Өңірде электр қуатынан тапшылық болмайды
Мамыр айының басында облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша өңірдің энергетикалық әлеуетінің қолданыстағы қуаттарын, сондай-ақ алдағы бес жылға жүктемелердің өсу жоспарын талдау үшін жұмыс тобы құрылған-ды.
2021-2025 жылдары облыста жалпы қуаты 308,6 МВт тұрғын үй құрылысы, кәсіпкерлік және туризм нысандарын қосу жоспарлануда.
Облыстың өндіруші станцияларынан желіге жіберу және тұтыну теңгерімі қазіргі уақытта өңірде электр энергиясының тапшылығы жоқ екенін көрсетеді.
Десе де, алдағы даму жоспарын ескере отырып, 2025 жылға дейін облыста өндірілетін қуатты 228,6 МВт-қа ұлғайтуға мүдделіміз. Өскеменде айналма схема бойынша қаланың сол жағалау бөлігін электрмен қамту үшін үш қосалқы станция мен әуе желісінің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы жылдары «Ахмер» қосалқы станциясын (ҚС) кеңейту жобасын іске асыру және оны «Өскемен 500 кВ» ҚС кернеуі 220 кВ әуе желілерімен қосу жоспарлануда.
– Семей қаласын электрмен жабдықтау радиалды схема бойынша жүзеге асады, оның жүктеме орталығында тораптық қосалқы станция болып табылатын «18» 220/110/10кВ ҚС бар. Электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру және қолда бар қуаттарды ұлғайту үшін 220/110/6кВ «Ұшақтар» ҚС салуға техника-экономикалық негіздеме әзірленуде. Бұдан басқа, 2023 жылы «Қарағайлы» ҚС қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады, – деді осы ретте аймақ басшысы.
Қазіргі уақытта Зайсан айналмасының үлкен қашықтығы мен бастапқы көзінен алшақ орналасуына, сондай-ақ учаскеде генерациялайтын қуаттың болмауына байланысты кернеудің төмендеуі туындауда. Облыс әкімінің айтуынша, бұған жол беруге болмайды. Электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын арттыру үшін №250 ӘЖ-110кВ «Көкпекті» ҚС-нан «Тәуке» ҚС-на дейін қалпына келтіру және «Казнаковка» ҚС-нан «Күршім» ҚС-на дейін ӘЖ-110кВ салу жоспарлануда.
Бұдан басқа, жақын арада электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін Абай және Катонқарағай аудандарын айналма электрмен жабдықтауды қамту жөнінде жобалар қаралатын болады.
DIDAR ақпарат