Мәжілісте көтерілер мәселенің мән-жайына қанықты
Кеше Өскеменге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму Комитетінің төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА бастаған он бес депутаты келіп, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге әлеуметтік, мәдени және ғылыми нысандарды аралады, Комитеттің көшпелі отырысын өткізді.
Комитет төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВАНЫҢ жетекшілік етуімен келген делегация облыс орталығындағы әлеуметтік сипаттағы мәселелермен танысты. Жұмыс сапарымен келген халық қалаулылары әуелі «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтеріп келе жатқан құрылыс нысандарының басында болды. Тек осы бағдарламаға ғана биылдың өзінде 3 миллиардқа жуық қаржы бөлінген. Сол қаржыға Өскеменде – 11, Семей қаласында үш, Ұлан ауданында бір тұрғын үй салынуда. Сондай-ақ, Күршім және Зайсан аудандарында тұрғын үйді қайта жарақтау, Шемонайха ауданында үй салып, пәтерлер сатып алу жобалары жүзеге асырылуда. Депутаттарға бірінші кезекте Молдағұлова көшесіне жалғай салынып жатқан көпқабатты, мансардты үйлер таныстырылды. Соның бірінен саналатын бес қабатты, 40 пәтерлік тұрғын үй жалдамалы баспана негізінде тұрмысы төмен отбасыларға, мұғалімдер мен дәрігерлерге берілмек. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жақын жылдарда бұл маңайға жиыны 20 тұрғын үй түсетінін айтты. Биылдың өзінде 507 пәтер өз иелерін таппақ. Бұл ауданда «Тұрғын үй жинақ банкінің» несиелік баспана желісі бойынша салынып жатқан үйлер де орын тепкен.
Бұдан кейін депутаттар №45 қазақ орта мектебіне бас сұқты. Мұнда депутаттар мектептің бокс залын тамашалады. Мектептің денешынықтыру пәні бойынша аға тәлімгері Бауырбек Кәлекұлы бокстан оқушылардың қалалық, облыстық жиындарының барлығы осы жарақталған залда өтетінін, соңғы олимпиададан кейін былғары қолғап кигісі келгендердің саны күрт көбейгенін жеткізді. Бұдан кейін информатика кабинеттерінің жабдықталу жағдайына баға берген депутаттар мерекелік шаралар өтетін акт залын да қарап шықты. Оқушылардың тамақтану жағдайы да депутаттар назарынан тыс қалмады. Мектеп директоры Оралхан Тілеукенов білім ұясында 200-ден астам тұрмысы төмен отбасылардың балалары тегін тамақтанатынын, мұндағы шағын орталықта 54 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып отырғанын баяндады. Депутаттар шағын орталықтағы балалардың таңғы жетіден кешке дейін мектеп қарауында болатынын естігенде таңданыстарын жасыра алмады.
Аймақ басшысы облыста барлық бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылғанын, әр оқушыға бал берілетінін айта келіп облыс орталығында қазақ тілде білім алушылардың саны артқанын, осының нәтижесінде қазақ мектептерінің тарлық етіп отырғанын жеткізді. Мәселен №45 мектеп 560 балаға арналғанымен, мұнда 744 бала білім алуда. Бұл мәселе қаладағы қазақ мектептерінің барлығына ортақ екені, әзірге бұл мәселе оңтайландыру арқылы шешіліп отырғаны да айтылды. Күрделі жөндеу, қоршауын монтаждау 1976 жылы салынған білім ошағы үшін кезек күттірмейтін мәселеге айналған. Комитет төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА қаладағы мектептердің қаншасы қазақ тілінде білім беріп жатқанын сұрап біліп, мәселенің орынды көтеріліп отырғанын атап өтті.
Халықты баспанамен қамтамасыз ету жолында сәтімен жүзеге асып келе жатқан жобалардың бірі 19-тұрғын ауданында бой көтерген 60 пәтерлік жатақхана болып отыр. Бұл тұрғын үй шекарашыларға арналмақ. Делегация мүшелеріне жаңа ауданның келешектегі жоспары да таныстырылды. Бір шеттегі қан құю орталығынан басқа 240 орындық балабақша, 1000 орындық қазақ мектебі орын тепкен жағдайда қаланың экологиялық зиянды аудандарынан да қоныс аударушылар табылады деген сенім бар. 2020 жылға дейін бұл ауданға 20 мың адам қоныстандыру жоспарланған. Соның ішінде Қытай мен Моңғолиядан келген қандастарды да тарту көзделген.
Дариға НАЗАРБАЕВА мұндай әлеуметтік маңызды құрылыстарды сапалы салу керектігін еске салып, ол үшін қажет болған жағдайда Астана мен Алматыдағы ірі құрылыс мердігерлерін тарту керектігі жөнінде ой қосты. Депутаттар қаланың демографиялық өсімі мен осындай ірі құрылыстарға ірі кәсіпорындардың атсалысу деңгейі жөнінде сауалдар қойды аймақ басшысына.
– Облыс басшылығы мен кәсіпорындар арасында мыңға жуық меморандум қабылданған. Бұл құжаттар 21 миллиард теңгенің көлемінде әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды қамтып отыр. Биылдың өзінде соның 7 миллиарды нақты жобаларға бағытталды, – деді ол.
Өңір басшысы делегация мүшелерінің алдына жекеменшік емханалардың кейбірі өз міндеттерін дұрыс орындай алмай отырғаны, облыс орталығында бір ғана мемлекеттік емдеу мекемесі жұмыс істеп тұрғаны жөнінде де мәселе қойды. «Сол жағалау емдеу мекемесі» жекеменшік медициналық мекеме болса да 41 мың адамға қызмет көрсетуі қажет. Ал мекеме күніне 245 адам ғана қабылдап отыр. Иелері мекемені меншігіне алғалы 17 жыл болған. Сол уақытта оның жұмысына бар-жоғы 30 миллион теңге қаржы құйған. Ал биылдың өзінде ғана 140 миллионнан астам мемлекеттік тапсырыс қабылдаған. Мекемені аралау барысында депутаттар мұндағы құрылғылардың барлығы жаңартылмағанын, қызмет көрсету сапасы замануи талаптарға жауап бере алмайтынын көздерімен көрді. Дариға НАЗАРБАЕВА медициналық қызметкерлермен жүздесіп, олардың жағдайларымен таныса келіп, мекеменің басшысы Хамит Болатовқа міндетті атқара алмаған жағдайда мемлекет қарамағына өту тиімді болатынын жеткізді.
Облыста «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының жүзеге асу барысы да депутаттарды бейжай қалдырмады. Мұндағы тәжірибе мен тың тетіктерден хабардар депутаттар оларды басқа өңірлерге де енгізу керектігі жөнінде үнемі айтып жүретіндерін айтады. «Апимондия» несиелік серіктестігі аталмыш бағдарламаның екінші бағыты бойынша тоғыз миллион теңге несие алып, «Пасика» шаруа қожалығымен бірге ара шаруашылығының тынысын кеңейтуде. Оның өнімдері Ресей, Қытай елдері мен еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтілуде. Осы жобаның арқасында үш адамға жұмыс табылған. Өңір басшысы депутаттарға балаларды балмен тамақтандыру жүйесі жайында баяндап, Шығыс брендтерінің бірінен саналатын бал өнімін өңдеудегі кейбір ерекшеліктерге тоқталды.
Ал «Ләззат» серіктестігінің тігін цехы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отырғанын көрген депутаттар жобаға жоғары баға берді. Өмірге құштар, еңбектен тартынбайтын жандарға қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек болсын деді ме екен, депутаттардың барлығы цех тігіншілерінің қолынан шыққан дүниелерді қолма-қол сатып алды.
Халық қалаулыларының алдына қойылған негізгі мәселелердің бірі – жасөспірімдер үйінің тәрбиленушілерін жұмыспен қамту төңірегінде өрбіді. Облыстық арнайы жасөспірімдер үйінен 153 тәрбиеленуші пана тауып, аса қажетті саналатын мамандық игеруде. Мұндағы 28 педагог әр жасөспірімнің жеке қабілеттерін ашып, оны дамытуға, кәсіби дайындықтарын қамтамасыз етіп, жұмысқа орналасуларына ықпал етіп келеді. Билік тарапынан болса, олардың баспанаға қол жеткізу мүмкіндіктерін жеңілдету бағытында ілкімді істер атқарылуда. Соның нәтижесінде 62 тәрбиеленушінің атына «Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ арқылы баспана сатып алуына қажетті қаржы жинақтау үшін жинақ есепшоттары ашылса, 75 тәрбиеленуші мемлекеттік баспана кезегіне тұрғызылған.
Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму Комитетінің төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА бастаған бір топ депутаттар облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ге ат басын бұрды. Халық қалаулылары ең алдымен мұндағы «Іргетас» зертханасының жұмысымен танысты. 2007 жылы елімізде он бес зертхананың бірі болып құрылған зертхана қазіргі күні тау-кен өнеркәсібі ресурстарын кешенді пайдалану негізінде жаңа материалдар алудың жаңа технологиялары бағыты бойынша жемісті жұмыстар жүргізіп келеді. Мұнда ғалымдармен қатар магистранттар мен ізденушілер, ғылыми қызметкерлер әртүрлі бағытта эксперименттік зерттеулер жасайды. Сонымен бірге инженерлік саладағы «Іргетас» зертханасы өнеркәсіп орындары мен оқу ордаларының да тапсырысын орындайды. Халық қалаулылары зертханадағы жаңа құрылғылардың жұмысымен танысты.
Парламент Мәжілісінің депутаттары «Алтай» технопаркіне де бас сұғып, инновациялық жобалардың көрмесімен де танысты. Әсіресе, депутаттар кен-металлургиялық құрал-жабдықтың конструкторлық бюросының жұмысына ерекше көңіл бөлді. Өңірімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған конструкторлық бюро негізінен отандық кәсіпорындардың жаңа өнім шығаруына қажетті техникалық құжаттамалар әзірлеумен айналысады. «Кен-металлургиялық құрал-жабдықтың конструкторлық бюросы» ЖШС-нің директоры Мират Құсманов депутаттарды қызықтырған барлық сауалдарға мүдірмей жауап берді. Бұрын бұл іспен тек шетелдік мамандар шұғылданып келсе, қазір бұл шаруамен өзіміздің мамандар айналысады. Қазіргі күні мұндағы мамандар әзірлеген техникалық құжаттама тапсырыс берушілер үшін бірнеше есе тиімді болып отыр. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаттары туризм, марал шаруашылығы саласындағы жобаларға да қызығушылық танытты.
Депутаттар «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасының біздің өңірде қалай жүзеге асырылып жатқаны жайында да молынан мағлұмат алды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Ольга Кузовлева депутаттарға аталған бағдарламаның әр бағытының жүзеге асу барысын егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Жалпы аталған бағдарламаға үстіміздегі жылы 8007,7 млн. теңге бөлініпті. Қазіргі күні игерілген қаржының мөлшері – 4166,1 млн. теңге.
Қазіргі күні осы бағдарламаның игілігін көріп отырған жандар жетерлік. Солардың бірі – «Жарма – 2020» кредиттік серіктестік» ЖШС басқарма төрағасы Дастан Мұхаев. Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму Комитетінің төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА Дастаннан қазіргі күні жұмысының қалай жүріп жатқанын сұрады. Былтыр «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы туралы естіп, 26 несие алушының басын біріктіріп, несие серіктестігін құрғандардың бірі осы Дастан болатын. Несие серіктестігін құру арқылы ол біраз азаматтарға кәсіп көзін тауып берді. Қазіргі күні олардың бәрі өз кәсібін дөңгелетіп отыр десе де болады. Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму Комитетінің төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА қызмет көрсету орталығының кең залында кәсіпкерліктің әліппесін үйреніп жатқандарға табыс тіледі.
Өскемендегі «Технопаркте» Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму Комитетінің көшпелі отырысы өтті. Комитет төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА төрағалық еткен жиынға Астанадан келген делегация құрамындағы депутаттармен қатар облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ және оның орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары, облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Айта кету керек, Комитеттің көшпелі отырысын өткізу – біз үшін үлкен тәжірибелік маңызы бар саяси шара. Бұл арқылы біз облыстың әлеуметтік-мәдени даму жетістіктерін паш етіп қана қоймай, халық қалаулыларының назарын жергілікті жердегі республикалық деңгейде шешілетін өзекті проблемаларға аударуға тамаша мүмкіндік аламыз.
– Өткен сегіз айдың қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсу қарқыны 8 пайызды құрайды. Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері былтырғымен салыстырып қарағанда жоғарылап отыр. Бұл орайдағы Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмалары тиянақты жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде біз Елбасы міндеттеген тұрғындардың әл-ауқатын ұдайы арттыру бағытындағы жұмыстарды ешқандай кедергілер мен қиындықтарға қарамастан жалғастырып келеміз. Әрине, әлеуметтік салада әлі де болса шешімін күткен мәселелер бар. Атап айтсам, денсаулық сақтау мен білім беруде түйіні тарқатылмаған түйткілдер баршылық. Бүгінгі отырыс осы мәселелердің оң шешім табуына ықпал етеді деген үміттемін, – деп алғашқы болып сөз алған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Комитеттің көшпелі отырысын Шығыс өңірге келіп өткізуге келіскен Дариға НАЗАРБАЕВА бастаған халық қалаулыларына алғысын білдірді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыстық бюджеттің 60 пайызы әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Соңғы үш жылда бюджет есебінен білім саласын дамыту 1,6 есеге, денсаулық саласын дамыту 1,7 есеге өсіпті. Алайда, аймақ басшысының айтуынша, өңірде ілгері басушылықпен бірге емханалардың жетіспеушілігі сынды туындап отырған түйткілдер де кездеседі. Мәселен, жұмыс сапары барысында астаналық делегаттар көрген Өскемендегі ЖМК ықшамауданында орналасқан жекеменшік емхана бүгінгі таңда жеті мың адамға қызмет жасауда. Сол сияқты облыстағы 53 апаттық мектептің орнына жаңа білім ошақтарын салу қажеттігі назардан тыс қалған жоқ. Ағымдағы жылы 27 мектептің құрылысы басталса, келер жылы қалған жартысы қолға алынбақшы.
Одан бөлек ерекше маңыз беруге тұрарлық сала ол – туризмді дамыту. Табиғи мүмкіндіктері мол Шығыста аталған кәсіпті өркендету үшін ең әуелі инфроқұрылымды жақсы жолға қою қажет. Ол өз кезегінде қыруар қаржыны қажет етеді.
– Бүгін біз жұмыс сапары кезінде Өскемендегі бірқатар әлеуметтік нысандарда болып, барлығын көзімізбен көрдік. Тұрғындармен жүздесіп, олардың көңіл күйін білдік, жағдайын сұрадық. Халық қалаулылары үшін мұндай жұмыстардың мәні ерекше. Комитеттің көшпелі отырысы да осы әлеуметтік-мәдени дамуға арналуда, – деп сөзін бастаған Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға НАЗАРБАЕВА бұл орайда Елбасының халыққа Жолдауы мен «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген мәселелерді негізгі алу қажеттігін еске салды. – Облыста атқарылып жатқан жұмыстар мен жетістіктер туралы мәліметтерге қанықпыз. Үкіметтің, әкімдіктердің берген есептерінде мұның бәрі жан-жақты баяндалады. Сондықтан біз шешілмей жатқан проблемалар мен депутаттық қолдауды қажет ететін салаларға көбірек назар аударуға тырысамыз, – деп түсіндірген Комитет төрайымы Шығысқа жасаған жұмыс сапардың негізгі мақсатын айтып өтті.
Бұдан соң сөз тізгінін «Статус» әйелдер федерациясының төрайымы Ирина Унжакова алып, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамаға тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқару мен жергілікті мемлекеттік басқару органдарының арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Екеуінің де қызметі біреу. Сол сияқты жергілікті өзін-өзі басқару органдарының материалдық-бюджеттік «тәуелсіздігі» де заңда ескерілмеген.
– Қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізген кезде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шынайы тетіктері мен азаматтардың белсенді қатысуын ескеру қажет, – деп нақтылаған Ирина Унжакова «Жұмыспен қамту» бағдарламасы жайында да әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар Ирина Унжакова балалардың құқын қорғау туралы заңнамаға еліміздің кішкентай азаматтарын отбасылық (тұрмыстық) зорлық-зомбылықтан қорғау, денсаулығын сақтау жөнінде баптар енгізуді ұсына келе бүгінгі күні қолданыста жүрген әйелдер мен ер-азаматтардың тең құқылылығы жөніндегі заңның кейбір тұстары орындалмай отырғанын ескертті.
Айтылған ұсыныстарға қатысты Дариға НАЗАРБАЕВА өз ойын былай жеткізді: – Балаларды отбасылық зорлық-зомбылықтан қорғауды қамтамасыз ететін заң жобасы қазір бізде бар. Ал жергілікті өзін-өзі басқару орындарына келсек, бұл бағытта сіздердің облыс өзге өңірлерге үлгі болады деп ойлаймын. Менің білуімше, Шығыс Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару институты бұрыннан қалыптасқан. Тұрғындардың белсенділігі де жоғары бұл өңірде. Сондықтан ұсыныстарыңыз болса жолдаңыздар, мәселені бірлесіп шешейік.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Комитет мүшесі Светлана Ферхоның келтірген деректеріне жүгінсек, бүгінгі таңда Парламент қарауында әлеуметтік қамсыздандыру, соның ішінде әлеуметтік сақтандыру, зейнатақымен қамту, балалардың денсаулығына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау, ең төменгі мемлекеттік әлеуметтік стандарттар туралы бірқатар заң жобалары жатыр. Олардың бәрі қазақстандық азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, тұрмысын жақсартуға, адам капиталын дамытуға негізделген. Сөз арасында Мәжіліс депутаты Светлана Ферхо Шығыста қолға алынған білім саласындағы әлеуметтік серіктестік бастамасы балалардың сапалы білім алуына, жайлы өмір сүруіне ықпалын тигізетінін айтты.
Радиологиялық апаттар мен сынақ полигонының салдары жайында отырыста «Нейрохирургиялық медицина және экология» РМҚК-нің директоры Қазбек Әбсалықов айтып өтті. Ол өз баяндамасында 1992 жылы қабылданған «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген кейбір баптарға тоқталып, олардың орындалуына қатысты өз ойын ортаға салды. Әсіресе, аймақта зардап салдарын шеккен азаматтарға қызмет көрсететін медициналық оңалту орталығын құруға баса көңіл бөлу қажеттігін тілге тиек етті. Бұрындары мұндай орталық Семейде құрылып, кейіннен жабылып қалған екен. Қазір осы мәселе бойынша облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ тікелей бастама көтеріп, тығырықтан шығудың жолдарын қарастыруда. Сонымен бірге маманның айтуынша, Семей полигонының салдары адамдардың арасында онкологиялық сырқаттардың кең тарауына әсерін тигізуде.
Мекеме басшысының алға тартқан ақпараттарына көз жүгірткен Дариға НАЗАРБАЕВА онкологиялық ауруларға қатысты тұрғындарды скринингтік тексеруден өткізу шарасы өңірде қалай іске асып жатқанын сұрады. Қойылған сауалға облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Вадим Овсянников жауап берді. Өңірдің бас дәрігері халықтың 80 пайызы скринингтік тексеруден өткендігін, алдағы уақытта тағы да бұл көрсеткіш ұлғая түсетінін жеткізді. Ал Комитет төрайымы болса өз тарапынан тегін медициналық тексеруден өткісі келмейтін азаматтарды міндеттеудің тетігін қарастыру қажеттігін еске салды. Айтпақшы, жиынға қатысушылардың бірі скринингтік тексеруден өткендердің кейбіріне ақшалай ынталандыру берілетінін де сөз қылған.
Алайда Дариға НАЗАРБАЕВА бұнымен келіспейтінін білдіріп: – Мемлекеттің қазынасы шашылып жатқан жоқ. Медициналық мекемелерді қаржыландыруға, халықты тексеруден тегін өткізуге қаражат бөліп, қымбатқа скринингтік құрал-жабдықтар сатып алады. Енді келіп адамдарға тегін медициналық тексеруден өту үшін ақша төлегеніміз дұрыс болмас, сондықтан басқа механизмін қарастыру керек. Ертеңгі күні ауырып ем іздегенше, қазір тексеруден өткен әлдеқайда тиімді, – деді.
Бұл пікірмен аймақ басшысы да келісті. Облыс Әкімі сонымен қатар қазіргі қалалар мен аудандардағы медициналық бірлестіктердің орнына бұрынғы денсаулық сақтау бөлімдерін қайта қалпына келтіруді ұсынды.
Денсаулық сақтау саласы төңірегінде қордаланған біраз сұрақты облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Түсіпова қойса, ардагерлер туралы заң жобасын қабылдау керектігі жөнінде зейнеткер Серік Оразбайұлы өз пікірін білдірді.
Мәжіліс депутаттарының айтуынша, ардагерлер туралы заң жобасы Парламент қабырғасында талқыланып, тығырыққа тіреліп тұрған жайы бар көрінеді. Яғни, аталмыш заңнамада ауған соғысының ардагерлерінің мәртебесі туралы мәселе қарастырылмапты. Жобаның ары қарай жүрмей орта жолда тоқтап қалуы сондықтан. Егер тығырықтан шығудың амалдары табылып жатса келешекте бұл заң да өз күшіне енетін болады.
Көшпелі отырыста көтерілген келесі бір өзекті тақырып – қолжетімді баспана. Бүгінде басында тұрағы жоқ адамдар санаты елімізде жетіп артылады. Әсіресе, жаңадан шаңырақ көтерген жастар, балалар үйінің түлектері, сол сияқты мемлекеттік қызметкерлер, спорт, өнер, мәдениет саласының өкілдері тұрғын үйге аса мұқтаж. Туындаған проблеманы толықтай шешуге «Қолжетімді баспана» бағдарламасы қауқарсыз, сондықтан Дариға НАЗАРБАЕВАНЫҢ ойынша, жоғарыда атап өткен санаттағы адамдарға арнап меншікке қалдырылмайтын жалдамалы пәтерлер мен жатақханалар салуды бастаған жөн. Сонымен қатар жиынға қатысушылар «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында балалар үйінен түлеп ұшқан түлектерді баспанамен қамтуды жолға қойса деген тілектерін білдірген еді.
Комитет мүшесі Гүлмира Есімбаева бұл ұсынысқа: – Егер ол адам «Жұмыспен қамту» бағдарламасының қатысушысы болса, әрине, баспанамен де, жұмыспен де қамтуға мүмкіндік бар, – деп жауап қатты.
Білім ошақтары мен балабақшаларда балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін азық-түлік қорын мемлекеттік сатып алу арқылы алу бүгінгі күні біраз қиындық туғызып отырған жайы бар. Қалалық мәслихаттың депутаты Оралхан Тілеукеновтың сөзіне сенсек, мемлекеттік сатып алу кезінде бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі шақталып беріледі, ал оған сапалы азық-түлік алу еш мүмкін емес. Соның салдарынан балалар нәрсіз, құндылығы төмен тағамдармен тамақтануда. Мәслихат депутаты Парламенттегі әріптестерінен осы түйткілді бір жағына шығаруға ықпал етулерін сұрады.
Жиын соңында Комитет төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА көшпелі отырыста қаузалған барлық сұрақтар мен ұсыныстар, пікірлер ескерусіз қалмайтынын, заң жобалаларын әзірлегенде міндетті түрде қаперге алынатынын қадап тұрып ескертті. Өз тарапынан шығысқазақстандық әріптестеріне бюджет қаржысын үнемді әрі мақсатты жолмен пайдалану, бағдарламаларды тиімді жолмен жүзеге асыру керектігін жеткізді.
– Шығыс халқы қай кезде де алдыңғы қатардан көрініп жүретін. Сол қалпынан танбауы тиіс. Басқа өңірлермен салыстырғанда жерінің асты да, үсті де қазынаға толы, шыбық шаншысаң гүлдеп кететін шұрайлы, суы мол сіздердің облыста ауыл шаруашылығын өркендетуге, өндірісті дамытуға басқа да салаларды жандандыруға барлық мүмкіндіктер бар. Соны кәдеге жаратқан дұрыс. Қазіргі облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қолға алып отырған жоспарлары келешегі бар, келелі істер деп білемін. Әсіресе, салаларды маркетингтік жоспарлау жағы оң жолға қойылған. Қай салада қайсысына басымдық беру керектігін жергілікті атқарушы билік жақсы біледі. Әлеуметтік саланы қолдауда да облыс әкімдігінің ұстанған саясаты дұрыс екенін көрсетті, – дейді журналистерге берген сұхбатында Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға НАЗАРБАЕВА.
Мейрамтай Иманғали,
Серік Әбілхан