Мырзахан «Тарбағатайдың барысы» атанып еді
Қазақтың айтыс өнері – асыл қазынамыз. Осы өнерді тоқырауға ұшыраған кезеңде қайта жандандырып, асыл қазынасын халқымен қауыштырған ақындардың бірі – Мырзахан Иманғалиұлы еді.
Олардан бірақ менің үнім бөлек…
Кеңес дәуірінің айтыскер ақындары, додаға жаңадан келіп қосылған жас жүйріктер айтысқа жаңа үнмен, жастық жігермен, жалынды, өткір жырмен келді. Бұлардың ақындық тартыстағы әдіс-тәсілдерінде де жаңалық болды. Өлеңдерінде көркем сөз, образдылық, тамаша теңеулер орынды қолданылды. Олар аудандарының табыстарын құлшына жырлауымен қоса, сын, өзара сынды барынша батыл қозғады. Тілдерінің өткірлігін, жаңалықты игергендіктерін, халықтың бай қазынасынан үлгі-өнеге алғандарын аңғартып отырды.
1958 жылы 18 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы құрметіне өткізген облыстық ақындар айтысы ғалым-жазушы Қайым Мұхамедханов пен белгілі жазушы Кәмен Оразалиннің назарларына ілікті. «Семей правдасының» 28 ақпандағы санында «Ақындар айтысы» атты мақалада айтыс ақындарына жан-жақты баға берілді. «Айтыста қойылған мақсат – негізінен орындалды. Халықтың ақындар айтысын мейлінше сүйіп, қадір тұтатындығын байқадық. Айтыс әдебиет пен өнердің тығыз байланыста екендігінің айғағы бола алды», – дей келе, айтыста бірінші орын алған Мырзахан Әбжанов пен екінші орынға табан тіреген Қабыш Смайлов жайында пікір білдіреді.
1959 жылы 9 наурыз күні Алматыда Қазақстан жазушыларының ІV съезінің ашылуына байланысты «Семей правдасы» газеті жергілікті әдебиетшілерді құттықтап, «Облыстың жас ақын-жазушылары» атты мақаласында: «Ірілі-уақты» шығармаларымен көзге көріне бастаған, облысымызда өсіп келе жатқан жас ақындар аз емес. Облыстық және аудандық айтысқа қатысып, жүлде алған Мырзахан Әбжанов, Қалиқан Алтынбаев, Қабыш Смайлов, Елубаев, Байтоқов, Тынышбек Әбішұлы, Рахат Төлеусейітов келешекте үміт күттіретін жастар. Бұлардың өлеңдер жинағын жекелеп басып шығаруға болатынын да батыл айту керек», – деп жазған еді.
«Аягөздің ақыны» атанған ақын – ұстаз, «Тарбағатайдың барысы» Мырзахан Иманғалиұлы Әбжанов облыстық, ауданаралық айтыстарда өзінің «Бәріміздің ұстазымыз» деп пір тұтқан от ауызды, төкпе-шежіре, абайлық дүлдүл ақын Шәкер Әбеновпен айтысқа түскен, семейлік орақ тілді, дүбірлі тұлпар мінезді, сұңғыла ақын Тәңірберген Әміреновпен, тілі мірдің оғындай көкпектілік «Қалбаның қанды балақ қыраны» Қалихан Алтынбаевпен бірге айтысқан. Шұбартаулық Қабыш Смайловты «Тілі оралымды, мысқылға, ащы әжуаға бай ақын» деп, оның ойламаған жерден тұтқиылдан тиісетін тапқырлығын да бағалай білген ақын.
1958 жылы 19 ақпанда Абай атындағы драма театрында облыстық ақындар айтысы болып өтті. Осы айтыста бірінші орынды аягөздік Мырзахан Әбжанов жеңіп алса, екінші орынды шұбартаулық Қабыш Смайлов иеленді. («Семей правдасы», 1958 жылы 5 наурыз, №47).
Сөз бастаған Қабыш:
Тең өскен тете құрбы заманы бір,
Мырзашым, халқым сыйын арқалатқан.
Көтеріп кездесуге кеп қалыпсың,
Сайлаудың құрметіне дабылдатқан.
Болғанмен жасың құрбы, жолың үлкен,
Ал шырқат, жыр теңізін ағындатқан,-
деп төкпелей жөнелгенде, Мырзахан ақын бұрынғы айтыс ақындарын тілге тиек ете отырып:
Өзіңше тілмен орап жер мен көкті,
Атанған «Құлан аяқ» Құлманбетті.
Айтысқанда Жәкеңдер жан деместен,
Шалдырмай тозаңына тастап кетті,-
деп тойтарыс береді.
Олардан бірақ менің үнім бөлек,
Өмір, арман-ойым, күнім бөлек.
Шат өмір саясында шалқуменен,
Еркіндік бақшасында өстім ерек,-
деген жаңа серпілісін аңғартады. Сөйте келе:
Ертеден жаным жат-ақ лепірмеге,
Әр жерден цифр терген секірмеге.
Алматы, Семей қазір өз үйімдей,
Барамын ертең тура Пекинге де,-
деп, бүгінгі күні жүзеге асып отырған «Достық жолын» сөзіне арқау ете білген.
Қабыш:
Базарды саудагерің баспалайды,
Кәсібін – ескі әдетін тастамайды.
Сатады ебін тауып екі есеге,
Қойнына тығып жүріп тақта шайды,-
дегенде, Мырзахан тосылмастан:
Ықтырам деме мені саудагермен,
Базарымда кісі көп, жалған демен.
Дәл соның тең жартысы шұбартаулық,
Бізге кеп керосинмен шай іздеген,- деген екен.
1961 жылы 22 шілдеде Семейде таңдаулы шопандардың облыстық кеңесіне байланысты аудан ақындарының айтысы өтеді. Бұған жармалық Қалихан Алтынбаев пен аягөздік Мырзахан Әбжанов жұптасып қатысады. Мұның алдындағы айтыста Мырзахан бірінші орын иеленсе, бұл жолы бірінші орынды Қалихан қанжығасына байлайды. Сөз басын бастаған Мырзахан:
Сыналғам сан ақынның айтысында,
Үн қосқам ауданымның табысына.
Қалбаның қанды балақ қыраны едің,
Кез болдың Тарбағатай барысына.
От тілді, орақ тісті айбаттымын,
Шыдамай мерт боп жүрме қағысыма.
Жеңем деп, жеңе алмаған сен түгілі,
Өткен қыс Шұбартаудың Қабышы да,-
деген жыр жолдарымен бірден тұқыртпақ болады. Бұдан ары қарай екі ақын елін, жерін, табыстарын, жаңалықтарын, бір-бірінің кемшіліктерін айтыс дәстүрі бойынша алма-кезек жыр етеді. Бір тұста Мырзахан ақын былай дейді:
Жол бойында Жарма мен Жаңғызтөбең,
Үстінен өткен сайын жиі көрем.
Шала піскен нан менен жуа сатып,
Қарсы алады су қосқан айранымен.
Фермаңның біреуі екен Қапанбұлақ,
Үйлерін жапаменен қойған сылап.
Теміржол бойымен жұрт көп жүреді,
Ұят қой көрер көзден, естір құлақ.
Осылайша Қалекеңнің шымбайына тисе, ол да қарап қалмай:
Көрдік кой Сергиопольда мектебіңді,
Жаңбыр жауып шелектеп төккенің-ді.
Керзі етікпен далаға әрең шықтық,
Жамылып ап брезент шекпеніңді,-
деген шумақтарымен ащы шындықтың бетін ашады.
1965 жылы 26 мамырда Бесқарағай, Бородулиха ауданы атынан Тәңірберген Әміренов Аягөз, Үржар ауданы атынан Мырзахан Әбжанов айтысқан болатын. Аягөздік ақын бірден көсіле шауып, арындай түседі:
Өлеңді жазбасам да тырналаған,
Күнім жоқ намысымды қорғамаған.
Айтысып, тартыстарда жүлде алғанмын,
Жасқанып, бұл жолы да қорғаламын.
Жас жырдың жас арғымағы,
Құрбыласым Жарманың Қалиханы.
Жарысқа ана жылы түскенімде,
Басымнан оза шауып қарғымады.
Бұл тұста Тәңірберген ақын да сасқалақтай қоймайды. Ол барынша маңғаздыққа салынып:
Алтындай сөз маржаны жарқырасын,
Жыр тасып арнасынан сарқырасын.
Жүйріктей бауырын жаза бүктетіліп,
Маңдайдан тер төгіліп тамшыласын.
Жүлде алған талай тойда тарлан бозбын,
Салатын қызған сайын шалқып ойнап.
Бас қосқан сегіз облыс айтысында,
Жеңгенмін, сан жүйрікті сөзбен байлап,- деп жауап қайтарады.
Қасым туралы өлең-өнер жазған
Қазақ айтысының алтын қорына енген Мырзахан Иманғалиұлы Әбжанов бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданындағы Дегелең ауылдық кеңесінің сегізінші ауылында 1929 жылы 11 қыркүйекте қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Иманғали колхоздың партком хатшысы, колхоз бастығы қызметтерін абыроймен атқарған кісі. Ол мектепте оқып жүрген кезінде-ақ әдебиетке ерекше ден қойып, зор сүйіспеншілікпен оқиды. 8-сынып оқып жүрген кезінде колхоз бастығын өзінің Майқұлақ атты атымен айтыстырып жазған ұзақ өлеңінің бір-екі шумағы ел аузында сақталып қалыпты:
Қыр арқамыз пышақтай,
Арқада жауыр ошақтай.
Тұяқты биттей тас қақса,
Жығылам жерді құшақтай,-деп тамаша сатиралық өлең айтысын жасаған.
Мырзахан Иманғалиұлы орта мектепті бітіргеннен кейін, 1947 жылы Семейдегі Н.Курупская атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Осы кезеңнен бастап өзіне үлгі тұтар ортасы кеңейіп, Қайым Мұхамедханов сынды майталман ұстаздардан дәріс алса, Ғазиз Сапаев, Ғазиз Ибраимов, Әли Мұсаханов сияқты әдебиетті сүйетін жаңа достар табады. Сондай-ақ, белгілі азаматтар Жәрдем Тілеков, Сәду Машақов, Нүтфолла Шәкенов, Кашаф Туғанбаевпен тығыз араласып тұрады. Сондай бір кезеңдерде Ж.Тілековтің үйінде Қасым Аманжоловтай тұлғалы ақынмен кездеседі. Осы кездесуден үлкен әсер алған Мырзекеңнің ақындық толғанысынан «Қасыммен кездесу» деген өлең-очеркі туындайды:
Қонаққа үй иесі таныстырып,
Көріспеген қолдарды табыстырып,
Дегенде мынау сенің ағаң-Қасым,
Сөзіне сенбегендей қалдым тұрып.
Көрем деп ойлаушы едім бір алыпты,
Жан екен өзімдей-ақ бір қалыпты.
Жанары да, жүзі де қараторы,
Басқада жоқ өрт жігер, от жанып тұр…
Осындай игі жақсылармен жүздесе жүріп, ақын әдебиет майданына батыл араласып кетеді. 1951 жылы институтты бітірген кезде «Екпінді» газетінің тұрақты тілшілерінің бірі ретінде облысқа танымал ақындар қатарынан көрініп те үлгереді. «Семей правдасы» газетінің редакторы, сол кездегі облыстық әдебиет бірлестігінің жетекшісі Б.Байсақалов Октябрь мерекесінің 40 жылдығы қарсаңында сол тұстағы жас таланттарды өзінің «Таңдаулы тақырып» деген мақаласында: «Қазақ әдебиетінің тарихында ертеден келе жатқан негізгі жанр-өлең, поэзия екені мәлім. Сондықтан прозаиктерге қарағанда ақындардың саны өте көп. Солардың ішінде ауызға ілігіп, өсіп келе жатқан жас ақындар легінен Қ.Алтынбаев, Е.Байтоқов, М.Әбжанов, Т.Төлеусейітов, О.Бекбосынов, Н.Иманбаевты ерекше атап өтуге болады. Бұлардың ерекшеліктері – бүгінгі өміріміздің көрінісін өзіндік шеберліктерімен, көрнекті ақындардың үлгілерімен жазуға қол жеткізуде», – деп жазады.
Мырзахан ақын қаламынан махаббат, табиғат, еңбек, ата-ана, достық тағы басқа тақырыптардағы өлеңдер туындаған. Сонымен қоса, түрлі мерекелерге арналған өлеңдер, белгілі тұлғаларға арналған арнау жырлар, фельетондар жазған адам.
Тілеукен Тілеубердіұлы