Мұратбек Оспанов, ақын: – Өлеңнің сыртқы сұлұлығы емес, ішкі мағынасына ден қоямын
Есімі елімізге жақсы таныс ақындардың бірі – Мұратбек Оспанов. Жыр сүйер қауымға «Сандықтас», «Дүние дидар», «Сүмбіле», «Жырұйық» сынды өлең кітаптарын сыйлаған ақынның шығармашылығы негізінен азаматтық лирикадан тұрады. Ақынмен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.
Тәлім алу, тәрбие көру жағынан бақыттымын
– Ақынның айнымас серігі – өлең. «Жасымнан жан серігім өлең еді», «Ақын едім, аңқылдаған жүрегі», «Өлеңімді ешкім сатып алмайды, «Онан басқа байлық та жоқ менде түк!» – деп жырлаған да өзіңізсіз. Айтыңызшы, киелі топырақта дүниеге келуіңіз сіздің ақындық жолды таңдауыңызға әсері болды деп айта аласыз ба? Жалпы, кімнен көп тәлім-тәрбие алдыңыз?
– Мен үшін өлең-сөздің басы – Абай. Әу баста қазақтың сұлу сөзін таңдауыма Абай өлеңдері қатты әсер етті. Өткен мен бүгінді өлшеп жазу кейінгі ұрпақ үшін керек. Көбінесе, өлеңнің сыртқы сұлулығы емес, ішкі мағынасына ден қоямын. Қиял жетегіне еріп, абстракциялық шендестірулерге көп бара бермеймін. Ібіліс-шайтандармен табақтас болуға да зауқым жоқ. Оқыған адам толғанса, қорытынды шығарса екен деп отырамын. Тасбұлақтың суындай сылдырап, іштей келісіп тұрса деймін. Кейбір сырты сыңғырлаған сұлу жырлар – ақылы аздау, бірақ хас сұлу келіншек сияқты әсер етеді маған. Ынтықтырып, құмарландырып қоймай ма?.. Мұның бәрі – өз түйгенім.
Оспан атамды көзім көрген жоқ. Әжемнің әңгімесінен құлақта қалғаны: әулет иелігіндегі «Игілік» жайлауына шығардан бір-екі жұма бұрын жалғыз өзі барып, сол жерде Құран аударатын көрінеді. Өте діндар адам болған дейді. Сол жаз біздің үрім-бұтақты бір шыбын шақпайды екен. Әрине, тылсым дүние. Аруағына басымды иемін. Жер кіндігі – Жидебай біздің ғана емес, Түркістаннан кейінгі бүкіл қазақтың қасиетті мекені. Өздеріңіз де талай байқаған боларсыздар, Семейден шыққаннан көлігің биікке қарай көтеріле бермей ме?! Ұлы Мұхаң «үш Арқалық» деп жазады. Еуразияның кіндігін әйгілейтін белгі тұр. Тегін емес. Дәннің де түскен жеріне бітетіні бар. Төменгі сыныпта оқып жүрген кезімізде аудан басшылары мен мектеп мұғалімдері осы Жидебайдың басын тазалатуға талай апарған еді. Шәкерім атаның ұлы Ахат ақсақалды көзім көрді. Ұзын бойлы, ат жақты, ашаң жүзді адам еді. Ұстазым Кәмен ағамен сырласып отыратын. Амал қанша, басымызда жел гулеп тұрған балалық байыбына барғызбапты. Кейін есейе келе Елдар досыммен (Кәмен ағаның ұлы) ұстаз үйінде сан мәрте болдым. Абайды құлағымызға құйып беретін, Мұхаң жайында ұзақ толғайтын. Мұның қызығын Алматыдағы КазГУ-ге түскенде көрдім. «Болыс болдым, мінекейді» басынан аяғына дейін жатқа айтып бергенімде, сол кездегі журфактың темірдей қатал деканы, сатира сыншысы Темірбек Қожакеев қарқылдай күліп, оқуға қабылдаған.
Жалпы, тәлім алу, тәрбие көру жағынан мен өзімді аса бақытты адаммын деп есептеймін.
Аспаннан бір күнде түсе салған жоқпын. Менің өмірімде ширек ғасырға жуық уақыт бірге жұмыс істеген, тәлім-тәрбиесімен молынан сусындатқан Ырысхан Мұсаұлының да орны ерекше.
Бірде маған «Қазақ әдебиеті» газетінен «Кімді тұлға тұтасыз?» деген сауал тасталды. Сонда мен: жазба өнерінде Ырысхан Мұсаұлын тұлға тұтамын дедім.
Өміріме жақсы жағынан ықпал еткен тұлғалар жайында «Өлең деген жалғыз түйір дән едім» атты жырымда поэтикалық тілмен өрнектеп жазғанмын.
«Абай» журналын өзімізге қарағанда оңтүстіктегілер көп жаздырып алады
– Бір кездері Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов шығарған «Абай» журналының тізгінін ұстап отырсыз. Бұл да сіз үшін бір бақыт сияқты. Бүгінде Абай мен «Абай» журналының сабақтастығы қалай өрбуде?
– Әрине, біз шыны керек, халқым деп өмірден өткен Абай үшін еңбек етіп отырмыз ғой. Семейде шығатын республикалық «Абай» журналының негізгі арналы бағыты – Абайтану, Мұхтартану, Шәкерімтану болып табылады. Әр нөмірінде халқымыздың тарихы мен тағдырын қоса қамтитын ғылыми тұжырымды материалдар топтамасын үнемі ұсынып отырады. Оқығысы келетін адамдар баршылық болғанымен, біздің журналымызға жазылуда жергілікті билік тарапынан түсетін арнайы тізім қолбайлау жасайтын көрінеді. Біз барған мекемелердегі басшылардың айтысы осылай. Түйіні табылмайтын кілең бір шығарып салма жұмбақ жауаптар. Ендігі шешімді ойлы оқырманның өзіне қалдырайық. Қарапайым халықтың тапсырыс, сұранысы ерекше. Әсіресе, қазағы көп тұратын оңтүстіктегі қызылордалықтар журналдың 400 данасына, Шымкент тұсы 300 данасына жазылып, жылдан жылға қарқынын көбейтіп келеді. Бір әттеген-айы, республикаға тарайтын журналымыздың жазылуында Шығыс Қазақстан облысы ең соңында, ал оның ішінде аудандардан Абай ауданы ең соңғы орында тұр, бұған не айтасың енді? Күлесіз бе, жылайсыз ба?
– Бүгінде өзіңіз де ұстаз атанып, Шәкерім атындағы мемлекеттік университетте жас буын ақындардың қалыптасуына үлес қосып келе жатырсыз. Қолына қалам алып, болашақтан үміттенген жастарға қандай ой айтар едіңіз?
-Бәріміз де жас болғанбыз, жастық деген шіркін, бір албырт сезім ғой. Ең басты айтатыным, асыл уақыттарын босқа жіберіп алмай, дер кезінде білім нәріне бет бұрса екен. Не нәрсеге болса да жету үшін ең алдымен білім керек. Сондықтан жастарға осы жағын қамтыса деген тілегім бар. Өзіміз де ұстаздардың алдын көріп өстік. Қадыр аға Мырза Әлі маған университетте «Әдебиет теориясынан» дәріс берген. «Жазмыштың» кейбір бөлімдерін біз сонау 80-ші жылдары лекция ретінде тыңдағанбыз. Кітап болып, қолыма тигендегі қуанышымда шек болмады. Жадыдан өше бастаған деректердің астын сызып оқыдым. Басыма жастанып жаттым. Аллаға шүкір, сол кісілердің айтқандары ойымда әлі күнге дейін тұр. Жастарға айтарым да осы, ұстаз сыйлап, оқу-білім нәрін жинап өсіңдер.
Көңілдегі бейнелер образға айналады
– «Байлық екен, ақша екен, бүгінгінің ұраны, Тәуелді боп тәнге қалды жанымыздың құмары» деп өзіңіз айтқандай, қоғамда болып жатқан қай көріністер көңіліңізге сызат салады?
-Семейдің қарағайлы сыңсыған сұлу орманы алдымен өртенді, артынша оталды. Осы кезде мен де қалам алып, қайғыруыма тура келді. Сол тұстағы өзге ұлттың өкілі болған облыс әкіміне налығанмын. Игілігімізді ит талағандай етпей, тосқауыл қоймай ма деп. Қазіргі облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Абайға ескерткіш орнатты. Рухани жүдеушілікке араша түсті. Шығыстан шыққан ақын-жазушыларды арнайы шақырып, ишарат көрсетіп жатыр. Бұрын мұндай болды ма? Жақсының – жақсылығын айту – парыз.
-Сіз өзіңізді заманыңыздың жыршысымын, жаршысымын деп есептейсіз бе?
-Ақынмын. Осы ұғымға бәрі келіп саяды. Біздің қазақы ұғымда «өлең», «жыр» деп жатамыз. Көзге көрінгенді көңіл елегінен өткізетін, ішкі жан күйзелісін, шабыт шуағын жүрек соғысымен лықсыта сыртқа шығаратын өнер ғой бұл. Оның қалай шығатыны, қандай үлгіде берілетіні ақынның еншісіндегі, ақынның қабілетіндегі қасиет пен қасірет шығар.
Өз басыма келсем, қоғамдық құрылыс ауысқан тұстағы келеңсіздіктерді адам психологиясындағы өзгерістерді еркіндіктің арқасында ептеп қағазға түсірдім. Аңсаған азат күніміз туды, енді неге түзеліп кетпейміз дегендей. Біреу – ұқты, біреу – ұқпады. Басқаша жорыды. Тәуелсіздік Туын тіккен жиырма жылдың ішінде қазақты әлем таныды, ел жамалы жадырай түсті. Осы қуанышты жайды да құмарлана жырладым. Біреу – ұқты, біреу – ұқпады. Тағы да басқаша жорып әлек. Міне, ішкі «стихия» дегенім – осы.
– Сіз қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы, соғыста тұтқынға түсіп, фашистік Германия мен Еуропаны өнерімен таңғалдырған Әйтікеш Толғанбаев туралы поэма жаздыңыз.
– Әйтікеш аға Толғанбаев хакім Абаймен аталас. Текті тұқымнан. Біздің елге скрипканы әкелген Абайдың бел баласы Әбдірахман ғой. «Абай жолы» эпопеясында Мұхаң Балқыбек жайлауында Әбіштің скрипкада ойнағанын суреттейтіні бар. Сонда Мұқаға (Әділханұлы) Әбіш сын көзбен қарап, саусақтары тым жуан екен, жылдам икемге келмей жатыр деп кірпияздығын білдіреді. Яғни, қанда бар, текте бар дүние шықпай тұрмайды. Тағдыр тәлкегімен жүрсе де, Германия мен Италияны бекзат өнер скрипка үнімен мойындатқан нар қазақты қалай жазбасқа! Шәкерімнің суретін ұзақ жыл қойнына жасырып жүрген Шәукімбай (Шәукен) де осы асыл тектен. Кемтар болса да, ақылды адамның қолынан келе бермейтін батырлыққа барған. Толғанбаев Балтақай ата мен менің ағам Айтбай Әлиасқаровтың үй арасы жақын болды. Бала күнімде Шәукенді талай көргенмін. Қолымен қабырғаға неше алуан аңдардың бейнесін жарық көлеңкесі арқылы көрсетіп отыратын. Осылайша көңілімде мәңгі сақталып қалған бейнелер өлеңдерім арқылы образға айналады. Бұлардың барлығы да маңдайдың ащы терімен піскен шымыр шығармаларымның тәтті жемісі дей аламын.
-Отбасыңыз жайында оқырмандарымызға айтып өтсеңіз?
-Өмірдегі бір бақытым десем де артық емес, жұбайым Райхан әр кездері қасымнан табылады. Райхан Мәскеудің полиграфиялық институтын бітірген. Мамандығы бойынша маған жақын, бір терінің пұшпағын илейміз. Содан болар тұңғышымыз Әйгерім әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті, бүгінде журналист, тұрмыста. Айғаным атты немерем бар. Екінші қызым Ақмарал Семейдің Қазақ инновиялық универститетін үздік бітіріп, Астанадағы Лев Гумилев атындағы мемлекеттік университетте «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығында магистратурада оқып жатыр. Ұлым Еламан №37 мектептің 1-інші сыныбында оқиды. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы, ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – балаларымның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүрсе деп ойлаймын.
-Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова.
Семей.