«Дидардың» қонағы

Нұрғали Нүсіпжанов: -Димекеңнің «қабылдауымда бірнеше рет болдың. Неге ештеңе сұрамадың?» деген сөзі есімнен кетпейді

Нұрғали Нүсіпжанов: -Димекеңнің «қабылдауымда бірнеше рет болдың. Неге ештеңе сұрамадың?» деген сөзі есімнен кетпейді

Сонау жылдары радиодан Нұрғали Нүсіпжановтың орындауындағы «Сағындырған саржайлауым…» дейтін әнін жиі тыңдайтын едік. Әншінің әуезді дауысы сол кезден құлағымызға сіңісті болып қалған. Жуықта Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов Шығысқа ат басын бұрып, Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде концертін берген-ді. Сол кезде әншімен әңгімелесудің сәті түскен еді.

-Шығысқа жиі болмаса да, келіп жүресіз. Осы жолғы сапарыңызда ауыл халқына арнап концерт бердіңіз. Бұл да өкшеңізді басып келе жатқан әншілерге үлгі боларлықтай іс деп ойлаймыз…

– «Ілгері басқанның иті оттайды» деген мақал бар қазақта. Адам болып өмірге келген екенсің, қоғамда пайдалы іс істеуге талпыну керек. Мынау жалған өмірде өнерің арқылы өшпейтін ізіңді қалдырып кетуге тырысу қажет. Менің ойымша, өнерді сыйлайтын, шын бағалайтын – ауылдың халқы. Қазір құдайға шүкір, қалалық жерге көшіп келуші қара көздеріміз көп. Яғни, қалалық жерде де қазақы өнер өз бағасын алады. Бірақ қазақ халқының, оның өнер болмысының, әдет-ғұрпының түп тамыры ауылда. Осыны ұмытпауымыз керек. Әр әнші құлқынды ойлап, тиын қуып кетпей, анда-санда ауылға ат басын бұрып тұруы керек. Осы жолы Ұлан ауданына жолым түсті. Бұрынғы Молодежное кентіне Қасым Қайсеновтың есімін беріпті. Қуаныштымын. Қасым Қайсеновтың есімін берген ер аман болсын, соны ардақтап келе жатқан ел аман болсын. Тәубе. Павлодарға Қаныш Сәтпаевтың есімін бермей қойғанда, Алматыда отырып қан жылаған едік. Ол қазақтың ғана емес, Кеңес Одағының бетке ұстар азаматы еді. Ол басқа геологтардан әлдеқайда жоғары тұрды. Түсінген адамға Қонаев пен Сәтпаевтың ұлты үшін сіңірген еңбектері ересен.

– Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Жер-су атаулары біртіндеп қазақыланып келеді. Өзіңіз Кеңес үкіметі тұсында да қоғамдық шараларға етене араласып жүрдіңіз. Ол кезде заман басқа болды. Ал қазір Сізді қандай мәселе мазалайды?

Нұрғали Нүсіпжанов: -Димекеңнің «қабылдауымда бірнеше рет болдың. Неге ештеңе сұрамадың?» деген сөзі есімнен кетпейді

– Бүгінгі жастар ертеңі үшін не тындыра алып жүр? Мысалы, Ғани Мұратбаев өкпе ауруымен ауырып жүріп, білімге құштар балалардың басын қосып оқытты. Сауаттарын ашты. Сол кезде бар-жоғы ол жиырма-ақ жаста екен. Кеңес кезінде қандай патриоттарымыз болды?! Қазір білдей бір қаланы, ауданды басқарып дым бітірмей отырған әкімдер бар. Көңілдеріне келмесін. Әрине, бабаларымыз аңсап кеткен егемендігімізді алдық. Егемендік жолында қаншама батыр ұлдарымыз, қыздарымыз құрбан болды. Біле білген адамға Алла тағала егемендікті сынақ үшін берді. Біз болсақ, осы уақыт ішінде не істедік? Ұлт болып ұйып отырмыз ба? Міне, мені осы сұрақтар мазалайды.

– Бір сұхбатыңызда Дінмұхамед Қонаев әкеңіз айтпаған ақылды айтқанын жеткізіпсіз…

– Ол кісімен жақсы араластым. Бірнеше рет қабылдауында болдым. Димекең зейнетке шыққаннан кейін бір кездескенде айтқаны бар: «Бірнеше рет қабылдауымда болдың, не қызмет, не үй сұрамадың. Әдетте маған келгендер пәтер сұрайтын. Олардың көңілін қайтармадым» – деп еді. Сонда менің ет жүрегім елжіреп кетті. Тіпті әкемнің өзі айтпаған сөз еді бұл. Расында да, қабылдауында бола тұра, түк сұрамаппын.

– Киелі сахнада өнер көрсетіп жүргеніңізге қырық-елу жыл уақыт болды. Әуезді әндеріңізбен жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп келесіз. Бірақ музыкалық аспапта ойнағаныңызды көрмеппіз…

– 1956 жылы музыка өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылдандым. Консерваторияны бітірген соң, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қызметке жіберілдім. Сол кезден бастап Қазақстанның кейбір аймақтарында концерттер бере бастадым. Дұрыс айтасыз, сахнада оркестрге қосылып ән айтпасам, музыкалық аспаппен шығып көргем жоқ. Кейде әуендерді күйсандыққа салып ойнаймын. Ал концерттерде ойнап тұрған отыз домбыра, қырық қобызға ілесіп ән айтсам болды емес пе?!

– Қазақ өнерінде өзіндік орныңыз, тыңдарманыңыз бар әншісіз. Ауыз толтырып айтар атақ-даңқтарыңыз да жетерлік. Өнер жолыңызға қысқаша шолу жасап өтсеңіз…

– Талдықорған облысы, Гвардия ауданы, Қоғалы ауылында 1937 жылы дүниеге келгенмін. Өзі бір жұмақ өлке.Түгін тартсаң, майы шығатын, тұқым сепсең өзі өсіп-өне беретін жер. Шөбі де қалың. Тіпті бал аралары да қазақ үшін жұмыс істейді. Омарташылар өте көп. Бірақ кезінде талай көкпарға түскен, талай жоңғардың тұяғына тапталған алқап. Әке-шешем де сол өңірдің адамдары. Олар өте қарапайым жандар еді. Бізге үнемі ұлағатты сөздерін айтып отыратын. Кейбір академиктермен салыстырып қарасам, сауатсыз әке-шешемнің білгендері олардан көп секілді көрінеді. Солардың берген тәлім-тәрбиесі өміріме азық боп келеді. Оныншы сынып бітіргеннен кейін, қой бағып партияға өттім. Ол кезде партияға өтпесең, алысқа бармайтынсың. Сөйтіп жүріп оқу оқыдым. Алғаш Алматыға барғанда қазақтар аз болатын. Орыстармен араласып жүріп, орысша сөздік қорымызды молайттық. Оқуымды аяқтағаннан кейін радио-телеарнада редактор болдым. Бұл жерде он шақты жыл қызмет етіппін. 1976 жылы Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестріне қабылдандым. Сол кезден бастап ән шырқап келеміз. Нұрғиса Тілендиев «Саржайлау», «Ақ құсым», «Балдызым», «Куә бол», «Әкеме», «Әжеме», «Жетісуым», «Қапшағай», «Келе жатыр құс қайтып» сынды жиырма шақты тамаша әндерді өзіме арнап жазып берді. Құрманғазы атындағы оркестрде 20 жылдай қызмет атқарған соң, Қазақконцерт бірлестігі жанынан «Жазира» атты аспаптық ансамблін аштым. Содан бері өнердің құлағын ұстап жүрген жайымыз бар.

Атақ бермеу керек, уақыт беру керек

– Қазір не көп, жұлдыз көп. Көп жұлдыздан жұрт та шатаса бастаған секілді. Сіздің ойыңызша, жұлдыз деген атаққа қандай өнерпаздар лайықты?

– Шоу-бизнесте осы мәселе көптен бері айтылып жүр. Расында, кімдер жұлдыз? Кез-келген өнер иесін жұлдыз деуге бола ма?. Менің ойымша, жұлдыз деген өз еліне өлшеусіз қызмет етіп, еңбегімен, өнерімен жұртқа танылған, белгілі болған адамдар. Музыка өнері ғасырларды артына тастап, талай сыннан өткен. Ән-жырлар елдің рухын көтерген, ұран болған. Сондықтан ел алдындағы өнерпаздар ең алдымен қазақтың ұлттық қасиетін бойына сіңіре білуі тиіс. Аспандағы жұлдыз ол өз орнын тауып айшықталған, сәулесін шашатын планета. Жердегі жұлдыз да сондай болуы тиіс. Таланттар бар, бірақ оларға бірдей атақ бермей уақыт беру керек. Мүмкіндік беру керек. Олар өздерін қамшылап жұмыс істеуі тиіс. Атақ ешқайда қашпайды. Нағыз өнер өз бағасын міндетті түрде алады. Баға деген – халықтың батасы.

– Кеңес үкіметі тұсында журналистика саласында жұмыс істедіңіз. Бүгінгі күнде де тілшілерге сұхбат беріп, араласып жүресіз. Қазіргі журналистикаға көңіліңіз тола ма?

– Тілшілердің міні айтпай-ақ көрініп тұрады. Көрші ұлтқа еліктеушіліктен бе, түкке тұрмайтын дүниелерді жазатындар көбейіп кетті. Газет-журнал беттерінде адамға ой салатын мақалалар аздау. Кейде радио-телеарналардан журналистер қоңырау шалып, өмірден өтіп кеткен адамдардың нөмірлерін сұрап жатады. Өмірдегі адамның бар-жоғын білмейтін, ізденбейтін журналистер көп. Оның үстіне солғын, мән-маңызы төмен дүниелер жазатындар көбейіп барады. Журналист біріншіден ізденімпаз болуы керек. Қоғамның тамыр соғысын біліп, кемшілігі мен жетістігін көріп отырса деймін. Бір сөзбен айтқанда, журналист жан-жақты болуы тиіс.

Әңгімелескен – Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button