Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары тағайындалды
Кеше аймақ басшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Даниал АХМЕТОВ филиал төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған Әнуарбек Мұхтархановты ұжымға таныстырды. Облыс әкімі жаңадан тағайындалған басшыға алда атқарылар жұмыстардың ауқымды екендігін алға тартып, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын негізге ала отырып, тың міндеттер жүктеді.
Әнуарбек Мұхтарханов 1955 жылы 6-сәуірде Күршім ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (1980 жылы) ғалым-агроном, Алматы экономика және статистика академиясын (2006 жылы) қаржы мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1972 жылы Күршім ауданының Калинин ауылында бастаған.
1980-1992 жылдар аралығында Күршім аудандық өсімдіктерді қорғау стансасының басшысы, Күршім аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Күршім ауданы «Высокогор» кеңшарының бас агрономы, Шығыс Қазақстан облыстық агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподақ комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. 1992-1994 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық әкімшілігі ұйымдастыру-инспекторлық және мамандармен жұмыс бөлімінің бас маманы, бас инспекторы, 1994-1995 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты аппаратының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1998-2003 жылдары облыс әкімінің ұйымдастыру- инспекторлық және мамандармен жұмыс, аумақтық даму бөлімінің меңгерушісі – аппарат жетекшісінің орынбасары, 2003-2007 жылдары Курчатов қаласының әкімі, 2007-2010 жылдары Зайсан ауданының әкімі, 2010-2013 жылдары Аягөз ауданының әкімі, 2013-2015 жылдары Жарма ауданының әкімі болып еңбек етті.
Ә.Мұхтарханов бұған дейін облыс әкімі аппаратының соғыс және еңбек ардагерлерімен жұмыс жөніндегі атқарушы хатшылығының басшысы қызметін атқарған.
Шығыс-Ақпарат