушінің төлеген ақшасының 50 пайызын қайтарып береміз, – дейді «Креатив.кз» риэлторлық орталығының маманы Виктория Огонекова.
Өскеменде пәтер жалдап тұрып жатқан жас отбасылардың бірі – Мұратбековтар. Осыдан үш жыл бұрын шаңырақ көтерген жас отбасы қазір мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй кезегінде тұр. «Үлбі металлургиялық зауытында» жұмыс істейтін Серік Мұратбековтың айтуынша, қазір олар 60 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатыр.
– Өткен жылы тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінен депозит аштық. Қазір жеке есепшотымызда баспана құнының елу пайызы бар. Енді мемлекеттік бағдарлама бойынша конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттарды жинап жатырмыз. Жолдасым «Қазпоштада» байланыс операторы болып жұмыс істейді. Екі жаста қызым бар. Білуімше, «Жас отбасы» бағдарламасы арқылы бір баласы бар отбасыларға қосымша 20 балл беріледі. Бүгінде кез келген жас отбасы үшін баспана мәселесі өзекті болып тұр. Жеке пәтерге қол жеткізу үшін келіншегім екеуіміз екі жерде жұмыс істейміз. Ал қызымызды ауылдағы ата-анам қарап отыр. Шынымды айтсам, жеке тұрғын үйің болмаған соң пәтер жалдап тұрудың өзі қиын екен. Алайда, мұның бәрі уақытша қиындықтар деген ойдамын. Болашақта барлығы жақсы болатынына сенемін, – дейді Серік Мұратбеков.
Айтпақшы, «Жас отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспана алу үшін соңғы бес жылда отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүлік тіркелмеуі тиіс. Сонымен қатар, аталмыш бағдарламаға жастары 29-ға толмаған жас отбасылар ғана қатыса алатынын айта кеткен жөн.
Мемлекеттік бағдарламаның тиімді тұстары көп
Бүгінде «Қазақстан Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» ұсынып отырған «Нұрлы жол» және «Өз үйім» мемлекеттік бағдарламалары бойынша баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік бар. Егер сіз аталмыш банктен есепшот ашып, келісімшартта көрсетілген қаржы көлемін ай сайын салып отырсаңыз, кем дегенде төрт жыл ішінде баспанаға қол жеткізуге болады.
– «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы уақытша тоқтатылды. Жуықта өңіріміздегі инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін облыс әкімдігі мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы екіжақты келісім бойынша қазір Өскемендегі №19 ықшамауданында төрт үйдің құрылысы жүргізілуде. Жаңадан бой көтеретін тұрғын үйлердің бір шаршы метрі 119-137 мың теңгені құрайды. Жақында біздің банктің облыстық бөлімшелерінде «Бәйтерек Девелопмент» желісі бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғын үйге өтініш қабылдау басталады. Әрине, бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Салымшыларымыз өздерінің есепшоттарын баспана мәселесін шешу үшін ашатындықтан, оларға арналған тиімді ұсыныстар ауқымын кеңейтуге барынша тырысамыз. Тиімді шарттар мен баспана сапасын алдыңғы орынға қойып, аталмыш бағдарлама бойынша 30 пайыздық бастапқы жарнамен несие береміз, – дейді «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының маманы Архат Асаубаев.
«Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» салымшыларының депозитінде бір жылда 450 мың теңге жиналатын болса, оған мемлекет тарапынан 90 мың теңге сыйақы қосылады. Ал егер кемінде 200 мың теңге жинайтын болсаңыз, оның үстіне 40 мың теңге сыйақы мөлшерлемесі беріледі. Жалпы, жеке баспанаға қол жеткізу үшін ипотека арқылы да үй алуға болады. Алайда, қаржы мамандарының айтуынша, бұл тиімсіз әдіс көрінеді. Айтпақшы, баспана мәсе¬лесінің мән-жайын зерттеп жатқан тұста облыс орталығындағы пә¬тер бағасын да байқадық. Жуырда «Homsters.kz» ком¬паниясының мамандары Өскемендегі «хрущевка», «брежневка» және «сталинкалардың» бағасы 1,5-2 миллион теңгеге арзандағанын анықтапты. Аталмыш компания мамандарының ұсынып отырған деректеріне сенсек, қазір ипотека шарттарының өзгеруіне байланысты облыс орталығындағы Металлургтер мәдениет сарайы мен Ушанов алаңындағы, сондай-ақ, 45 гастроном мен Студенттер қалашығындағы тұрғын үйлердің бағасы төмендеген. Ал қаламыздағы ең қымбат тұрғын үйлер Жібек маталар комбинаты мен Куленов кентінде орналасқан екен. Ондағы пәтерлердің бір шаршы метрі 177 мың тең¬гені құ¬райды.
– Тұрғын үй бағасы ең арзан қалалардың бірі – Өскемен. Біз 14 облыстағы баға индексін тұрақты түрде қадағалап отырамыз. Сарапшы мамандардың жүргізген экономикалық талдауларының нәтижесінде жылдың басында Өскемендегі пәтерлердің құны 23 пайызға арзандайтынын анықтадық. Алайда, наурыз, сәуір, мамыр айларында тұрғын үй бағасы қайта шарықтап кетеді, – дейді «Homsters.kz» ком¬паниясының маманы Наталья.
91 пәтер пайдалануға беріледі
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде жұмыспен қамтылған отбасылардың 25 пайызы ғана несиесіз баспанаға қол жеткізе алады. Ал облыстағы коммуналдық тұрғын үй қорынан жылда берілетін пәтер саны шектеулі болғандықтан, жеке баспанаға қол жеткізу үшін әрбір отбасы қосымша қаржы көздерін табудың жолдарын қарастыру керек. Осы орайда, мемлекет тарапынан үй алуға Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері, сондай-ақ, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлерінің құқықтары бар екенін айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, баспанасы апатты жағдайда тұрған отбасылар мен әскери қызметте жүрген азаматтар да мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұра алады. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Инна Валлдың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үйді сатып алуға кезекке тұрғандар енді алғашқы жарна мен үстеме пайыз төлеуден құтылып, оларға сатылатын үйлердің бағасы белгіленген мөлшерден аспайтын болады.
– Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасына сәйкес биыл Өскемендегі драма театры жанындағы ықшамауданында төрт үйдің құрылысы басталғаны белгілі. Оның бір шаршы метрінің құны – 165 мың теңгені құрайды. Ағымдағы жылы Семейде үш жүзден астам пәтер салуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, болашақта бой көтеретін бұл баспаналарды тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің салымшылары ғана сатып ала алады. Ал коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін баспанаға кезекке тұруға бірінші, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы бар, – дейді Инна Валл.
Алдағы бір-екі жыл көлемінде облыста 91 тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеті мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.
Осы орайда мамандар жеке тұрғын үй алуға қаржыңыз жеткіліксіз болса, банктердің көмегіне жүгінбей тұрып, олардың ұсынып отырған шарттарымен танысып, пайыздық үстемеақы мөлшеріне көңіл бөлген жөн екенін ескертеді
Ажар САҒАТБЕКОВА