Қоғамға тың серпіліс әкеледі
Ұлттық болмысын сақтаған ұлт қана ұлы биіктерді бағындыра алмақ. Осы орайда мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы күллі Қазақстан халқына үлкен ой салғаны анық. Мақалада Елбасы көтерген келелі ойлар кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысқан облыс активінде сөз болып, қызу талқыланды.
Облыстық мәслихаттың депутаттары мен саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен ҮЕҰ-дың жетекшілері, «Жас Отан» жастар қанаты өкілдері қатысқан облыс активінде бірінші сөзді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова алды.
– Сарапшылардың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бұл – тек бағдарламалық мәні бар құжат қана емес, қоғамдық сананы жаңғыртып, қазақстандық қоғамды дамытудың кең ауқымды жобасы. Ең бастысы, әр қазақстандық бұл жобаны іске асыруға жауапты екенін сезінуі тиіс, – деген Әсем НҮСҮПОВА Елбасының қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы секілді бірнеше бағытын анықтап бергенін айтты. Біз қанша жерден технология мен инновацияға, экономиканың жаңа салалары мен заманауи инфраструктураны дамытуды бірінші кезекке қойғанымызбен, рухани құндылықты ұмытпауымыз қажет. Жастарымыз табысты болудың басты факторы білім болып қалатынын ұмытпағаны абзал. Елімізде жоғары білім беретін 127 жоғары оқу орны бар болса, оның бесеуі әлемдегі ең үздік жетекші білім беретін оқу орындарының қатарынан ойып орын алған. Ал облыстағы сегіз жоғары білім беретін оқу орны мен 82 колледжде барлығы 62 мыңнан астам жас маман білім алуда. Жалпы, жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің санының көптігі бойынша біздің облыс республикада алтыншы, ал колледжде оқитындардың саны бойынша төртінші орында тұрған көрінеді. Қазіргі таңда 91 шығысқазақстандық жас мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің 11 еліндегі мақтаулы жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруда. Сондай-ақ, облыста тілдік пәндерден беретін мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында атқарылатын жұмыстарға да 1,7 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Биыл 1460 мұғалім тілді оқытудың методикасын жетілдіру бойынша арнайы курстардан өтетін болады. Сонымен қатар, өңірдегі дәрігерлерді оқытудың да жоспары жасалып бекітілген. Бұл мақсатқа шамамен 1,2 млрд. теңге жұмсалмақ. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясындағы жаңартылған бағдарлама бойынша жалпыға бірдей кәсіптік-техникалық білім беру жобасы басталып кетті.
Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова өзінің баяндамасында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесіне де тоқталып, бұл қазақстандық қоғамды заманауи технологиялық ортаға, коммуникацияға біртабан жақындата түсетінін жеткізді. Сондай-ақ, облысымызда рухани-мәдени тұрғыда атқарылып жатқан шаруалар жайын да баяндап берді. Өткен жылдан бастап облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қолдауымен 2016-2018 жылдарға арналған археология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту жобасы қолға алынды. Басына алтын тәж киген асқақ Алтайдағы Берелде аспан асты мұражайы ашылды. Ал былтырғы күзде Өскеменде өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция әлем ғалымдарының назарын өзіне аударды. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, «Туған жерге – тағзым» жобасы аясында құны 25 мың долларды құрайтын 4 мыңға тарта жоба іске асырылыпты.
– Елбасының алға қойған міндеттерін іске асыру – әрбір азаматтың парызы, – деген облыс басшысының орынбасары барша шығысқазақстандықтарды Президент бастамаларын қолдауға шақырды.
Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы «көзі қарақты, көкірегі ояу, ниеті түзу қазақстандықтарды бей-жай қалдырмайтынын» ерекше атап айта келіп:
– Елбасы ел-жұртын ұтымды міндеттерге бет бұруға бағыттап отыр, – деді.
Сонымен қатар, жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Лео Шик, облыстық мәслихаттың депутаты, «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Молдашева, Семей қаласындағы электротехникалық колледждің директоры Асхат Сарпеков сөз алып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы туралы өз ойларын ортаға салды.
Сөйтіп, Елбасының рухани жаңғыру жайында айтқан келелі ойлары қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болып, жаңа серпіліс тудырды.
Мейрамтай Иманғали