«Дидардың» қонағы

Мұхтар ШАХАНОВ: – Өлеңдерімді жапондар мен француздар да жатқа оқиды

Мұхтар ШАХАНОВ:  - Өлеңдерімді жапондар мен француздар да жатқа оқиды

Еңбектерім алпыстан астам тілге аударылды

– «Ақын болу оңай дейсің бе, қарағым. Аузында жүру сыздаған әрбір жараның» дейді ақын Төлеген Айбергенов. Осыны сіз қалай түсінесіз? Қалай түсіндіресіз?

– Мен жақында «Шындығын жоғалтып алғандар мен ұлттық мүддеден бойын аулақ салғандар туралы» әрбір қазақ білуге тиісті 20 ұстаным жарияладым. Бұл ұстаным Қырғыз елінде үлкен қолдау тапты. Өзімізде де бірнеше баспасөз беттерінде жарияланды. Осыған ерекше назар аударып жатқан адамдар көп.

Жиі айтып жүрмін, Қазақстан Жазушылар одағының 777 мүшесі бар екен. Ұлттық мүдде күресінде соның жетеуі ғана, парлап барғанда оншақтысы бізбен бірге. Егер солардың ең болмағанда 50-60 шақтысы бізбен бірге болғанда билік сескенер еді, біздің талаптарымызға басқаша көзбен караған болар еді. Сол 777 ақын-жазушының көпшілігі өлең жырларында, мақалаларында тілді, ұлттық құндылықтарымызды сақтауымыз керек деп жазады. Бірақ, сөзі бір басқа да, ісі бір басқа. Жеме-жемге келгенде үстелдің астына кіріп кетеді. Өйткені, бала-шағасы бар, немерелері бар, басқа да туыс-бауырлары бар. Соларға зияным тимесін дейді. Мен үш талап қойып отырмын. Біріншісі, шындығын жоғалтып алғандар. Қазір Қазақстанда жұрттың 70 пайызға жуығы шындығын жоғалтып алғандар, ақты ақ, қараны қара деп айта алмайды. Екіншісі, сөзі бір басқа да, ісі бір басқа. Бұл да үлкен қауіп. Үшіншісі, ұлттық мүддеге тамыр жіберуі тиіс. Әрбір адам міндетті түрде ұлттық мүддеге тамыр жіберуі тиіс. Егер жібере алмаса, жай әншейін өзінің қара басының қамын күйттеу үшін өлең жазып жүрген адам. Мәселен, Қадыр Мырзалиев ағаң керемет дарынды ақын. Өлеңдері керемет. Бірақ, сөзі бір басқа да, ісі бір басқа. Желтоқсан кезінде алаңға шыққандардың барлығы маскүнемдер мен нашақорлар дегенді қозғады. Билік не айтса, соны орындады. Керек болатын болса Бас прокуратура, КГБ, МВД бірлесіп комиссия құрмақшы болды, бізді жоққа шығару үшін. Соны қолдады. Негізі екеуіміз ағалы-інілідей бір-біріміздің сөзімізді жықпайтын жақсы қарым-қатынаста болғанбыз. Тіпті, менің қолымда жүрген туған қарындасым Қадыр бір ай көмектессін деп өтініш жасағанымен тоғыз ай бала-шағасын бақты. Біздің жақсы аралас-құралас болғанымызды ол да айтып отыратын. Билікке сатылып кеткеннен кейін мен Қадырдан теріс айналдым.
Ақындық деген дара, Махамбеттің мінезіндей болуы керек. Махамбет шындық үшін күресті. Шындық үшін басын қатерге тікті. Егер біз осындай мінез қолданбасақ ұлттан айырыламыз, қазірдің өзінде айырылып тұрмыз. Бізді билік қазақстандық ұлтқа кіргізбекші болды ғой. Бәрін шешіп қойды, ел бірлігі доктринасын жариялап жіберді. Тек Халықтар ассамблеясының қол көтеруі ғана қалған. Сол кезде мен аштық жарияламақшы болдым. Мені төрт мың адам қолдап, аштық жарияламақшы болды. Бүкіл ел көтеріліп кететін болған соң, билік амалсыздан бір мәмлеге келді. Қазақстандық ұлт негізін Америкадан алады. Онда қазақ ұлты, қазақ тіліндегі мектептер болмайды. Сен де, газетің де жұмыс істемейтін болар еді. Билік қорыққанынан ғана тоқтады. Әйтпесе, мені өлтірудің де жоспарын жасап қойған еді. Сөйтіп, билік кешірім сұрауға мәжбүр болды. Жазушылар одағы дегеніңіздің аты ғана бар. Тойда, мерекелік іс-шараларда ғана қызмет көрсетуші. Және, биліктің сойылын соғушы.

– Сіз тек бір бағытта немесе бір ғана жанрда қалам тербеген ақын емессіз. Қашанда қоғамдағы өзекті түйткілдерді өлең-жырларыңызға арқау етіп, түйіннің шешілу жолын да өзіңіз баяндап отырасыз. Мұны өзіңіздің ерекшелігіңіз деп қарайсыз ба, әлде, ақындық шеберлік деп қабылдауға бола ма?

– Менің «Өркениеттің адасуы» және «Жазагер жады космоформуласы» деген романдарым бар. Бұл екі романды ЮНЕСКО қарады. ЮНЕСКО осы уақытқа дейін бірде-бір көзі тірі ақынды қарамаған екен. Бірінші рет маған назар аударды. Менің шығармамды екі рет қарады ЮНЕСКО. Поэзиямды қазіргі әлемдік поэзияның биігі деп қабылдады. Және шығармаларымды әлемнің басқа тілдеріне де аударуға тапсырма берді. Егер біз жөнінде өз елімізде дұрыс пікір айтылмаса, оған мен кінәлі емеспін. Германияның 12 қаласында менімен кездесу болды. Соның 6 қаласында Шыңғыс Айтматов мен туралы өзінің пікірлерін айтып, маған ілесіп жүрді. Сол кезде немістердің өзінде мен туралы төрт жүзден астам мақала жарық көрген екен. Осындай мақалалар басқа елдерде де шығып жатты. Көптеген елдерде менімен кездесулер өткізілді. Мәселен, Жапонияға барғанда жапондар, Францияға барғанда француздар өлеңдерімді жатқа айтып шықты. Мен мүмкіндігінше барлық ұлттарға ортақ проблемаларды алға қоямын. «Төрт ана» деген өлеңім бар. Сол «Төрт ана» жиырмаға жуық мемлекеттердің мектеп оқулықтарына кірген. Әрбір адамның өз ата-анасынан басқа төрт анасы болады. Туған жері, туған тілі, ұлттық байлығы – салт-дәстүрі, туған тарихы. Осы төрт анаға терең тамыр жібере алмаған адамдардың барлығы өз халқының төл перзенттері емес. Осы идея жапондарға да, немістерге де, француздарға да, ағылшындарға да ұнады. Осы сияқты «Компьютербасты жарты адамдар» деген өлеңімде бір шалдан канша балаңыз бар деп сұрайды. Бір жарым балам бар дейді. Шын мәнінде үшеу, үшеуі де ғылым қуған керемет білімді, тек соның бірі ғана қайсар, ұшқыр арманын, техникалық санаты мен ғылыми өр талғамын өз ұлтының рухани байлығына жалғады. Ал қалған екеуі ұлттық құндылықтарға терең тамыр жібере алмады. Сондықтан да екеуін санаймын мен жарты ұлға деп жауап беріпті.
Иә, бізді қайда апармақ мына заман ақпалы?
Ұлан-байтақ жерімізді жарты адамдар қаптады.
Қайда барсаң көз алдыңда өнеге боп жарқылдар,
Жарты бастық, жарты ұстаздар, жарты қыздар, жарты ұлдар. Осы идеям да көп халықтарға ұнады. Оларда да өз тілін ұмытқан, өзінің тілін менсінбейтін адамдар бар ғой. Соларға қарсы қойылған жақсы құрал болды. Өлең деген үлкен мақсат-мүдделерге құрылған болуы керек. Көптеген ақындардың өлеңдерін басқа тілге аударса шөп болып шығады. Мысалы, «саған шын ғашықпын, сен болмасаң мен асылып өлемін» деген өлең кез келген халықта бар. Оны аударып жіберсеңіз мағынасын жоғалтады. Мысалы, «Өркениеттің адасуы» үлкен идея көтереді. Адамзатты үлкен парасат деңгейіне көтеретін идеяларды береді. Кітап барлық ұлттарға өзгеше құндылық қалыптастырады.

– Сіздің сөзіңізден кейін мынадай ой туындап отыр. Өлең-жырлар идеологияда таптырмайтын тамаша құрал деп айтуға бола ма?

– Әрине, ұлы Абайды басқа тілдерге аудартып жатырмыз. Оған Үкімет ақша төлейді. Сонда бар болғаны отыз шақты тілге аударылыпты. Мұхтар Әуезовтің өзі қырық шақты тілге аударылыпты. Ал менің еңбектерім алпыстан астам тілге аударылған. Мәселен, өлеңді аудару өте қиын. Үлкен проблема.

– Қазіргі поэзияның деңгейі өсіп кетті деп жатамыз. Философиялық ойларға негізделген, қарапайым халық түсінбейтін, тұщынбайтын, ғарышпен ғана тілдесетін, оған ат төбеліндей ғана бір топ баға беретін ақындар пайда болды. Түсініксіз өлең жазсаңыз, мықты ақын деп қабылдайтын оқырмандар да жоқ емес. Бұл поэзияны өсу деңгейінде деп айта аламыз ба? Әлде, өшу деңгейінде деп айтуға бола ма?

– Өсті деп айта алмаймын. Ерекше биікке көтерілген ақынды өз басым көре алмай жүрмін. Әлде, оқи алмай жүрмін бе? Бірақ техникалық деңгейі өсті. Ұйқастыруы. Ал ой жағынан тоқырау бар. Айтар ойы жоқ, ұйқасы күрделі сөз тіркестерінен құралған.

Қазір ақшасы бардың бәрі әнші болып кетті

– Сізді ақын ретінде ғана емес, сазгер деп те танимыз. Өлеңдеріңізбен қоса әндеріңіз де баршылық. Кейінгі кезде жастардан құралған топтар көп. Әндерін тыңдап отырсаңыз, кірпігіңіз шаншиды. Не әнінде, не сөзінде мән-мағына жоқ. Көзіне көрінгенді әнге қосып, әләуләй мен хәләуләйге негізделген концерт беретін әншілер науқаны үрдіс алды. Әнге жазылған өлеңдердің ұйқасы жеңіл құралуы керек дегенді жастар дұрыс қабылдамай жүрген секілді…
– Қазір телеарнаны басып қалсаңыз, ән салып тұрады. Олардың да әсері көп. Түкке тұрғысыз әндеріне сөзін өздері жаза салады. Кей әндерде 103 рет қайталанған сөздер бар екен. Мағына жоқ, мазмұн жоқ, тек әншейін ұйқас. Ұйқас дегенде кейбірінде ол да жоқ. Осындай әндер қаптады. Бейнебаян түсіріп алады да радио, телевидениеге бес мың доллар төлесе болды, мағынасына қарамайды, эфирден айналдырып шығара береді. «Рух пен тіл», «Мәңгүрттенбеу марсельезасы», «Желтоқсан тағылымы», «Отырар кітапханасы» деген әндерімді жұртшылық жоғары деңгейде қабылдады. Бірақ радио, телевидениеден беруге қорқады. Осыған орай, жыл сайын шығармашылық кешімді өткізіп тұратын едім, былтыр өтпей қалды. Себебі, Республика сарайына отыз бес мың доллар төлеуім керек екен. Ондай ақша менде жоқ. Осы «Жалын» журналының редакторы ретінде жүз елу мың теңге аламын. Ара-тұра кітаптарымызды сатамыз. Ол да өтпейді. Қазір кітап оқитын адамдар аз. Ал сол Республика сарайында концерттер жиі өтіп тұрады. Қазір ақшасы бардың бәрі ән айтатын болып кетті ғой. «Ана тұрған бидайды, комбайнмен жинайды» дегеннің ар жақ бер жағындағы әндерді айтып, концерт береді. Алдыңғы жылы Қытайдағы бір кездесуге мені шақырды. «Қазір кітаптар неге оқылмайды?» деген тақырыпта пікірталас өткізілді. Осыған байланысты өз ойларымды айттым. Соны Қытайдың басты телеарналары берді. Кезінде Гитлерден Шығыстағы жаулап алған елдерге қандай саясат қолданамыз деген кезде Гитлер: оларға ертеден кешке дейін музыка тыңдата беру керек, ойлануға мүмкіндік бермеу керек. Себебі, адам неғұрлым рухани жағынан саяз болса, соғұрлым өзін бақытты сезінеді деген. Гитлердің сол арманы қазір орындалды. Рухсыздық бүкіл әлемді жаулап алды. Пелоперлос аралында дельфиндер көп жүреді екен. Сол жерге апарып қазіргі жастардың барлығы билейтін даңғаза ырғақты ойнатқанда дельфиндер бірінің үстіне бірі секіріп билеп, жүзден астам дельфиндер өздерін жағаға лақтырып жіберген. Музыканың өзі екіге бөлінеді – рухани парасатқа тартатын музыка, даңғазалыққа тартатын музыка. Адам даңғазаға еліктей берсе, еліріп, ақыл-есінен айырылады. Мен Қытайда сөйлеген сөзімде осы мәселеге терең назар аудардым. Кітап оқылмауының бір себебі, Гитлердің саясаты әлемдік деңгейде іске асып жатыр дегенімді қытайлар жақсы қабылдады. Сөйлеген сөзімді қытай тіліне аударып, басты арнасынан беріпті.

Қазір Қытайдағы қазақ, ұйғыр, дұнған тіліндегі мектептерді жойып жатыр ғой. Ресейде де солай. Кезінде Шыңғыс Айтматов екеуіміз Түркияда тікелей эфирде сөйлегенбіз. Сол тікелей эфирде Ресейдің қазіргі ұстанып отырған саясатын қатаң сынадым. Ресейдің қарамағындағы автономиялы республикалар бар ғой, соларға қарасты басқа тілдегі мектептердің барлығын жауып, тек орыс тілінде сабақ өтетін жүйені енгізіп отыр. Осыған байланысты ойларымды айттым. Путиннің саясатын теріске шығардым. Ресейдің Түркиядағы елшісі менің сөздерімді түгел жазып алыпты да Путинге жіберіпті. Ресейдің сол саясатын Қытай қолдап, батыл түрде өздеріндегі аз ұлттардың тілдерін дерлік жоюға көшті. Бұл БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның заңдарына тікелей қайшы. Осыған байланысты мен БҰҰ-ға да, ЮНЕСКО-ға да хат жолдадым. Бұлай ету басқа ұлттардың бәрін құрту ғой. Сталин де, Хрущев те, Брежнев те бұлай жасаған жоқ. Бірақ Ресейдің қазіргі басшысы осындай қадамға барып отыр.

– Қазір кейбір балабақша, мектеп, мемлекеттік мекемелер үш тілді қатар меңгеру керек деген талаптар қойып отыр. Соның ішінде мемлекеттік тіл саналатын қазақ тілінің болашағы бұлыңғыр, жарымжан күй кешуде. Сіз тіл туралы аз айтып жүрген жоқсыз. Қайтсек, тілдің мәртебесін көтереміз?

– Бұл туралы айтып та, жазып та жатырмыз. Билік құлақ асар емес. Жапондарда бала он екі жасқа келгенше ана тілінде ғана тәлім-тәрбие алады екен. Өйткені, бала ана қуатын, ана тілін бойына сіңіруі керек. Оны сіңіре алмаған бала анасының қайсы екенін танымай қалады. Он екіден асқаннан кейін он тіл үйрене ме, жүз тіл үйрене ме, өз еркінде. Сегіз қаласында менімен кездесу болды. Сонда осыны зерттедім. Кеңестер Одағының кезінде де бала басқа тілді 5 сыныптан әрі қарай үйрене бастайтын. Қызылордадағы бір балабақшаның бастығы сөйлеп тұр, біз 2 жастан бастап балаларға үш тілді үйретіп жатырмыз деп. Ол бала міндетті түрде өзінің ана тілінің қайсысы екенін ажырата алмайды. Сосын орыс тіліне немесе ағылшын тіліне ауысады. Мінеки, біз осылай рухтан жұрдай ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз. Мына бір масқаралықты қараңыз, жақында Алматыдағы Фурманов көшесінің басынан аяғына дейін жүріп өттім. Қарасаңыз, мекеме, кафе, мейрамхана, мейманханалардың маңдайшаларының 70 пайызға жуығына ағылшын тіліндегі тақтайшалар орнатылыпты. Орыс тілімен жылап көрісетін болдық. «Қазақстан» арнасынан жексенбі сайын «Қазақстан дауысы» деген байқау жүріп жатыр ғой. Бір хабарда онға жуық ән салынса, жетеуі ағылшын тілінде. Бір, екеуі қазақша. Бұл не деген сұмдық? Қазақша зорға айтатындар тыраштанып ағылшын тілінде айтып жатыр. Ұят нәрсе ғой. Алдымен өзінің тілін жетістіріп алсын да.

Ұлттың мұңын мұңдаймын деп екі рет инфаркт алдым

-Ақын жаны нәзік те жұмбақ әлем. Ал сіз саясатта күрделі де, ауқымды істердің талайын атқардыңыз. Бұл ақынның табиғатына жат емес пе?

-Басқа ақындар сияқты жатып алып, өлең жазуды мен де білемін. Олай ету маған ыңғайлы ғой. Мен де тәп-тәуір ақын болатын едім, бар күш-жігерімді өлеңге жібергенімде. Бірақ ұлтты қайтеміз? Егер мен болмасам, қазақ халқының тағдыры басқаша болған болар еді ғой. 1989 жылы мемлекеттік тіл орыс тілі болады дегенде аттандап, екі қолымды көтеріп, қарсы шықпағанымда не болатын едіңдер. Басқасын айтпағанда, Колбинмен жағаласып жүріп Наурызды
да алып келдім. Көптеген ұлттық мүдделер үшін күрестік. Әлі де сол жағаласып келе жатырмыз. Екі рет инфаркт алдым. Ұлт тағдыры мені қатты алаңдатады.

– Өлеңдерін жатқа білетін ақындар ілеуде біреу. Өзіңіз әлі де жатқа оқи бересіз бе?

– Қазақ тіліндегі өлеңдерімді жеті сағатқа дейін жатқа оқимын, орыс тілінде үш сағатқа дейін жатқа айтамын. Аты есіме түспей тұрғаны, бір мемлекетке барғанымда таңдай тақылдатты. Түсінбей, «мыналар не істеп жатыр?» десем, ерекше қатты ұнаған кезде қол соғудың орнына таңдайларын тақылдатады екен. Өлеңдерім де, жатқа айта беретіндігім де ұнаған болса керек.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Ақжан Жәутікова

Осы айдарда

Back to top button