Референдум - 2022

Өскеменде болашақ аналар өз таңдауларын перзентханада жасады

Әр адам өз таңдауын жасауға құқылы. Бұл қағиданы мықтап ұстанған Өскемендегі «Ана мен бала» орталығы болашақ аналардың медициналық мекемеден шықпай-ақ дауыс беруге мүмкіндік жасады.

«Ана мен бала» орталығындағы №60-шы учаске өз жұмысын еліміздегі барлық учаскелер сияқты таңғы сағат 7.00-де бастады. Сайлау учаскесі қызметкерлерінің хабарлауынша мұнда барлық босанушыларға жетерліктей бюллетендер дайындалған.

– Перзентханадағы сайлау учаскесінде барлық ережелер сақталып, стационарлы және алып жүруге болатын жәшіктері бар кабиналар жабдықталған. Біздің сайлау учаскесінде арнайы нұсқаулықтан өткен акушерлер, мейірбикелер мен дәрігерлер қызмет етуде, – дейді «Ана мен бала» орталығының өкілі Серікбол Құрқұмбаев.

Ал жаңа босанған немесе отадан кейін төсек режимінде жатқан әйелдерге комиссия мүшелері тасымалдайтын дауыс беру жәшігін алып келеді.

– Екі күн бұрын көптен күткен қыз баланы дүниеге әкелдім. Ол төрт ұлдан соң туған қыз болды. Бүгін ауруханада жатқаныма қарамастан ел ертеңін анықтайтын референдумға қатысып отырмын, – дейді Әсем Сайдуова есімді жас ана.

Айта кетсек, өткен тәулікте ғана перзентханада 23 сәби дүние есігін ашқан екен.

Осы айдарда

Back to top button