Үнемшілдік – табысқа жетудің бір жолы
Халықаралық экономикада қиын ахуал қалыптастырып отырған әлемдік дағдарыстың салқыны мен салдарын қарапайым халық та айқын сезіп отыр. Елбасы биыл дағдарысты еңсеруге қатысты жүргізілуі тиіс мемлекеттік қаржы шығындарын қысқарту, атқарылуы қажет басқа да түрлі шаралармен бірге бюджеттік мекмелерге жаңа құрал-жабдықтар, техникалар сатып алуға да шектеу қойып, ел Үкіметіне елде үнемшілдікке көшуді, ысырапқа жол бермеуді басты міндеттің бірі етіп тапсырды.
Қазіргі күні қарапайым отбасылардың да шығыс, кіріс бюджетін қайта қарап, көрпеге қарай көсілетін күн туып отыр дейді облыстағы қаржы, банк саласының мамандары. Теңге девальвациясынан кейін шеттен импортталатын тұрмыстық техника, толып жатқан химиялық өнімдердің бағасы екі аптаның ішінде-ақ 10-30 пайызға дейін өсіп, азық-түліктің, күріштің, қарақұмықтың, әсіресе, шеттен сатып алып отырған қанттың бағасы күрт көтеріліп кетті.
Облыс орталығын жылу энергиясымен: ыстық сумен, жылумен қамтып отырған «Өскемен жылу жүйелері» АҚ техникалық директоры Александр Сурченконың айтуынша, келер жылдан бастап бұл жылу жүйелері кәсіпорны өз қызметінің тарифін де бірнеше пайызға көтермек. Жаңа тарифтің бесжылдық ұзақ мерзімге арналатынын ескерсек бұл қызметтердің құны кемінде 30-40 пайызға көтерілуі әбден мүмкін.
Коммуналдық қызмет өкілдерінің қай-қайсысы болмасын тарифті көтеру, бағаны өсіру тірлігі мен қызметі бір-бірімен тікелей байланысты субъектілерді мәжбүр етіп отырған бүгінгі күннің қажеттілігі екенін айтып бағуда. Жылу өндірушінің өнімін сатып алу, басқа да өндірістік шығындар, тозығы жеткен желілерді техникалық жағынан қайта жарақтандыру үшін инвестиция салу, еңбекақы қоры көлемін реттеу тәрізді іркес-тіркес мәселелер монополистердің өз қаражаты есебінен ғана емес, қызмет көрсету ақысын өсіру арқылы шешімін табуда.
Жылдан-жылға аспандап бара жатқан коммуналдық қызмет бағасының ауыртпалығын азайтып, орынсыз шығынға жол бермеудің бір тетігі – есептеу құралдарын орнату. Пәтерінде, мекемесінде суық судың есептегіш құралдары бар жеке және заңды тұлғалар биылғы жазда қымбаттаған суық су бағасының саламағын сол себептен аса қатты сезінген жоқ. 2016 жылдың қаңтарынан көтерілгелі отырған жылу мен ыстық судың тарифі қымбатшылық қыспағындағы тұрғындарға қаншалықты ауыр тимек?
– Пәтерлерінде, үйлерінде ыстық су есептегіш, бір үйге арналған жалпылама есептеу құралдары барлар бағаның өсуінен айтарлықтай шығын шекпейді. Бірақ өкінішке қарай, Өскемен қаласы бойынша қазіргі күні бір үйге арналған жалпылама жылу есептеу құралдарын бар-жоғы 181 тұрғын үй (облыс орталығында орталықтандырылған жылуға қосылған 1602 көпқабатты тұрғын үй бар) ғана орнатқан, барлық үйдің 19 пайызы, -дейді «Өскемен жылу желілері» АҚ техникалық директоры Александр Сурченко.
Осыдан екі жыл бұрын Президент Үкімет отырысында тұрғын үйлерге жаппай жылу есептеу құралдарын орнатуға тапсырма беріп, Қазақстандағы тұрғын үй қорының жағдайы мен коммуналдық қызметтің сапасын көтеруді, ысырапқорлыққа жол бермеуді дәл осы шарадан бастауға назар аудартқан болатын. Алайда, мекеме өкілі айтқандай, есептеу құралдарын пайдалануға көшкендер саны облыс орталығының өзінде де өте аз.
Үйге арналған жалпылама жылу есептеу құралдарын орнатқандардың бірі -Тәуелсіздік даңғылы бойындағы №84 және №77 үйлер екен. Осы маңдағы 22 тұрғын үй қарайтын «Нұрғалиева» ЖК пәтер иелері кооперативінің төрайымы Рауия Нұрғалиеваның айтуынша, бір үйге жалпылама жылу есептеу құралын орнатуға шамамен (төрт -бес жыл бұрын) 700 мың теңге көлемінде қаржы кеткен. Бес жылда бір рет тексеріліп отыратын есептеу құралын тексеруге биыл тұрғындар 80 мың теңге төлепті. ПИК төрайымы қос үйдің тұрғындары бәрібір ұтылып отырмағанын, қайта ұтып отырғандарын, жазда басқалар сияқты жылуға төлемақы төлемейтіндерін, тұтынушылардың жылу ақысына кеткен шығындарының да өзге үйдің тұрғындарымен салыстырғанда әлдеқайда аздығын айтады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшыларының бізге берген мәліметі бойынша, бүгінгі күні өңірдегі барлық көпқабатты тұрғын үйлердің 41 пайызына жалпылама жылу есептеу құралы орнатылған. Ақпаратта көрсетілгендей, қазіргі күні «ТҮКШ дамыту қоры» АҚ мен республикалық бюджеттен жалпылама есептеу құралдарын орнатуға қаржы бөлуге орай жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Қаржы лизингі тетігі бойынша орнатылатын есептеу құралдары осы құралдарды жеткізуші тұлға, жылу беруші мекеме және «ТҮКШ дамыту қоры» АҚ араларында жасалатын үш жақты келісім негізінде тұтынушылардың өз қаражатына (түбіртектегі жылу төлемақысына қосылып келетін есептеу құралының бөлініп төленіп отыратын құны бойынша есеп айырысу арқылы) қойылмақ.
– Сонымен қатар, қазіргі күні Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті жылу берудің дифференциалды тарифімен есептеу жүргізетін жаңа әдіс жасап, енгізіп отыр. Ол әдіс қолданысқа енген соң есептеу құралдарын орнатпаған тұтынушылар жылу ақысын әлдеқайда қымбат төлейтін болады. Тұтынушылардың үнемдеуге, есептеу құралдарын құруға деген экономикалық қызығушылығын, елімізде энергия үнемдеудің тиімділігін арттыру үшін есептеу құралдары барларға барынша ең төменгі төлемақы төлеу қарасытырылып отыр, -дейді басқарманың бөлім басшысы Юрий Халитов.
Тарифтің көтерілуі осылайша елімізде тұтынушылардың есептеу құралын орнатуға деген қызығушылығын тудырып, есептеу құралын орнатудың тиімділігін арттырғалы отыр. Ал азық-түлік бағасының, тұрмыстық тауарлар құнының өсіп отыруы қарапайым жұрттың той жасауға деген көзқарасын аса өзгерте қоймапты. Өскемендегі қатардағы қарапайым қазақ отбасылары той-томалағын жиі өткізіп келе жатқан «Жар-жар», «Хан шатыр», «Той думан», «Дастархан», «Алтын орда» мейрамханалары мен дәмханаларында өтіп жатқан үйлену тойлары мен мерейтой, тұсаукесер, тағы басқа тойлардың саны қызмет көрсету орындары әкімшіліктерінің айтуынша, биыл да сол былтырғы деңгейінде қалған.
«Адам басына 7,5 мың теңге аламыз» деген қаладағы «Бейбарыста» (арақ-шарап, екінші ыстық тамақ, шай мәзірі, жеміс-жидек пен ет жағы той иесінің өзінікі болған күннің өзінде, яғни, оларға деген ақшаны есептемегенде) қонағының саны орта есеппен 200 кісіден кем түспейтін қазақ отбасы бейнетаспа, суретке түсіру, тамада, әншілердің қызмет ақысынан бөлек, тойының үштен бір бөлігіне ғана 1,5 млн. теңге жұмсайтынына көзіміз жетіп қайтты.
«Жетіден бастап жинасаң жетеді, алтыдан бастап жинасаң асады. Әне, Үкімет елдің банкте сақтаған теңгесінің де үстіне өтемақы қосып беріп жатыр, үнем бар жерде береке бірге жүреді. Сондықтан балаң үшін, басқаң үшін тойды қарыз алып жасамай, үнемдеп, қаржы жинап, туған-туыс болып қолдап, жасау керек. Той да бір қазына. Қуанышты көппен бөліскенге не жетсін. Біздің жақта Астана мен Алматыдағыдай дарақыланып той жасайтындар жоқтың қасы», – дейді талай тойдың төрдегі қонағы болып келе жатқан өскемендік Мағия Сәуірбекова апамыз.
«Байдың асын байқұс қызғаныпты» деген бар, біреудің ырыздығына, берекесіне қызғанышпен қарағандай болмайық десек те тойын несие алып, қарызданып жасап жатқан қазақтардың қарасы да көп бүгінде. « Өлгенде көрген бір тойым, ертең ел сөгіп кетпей ме», – деп ысырап, қып-қызыл шығын шығарудың соңы тұрмысы төмен отбасына ауырлық әкеліп қана қоймай, тақырға отырғызуда. Бұл жайт бәрібір банктегілер айтпақшы, «көрпеңе қарай көсіл» дегенді еске түсіреді.
«Көрпесіне қарай көсіліп» жүрген әлеуметтік топ та бар. Олар – студенттер. Қазақстанның ертеңі деп жүрген ол қыздар мен жігіттердің басым бөлігі кейбір байшыкештердің бір күннің ішінде кетіріп жіберетін «қалталық шығын» дейтін ақшасын бір ай бойы талғажу етеді.
– Алдағы екі жылда әлемдік экономикалық, қаржылық дағдарыстың салқыны бүгінгіден де қаттырақ сезілетінін айтып жүр экономикалық сарапшылар. Дегенмен, талай қиын-қыстау кезеңнен өткен егемен еліміздің болашағы қажырлы, жігерлі жастардың қолында, олардың терең білім алып, дұрыс жүріп-тұруында деп білемін. Медицинамыз дамып, экономикамыз өркендеп жатыр, осының өзі бізге үлкен күш беріп, алға жетелейді. Қазір біздің СММУ студенттері 16 500 теңге шәкіртақы алып, оқып жатыр. Жатақхана ақысы биыл төрт мыңнан (айына) жеті мың теңгеге көтерілгенін білемін. Студенттер тамақтанып жүретін оқу орны маңындағы асханалардағы тамақтар да он-он бес теңге көлемінде қымбаттап кеткен жайы бар, біздің қалада автобус ақысы ғана бұрынғысынша болып тұр әзірше, 60 теңге. Беталбаты ақша шашпауға, шәкіртақымды үнемдеп жұмсауға тырысамын, – дейді үнемшілдік пен қанағат жайында Семейдегі СММУ 5 курс студенті Ұлжан Ұлан.
Жарыққа, жылуға, тамаққа, суға, тойға төлейтін ақшамыз жетіп, көңіліміз де, өзіміз де тоқ жүруіміз үшін үнемшілдікке үйренуіміз қажет. Себебі, қазіргі қаржылық дағдарыс кезеңінде үнемшілдік қиындықтан қашық болудың ғана емес, тұрақтылыққа, қала берді табысқа жетудің тағы бір жолы болып тұр.
Жанаргүл Мұқатай