Журналистік зерттеу

МӨЛДІРЕП ЖАТҚАН КӨЛДЕРДІҢ ҚАДІРІН ҚАШАН БІЛЕМІЗ?

МӨЛДІРЕП ЖАТҚАН КӨЛДЕРДІҢ ҚАДІРІН ҚАШАН БІЛЕМІЗ?

Өткен жылдың ызғарлы да жаңбырлы күзінен, қыстың сарышұнақ аязы мен ақтүтек боранынан, берідегі көктемнің созылмалы жауын-шашыны мен лай батпағынан мезі болған жұрт жайма-шуақ жазды асыға күтетіні белгілі.

Судың бойында отырып, суға түсер орынға жарымай отырмыз

Содан да болар, жұрттың басым көпшілігі жылына бір берілетін еңбек демалысын осы кезеңге жоспарлап жатады. Ондағы ойлары – шілденің шіліңгір ыстығында көл жағасында рахаттанып бір демалу. Ел аралап, көптен көріспеген туыс-туған, дос-жаранмен жүздесіп, көзайым болу дегендей. Көл жағасы дегеннен шығады, республика аумағында шалқыған айдын көлдер мен күркіреген өзендерді айтпағанда, іргесінен жылап ағатын бұлағы жоқ, қуарған өңірлер мен суалған елді мекендер толып жатыр. Бұл жағынан шығысқазақстандықтардың ешкімге өкпесі болмаса керек. Олай дейтініміз, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақтың кең байтақ даласындағы судың 40 пайызы біздің өңірде шоғырланған көрінеді. Бір ғана шығыс өңірінде үлкенді-кішілі мыңға жуық көлдер мен көлшіктер, 800-ден астам ірілі-ұсақты өзендер бар екен. Мұны аз десеңіз, облыс орталығы Өскеменнің қақ ортасынан еліміздің екі бірдей ірі өзені ағып жатыр. Ал енді, ағыл-тегіл судың бойында орналасқан дәл осы Өскеменде «суға түсетін жер жоқ» дегенге сенесіз бе? Өкінішке қарай, солай боп тұр. Бұл мәселе баспасөз беттерінде осыған дейін неше мәрте көтерілген. Қалалық әкімдіктің назарына демалушылардың өкпе-назы мен арыз-шағымдары қазақ тілінде де, орысша да жазылған. Бірақ, «баяғы жартас бір жартас» дегендей, көпшіліктің жанайқайына құлақ асып жатқан басшыларды көрмедік.
Күн ысығанда өзен жағалап кететін әдетімізбен Ертіс өзенінің сол жағалауында болып, ел аузында айтылып, баспасөзде жазылып жүрген жайттарды көзбен көрудің сәті түсті. Өзеннің әр тұсынан ыңғайлы орын таба алмай, біраз жүріп қалдық. Өйткені, бір жеріндегі су сүйектен өтердей өте суық болса, енді бір жерінің суы шамадан тыс лас. Тағы бір жерлердің ағысы тым қатты, иірімдері адам өміріне қауіпті. Біреулер келіп, біреулері кетіп ығы-жығы боп жатқан жағалаудың бір бұрышына біз де жайғастық-ау, ақыры… Жайғасуын, жайғастық қой… Бірақ… Иә, тоқтаған жерімізде не күннен қалқа боларлық шатырлар, не спорттық ойындарға арналған алаңқай жоқ. Тіпті, демалушыларға қызмет көрсететін қарапайым ғана дәмхананы айтпағанда, сусын сататын дүңгіршек таба алмайсың. Алайда, осындай түгі жоқ аумаққа көлікпен кірудің өзі ақылы. Солай бола тұрса да, «жұмаққа» бергісіз жағалауда инешаншар жер жоқ. Қаланың қапырығынан қаталаған елдің жасамысы да, жасы да, сергек жүргені мен қылжалақтаған масы да осында. Әркім демалудың өзінше бір түрін таңдаған. Бірі от жағып, кәуәп пісіріп жатса, енді бірі самауырға шай қойып, түтіндетіп жүр. Өздерімен ала келген дәм-тұздарын жәукемдеп жатқандар мен карта ойынының қызығына кіріп, керілдесіп кеткендер бір бөлек. Бір-біріне су шашып, доп лақтырысып, шуылдасып-шұрқырасқан бала-шағаның өз қызығы өзінде. Мұндай келеңсіздік Ертіс пен Үлбі өзенінің өн бойындағы «пляж» деп аталатын демалыс жағалауларының барлығына тән. Амал нешік, «көппен көрген – ұлы той» деп, біз де өзімізше демалып қайттық. Бұл – қаладағы көрініс.

САРЫАЛА ҚАЗДАЙ САҢҚЫЛДАП ЖАЗ ДА ӨТІП БАРАДЫ…

МӨЛДІРЕП ЖАТҚАН КӨЛДЕРДІҢ ҚАДІРІН ҚАШАН БІЛЕМІЗ?

Ал қаладан сырт, облыс аумағында қаншама көлдер бар. Мөлдіреп жатқан Сібенің бес көлінен бастап, Шыбындыкөл, Дулығалы (Окуньки), Сартымбет, Бұқтырма (Голубой залив), Алебастра, Алакөл, Зайсан, Марқакөл деп санамалай жөнелсек, он саусағың жетпей қалады. Ал осы атаулары бір-бірінен асып түсетін табиғаттың ғажайып тартуы бола білген айдын көлдерімізді «игілігімізге қалай жаратып жүрміз?» дегенге келер болсақ, амалсыз күмілжіп, тағы да желкемізді қасуға тура келеді.
«Естігенің жаңсақ болар, көргеніңді айт» демекші, өткен жылдың жазында Семей бағытында ел Окуньки атап кеткен (тарихи атауы – Дулығалы) көлге бардық. Бұл көлдің суы таза әрі жылы болғанымен, жағажайы аса жетісіп тұрған жоқ. Біріншіден, көл аумағының қайсыбір жекешеленген жерлеріне көлікпен кіру ақылы. Екіншіден, маңайында ыстық күннен саялап, көлеңкелейтін тал-теректері өте аз, тіпті жоқ деуге болады. Үшіншіден, күнделікті қажетіңе жаратар жалғыз әжетхананың өзі қозыкөш жерден көз ұшында ағараңдайды. Бір қызығы – сол әжетханаға барып-кеп жатқандардың қарасы некен-саяқ.
Ал демалушылар мұның бәріне де машықтанып алған. Келген бетте екі автокөлікті қатар қойып жіберіп, үстіне палатка тартып тастайды. Бұл төбеден шақырайған күн көзінен әжептәуір қалқа. Міне, сізге көлеңке мен тал-тоғай. Әр жерге түрлі-түсті шатырларын тігіп алғандар, әсіресе қараңғылық түсіп, әр-әр жерден от жана бастағанда, құдды бір жаугершілік заманының жасанған жауынгерлері сынды, әсерлі көрінеді екен. Кешкілік жағалаудағы жұрттың үштен екісі әне-мінелерін жинап-теріп қайта бастады. Күні бойғы көп қосыннан байқалмапты. Жұртта қалғанда байқағанымыз – көл жағасының ойран ботқасы шығып жатыр. Айнала қоқыстан көз ашпайды. Арақ-шарап, су-суаннан босап қалған шөлмектер, ағараңдаған қағаз-шұғаш. Қалай болса, солай шашылып жатқан сүйек-саяқ, желінбей қалған тамақ қалдықтары. Иістеніп жатқандары да бар. Иістенбей қайтсін, термометр бағанасы неше күннен бері 30-35 градус ыстықты көрсетіп тұрса. Жел соқса, көкке көтерілген целлофан дорбалар дейсіз бе, айта берсе толып жатыр. Осының барлығын көргенде, «рахаттанып, бір демалсам!» деп, тасып барған көңілің қарадай құлазиды.
Ал енді, айдың арғы беті секілді, көлдің сол жақ қапталын ала салынып, сырты биік дуалдармен қоршалған демалыс үйлеріне орналасқандардың жағдайы мүлдем бөлек. Кешкісін душқа шайынып, шай-пайларын ішкен үстіңгі үйдің балконындағы «өркениетті демалушылар» іргелеріне кеп ығы-жығы, қалай болса, солай жайғаса кеткен «жабайы демалушыларға» таңырқай қарап, олардың әрбір жабайы тірліктерін сырттай тамашалайды. Олай болуы заңды да. Өйткені олар – сонау ерте көктемнен әйтпесе қыстан бастап қамданып, қаладағы туристік фирмаларға алдын ала тапсырыс беріп, бірер күнге болсын жолдамамен кеп жатқандар. Олар орналасқан үйлерге төсек-орыннан бөлек, электрлі плита, тоңазытқыш, телевизор секілді тұрмыстық заттар қойылып, адамға қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, бірі жан-жақты дамыған өркениетті, ал енді бірі 40-50 жылға қалып қойған, демалыстың кәдімгі жабайы түрі. Таңдау еркіңізде, ағайын… Ал жаз болса жылыстап барады.
Осы «өркениетті демалыстың» жолдамаларын сатумен айналысатын туристік фирмалардың бірнешеуіне хабарластық. Бағалары әртүрлі екен. Айталық, ел «Голубой залив» атап кеткен Бұқтырма су қоймасында демалғыңыз келсе, әлгіндей демалыс үйлерінің бір тәуліктік бағасы бір адамға жеті мың теңгенің шамасында. Онда үш уақыт тамақтан бөлек, бөлмеңізге арнайы кондиционер, душ, тоңазытқыш қойылған. Егер оны қымбатсынсаңыз, бес мың бес жүз теңгеге үш мезгіл тамағы бар, бірақ душы, әжетханасы ортақ көпқабатты корпустағы бөлмелерге тапсырыс бере аласыз. Негізінен, Бұқтырма су қоймасындағы демалыс базаларының басым көпшілігі Өскемендегі ірі кәсіпорындар мен басшылық мекемелерге тиесілі. Олардың кәсіподақ арқылы өз қызметкерлері мен жұмысшыларына арналған жолдама бағалары мүлдем бөлек және ол былайғы жұртқа айтыла да, беріле де бермейді. Атышулы Алакөл, Сібе, Шыбындыкөл мен басқа да демалыс базаларындағы демалушыларға жасалатын жағдай мен бағалар да, басқа да жақсылы-жаманды көріністер бір-біріне ұқсас әрі деңгейлес. Тек, барып-қайтардағы астаң-кестеңі шыққан ойпыл-тойпыл жолдарының айырмашылығы болмаса.

ҚАЛАМГЕР НЕГЕ ҚАПАЛЫ, АЛАКӨЛ НЕГЕ ҚАРАУСЫЗ…

Жол демекші, жақында жазушы Мүсілім Құмарбеков ағамыз жолы түсіп, Алакөлге барып қайтқан көрінеді.
– Құдай сақтасын! – деп түңіліп отыр шақпа тілді қаламгер. – Өскеменнен Алакөлге дейінгі екі аралық шамамен 700 шақырым екен. Соны бақандай 18 сағат жүріп бардық. Адамға лық толы автобустың іші қапырық, дем ала алмайсың. Жол дегенің адам көргісіз. Анда бір соғып, мында бір соғылып, өлдім-талдым дегенде жеттік, әйтеуір. Қазір қалтаңа қарап талтаңдайтын заман ғой. Алакөлдің өз басында ақшасы бар адамға түрлі деңгейдегі демалыс үйлері көп екен. Бірақ бір байқағаным, бұрындары курорт, санаторийлерге барғанда не түрлі спорт жарыстары мен мәдени шаралар, ойындар мен түрлі конкурстар ұйымдастырып, ию-қию боп жататын. Қазір ондайдың бірі жоқ, күндіз тым-тырыс. Кешкісін жастар жағы дискотекаға баратын көрінеді.
Біз құрылысы әлі толық аяқталмаған, тәулігі кісі басына үш мың теңгелік «Аяулым» деген демалыс базасына тоқтадық. Қожайыны Алматының жігіті дейді. Үш уақыт тамағы бар екен. Бар бітіретінің тамағыңды ішесің де, суға түсесің, суға түсіп ап, қайтадан тамаққа барасың, болды. Басқа ешқандай алданыш жоқ. Көлдің басы құмырсқаның илеуі секілді, ығы-жығы адам. Не киім ауыстырып киетін орын, не жақын маңда көзге көрініп тұрған дәретхана жоқ. Елдің судан шықпағанына қарап, ұят та болса айтайын, жұрттың дәретіне шомылып жүргендей, біртүрлі жиіркенішті әсер алады екенсің. Жағалауда қап-қара боп күнге күйіп кеткен екінші-үшінші кластың балалары зыр жүгіріп балық сатып жүреді. Алушы да қазақ, сатушы да қазақтың қарадомалақтары. Жоқтық не істетпейді, есек ертіп, тотықұс ұстаған балалар да жүр. Әлгілердің есегіне мініп немесе тотықұсын ұстап тұрып суретке түссең – есектің иесіне 200, тотықұстың иесі, екі кішкентай қызға 500 теңге ақша бересің. Соған қарағанда «тотықұстың құны есектен жоғары ма» деп қалдым… Қайтарда тағы да сол – жол азабы… Қысқасы, енді көрмегенім Алакөл болсын, деп сөзінің соңын әзілге бұрды Мүсағаң.
Әзілдеп айтса да, астарында зіл жатқан қаламгер сөзіне ойланып қалдық. Ашып айтпаса да, көңіл түкпірінде наразылық бар екені байқалып тұр. Көпті көрген, заманында талай елдің дәмін татқан ағамыздың наразы болатындай жөні бар. Қазақ «Жібекті түте алмаған жүн етеді» демейтін бе еді. Жоғарыда мысал келтірілген демалыс орындарының бір-бірінен аумай қалған, көңіл құлазытар жабайы көріністеріне қарап, қолымыздағы бар алтынның қадірін білмей отырғанымызға налисың. Жасырып жабары жоқ, біздің дәулет біткен ауқаттыларымыз бен жоғары жақтағы шенді-шекпенділеріміз қит етсе шетелде демалуға құмар-ақ. Қарап отырсаң, сол шетелдегі көлдердің суының да, жағалауындағы құмының да, қыл аяғы төбесінен төніп тұрған күнінің де біздегіден асып бара жатқан түгі жоқ (шет-жағасын көргесін айтамыз-дағы). Мәселе жаратқанның тарту етіп бере салған баға жеткісіз сыйының қадір-қасиетін білмеуімізде секілді. Жоғарыда айтылған демалыс орындарын сол шетелдіктер секілді жөнге келтіріп, бірінші кезекте жол мәселесі қолға алынса. Қаншама уақытын, қаражатын шығындап демала барғандарға бар мүмкіндіктерді туғызып, келесі жолы міндетті түрде тағы келетіндей жан-жақты жағдай жасалса, қандай ғажап болар еді. Шынайы ден қойған адам болса, тәуелсіздік алған ширек ғасырдан бері дәл осы салада біраз шаруаның бетін бері қаратып тастауға болмас па еді? Бір қызығы, туризм саласын дамыту мәселесі жыл сайын айтылып, оған жыл сайын қыруар қаржы да бөлінеді. Бірақ көзге көрінер нәтиже жоқ. Баяғы жартас – бір жартастың кері.
P.S. Бұл көтеріліп отырған кезекті әрі өзекті мәселе бір ғана маусымға қатысты емес. Тірі адамға әлі де талай жаз келері белгілі. Тек жазылған жайт осы аймақтың туризм саласын дамытуға жауапты мекеме басшыларының құлағына жетіп, болашақта олқылықтардың орны толып, оң нәтиже беріп жатса, көпшіліктің атынан алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button