Білім

Оқушылардың бойындағы қасиеттерді дамытады

          Тұңғыш Президент күніне орай облыс оқушылары арасында Бірыңғай диктант күні өтті. Аталған интерактивті шараға биыл 8-сынып оқушылары алғаш рет қатысты.

«100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру аясында 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңмен енгізу, сондай-ақ оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін оқыту стандарттарын жаңарту шеңберінде ұйымдастырылған «Бірыңғай диктант күніне» облыстың 336 мектебінің 8-сынып оқушылары қатысты. Жобаны Шығыс Қазақстан өңірлік білімдегі жаңа технологиялар орталығы әзірледі.

Балаларға үш тілде аудиожазбаларды тыңдау арқылы тест тапсырмаларына дұрыс жауап беру қажет болды.

«Тыңдалым ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде өтті. Сондай-ақ үш тақырып болды – «Елбасы жолы», «Еуразия жүрегінде», «Kazakhstan-The Land of Wonders». Балалардың компьютерлік және оқу сауаттылығы, яғни күрделі мәтіндерді түсіну және оларды түсіндіру, белгілі бір тапсырманы орындау қабілеттілігі тексерілді. Нәтижесінде оқушылардың бойында еркіндік, ұқыптылық және нәтижелерге сыни тұрғыдан қарау сияқты қасиеттер дамымақ. Осының барлығы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың негізгі индикаторлары болып табылады. Ақпараттық сауаттылық балалардың мәтінді ақпаратпен жұмыс істей білуін қалыптастыруға және дамытуға ықпал етеді», делінген  өңірлік білім берудегі жаңа технологиялар орталығының таратқан хабарламасында.

Қорытындысында, оқушылар жақсы нәтиже көрсетті. Функционалдық сауаттылық бойынша білім сапасы 88% болса, ақпараттық сауаттылық бойынша 92%-ға жетті.

Айта кетейік, жоба 2017 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Мұндай диктанттар еліміздегі атаулы күндерге арналған күнтізбелік іс-шаралар қарсаңында өткізіледі. Бүгінгі таңда 50 интерактивті диктант өткізіліп, оған 48 мыңнан астам оқушы қатысыпты. Сонымен қатар жалпы білім беретін пәндер бойынша 12,5 мыңнан астам оқушыны қамтитын 80 тест өткізілген.

Бұл ретте, ведомство өкілдері атап өткендей, қашықтан оқыту кезінде жобаны пайдаланудың негізгі артықшылығы оқушылардың білім сапасына мониторинг жүргізу ғана емес, сонымен қатар материалды өз бетінше зерттеу және білімді тексеру үшін платформа құру мүмкіндігі болып табылады. Нәтижені диктант немесе пәндік тестен кейін бірден білуге болады. Арнайы бағдарлама қателіктер жіберілген бағалар мен тақырыптарды ғана емес, сонымен қатар әр оқушыға жеке ұсыныстар мен тапсырмалар береді.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button