Білім

Оқу сапасы – басты назарда

Әлемді жайлаған індеттің қоғамның барлық саласына, оның ішінде білім саласына да  өз әсерін тигізгені шындық. Жыл сайын облыс педагогтарының басын қосатын дәстүрлі    тамыз мәслихаты биыл алғаш рет онлайн форматта өтті. «Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» атты облыстық тамыз мәслихатының жұмысына облыс әкімі Даниал  Ахметов қатысты.

 Өңіріміздің бас педагогы Сайрангүл Жұмаділова елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты  білім беру процесі екі нұсқада ұйымдастырылатынын жеткізді. Облыстағы жалпы білім беретін 647 мектеп жаңартылған білім мазмұнына көшуді сәтімен аяқтаған. Биылғы жаңа оқу жылында оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда бір жарым мыңға артыпты. Жаңа оқу жылында  21 мыңнан астам бүлдіршін бірінші сынып табалдырығын аттамақ.

Ағымдағы жылы облыста балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту  1-6 жас  – 75%, 3-6 жас-100% құрапты. Өткен жылға қарағанда балабақшалар желісі 5-ке артқан.

Биыл жылы   11-сынып оқушылары жаңа стандарт бойынша білім алады. «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және дизайн», «Алғашқы әскери-техникалық дайындық» секілді жаңа пәндер  енгізілген. 9,11-сыныптарда қорытынды аттестация жаңа форматта өтетін болады. Бас педагогтың айтуынша, оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі де 100 пайыз шешілген. Қазіргі күні мектеп кітапханалары қорын көркем әдеби кітаптармен толықтыруға үлкен көңіл бөлініп отырған көрінеді. Қыркүйектен бастап 110 мың оқушы білім алатын 140 қалалық мектепте жан басына шақандағы қаржыландыру енгізілетін болады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлініпті.

Өңір мұғалімдері қашықтан оқудың қыр-сырын терең меңгеруде. Жазда өңірдегі барлық мұғалімдер цифрлы платформаларды қолдану бойынша педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған 40 сағаттық онлайн-курстардан өтіпті. Мұғалімдерге көмек ретінде цифрлық білім беру контенті әзірленіп, «Өрлеу» біліктілікті көтерудің ұлттық орталығының білім арнасында, Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының ютуб каналында, білім беру ұйымдарының сайттарына, әлеуметтік желілер мен пән мұғалімдерінің чаттарына   1200-дей сабақ жүктеліпті. «Өрлеу» білікті арттыру ұлттық орталығының облыстағы бөлімшесі педагогтармен бірлесіп 8-9-сынып оқушылары үшін геометрия, физика, биология, орыс тілі мен әдебиеті  пәндері бойынша 304 бейнесабақ әзірлеген. Бұдан бөлек, Өскемен және Семей қалаларындағы 82  мектеп педагогының қатысуымен ғаламторға 272 сабақ жүктеліпті. Облыста 3 мыңнан астам сабақ, банк ресурстары, қашықтан оқытуға арналған материалдардың видеотекасы әзірленген көрінеді. Екі мыңнан астам вебинар өтіп, оған жеті мыңнан астам педагог қатысқан.

С.Жұмаділова дарынды балаларды қолдау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға, жеткен жетістіктерге де тоқталып өтті. Оқушылар командасы  халықаралық, республикалық байқауларда Шығыстың намысын қорғап, биіктен көрініп жүр. Өткен оқу жылында облыс командасы барлығы 106 медальға қол жеткізсе, оның 36-ы алтын, 31-і күміс, 39-ы қола. Оның ішінде 35 медаль халықаралық сайыстардың нәтижесі.

Өткен жылы Өскемен қаласында «Мектеп асханалары» атты қанатқақты жобаның жүзеге асырылғаны белгілі. Биыл аталған жоба Семей қаласы мектептерінде жалғасын таппақ. Сондай-ақ Өскемендегі қалған 9 мектеп асханасын жаңғырту жұмысы да өз мәресіне жетпек. Облыстағы мектептердің 90 пайызы оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қауқарлы. Аз қамтылған және көпбалалы отбасы балалары міндетті түрде тегін тамақпен қамтамасыз етілетін болады.

Облыс бойынша  2 948 оқушы мектепке автобуспен қатынап оқиды. Бұл мақсатқа 165 мектеп автобусы пайдаланылады. 41 автобус соңғы 3 жылда сатып алыныпты.

Тамыз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы  сондай-ақ бала құқығын қорғау, қосымша білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Айтуынша, жаңа оқу жылында да мектепке дейінгі ұйымдар желісін арттыруға, балалардың қауіпсіз білім алуына жағдай жасауға,  мұғалімдерінің кәсіби деңгейін көтеру жұмыстарына ерекше мән берілмек.

Білім және ғылым министрлігінің бала құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина қазіргі пандемия кезінде бала құқығының аяққа тапталу оқиғаларының жиілеуі мүмкін екендігін жоққа шығармады. Осыған байланысты бала құқығын қорғау комитеті  өткен оқу жылында 44 нормативті құқықтық акт әзірлеген. Мұнан бөлек Үкіметтің қаулысымен бала құқығын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зобылыққа қарсы әрекет ету, жасөспірімдер арасындағы өзіне өзі қол жұмсау  секілді мәселелерді шешудің 2020-2023 жылдарға арналған Жол картасы бекітіліпті.

Онлайн форматында өткен облыстық тамыз мәслихатында «Күнделік. кз» ЖШС –нің бас директоры  Мұхтар Ілиясов сөз алып,  қашықтан оқыту кезіндегі электрондық журналдың негізгі ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Айтуынша, электронды журналға бірқатар жаңартулар, өзгерістер енгізіліпті. Жаңа мониторинг жүйесі мен жаңа мобильдік қосымша іске қосылған. Бірқатар функциялары жетілдірілген. Формативті бағалау тәртібіне де өзгерістер енгізілген. Мұғалімнің  парақшасы да жаңа өзгерістерге ұшыраған. Енді екінші тоқсаннан бастап  рубрикаторлар іске қосылады.

Сондай-ақ тамыз мәслихатында «Talap» КЕАҚ ұйымдық құрылымының вице президенті Ермек Күзенбаев «Жас маман» жобасы аясында халықаралық мамандарды әзірлеу туралы баяндама жасаса,   Өскемендегі Оқушылар шығармашылық сарайының директоры Галина Асташкина қазіргі пандемия жағдайында  балаға қашықтан  қосымша білім берудің қыр-сырымен бөлісті.

Облыстық тамыз мәслихатын облыс әкімі Даниал Ахметов қорытындылады.

-Дәстүрге айналған тамыз конференциясы ұстаздар қауымы бас қосатын ауқымды әрі маңызды жиын. Әр адам қандай жетістікке жетсе де білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді. «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез» деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет, – деген аймақ басшысы  биылғы індетке  байланысты оқушылардың дені жаңа оқу жылын қашықтан бастағалы отырғанын айтты.  Атап айтқанда, өңірдегі 373 шағын жинақты мектептің 41 986 оқушысы   штатты режімде, 274 мектептің 147 269 оқушысы  қашықтан оқитын болады.

Осыған байланысты облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне, білім бөлімі басшыларына мектепті ашу барысында балалардың  қауіпсіздігін сақтауға ерекше мән беруді тапсырды.  Әр мектеп дезинфекциялық құралдармен, тепловизорлар мен санитайзерлармен, маскамен, қорғаныш төсеніштерімен, бектерицидтік лампалармен қамтамасыз етілуі тиіс.

Облыс әкімі білім алу қашықтан ұйымдастырылатынына қарамастан, оқу сапасының әрқашан назарда екенін ескертті. Білім сапасын бағалаудың көрсеткіші – ҰБТ екені рас. Облыста соңғы екі жылда мектеп түлектерінің ҰБТ-ға қатысуы 10 пайызға артып, 81 пайызды құраған. Әсіресе,  Зайсан,  Аягөз, Тарбағатай, Жарма аудандары мектеп түлектерінің ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші жоғары. Облыс әкімінің Абай, Тарбағатай, Жарма аудандары мен Курчатов қаласы мектеп түлектерінің ҰБТ –дан алған  балл нәтижесіне көңілі толмады. Бұл аудандардың әкімдері мен білім бөлімі басшылары білім сапасы туралы ойлануы тиіс. Аудандардың арасында ҰБТ бойынша соңғы үш жылда үздік нәтиже көрсетіп келе жатқан  Аягөз ауданының тәжірибесін зерттеп, тарату қажет деп санайды облыс әкімі.

Биыл мектеп бітіруші түлектердің сыртқа ағылуы айтарлықтай тыйылған. 2016 жылы 1800 түлек сыртқа кетсе, биыл олардың саны небәрі – 394.

Облыста мұғалім мамандығына деген мұқтаждық бұрынғыға қарағанда айтарлықтай азайғанымен, әлі де жетіспеушілік бар. Мысалы, Өскемен қаласында 20, Шемонайхада 15, Аягөзде 11, Алтай ауданында 14 мұғалім  жетіспейді. Биыл педогогикалық мамандыққа  147 әкімнің гранты бөлініпті. Бұл жыл сайын бөлінетін 400 гранттың 25,5 пайызын құрайды.

Биыл «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауылға барған  199 педагогқа баспана алуы үшін әлеуметтік біржолғы төлем жасалған. Бұл мақсатқа 52 миллион бөлініпті.  Сондай-ақ,  23 мың педагогтың еңбекақысы 25 пайызға өскен.

Әрине, қашықтан оқытуды компьютерсіз жүзеге асыру мүмкін емес. Бүгінде облыс бойынша 22 476 оқушы мен 197 педагог компьютерге мұқтаж. Осыған байланысты барлығы 33 200 компьютер сатылып алынған. 214 миллионға қосымша  тағы да 1428 компьютер  алынған. 1 қыркүйекке дейін үкіметтік резервтен тағы да 4,1 миллиард теңгенің 26 509 компьютері келмек. Осылайша, оқушылар мен мұғалімдер 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етіліп отыр. Осыған орай облыс әкімі аудан әкімдері мен білім бөлімі басшыларына компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытында жеткізіп беруді тапсырды.

Еліміздегі жағдайға қарамастан облыста мектептер мен балабақша құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биыл Абай ауданы Қарауыл ауылында, Өскемендегі Ахмер ауылында, Тарбағатайдағы Ақжар ауылында жаңа мектептер ашылмақ.

Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде Өскеменде бес балабақша ашылады деп күтілуде. Биыл облыстағы 647 мектеп жылы әжетханалармен қамтамасыз етілген.

Облыс әкімі қазіргі қиындықтардың уақытша екенін, білім сапасына мән берудің маңыздылығын айтып, өңірдің барша ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтады.

Тамыз мәслихаты онлайн марапаттауға ұласты. Үржар ауданындағы Қаратұма ауылы мектебі «Үздік орта білім беру ұйымы -2020» атанып, 34 миллион теңгенің сертификатына ие болса, дәл осындай сертификат «Үздік техникалық және кәсіби білім беру ұйымы -2020»  атанған Зайсан техникалық колледжіне де тапсырылды.  Сондай-ақ облыстағы бірқатар үздік оқытушыларға облыс әкімінің алғыс хаты табыс етілді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button