Журналистік зерттеу

Несие алғанда неге көңіл болу керек?

Несие алғанда неге көңіл болу керек?

Бүгінде облысымызда проблемаға айналған несиелер саны азаймай тұр. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, банктен алған қарызын кешіктіріп төлейтіндер өңір тұрғындарының 57,9 пайызын құрап отыр.

Несиені аннуитеттік тәсілмен төлеуден қашыңыз

Еліміздегі проблемалық несие бойынша бесінші орында тұрған біздің өңір тұрғындары қаржылық қызметтерді тұтыну барысында жеке мүмкіндіктерін есепке алмайды екен. Экономикалық сауаттылықтың халықаралық орталығының сарапшысы Шынар Елубаеваның айтуынша, орташа есеппен алғанда әрбір шығысқазақстандықтың басында үш-төрт несие бар.
– Жалпы, кез келген мөлшердегі қаражатты қарызға алмай тұрып, ай сайынғы табыс мөлшеріңізді есептеп, қай банктің көмегіне жүгінетіңізді ақыл таразысына салып, ойланып алған жөн. Өйткені, банктердің пайыздық үстемеақысы әртүрлі. Несиені алған кезде артық төлемі ең төмен дифференцияланған әдісті таңдаған дұрыс. Себебі, мұндай әдіспен төлесеңіз, шығын аз кетеді. Ескерте кететін жайт, несиені мүмкіндігінше аннуитеттік тәсілмен төлеуден аулақ болыңыз. Меніңше, банктен несие алу және төлемдерді қайтару құқығы туралы барлық қазақстандықтар білуі керек, – дейді Шынар Елубаева.

Несие алғанда неге көңіл болу керек?

Өткен жылдың соңынан бастап еліміздегі несие төлеу жүйесі өзгерді. Бұрын борышкер банктен алған қарызын қайтару үшін алдымен өсімпұлды төлеп, кейіннен негізгі қаржының көлемін төлейтін. Ал қазір бәрі керісінше. Егер борышкер қарызын уақытында төлемеген жағдайда, оның кепілге қойылған үй немесе машина сияқты құнды дүниелері сот арқылы немесе сотқа дейін-ақ сатылымға шығарылады. Сондай-ақ, қарыз алушы адам несиені үш айдан астам уақыт бойы төлеуден бас тартқан жағдайда оның несие тарихы «қара тізімге» енгізіледі. Сонымен қатар, борышкердің алған несиесі кепілдіксіз болса, сот арқылы оның барлық банктегі есепшоты жабылады. Осы орайда, несие рәсімдеу кезінде қасыңызда сіздің несие төлеу қабілеттілігіңізді растайтын міндеттеме алушы болса, ол да банк алдында сіз сияқты жауапкершілік арқалайтынын естен шығармаңыз. Өскемендегі банктердің бірінің қызметкері Дана Нұрекенованың айтуынша, әр банктің несие тарихын бағалайтын жеке критерийлері мен несие беру туралы шешімге әсер ететін стоп-факторлары болады. Сонымен қатар, несиені уақытында төлей алмайтын болсаңыз, банкке барып менеджерге мән-жайды түсіндіргеніңіз жөн.

– Банк қызметкерлері мұндай жағдаймен бірінші рет жұмыс істеп отырмағандықтан борышкерге міндетті түрде тығырықтан шығудың жолын айтады. Олардың форс-мажорлық жағдайда жасайтын өзіндік ұсыныстары болады. Сіз банк басшылығына жағдайыңызды ескерту арқылы несие тарихыңызды дұрыс сақтап қалуға мүмкіндік аласыз. Егер несиені уақытында төлей алмайтын болсаңыз, қаржылық жағдайыңыз бен төлем қабілетіңіздің төмендігін дәлелдейтін еңбек келісімшарты, жұмыссыз екеніңізді анықтайтын қағазды немесе тағы басқа құжаттарды өзіңізбен бірге ала барғаныңыз жөн. Мұндай жағдайды банк қызметкері сізге несиені қайта құрылымдаудың жолдарын ұсынып, несие келісімшартына енгізілетін өзгерістер туралы түсіндіретін болады. Жалпы, проблемалық несиелердің дауын шешу тәсілдері әртүрлі болады. Мысалы, кейбір банктер сізге қолайлы несиелік кезең берсе, енді бірі төлем мерзімін ұзартуы мүмкін, – дейді Дана Нұрекенова.

Мәселенің бәрі құжатты дұрыс оқымаудан туындайды

Бүгінде Өскемендегі «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлтық компаниясының» өңірілік филиалында несие алуға ортақ жауапкершілік (солидарная ответственность) алып, артынша қарызды төлеуден жалтарып, қашып жүрген азаматтардың саны күн санап артып келеді. Облыстық сот мамандарының айтуынша, қазір олармен тиісті органдар жұмыс жүргізіп жатыр. Өскемендегі заңгерлік орталықтың маманы Елена Белянинаның айтуынша, кепілдемелік міндеттемелерге байланысты дауларды шешу барысында заңды міндетті түрде пайдалану қажет.

– Кепiлдiк мiндеттемелермен байланысты даулар бойынша заңды тұлғалардың мүлкiн өндiрiп алу арызы түскен кезде, төрелiк соттар бюджеттiк және қазыналық кәсiпорындардың (ұйымдардың) мүлкi үшiн еліміздің Азаматтық кодексiмен (Жалпы бөлiм) бекiтiлген ерекшелiктердi ескеруi керек. Азаматтық кодекстің 318-бабында көрсетілгендей кепілге салынған заттан ақы өндіріп алу тәртібі жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларда, кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті соттан тыс мәжбүрлеп өткізуге жол берілмейді. Аталмыш кодекстің 317-бабына сәйкес, кепілге салынған мүліктен ақы өндіріп алу негіздері бойынша борышкер қарызды төлеуден жалтарған жағдайда немесе банк келісімшартында көрсетілген міндеттемелерді орындаудан бас тартқан кезде борышкерге тұрақсыздық айыбы салынады, – дейді Елена Белянина.

Несие алғанда неге көңіл болу керек?

Осыдан бес жыл бурын банктен несие алып, уақытында төлей алмағандықтан өсімпұлының өсіп кеткеніне көңілі толмайтын өскемендік Д.Омарованың айтуынша, банктің ай сайынғы төлемнен ұстап қалатын жасырын комиссиялары көп.

– Қаржылық сауаттылығымның төмендігінен несие алған кезде банкпен арадағы келісімшартты оқымадым. Кейіннен банк менеджерімен арада кикілжің туындағанда келісімшартты қайтадан ашып, бастан-аяқ көз жүгіртіп шықтым. Сөйтсем, бұл құжатта: «клиент¬тен ай сайын қарыз есеп¬шотына қызмет көрсеткені үшін комиссия алынады» деген жолдары бар екен. Меніңше, мектеп жасынан бастап балаларға экономикалық сауаттылықты оқыту қажет. Сонда ғана кейінгі жастар біздің қателігімізді қайталамайды, – дейді Д.Омарова.

Несиеге байланысты туындайтын даулардың көбі борышкердің банк пен тұтынушы арасындағы келісімшартты дұрыс оқымағандығынан шығады. Сондықтан облысымыздағы банк қызметкерлері тұтынушы келісімшартқа қол қоймастан бұрын оның шарттарымен дұрыстап танысуы керек. Ұлттық банктің өңіріміздегі филиалының облыстық қаржы ұйымдарын бақылау және қаржы қызметтерін тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің бас маманы Наталья Шиминаның айтуынша, несие алған кезде банк тұтынушылары нені басты назарда ұстауы керектігін білмейді.

– Борышкер ақшадан қатты қысылып тұрғандықтан банк оған қажетті мөлшердегі қаржыны бергеніне қуанып кете береді. Несие алған кезде банк қызметкері борышкерге қарыздың ай сайынғы төлем мерзімін ұсынады. Егер сол құжатта бекітілген уақыт бойынша қарызыңызды төлеп отырсаңыз, сізге ешкім кінә тақпайды. Осы орайда, айта кететін бір жайт, борышкер ай сайынғы белгіленген қарыз сомасын бір апта бұрын ертерек төлеп тастаса, оның несие тарихы «жақсы» болып есептелінеді. Егер сіз несиені доллармен алған болсаңыз, еліміздің «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңына сәйкес шетел валютасының құны өскен жағдайда сіз тек келісімшартта көрсетілген қарыз мөлшерін ғана төлейтініңізді ұмытпаңыз. Мысалы, доллар бағамы өскен кезде банк біржақты шешім қабылдап, тұтынушыға: «Шетел валютасының құны өсті. Сондықтан осыдан бастап сіз 180 доллардың үстіне 160 доллар қосып төлейтін боласыз. Ал қазір мына жаңа келісімшартқа қол қойыңыз» деуі мүмкін. Мұндай жағдайда борышкер қаржы саласын жақсы білетін заңгермен кеңеспей тұрып, банк тарапынан ұсынылған келісімшартқа қол қоймауы тиіс. Сондай-ақ, несие саласындағы даулардың көбі банктің қызмет көрсету комиссиясы үшін ай сайынғы қарыз төлемінен ұстап отыратынын қаржысына байланысты туындап жатады. Егер банк пен тұтынушы арасындағы келісімшартта банктің ай сайынғы қарыздың белгілі бір мөлшерінен комиссия ұстап қалатыны жөнінде көрсетілген болса, қарызды беру және қызмет көрсету кезінде банк комиссия ұстауға құқылы. Еліміздің банктер туралы заңының 39-бабының бірінші тармағына сәйкес, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар еліміздің заңдарында белгіленген шектеулерді міндетті түрде ескеруі тиіс. Ал «Коллекторлық қызмет туралы» заңға байланысты аталмыш саланың мамандарына борышкермен бір күнде бір-ақ рет кездесуге және үш рет телефон соғуға ғана рұқсат етіледі, – дейді Наталья Шимина.

Ажар САҒАТБЕКОВА
P.S.: Қорыта айтқанда, банк қайырымдылық мекемесі емес. Сондықтан несие алар кезде жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн сияқты…

Осы айдарда

Back to top button