Саясат

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: – Шығыстың даму қарқыны қуантады

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: -	Шығыстың даму қарқыны қуантады
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болды. Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге Өскемен қаласындағы «Нұрлы жол» саябағының ашылу салтанатына қатысып, бұл жерде өңірдегі Шілікті, Берел қорғандары мен Аблайкит ғибадатханасынан табылған жәдігерлермен және аймақта бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолға алынған жобалармен танысты, облыстың қоғамдық ұйым өкілдерімен жүздесті.

«Нұрлы жол» саябағындағы асқақ монумент

Бес гектар аумақты алатын жаңа саябақ бос жатқан жерде бой көтерген. Шағын ауданда үш үлкен әлеуметтік нысан шоғырланған. Атап айтқанда, зияткерлік мектеп, драма театры және заманауи оңалту орталығы, сонымен қатар,Жекпе-жек сарайы, орталық бассейн, Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетикалық манеж сынды спорттық кешендер. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10 көпқабатты тұрғын үй салу жоспары бар.
Жаңа саябаққа «Нұрлы жол» атауы тегін берілген емес. Бұл – еліміздің кемел келешегінің символы.
Аз уақыт ішінде Өскемендегі ірі кәсіпорындар – «Қазцинк» ЖШС, «Полиметалл» АҚ, «КАЗ Минералс» тобы бөлген қаражатқа қала тұрғындары мен қонақтарына арналған қазіргі заманғы демалыс орны пайда болды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: -	Шығыстың даму қарқыны қуантады
«Нұрлы жол» саябағы ландшафтылы архитектураның заманға сай үлгісімен жобаланған. Демалушыларға ыңғайлы болуы үшін саябақ коммуникациялары жасыл желек аумағында орналасқан. Аумақ периметрі декоративті және мөлдір қоршаулармен қоршалған, сол арқылы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар, саябақта бірнеше жарықтандыру құрылғысы мен шамдар орнатылған. Олар кешкі уақытта демалуға ниетті жандарға жайлылық сыйлайды.
Саябақтың заманауи стилистикасы үшін гранит, ағаш және өздігінен көгалданатын топырақ сияқты табиғи, экологиялық таза материалдар қолданылыпты. Мұнымен қоса, 500 ірі ағаш отырғызылған.
– Мұндай демалыс орнын тамашалаудың өзі бір ғанибет. Бұл саябақ Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығады деп ойлаймын. Өндірісті шаһарда тағы да бір жасыл желекпен көмкерілген орынның пайда болғаны қуантады, – деді Елбасы.
Жаңа саябақтың көркі саналатын «Нұрлы жол» монументінің авторы Сәрсен Сейітовті «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы шабыттандырыпты.
– Монументтің әр бөлшегі достық, ынтымақ, қазақстандықтардың ауызбіршілігін паш етеді. Стелла Мемлекеттік ту түстес, үстіңгі жағында шаңырақ бейнеленген, ұзындығы – 22 метр. Бұл еліміздің рәміздерін еске салады, – деді бізге берген сұхбатында нысан авторы.
Сәулетші Сәрсен Сейітовтің айтуынша, «Нұрлы жол» монументінің қос бағаны Еуропа мен Азияның түйісуін паш етеді. Тағы бір мағынасында Өскеменде тоғысатын Ертіс пен Үлбі өзендерін бейнелейді екен. Композицияны көкке қалықтаған қыран қорытындылайды. Бүркіт – бабаларымыздың түсінігінде ерекше киелі құс, бостандықтың нышаны, мақсатқа ұмтылудың, болашаққа талпынудың белгісі.

Өлкемізден үш мыңнан астам көне жәдігер табылды

Президенттің назарына, сондай-ақ, архитектуралық көрме ұсынылды. «Нұрлы жол» саябағындағы археологиялық көрмеде Зайсан ауданындағы Шілікті қорғанында, Катонқарағайдағы Берел алқабында, Ұлан ауданының Аблайкит ғибадатханасында жүргізілген қазба жұмыстарынан табылған екі мыңнан аса жәдігер қойылды.
Өткен жылы үш жылға қолға алынған «Шығыс Қазақстанның көне мұрасы» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес археологиялық салада ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған.
– Былтыр археология саласында Британия, АҚШ, Италия, Мажарстан, Польша, Жапония, Германия және Ресейден келген ғалымдардың қатысуымен ауқымды жоба жүзеге аса бастады.Бес археологиялық маңызы бар нысан зерттеліп, соның арқасында облыстық тарихи-өлкетану мұражайы байырғы Қазақстан тарихына байланысты 3 мың жаңа артефактпен толықты, – деді көрмені таныстырған әйгілі тарихшы-археологтар Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев, Карл Байпақов.
Мұнымен қатар, дәстүрлі «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» ғылыми-тәжірибелік конференциясында әлем ғалымдары тың жаңалықтар мен ел тарихының сырларын көпшілік назарына ұсынып келеді. Себебі, барлық археологиялық, тарихи ескерткіштер әлемдік мұра ретінде қазақстандықтар мен шетелдік туристер үшін қолжетімді болуы тиіс. Бұл мақсатта өңірде «Алтай жауһары» туристік кластері құрылмақ. Белді жоғары оқу орындарымен бірге облыстың киелі орындары картасы құрылды.
Туристік бағытта 26 киелі, тарихи-мәдени және емдік-сауықтыру орны белгіленсе, олардың 10-ы туристерді қабылдап та жатыр. «Жидебай – Абай елі» («Абай-Шәкәрім» кесенесі), «Қоңыр әулие» (үңгірге саяхат), «Ақынның рухы мекендейтін жер», «Ақ тауға жол», «Катонқарағайдың жазира даласында», «Зайсанның алтын жүзігі», «Ядролық полигон болған жер» саяхат маршруттары ұйымдастырылған.Арнайы төрт – қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдеріндегі TourEast.kz порталы жұмыс істейді. Онда 36 тур көрсетілген.

«ЭКСПО» көрмесін тамашалауға шақырды

Елбасы саябақ ішін аралап, өңірдегі ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлермен кездескеннен кейін осы жерде аймақтағы қоғамдық ұйымдар мүшелерімен, зиялы қауым өкілдерімен, жастармен, мәдени орталықтар жетекшілермен тілдесті.
Ең алдымен сөз алған Қазақстан-Америка еркін университетінің проректоры Марина Кикина жақында Астанаға арнайы барып, ЭКСПО көрмесін тамашалап, ерекше әсер алып қайтқанын айтты.
– Мен Семей өңірінен келіп отырмын. Сіздің жасампаз еңбегіңіздің арқасында біздің еліміздің асығы алшысынан түсіп тұр, бұл – бір. Екіншіден, мынау әлемдегі күрделі, күрмеуі қиын мәселелердің барлығы Сарыарқаның төрінде шешіліп, орындалуда. Үшіншіден, әлемнің ендігі көңілі Астанаға ауып тұр. Себебі, онда халықаралық«ЭКСПО-2017» көрмесі жоғары деңгейде өтуде, мен өзім де барып келдім. Әсіресе,маған ЭКСПО қалашығының дәл ортасында біздің Қазақстан көрмесінің тұрғаны ұнады. Түгел сегіз қабатына да шығып, аралап, қатты риза болдым. Бұл – ғажап дүние. Бұл – істеліп жатқан мықты істердің біреуі емес, бірегейі. Біздің елдің тұрақты болуына, Мәңгілік Елге айналуына септігін тигізер іс. Семей қаласы күннен-күнге көркейіп, өсіп келе жатыр. Биылғы Семей қаласының бюджеті өте қомақты. «Нұрлы жол»бағдарламасы мен Сіздің жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында істеліп жатқан жұмыс өте көп. 20 көпқабатты үй, 5 мың орындық «Абай-Арена» спорт кешені салынып, әуежайымыз халықаралық стандартқа сай жөнделіп жатыр. Қаладағы 8 жол күрделі жөнделді, жұмыс күнде қадағаланады. Қаланың қақ ортасындағы үлкен алаңда түрлі-түсті музыкалық субұрқақ салынды. Ондакүндіз-түні қаланың жас-кәрісі демалады. Біздің қала халқы Сізге өте риза. Осының бәрін Сіздің қамқорлығыңыз, шапағатыңыздың шашуы деп білеміз. Сапарыңыз сәтті болсын! Сізге елдің атынан, ақсақалдар атынан көп рахмет, деніңіз сау, аман болыңыз!– деді бұдан кейін сөз тізгінін алған Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов.
Мемлекет басшысы Семей өңірін әркез назарынан тыс қалдырмайтынын, қалада жасалып жатқан жұмыстардың барлығын бақылап отыратынын айтып, қазіргі кездегі Шығыс Қазақстанның даму қарқынына жоғары баға берді.
–Бұл өлке – еліміз үшін аса маңызды. Мен жалпы Шығыс Қазақстанды ерекше жақсы көремін!Бұл – ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың елі. Өндірісті өңір, индустриялды өлке. Еліміздегі индустрия, түсті және қара металлургия, химия, ауыл шаруашылығы, машина жасау салаларының негізі осында. Мұнда бәрі де бар! Түсті металдарды, уранды өңдеу ісі дамыған. Облыс өсіп-өркендеп келеді. Даму қарқыны қуантады. Жергілікті бюджет қаржысының 53 пайызы әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалады. Жыл сайын медицинаға, білім саласына кететін шығындар ұлғаюда. Балабақшамен қамтылу 99 пайызды құрайды, бұл – еліміздегі үздік көрсеткіш! – деді Елбасы қалалықтармен кездесуінде.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында да аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ, – деген Елбасы «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің маңыздылығына тоқталып, барша қазақстандықтарды ауқымды шараны тамашалауға шақырды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: -	Шығыстың даму қарқыны қуантады
Бірнеше бірегей жоба ұсынылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа облыстың ауыл шаруашылығында қолға алынған бірегей жобалар таныстырылды. Өскеменнің іргесіндегі «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің базасында Мемлекет басшысы өзімізде өндірілетін элиталы тұқымдардың артықшылықтарына қанығып, ауыл халқынан сүт жинау жүйесінің қайта жаңғырғанына куә болды. Бағасы удай болғанымен, тиімділігі аса жоғары саналатын импорттық тұқым себу кешендерді отандық қолжетімді баламасымен алмастыру жобасы да Президент назарына ұсынылды.
«Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ғылымға көңіл бөлудің арқасында бүгінде отандық нарықтан шетелдік брендтерді ығыстырып келеді. Күнбағыс, соя, зығыр, шомыр сынды дақылдардың өңір климатына бейім, тез жетілетін сұрыптарын шығару арқылы бұл кәсіпорын тұқым шаруашылығын заман көшіне ілестіріп отыр. Мәселен, осында сұрыпталған күнбағыс гибриді әр гектардан 39 центнер өнім береді, әрі өзге бәсекелестеріне қарағанда 10-15 күн ерте піседі. Ал майлы зығырдың жаңа сұрыбы суарылмайтын алқаптың өзінде гектарына 20 центнерден түсім береді.
Бұл шаруашылық базасында 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы да бой көтерген. АҚШ пен Канаданың озық үлгілерін негізге ала отырып салынған кешен жергілікті климатқа да бейімдендіріліпті.
-Шатырдың көлбеу бұрышы биіктетілді. Осының арқасында қардан түсетін салмақ пен құрылыс шығындары азайды. Ғимарат ішіндегі ауа көлемі әр басқа 80 текше метрден келеді. Бұл сиыр малы үшін өте қолайлы, – дейді серіктестік директоры Ришат Ахмадиев.
Мал тезегін өзіне төсеніш ретінде пайдалану, жем беру жүйесін автоматтандыру жобасы да ғылыми негізде қолға алынбақ. Мемлекет тарапынан бұл жобаға коммуникациялық шығындарды жабу үшін 417 млн. теңге қаржы бөлінген.
Облыста сүт өндірісін дамытудың өңірлік бағдарламасы кооперативтендіру шарттарымен сәтті селбесіп отыр. Қолдағы сүтті бірлесіп өткізу үшін ауылдағы ағайын өскемендік «Үлбі модуль зауыты» құрастырған сүт қабылдау модульдерін сатып алуда. Қабылданатын сүттің сыйымдылығына қарай бір модульдің бағасы 3-7 млн. теңге көлемінде болады. 70 пайызы отандық материалдан құралған бұл кешендерді Қарағанды облысының кооперативтері де тапсырыспен әкетіп жатыр. Тіпті, Ресейден де құда түсушілер бар.
Жыл сайын тек көктемгі егіс науқанында ғана елімізге 500 жаңа техника сырттан әкелінеді екен. Әсіресе, америкалық «Джон Дир», германиялық «Хорш», канадалық «Моррис» сынды брендтердің бәсі жоғары тұр. Аталмыш компаниялар ұсынып отырған тұқым себу кешендерін өзімізде өндіру мүмкіндігі бар. Ол үшін аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен әуелі сараптамалық талдау жүргізіліп, жергілікті өндіріс ошақтарының әлеуеті зерделенген болатын. Нәтижесінде шетелдік озық техникалармен сапасы деңгейлес отандық тұқым себу кешенін құрастыру мүмкін деген қорытынды шығарылды. Қазір жобаның конструкторлық құжаттары пысықталуда. Келер жылы «Джон Дир» мен «Хорштың» өскемендік баламалары «Алтай» деген брендпен дүниеге келуі тиіс. Бағасы болса, шетелдік кешендерге қарағанда әлдеқайда қолжетімді болады деп күтілуде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жерде ең әуелі сапаға көңіл бөлу керектігін ескертті. Отандық баламаның өнімділігі шетелдік техникалардан кем болмау керектігі де айтылды.

Шаруалар алғыс айтты

Саладағы сүйекті жобалармен таныса жүріп Елбасы өңірдегі еңббеккер әулеттердің өкілдерімен, шаруашылық басшыларымен пікір алмасты.
Өз сөзінде Президент агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін елімізде аз шаруа тындырылмағанын, ал әрі қарай жылжу үшін одан көп тер төгу керектігін атады.
-Ауыл шаруашылығынан түсетін пайда экономикамыздың бес пайызын ғана құрайды. Жеріміз қанша кең болғанымен, терең өңдеу жоқтың қасы. Өнімді шикізат күйінде арзанға сатып келдік. Мысалы, бидайды өңдеп, макарон етіп сатуға болады. Ет пен сүтті, көкөніс пен майлы дақылдарды да соңына дейін өңдеп отырған жоқпыз. Ет комбиинаттары да, сүт зауыттары да бар. Бірақ олар көп болса, 40 пайызға ғана жүктелген. Себебін үңіліп көріп едім, шикізат жоқ болып шықты. Шындығында шикізат бар, бірақ соны қарапайым халық ақшаға өткізе алатындай жағдай туғызу керек. Егер кооперативтендіруді дұрыс жолға қоя алсақ, бұл жүйе іске асады. Ал кооперативтер өндіруші мен тұтынушының арасын жалғайтын ұйымға айналады, – деді Елбасы.
Қазақстанды кесіп өтіп, Қытай мен Батыс Еуропаны байланыстыратын көлік дәлізінің салынып жатқанын еске салған Президент оның Шығыс Қазақстандағы ауылшаруашылық тауар өндірушілерге де үлкен мүмкіндіктер ұсынатынын ескертті. Осы жолмен шаруалар елдегі ірі қалаларға өз өнімдерін тасымалдайтын болады.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: -	Шығыстың даму қарқыны қуантады
Жер еміп, малмен дәулет құрап отырған әулеттер атынан сөз алған кәсіпкер Қуаныш Сүлейменов Мемлекет басшысына шаруашылықтың дамуына жағдай жасап отырғаны үшін алғыстарын білдірді.
-Біздің асыл тұқымды сиыр зауыты қазақтың ақбас сиырын өсірумен айналысады. Атамыз колхозда бақташы болған, Еңбек Ері деген атағы болды. Сол атаның жолын жалғап, мал асырап отырмыз. Ақбас сиырларымыз тәулік сайын 1,2-1,2 келі салмақ қосады. Балаларым да көмектесіп тұрады. Олар қазір университетте оқып жатыр. Бітіре салысымен осында келіп, аталарының ізін жалғауға кіріседі. Сізге ауыл шаруашылығында жұмыс істеп, жетістікке жетуге болатындай мүмкіндік жасағаныңыз үшін рахмет, – деді «Шалабай» ЖШС директоры.

Ержан Әбіш, Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button