Тікелей байланыс

Мемлекеттік қызметші заңнаманы және өз міндетін бес саусағындай білуі тиіс

«Дидар» газетінің редакциясында өткен тікелей байланысқа Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов келіп, оқырмандар сауалдарына жауап берді.

Мемлекеттік қызметші заңнаманы және өз міндетін бес саусағындай білуі тиісСоңғы кездері елімізде мемлекеттік аппаратқа, оның құрылымына жіті көңіл бөлініп келеді, өйткені, шенеуніктер тарапынан тұрғындарға көрсетілетін қызметтер ұдайы жетілдіруді талап етеді. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент және тәртіптік кеңес нақ осы саланы қатаң қадағалап отырады.

– Жүйеде реформалар неғұрлым көп болса, оларға айтылар сын да соғұрлым мол болады, – дейді Тоқтамыс Қадошұлы. – Себебі, өзгерістерге бірден үйреніп кету оңай емес, мұнымен қоса халықтың барлық дерлік мемлекеттік қызметшілерге сенім арта бермейтінін де тәжірибеден білеміз. Біздің департамент пен тәртіптік кеңес мемлекеттік қызметшінің абырой-беделі тиісті талаптарға сай болуы үшін жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік қызмет әділдік, ашықтық, жауапкершілік принциптеріне негізделуі және азаматтардың сеніміне ие болуы тиіс.

Үмітхан Нұрғалиев, зейнеткер, Өскемен:
– Мемлекеттік қызметшілер зейнеткерлік жасқа жеткен кезде жұмыстарын жалғастыра ала ма? Жастардың мемлекеттік қызметке қабылдану қарқынына талдау жүргізіле ме?

– Мемлекеттік қызметшілер зейнет жасына толған кезде не зейнеткерлікке шығады немесе жұмысын жалғастыруы да мүмкін. Заң бойынша мемлекеттік қызметші зейнеткерлік жасқа жеткенде «ары қарай жұмыс істеймін» десе, әрине, оның іскерлігі, кәсіптік деңгейі жоғары болса, басшысы қарсылық білдірмесе, онымен тағы бір жылға шарт жасалады. Жастардың мемлекеттік қызметке алынуына мониторинг жүргізіледі. Қазіргі кезде конкурсқа қатысып жатқан азаматтар саны төмендеп кетті. Өйткені, олардың 60 пайызы тестен өте алмай, құлап жатады.

Баяш Нұғымаров, Ақжар ауылы, Тарбағатай ауданы:
– Менің мемлекеттік қызметтен зейнеткерлікке шыққаныма 7-8 жыл болды. Маған қандай жеңілдіктер бар?

– Қазір зейнетке шыққан мемлекеттік қызметшілерге жеңілдіктер қарастырылмаған. Бірақ мемлекет бұл мәселені алдағы уақытта назарға алмақ.

Артем Стеблов, Семей:
– Мемлекеттік органдарға кадрларды іріктеудің тәсілі қандай? Мемлекеттік қызметке орналасу үшін не істеуім керек?

– Елімізде 2000 жылдан бері кадрларды іріктеудің конкурстық жүйесі қолданылып келеді. Ал көршілес Ресей мұндай іріктеу тәсілін тек осы жылдан ғана қолға ала бастады. Конкурстың артықшылықтары өте көп, алайда, мен бұл жүйеге бұрындары ашықтықтың жетіспегенін де жоққа шығара алмаймын. Соңғы кездері енгізілген өзгерістердің арқасында мемлекеттік органдар жанындағы конкурс өткізетін комиссиялардың құрамы кеңейтіліп отыр. Енді комиссиялар құрамына тәуелсіз бақылаушылар, атап айтсақ депутаттар, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіретін болады. Егер мемлекеттік қызметке орналасқыңыз келсе, сізден Қазақстан азаматы болу және тиісті білім талап етіледі. Ол жұмыстың ерекшелігіне байланысты, мәселен, кейбір құрылымдарға заңгер, не болмаса экономист керек. Бәрі де нормативтік-құқықтық актілермен реттелген. Еңбек өтілінің болуы да барлық жерде міндетті емес. Конкурс бірнеше кезеңнен тұрады. Тестке заңнамаға қатысты сұрақтар енгізілген. Олар күрделілігіне қарай үш деңгейге бөлінеді, бұл сіз иеленуге ниеттеніп отырған лауазымға байланысты. Конкурс барысында, мәселен, белгілі бір басқармада, сіз өзіңіздің үздік қабілеттеріңізді көрсетуіңіз қажет. Бұдан соң комиссия іріктеу жүргізеді. Биылдан бастап жетілдірілген комиссия құрамы барлық ведомстволарда жұмыс істейді, бұл – біз қойып отырған талап.

Мария Кравцова, Шемонайха ауданы:
– Мемлекеттік қызметтегі реформалардың сол қызметті пайдаланушы қарапайым тұрғындар үшін қандай пайдасы болады?

– Біздің міндет – азаматтарда шенеуніктерге деген сенімді қалыптастыру. Біз мемлекеттік органдарға өз жұмысын сапалы атқаратын білікті, адал әрі әділетті еңбеккерлердің барғанын қалаймыз. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және реттеу міндеті жүктеліп отыр, осыған орай қоғамдық кеңес құрылды, оған мен жетекшілік етемін. Егер біз олқылықтарды аңғарсақ, оны бірден қоғамдық кеңестің талқысына саламыз. Мұндай органдар еліміздің барлық облыстарында құрылған, сондай-ақ, республикалық кеңес те бар. Біз мәселелерді талқылап, шаралар қолданамыз. Егер өрескел кемшіліктер орын алып жатса, қызметкерді жауапқа тарту немесе лауазымына сәйкес емес деп тану туралы мәселе көтереміз. Біз тұрақты түрде мониторинг жүргіземіз, Тұрғындарға қызмет көрсету орталықтарының жұмысын қадағалаймыз, азаматтар бір құжат үшін жүйкелерін және мекемелердің табалдырығын тоздырмауы тиіс.

Раушан Мәуітова, Семей:
– Сіздер облыс аудандарындағы мемлекеттік ведомстволардың жұмысын қалай реттеп отырасыздар? Олардың қайсысы талап үдесінен шыға алмай отыр?

– Аудандардағы ведомстволардың жұмысы қалалардағыдай белсенді түрде жүргізілмейді, сондықтан біз оларды айрықша бақылауға алып отырмыз. Айталық, халыққа қызмет көрсету орталықтарында мамандардың тұрақтамауы байқалады. Барлық жерде қызметкерлерді оқытып үлгере бермейді. Елбасымыздың бұйрығы бойынша тексеру жүргізілген, тұрғындардың мемлекеттік қызмет сапасына айтар сыны көп. Бізге арыз-шағымдар ұдайы түсіп тұрады. Мысалы, тәртіптік кеңес былтыр – 24, ал осы жылдың алғашқы тоқсанында 9 шағымды қарастырған. Біздің ведомство тұрғындармен тұрақты түрде жұмыс істейді, сол себепті бізге түсіп жатқан арыздарды, талап-тілектерді жауапсыз қалдыра алмаймыз. Мәселен, өткен жылы Ұлан ауданының әлеуметтік қорғау бөлімі жүкті әйелге қызмет көрсетуден бас тартқан. Бұл сорақы жағдай бірнеше рет қайталаныпты. Тексеруден кейін кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.

Облыстағы көптеген аудандар мен қалалардың жұмысы көңіл көншітпейді. Олардың бірін атап көрсету мүмкін емес, бәрінде де олқылықтар жетерлік. Тәртіптік кеңестің өткен отырысында сот актілерін орындау департаменті басшысының есебі тыңдалды, ол өз қарамағындағы қызметкерлермен коррупциялық қылмыстарға қатысты түсіндіру жұмыстарын қалай жүргізетінін баяндады. Өйткені, тәртіптік кеңесте аталмыш мекеме мамандарының істері бірнеше мәрте қарастырылған-ды. Алайда, барлық кінәні бір адамға артуға болмайды, әрбір мемлекеттік қызметші заңнаманы және өзінің тікелей міндеттерін бес саусағындай білуі тиіс. Айталық, түсіндіру жұмыстары адамдарға тиімді әсер етеді, яғни, біз мемлекеттік мекемелерге барып, нақты қай қызметкердің пара алғаны үшін сотталғанын, қай қызметкердің жұмыстан қуылғанын тура айтамыз. Міне, осы әдістің пайдасы көп.

Толқын Амантаева, Өскемен:
– Облысымызда қанша мемлекеттік қызметші бар? Студенттермен қандай жұмыстар жүргізіледі, мемлекеттік қызметтің кадрлық резерві бар ма?

– Біздің облыста мемлекеттік қызметшілердің саны сегіз мыңнан асады. Әр елдегі мемлекеттік аппараттың құрылымы әр бөлек, соған байланысты шенеуніктердің үлесі де сан түрлі. Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің саны – орташа, яғни аз да емес, көп те емес. Кадрлық резерв біздің ведомствода шоғырланған. Базамызда іріктеуден өткен кандидаттар туралы ақпарат сақталады, олар бір жыл ішінде босаған орындарға ұсынылуы мүмкін. Жастармен енді әрбір ведомствода жұмыс жүргізілетін болады. Арнайы осы мақсатта әр департамент, басқарма, бөлім тәлімгерлер бекітеді, біз өз кезегімізде оларды жас мамандармен жұмыс істеуге үйретеміз. Біз барлық кездесулерде болашағынан үміт күттіретін белсенді әрі алғыр студенттерді мемлекеттік қызметке шақырып отырамыз.

Алмас, Құйған ауылы, Тарбағатай ауданы:
– Ауылдық округтегі бос орынға өткен жылы конкурсқа түскенмін. Резервте тұрмын. Онымен қашанғы жүремін? Басқа ауылдық округтің бос орнына ниет етуіме бола ма?

– Конкурстық комиссия аудан көлемінде бір болғаннан кейін соның шешімі басқа ауылдық округтерге жарайды. Сондықтан аудандағы басқа ауылдық округтерге жұмысқа баруыңызға болады.

Ақмарал Теңізбаева, Үржар ауданы:
– Мемлекеттік жұмысқа кіру үшін қандай мүмкіндіктерді пайдалануға болады?

– Тек қана өзінің қабілеті мен білімі болуы керек, қай мемлекеттік орган конкурс жариялайды, соған міндетті түрде қатысуға мүмкіндігі бар. Ол үшін тестілеуден өтуге тиіссіз. Ал конкурстар туралы ақпарат газет беттеріне жарияланады, біздің ресми сайтымызда да бар.

Мария Андреева, Белоусовка кенті, Глубокое ауданы:
– Тәртіптік кеңес жемқорлармен ымырасыз күресіп жатады, білейін дегенім, еш жазығы жоқ қызметшінің осы күрестің құрбаны болып кетуі мүмкін бе?

– Бізде бәрі заң бойынша, себебі тәртіптік кеңес сот секілді. Істі қарамас бұрын өзге қадағалаушы органдармен, атап айтсақ, прокуратурамен, экономикалық қылмыстармен күрес жөніндегі бөлімдермен, құқық қорғау органдарымен және тағы басқалармен бірге тексеру жүргізіледі. Біз өз тарапымыздан да қызметтік тексеру жұмыстарымен айналысамыз.

Мұнымен қоса, тәртіптік кеңес құқық қорғау құрылымдарында, басшылық қызметтерде жұмыс тәжірибесі бар, абырой мен қалыптасқан көзқарасқа ие лайықты азаматтардан құралған. Сондықтан біздің кінәсіз азаматты жұмыстан шығаруға немесе жауапқа тартуға ұсынуымыз мүмкін емес. Әлбетте, кейде шешім шығару қиынға соғып жатады. Зейнетке шығуына бір-ақ жыл қалған (өткен тәртіптік кеңес отырысында осындай жайт орын алды), отбасы, бала-шағасы бар адамды қызметтен босату оңай емес. Десек те, заң бәрінен де жоғары, біз тек заңды ғана басшылыққа аламыз. Кейде істің барлық бүге-шігесі қарастырылмаған жағдайлар болады. Ондайда біз істі ары қарай тағы тексеріп, қосымша жұмыс жүргіземіз.

Тікелей байланысты жүргізген – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button