Мемлекеттік тілдің мерейін қайтсек үстем етеміз?
Жақында Риддер қаласында «Демократияны тарату орталығының» ұйымдастыруымен «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты дөңгелек үстел өтті. Жергілікті этномәдени орталықтардың өкілдері және қазақ тілінің мамандары қатысқан дөңгелек үстелді танымал саясаткер, Парламент Мәжілісі жанындағы қоғамдық палатаның мүшесі Дос Көшім жүргізді.
– Бұл іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантымен жүзеге асып отыр, – деді саясаткер, – өкінішке қарай, қазақ тілді қауым мемлекеттік тіл мәселесін өзара қызу талқылайды, бірақ, орыс тілді азаматтардың көпшілігін бұл тақырып толғандырмайды. Алайда, біздер бір елде, бір жерде тұрып жатырмыз ғой, сондықтан мемлекеттік тілдің дамуы, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуы мемлекеттік мәселе болып табылады. Сондықтан біздер осы мәселені орыс тілді қауымға түсіндіруге, насихаттауға, керек болса, пікірталастыруға ниет еттік.
Дөңгелек үстелде «Орыс тілді азаматтардың осы күнге дейін мемлекеттік тілді үйренуге құлықсыз болуының себебі неде?», «Қазақ тілін қолдану аясын кеңейтудің қандай жолдары бар?», «Орыс тілді ата-аналар балаларын қазақ мектебіне неліктен бермейді?» деген сияқты сұрақтар талданды. Бұл сұрақтарға дөңгелек үстелге қатысушы орыс тілді азаматтардың өздері жауап іздеді. Меніңше, соңғы уақытта орыс тілді қауымның ішінде қазақ тілін меңгерудің қажеттігін түсіну кеңейіп келеді. Бұрынғыдай «қазақ тілінде оқулық жоқ», «сөздіктер жетіспейді», «қазақ тілін оқыту әдістемесі нашар» деген сынды сылтаулар азая бастаған. Алайда, мемлекеттік деңгейде қазақ тілінің қажеттілігі жасалмаған соң, олар да қазақ тілін үйренуге тырыспайды.
Пікірталас үстінде біз оларға қазақ тіліндегі мектептердің қазіргі санын, мемлекеттік қызметке тұру кезінде қазақ тілін білуді талап етуді, т.б. дәлелдерді келтіре отырып, енді біршама жылдардан соң, тек орыс тілін ғана білетін жандардың қоғамдық-саяси өмірден тыс қалатынын ашық ескерттік. Жалпы қазақ елінде өте күрделі болып саналатын ұлттық мәселені орыс тілді аудиторияның арасында да ашық талдауға болатын кезең келген сияқты. Сонда ғана ұлттар арасында түсіністік пен татулық болады. Сонда ғана кейбір саясаткерлер тіл мәселесін ұлтаралық мәселеге айналдыра алмайды деп ойлаймын.
Аса қызықты өткен дөңгелек үстел отырысының соңында қатысушыларға орыс тіліндегі «Құрметті ата-аналар, сіздердің балаларыңыздың болашағы – қазақ тілінде» деген плакаттар таратылды.