Науқас кез келген ауруханада емделе алады
«Дидардың» редакциясында ұйымдастырылған кезекті тікелей байланысқа облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников келіп, газет оқырмандарының сауалдарына жауап берді.
Сәния ҚАРЫМСАҚОВА, Байқошқар ауылы, Аягөз ауданы:
– Ауруханаға жатып, емделу үшін аудан орталығына барып, барлық тексеруден өткен соң ғана порталға кіргізіп, кезекке қояды. Ал аудан орталығынан 255 шақырым жердегі біздер оған неше күн жүреміз. Мұны басқа жолмен шешуге болмай ма?
– Госпитализациялау бюросының порталы арқылы жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу үшін міндетті түрде оған дейінгі тексерулерден өтуге тура келеді.
Т.МАУСЫМБАЕВА, Тоқтамыс ауылы, Абай ауданы:
– Ертеректе сынақ аймағындағы ауыл тұрғындары Курчатов қаласындағы ауруханаға жатып, емделуші еді. Сол игі дәстүрді қалпына келтіруге болмай ма?
– Бүгінгі күнге сіздің кез келген ауруханада, оның ішінде Курчатовтағы аурухананың стационарында емделуге мүмкіндігіңіз бар.
А.МАЛДЫБАЕВА, Бесқарағай ауылының тұрғыны:
– Астанада сынақ зардаптарын шеккендерге арналған емдеу мекемесі ашылыпты деп естиміз. Онда емделуге барудың жолын айтсаңыз.
– Астана қаласындағы орталық госпитальға Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілгендер және Семей ядролық полигонының зардаптарын шеккен адамдар жіберіледі. Сондай-ақ, сіз Семейдегі радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтында да емделе аласыз. Оған жолдама алу үшін Семейдегі бөлімге, С.Вакуленкоға 36-12-00 телефоны арқылы немесе Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен жұмыс істейтін бас штаттан тыс маманға бару керек.
Назгүл МЕКЕНОВА, Қайнарлы ауылы, Күршім ауданы:
– Мен сәбилі болуыма байланысты желтоқсан айынан бері демалыстамын. Декреттегі әйелге кезекті еңбек демалысының ақшасы, сондай-ақ, емделу жәрдемақысы төлене ме?
– Еңбек кодексінің 104 статьясына сәйкес, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын алуға құқық беретін еңбек стажы есептеледі. Еңбек стажына біріншіден, іс жүзінде жұмыс істеген уақыт, екіншіден, қызметкер жұмыс істемесе де, оның жұмыс орны және толық немесе аздаған табыс тапқан уақыты және тағы басқалар жатқызылады.
Ғалым ТАҢАТАРОВ, Аягөз қаласы:
– Менің жүрегім ауырады. Жеңілдікпен босатылатын дәріні қалай алуыма болады?
– Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 4 қарашадағы №786 бұйрығына сәйкес, диспансерлік есепте тұрған науқастарға учаскелік терапевт жеңілдетілген дәрі алуға негіз болатын қағаз жазып береді.
Сәбира ТӨЛЕМІСОВА, Күршім ауылы:
– Күршім аудандық ауруханасындағы жансақтау бөлімшесі екі айдан бері қаржы тапшылығына байланысты жұмыс істемей тұр. Ол қашан қайтадан жұмыс істейтін болады?
– Аталған аурухананың хирургия бөлімшесінің құрамында 6 төсектік интенсивті терапия (ПИТ) жұмыс істеп тұр.
ЕМДЕЛУШІЛЕР ТОБЫ, Көкпекті ауданы:
– Самар ауылындағы аурухананың балалар бөлімшесінде қазір өте суық. Ауа райының суытып тұруына байланысты жылу беру мерзімін ұзартуға болмай ма?
– Бұл мәселені мекеменің басшысы шешеді. Өйткені, ол жерде жеке жылу беру орталығы бар.
Е.САДЫҚОВА, Самар ауылының тұрғыны:
– Біздің ауылдағы аурухананың терапия бөлімшесінде бұрын екі медбике жұмыс істеген еді, қазір біреу ғана қалды. Ол ештеңеге үлгермейді. Осы мәселені науқастар жағдайына орай шешуге болмас па екен?
– Денсаулық сақтау министрінің №238 бұйрығына сәйкес, стационардағы медбикелік пост 20 төсекке орайластырылып жасалады. Ауданаралық ауруханалардың барлық бөлімшелері шағын қуатты болғандықтан, олар бір постқа біріктірілген болатын.
Ермек МҰХАМЕТЖАНОВ, Үржар ауданы:
– Біз қалаларда тіркелмесек те, басқа қалалардағы емдеу орындарында қаралуға бола ма?
– Денсаулық саласындағы жаңа заңдылықтарға сәйкес, пациент кез келген клиникада ем-дом ала алады. Ол үшін өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізге барып, оның портал арқылы жатып емделу кезегіне қоюын өтінсеңіз болғаны.
Мұратқали ҚҰСАЙЫНОВ, Күршім ауылы:
– Күршімдегі ауруханаға жас мамандар тұрақтамайтын болды. Себебі, оларға бөлінген көтермеақы мардымсыз, небәрі 105 мың теңге көлемінде.
– 2013 жылы аталған ауданға келетін жас мамандарға төленетін көтермеақы 400 мың теңге болып белгіленген. Жалпы ол аудан, қала әкімдерінің мүмкіндігіне қарай, әртүрлі сомада бөлінеді.
Жақсыбек ОРДАБАЕВ, Ұлан ауданы:
– Қазіргі күні денсаулық сақтау саласында зейнет жасындағы қанша адам еңбек етуде?
– Бүгінгі күнге облыс көлеміндегі емдеу мекемелерінде 525 зейнеткер қызмет атқарып келеді.
Леонид ТРОЦЕНКО, Риддер қаласының тұрғыны:
– Біздің қалада туберкулезбен ауыратындар өте көп. Ал оларды емдейтін аурухана жоқ. Мәселен, қала ішіндегі профилакторийдің бос тұрған ғимаратын сол мақсатқа пайдалануға болмай ма?
– Риддердегі мәселе бізге әбден белгілі. Біз оны басқадай жолмен шешпекпіз. Қазірде облыстық туберкулезге қарсы емдеу диспансері мен Ақжардағы осы тектес ауруханада бос орындар бар. Сондықтан біз риддерлік науқастарды осы стационарларға бөлеміз. Жалпы, әр ауданда диспансер ашуға біздің ешқандай мүмкіндігіміз жоқ.
Әсел БАЙМОЛДИНОВА, Өскемен:
– Биыл «Саламатты Қазақстан» пойызы келе ме? Бұл жоба барысында қандай маман-дәрігерлердің тексеруінен өтуге болады?
– Мұндай жылжымалы, кеңес беріп, диагностика жасайтын пойыз Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмасы бойынша 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның құрамында шамамен 18-ге тарта жоғары санатты дәрігерлер болады. «Саламатты Қазақстан» пойызында тұңғыш рет науқастарға онлайн режимінде кеңес беретін теледидарлық құрылғы қойылған. Ол арқылы республикамызбен қатар, ТМД-ның және жақын шетелдің жетекші ғылыми медициналық орталықтарымен байланысқа шығу мүмкіндігі туып отыр. Медициналық пойыздың вагондары пациенттерді толыққанды тексеруге, сондай-ақ, шағын амбулаторлық оталар жасауға мүмкіндік беретін заманауи клиникалық-диагностикалық, аспаптық және рентгендік құралдармен де жабдықталған.
А.САТЫБАЛДИЕВА, Катонқарағай ауданы:
– Біздің ауданда жедел жәрдем көліктері жетіспейді. Медициналық персоналдардың аздығы тағы бар. Облыс орталығына барып, қаралуға әркімнің мүмкіндігі жоқ. Осы мәселемізді шешуге көмектесіңізші.
– Мамандандырылған көліктердің аз екенін білеміз. Қазір мұны шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз. Биыл 22 жедел жәрдем көлігін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен нақты қаражат бөлінген. Бұған қоса республикалық бюджеттен реанимобильдер алуға қаражат қарастырылуда. Жаңа техникамен ретіне қарай барлық аудандар қамтылатын болады. Ал Катонқарағай ауданына келетін болсақ, ондағы жағдай жаман деуге келмейді. Жақында аталған ауруханада болғанымда онда негізгі штат топтастырылғанына, тіпті, өте қажетті маман-дәрігерлер де бар екеніне көзім жетті. Жалпы, алаңдатып отырған мәселе, облыс орталығында медициналық кадрлардың жетіспеушілігі. Мәселен, қазір Өскемендегі емдеу мекемелеріне ғана 200 маман қажет.
Қуаныш ҚАЙНАЗАРОВ, Зайсан ауданы:
– Биыл скринингтік бақылау жалғаса ма?
– Ол жылдағыдай жалғаса береді. Оларды қай жерде өтуге болатыны және дәл биыл қай жастағылар өтетіні туралы өзіңізді емдейтін учаскелік дәрігерден біле аласыз.
ТЫЛ ЕҢБЕККЕРІ, Зырян ауданы:
– Мен ауылды жерде тұрамын, бізде көз дәрігері жоқ. Көзімнің дертін облыс орталығына барып, емдетуге жағдайым келмейді. Әкімдікке барып едім, ондағылар көлікпен қамтамасыз ете алмайтындарын айтады. Не істеуім керек?
– Бұл мәселеде біздің мамандар да еш көмек жасай алмайды. Дегенмен, сіз осындай жағдайға тап болған екенсіз, онда жергілікті жердегі дәрігерлік амбулаторияға барып, сол жерден көлік сұраңыз, олар бір мүмкіндік тауып, офтальмологқа жеткізеді деп ойлаймын.
Е.АКЕНТЬЕВА, Өскемен:
– Жақында Өскемендегі амбулаториялық орталықта ашық есік күні болғанда өзімізге қажетті бірнеше маманның тексеруінен өтуге барған едік. Алайда, ол жерде дәрігерлер тарапынан бірқатар қаталдыққа тап болдық. Менің сұрағым: осындай дәрігерлердің жағымсыз мінездеріне денсаулық сақтау саласы жағынан бақылау жасауға болмай ма?
– Шыны керек, мұндай проблемалар кездесіп қалып жатады. Амбулаториялық орталыққа қаралатын қалалықтар өте көп, сондықтан кейде осындай келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Жалпы, бізге нақты факті жайында хабарласып жатса, міндетті түрде оны оңымен шешуге тырысамыз. Өйткені, кез келген адам, оның ішінде науқас өзіне дұрыс қарауды талап етуге құқылы.
Ғафура Сәрсенбайқызы