Мамырсуда бүркітсіз бүркітші тұрады
Аягөзге аяғымыз тиісімен бүркітші іздеген едік. Екі күн бойы сұрастыра-сұрастыра, күдеріміз үзілді-ау деген шақта, тура қаланың іргесінде Әділхан есімді бүркітші бар деген хабар құлағымызға тиді. Шалғайдағы ауылдан емес, жақындағы Мамырсудан бүркітші табылғанына бір жағынан таңғалсақ, бір жағынан қуандық. Қуанбағанда ше, бабамыздың дегдар мұрасын қастерлеумен келе жатқан азаматтар ел ішінде бар болып шықса…
Құсбегілікті құпиялары
Осындай ойдың жетегінде, алып ұшып барған көңіліміз әуелде қоңылтақсып қалғанын несін жасырайық. Өйткені, бүкіл Аягөз атырабына жария етіп жүріп тапқан бүркітшіміз бүркітсіз күн кешіп жатыр екен.
Әділхан Құлқаевтың атасы 60-жылдары Қытайдан асқан ағайынмен бірге ата жұртқа оралады. Алтайдың арғы бетінде ит жүгіртіп, құс ұшырып машықтанған Құлқай шебер бұл жаққа келгесін де ата мұрасын жалғастырып, қолынан өле-өлгенше бүркіт арылмаған саятшы атанады. Құлқай саятшының жолын ұлы жалғастырып, ол да өмірінің соңына дейін қолынан бүркіт балдағын тастамай өтіпті? Әділханға да әкеден мұра ретінде Жындықара атты қыран қалады. Бала кезінен бүркіттің күтімі мойнына жүктелген Әділхан ағамыз қыран өз қолына қонғасын әккі саятшыдай құсын еркін қайырып, ел аузына ілігеді. Алайда, елдің бәрі «нұрлы коммунизмге» ұмтылып, еңбектеніп жатқанда, елден ерекше салт ұстанып, баяғының жұрнағы болып қалған бүркітшілікке елтіген мұның «ескішілдігін» белсенділер кешіре алмапты. «Алтын уақытын мал бақпай, баянсыз іске жұмсағаны» үшін қысым көрсетіп, қатаң ескертулер беріпті.
Алайда, ата мұраға деген адалдық бәрін де жеңеді. Әділханның қолынан екі мыңыншы жылдарға дейін бүркіт түспеген. Аягөзге қоныс аударар кезде қала тұрмысында қыран ұстаудың мүмкін еместігін ескеріп, қолдағы құсты еркіндікке жіберуге тура келсе керек.
Сөз арасында құсбегі ағамыз бүркітшіліктің бүгінгі заман үшін таңсық терминдеріне де түсінік бере отырды.
«Томаға мен биялайды білмейтін қазақ жоқ шығар. Ал қыранның азығын салар дорбаны «жемқап» дейді. Бүркіт тұлғалы, ауыр құс болғандықтан, оны үнемі білегіңе қондырып ұстау мүмкін емес. Ол үшін ердің қасына тіреп ұстайтын «бүркіт балдақ» бар. Балдаққа бүркітті балағынан байлап қояды. Ол «балақбау» деп аталады. Жемқаптың бір бұрышында «түтік» жатуы тиіс. Ол қыранның жемсауын шайып, тазалап отыру үшін қажет. Қазақтар бұл түтікті тырнаның жілік сүйегінен жасаған. Ал «бүркіттің бөлеуі» қазіргі тілмен айтқанда сөмкеге келеді. Аязды немесе боран-шашынды күндері жолға шыққанда құсты осы бөлеуге орап тасыған. Әкеміздің көзіндей болып мұраға қалған осы асыл бұйымдардың шаңға басылып, көлеңкеге тұтылып жатқанын көргенде жүрек ауырады. Алғаш бүркіттен қол үзген кездерде тәуір қиналдым. Оның үстіне еркіндікке қоя берген бүркітім, үйді төңіректеп, талайға дейін кетпей жүріп алды. Ақыры күдері әбден үзілгенде ғана көзден ғайып болды. Сол кездері түсіме бүркіт жиі кіретін. Әкемнің, ата салттың алдында, бүкіл қыран құс атаулының алдында қылмысты адамдай сезінетінмін өзімді» деп күрсінеді саятшы.
Бүркітшілікті тастау қаншалықты қиын болса, бастау одан қиын көрінеді. Өзіңіз есептеп көріңіз. Бір бүркіт ұстау үшін тек соған арналған бір ат болуы керек. Ол атты да бүркіт сияқты көктемде қоя беріп, күзде бірақ қолға ұстауың керек.
Бүркіт тұздалған және иістенген етті жемейді. Демек, оған үнемі жас ет беріп отыру қажет. Түтінді жерге ұстауға және болмайды. Оның құйрығы мен төрт тұяғын мәпелеп ұстамасаң, баптаған еңбегің еш кетті дей бер. «Сегіз найза» қуатты болуы үшін дымқыл шым ойып, соған отырғызу қажет. Ал үнемі қатты жерде отырса, тұяқтары мүжіле береді. Әсіресе, тегеуріні мен жембасары жақсылап жетілуі маңызды. Құс патшасының ең осал тұсы – құйрығы. Ал құйрықсыз бүркіт – бағдарсыз, тежеуішсіз ұшақ іспеттес. Құйрығы жиі сынбауы үшін оны неғұрлым оңашада ұстау қажет. Ал сына қалған жағдайда тез жетілуі үшін сынған жерінен қауырсынын кесіп, қуысына бидай тығу қажет. Бөрткен бидай, қауырсынды ауыртып, бүркіт ағзасы сынған қауырсынды тез тастайды. Құсбегіліктің осындай құпияларымен бөліскен Әділхан Құлқаев жас бүркітті баулудың тәсілдерін де жайып салды.
«Жалпы бүркіт ақпанның аяғына қарай жұмыртқа тастайды. Ұябасар оны 45 күн басады. Ақпанда туған балапан тамыз айында қанаты бекіп, ұша бастайды. Өзім бір-екі рет ұядан балапан алып көрдім. Аңыздарда айтылатын ұябасардың шабуылына тап болып көрмеппін. Бүркіттің аңға сәтті түсуі иесінің шырғаны қалай тартқанына байланысты. Кейбіреулер шырғаны жерлете тартатын көрінеді. Ондайға үйренген бүркіттер аңға тігінен түсетін болады. Ал бұл құс үшін өте қауіпті. Не тегеурінін жарақаттайды, не аңның астына түсіп қалады. «Шырға» дегеніміз түлкінің терісімен қапталған тұлып десе де болады. Оны атпен жүріп тартқан жөн. Шырғаны неғұрлым биік тартсаң, құсың көктен сорғалап келіп ілуге соғұрлым шебер болып машықтанады» дейді бүркітші.
Әділхан аға қансонар басталар алдында бүркітті де семіртіп, одан кейін жарату керектігін айтады. Бүркіттің қасиетін бала кезінен көріп келе жатқан құсбегі ауылда босана алмай қиналған әйелдерді бүркітпен аластаған жағдайларды көзбен көріпті.
Ата салтты сақтаған ағайындылар
Бүркіттің қырандығы мекен еткен жеріне де байланысты көрінеді. Шұбартау маңын түлкіге қауқары жететін сарыбалақ бүркіттер жайлайтынын айтқан саятшы Тарбағатай бөктерлерін қасқырға түсер қанды абалақтар мекендеуі керек деген болжам айтты. Өз өмірінде екі бірдей қыран ұстаған Әділхан бүркітші баулыған қырандары түлкіні артынан сыпыра келіп, бастан бүру арқылы ұстайтынын айтады. Ең қызығы, оның қырандары ең әуелі құрбандығының тілін суырып жейді екен. Бұл шырға тартқан кезде, балапан жалықпас үшін түлкі терісінің езуіне тәтті тағам қыстырып қойғанымыздан болар деп топшылайды.
Араға жылдар салып Әділхан ағамыз қолына қайта қыран қондыруға бекініп отыр. Бұл ниетін ұста інісі Әділжан да құптап отыр. Бүркіт ұстауға деген алғашқы дайындықтарын да бастап кетіпті. Құсбегілікке арнаулы аттың мәселесін шешіп қойған ағайындылар көктем шыға бір балапанды қолға қондырмақшы.
Інісі Әділжан да аталары Құлқайдың жолын қуып жүр. Темірден түйін түйіп, ағаштан әбзел шабатын жігіттің шеберлігі ел аузында. Арқан есу, 12 таспаға дейін қамшы өру, ер шабу, жүген мен құйысқан, өмілдірік жасау – оның үйреншікті жұмысы. Қазақтың оюлы ерінен гөрі орыстың темір еріне деген сұраныс әлі де басым екенін жасырмаған Әділжан бір ерді 15 мың теңгеге өрнектеп береді. Ері сынып, ауылы үзілгеннің бәрі оның есігін сағалайтын көрінеді. Ал әсемдеп жасаған қазақи ерлеріне Алматы мен Астанадан да сұраныс түсіп тұрады екен. Ат әбзелдерін дайындауды табыс көзіне айналдырғанын 6 жыл болыпты. Айына 5-6 ерге тапсырыс келетінін айтады қолөнерші. Салмағы үш-ақ келі болатын спорттық ерлер де Әділжан шебердің ең өтімді тауарларының біріне айналған.
«Қаражат болса, станогымды жаңалап, осы істі кеңейтер едім. Ал қазіргі тірлігім кәсіптен гөрі хоббиге көбірек ұқсайды» дейді шебер. Аягөз өлкесінде ата кәсіпке адалдық танытып келе жатқан ағайынды жігіттер қоштасар тұста «Қазір бүркіт ұстаған саятшымыз» десең қазір жұрт қияли адамдай қарайтын болды» деген мұңдарын айтты. Расымен бүркітшінің бүркітсіз күн кешуі – ғасырлар өркениеті алып келген үлкен қасіреттеріміздің бірі. Ал сол бүркітшінің қыранын аманат етіп тапсырар баласын дөп басып тани алмауы одан өткен трагедия. Десе де, Әділхан аға «Міндетті түрде қолыма қайта қыран қондырамын. Ұлдарымның бірі жолымды жалғауы керек» деп нық бекініп отыр.
«Әділхан қолына қыран қондырыпты» деген сүйінші хабарды қашан естиміз деп, Аягөз жаққа құлақ түріп, Өскеменде біз жүрміз.
Есімжан Нақтыбайұлы
Аягөз ауданы.