Мерзімді басылымдардың мерзімінен кешігіп жетуіне не себеп?
Өңірдегі оқырмандар ақшасын төлеп, газет-журналдарға жазылады. Бірақ сол жазылған басылымдары кешігіп жетеді, кейде мүлдем жетпей қалатын көрінеді. Бұл – жылда қайталанатын түйінді мәселелердің бірі. Олай дейтініміз, редакциямызға әр ауданнан тұрғындар қоңырау шалып, шағымдарын айтып жатады. Не себепті кейбір оқырмандар газет-журналдарын уақтылы ала алмай отыр?
Оқырмандар не дейді, «Қазпошта» басшылығы не дейді?
– Зейнетақымыздан бөліп, бірнеше газетке жазыламыз. Газетіміз кешігіп келеді. «Қазпошта» қызметкерлеріне айтқанымызбен ешқандай нәтиже болмай тұр. «Дидар» газеті де кешігіп келеді. Сонда уақыты өтіп кеткен, ескірген жаңалықты бір аптадан кейін оқудың не керегі бар?! Кейбір нөмірлері мүлдем келмейді. Мекенжайым: Жарма станциясы, 1-ші квартал, №1 үй.
Тұрар Сейсенов
Жарма ауданы.
– Мен мектепте мұғаліммін. Алдыңғы жылы 6 айға «Дидар» газетіне жазылып едім. Бірақ сол алты айдың газетін мүлдем ала алмадым. «Қазпошта» қызметкерлері фамилиямнан қате кеткенін айтты. Газет келмегеннен кейін, екінші жарты жылдыққа жазылғам жоқ. Биыл мекенжайымды «мектеп» деп көрсетіп жазылып едім, әйтеуір анда-санда бір келіп жатыр.
Жаухар Қарбаева
Глубокое ауданы, Предгорное ауылы.
Оқырмандар тарапынан редакцияға келіп түскен сұрақтарға байланысты «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Болат Сарғалиновқа хабарластық.
– Әкімшілік орталықтарға мерзімді баспа басылымдары мен жазбаша хат-хабарды жеткізу аптасына 4-6 күннен кем емес жиілікте жүзеге асырылады. Ал елді мекендерге аптасына екі рет таратылады. Оқырмандардың сұрағына келер болсақ, «Дидар» газеті Глубокое ауданының Предгорное, Жарма ауданының ауылдарына аптасына 3 рет таратылады, – дейді Болат Сарғалинов.
Сонымен қатар, Болат Сарғалинов «Қазпошта» АҚ облыстық филиалына «Дидар» газетінің жеткізілу-жеткізілмеуі жөнінде жеке және заңды тұлғадан бірде-бір арыз-шағым түспегенін айтады.
Қазіргі уақытта «Қазпошта» АҚ мерзімді басылымдарды оқырманға уақтылы жеткізу бағытында тиісті жұмыстарды қолға алып жатыр екен. Болат Сарғалиновтың айтуынша, енді облыс орталығына жақын маңдағы елді мекендерге «Дидар» газеті баспадан шыққан күні жеткізілетін болады.
Өздеріне тиесілі газеттерін даулап жүрген оқырмандарды тізе берсек, жетерлік. Бірақ «Газетімізді даулаймыз деп, өз басымыз дауға қалар» деп қолды бір сілтейтіндер де жоқ емес. Кейбір оқырманның ойынша, газеттің дұрыс келмеуі пошташының өз жұмысына салғырт қарауынан сияқты.
Пошташылардың жалақысы 20 мыңнан аспайды
Қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында, көктемгі лай-балшықта жаяу-жалпылы көше-көшені аралап, газет-журнал, хат тарату қаншалықты қиын жұмыс? Оқырманды осы қызметтің қыр-сырына қанықтырмақ ниетпен Ұлан ауданы, Бозанбай ауылының пошташысы – Светлана Жамишеваның атқаратын жұмысымен танысып көрдік.
– Ауылдың бас-аяғы – үш шақырым. Аптасына үш рет газет-журнал таратамын. Айына бір рет 35 үйге зейнетақыларын апарамын. Әсіресе, қыста күн қысқа, қомақты ақшамен көше аралап жүру қиын. Сол қиындыққа қарамастан, пошта бөліміне келіп түскен газеттерді уақтылы жеткізіп тұруға тырысамыз. Бірақ кейбір үйде қарапайым ғана пошта жәшігі болмайды. Газет-журнал оқырмандары осы жағын да ескерсе екен. Жалпы, республикалық журналдар дұрыс келмегенімен, газеттер толық келеді. Мысалы, «Аңыз адам», «Жұлдыздар отбасы» журналы оқырмандарға бір-ақ рет жетті, – дейді 54 жастағы пошташы Светлана Жамишева. Кешке дейін аяғынан тік жүріп жұмыс істейтін Светлана Жамишеваның айына алатын жалақысы – 18-20 мың теңге.
Өзге де пошташылар осындай жалақыны қанағат тұтып отырған көрінеді.
– Газет-журнал апаратын учаскемнің бас-аяғы 11 шақырым. Аяқтан таусылсақ та, бөлімшеге келіп түскен газеттерді тиісті мекенжайға уақтылы апарамыз, – дейді Катонқарағай ауылының пошташысы Сандығаш Нұртазина.
Өңірлерде газет-журналдардың уақтылы таралмауы аудандық, облыстық газет шығарушы редакцияларға да кері әсерін тигізуде. Осы орайда бірқатар газет редакторлары пошта қызметкерлерінің жұмысына көңілдері толмайтынын айтады.
– Газет өзінің қажеттілігін жоғалтпас үшін халықтың қолына дер кезінде жетуі редакция алқасы үшін де, оқырман үшін де маңызды. Бірақ әсіресе, ауылдық жерлерде оқырмандар ақшасын төлеп жазылған газет-журналдарын уақтылы ала алмай отыр. Бұл – шындық. Айлығы шайлығынан аспайтын пошташының күні бойы ауылдың бір басынан екінші басына дейін газет таратып шығуы оңай емес екенін де түсінеміз. Осындай олқылықтың алдын алу үшін қатаң тәртіп пен қадағалау керек сияқты, – дейді «Алдаспан» газетінің редакторы Жадыра Мейірбаева.
Керек дерек
Жазылған газет-журналыңыз уақтылы келмеуіне байланысты немесе басқа да арыз-шағымыңыз болса, аты-жөніңізді, мекен-жайыңызды, индексіңізді, басылым атауын айтып, «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының маркетинг, жарнама және PR бөліміне хабарласуыңызға болады. Байланыс телефоны: 8 (7232) 24-93-41.
Мерей Қайнарұлы