Денсаулық сақтау

Мониторингтік топ аудандарға шықты

 Пандемия кезінде науқастарға медициналық көмек көрсетуді тоқтатпаған әрі тұрғындар үшін өте маңызды болған қызметтердің бірі – онкологиялық қызмет. Қатерлі ісікке шалдыққан жандардың бірде-бір күн ем-домсыз қалмағаны туралы біз бұрын да жазғанбыз.  Карантиндік шектеулер алынысымен облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының  мониторингтік тобы аудандарға іссапарларын қайта жандандырды. Басты мақсат – онкологиялық көмекті тұрғындарға қолжетімді ету.

Біз облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының  директоры Гүлмира Сагидуллинадан орталықтың қызметі пандемия кезінде қалай ұйымдастырылғанын және мониторингтік топтың жұмысы туралы айтып беруді өтінген едік.

– Біз бір күнге де жабылмағанымыздан бастайық. Бас санитарлық дәрігердің қаулысында онкологиялық көмектен басқа жоспарлы көмекті тоқтата тұру туралы атап көрсетілген. Сол себепті бізде медициналық көмекті үзбеу міндеті тұрды. Онкологиялық науқастардың емі кешенді жүргізіледі: мысалы, науқасқа операция жасалады, содан кейін химиотерапия, содан кейін сәулелік терапия, оңалту… Статистикалық мәліметтерге қарасақ, өткен жылмен салыстырғанда емделіп жатқан науқастардың саны азайған жоқ. Төтенше жағдай жарияланған кезде біз күндізгі стационарда химиотерапия және сәулелік терапия қабылдап жатқандардың барлығын тәулік бойы стационарға ауыстыруға мәжбүр болдық. Бір ғана мақсат болды – науқастар үйіне, одан қайта бізге сабылмаса екен деген.  Оларға тамақ қарастырылмаған, бірақ біз қаражат тауып, бұл мәселені шештік. Қазір бізде күндізгі стационар жұмысын бастаған. Бірақ ол жаққа кіріп-шығу бөлек. Бұл пациенттердің бағыттары әртүрлі, олардың әрқайсысы өз дәрігерлерімен жұмыс істейді. Пациенттерді инфекциядан мүмкіндігінше қорғаудың барлық шаралары жасалып жатыр, – деп атап өтті Гүлмира Сагидуллина.

Гүлмира Габдуллақызының айтуынша, мониторингтік топтың онкологтары сапарларын ең алдымен жаман ауру көрсеткіштері жоғары Шемонайха мен Глубокое аудандарынан бастаған. Осы аудандарды кураторлық бақылауға алған онколог-дәрігерлер аталған аудандарда бір күнде он бес тұрғынды қабылдап, кеңестерін беріпті. Мамандар тоқ ішек пен бауырдың қатерлі ісігі мен тері ісігіне күдігі бар науқастарды және терінің қатерсіз ісігінің екі жағдайын анықтады.

Құрамында мамандандырылған диагностикалық бөлімшенің, медициналық статистика бөлімінің мамандары,  сол ауданның куратор-онкологы, Өскемен қаласының бас онкологы бар мониторинг пен бағалау тобы бұдан кейін Тарбағатай ауданындағы Ақжар мен Ақсуат ауылдарында, Үлкен Нарында, Зайсан мен Алтай аудандарында, Риддерде болды. Аталмыш аудандардың тұрғындары сол жерде тексеріліп, ары қарай облыстық онкология орталығында тезірек диагностикалық және  мамандандырылған көмек алудың алгоритмі туралы нұсқаулықтар берді. Бұл қазіргі карантиндік шектеулер алынғанымен әлі де сақтануды қажет ететін сәтте ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы болғаны сөзсіз. Мамандар Алтай мен Үлкен Нарындағы аудандық онкологтардың жұмысы жақсы ұйымдастырылғанын атап өтті. Мобильді топ жұмысының нәтижесінде 90 адам тексеріліп, қатерлі ісікке күдігі бар жеті науқас, төрт қатерсіз ісік пен бір қатерлі ісік алды жағдайлары белгілі болды.

– Біз үшін пациенттеріміздің бізге ерте келуі маңызды. Дерт неғұрлым ертерек анықталса, емдеу арсеналы соғұрлым ауқымды, ал асқынулар аз болады, деп толықтырды  Гүлмира Сагидуллина. Біз аудандардағы әріптестерімізге «ертерек анықтаңыздар» деп айтудан шаршамаймыз. Біздің кейбір аудандар «қызыл аймақта» – аурудың асқынған түрі көп, ерте диагноз аз. Қарама-қарсы мысалдар бар: алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімі жұмыс істейді, дәрігерлер өз пациенттерін біледі, кәсіби тексеруге шақырады. Әр амбулаторияда мамандар учаскедегі он мың тұрғынның үш мыңы қарт адамдар екенін біледі. Олардың барлығы жыл бойы кәсіби тексеруден өтуі керек. Біздің кураторлар тұрақты түрде аудандарға шығып тұрады, бастапқы буын дәрігерлері – терапевтерге, акушер-гинекологтарға ерте диагностика жасауды үйретеді. Бір жерде бұл жұмыс жақсы қойылған, ал екіншісінде дәрігерлер жетіспейді, содан кейін жабдықтар жоқ деген  сылтаулар бар. Ал шындығында, тексеру бөлмесі үшін арнайы жабдық қажет те емес, жұмысты тиімді ұйымдастыра білу өте маңызды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button