Саясат

Мемлекеттік рәміздерге мән бермейтін мекемелер де бар

Облыстық прокуратура органдары «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заң талаптарының сақталуына тексеру жүргізді. Тексеру барысында мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібінің бұзылу фактілері анықталды.

Мемлекеттік рәміздерге мән бермейтін мекемелер де барПрокурорлық тексеру нәтижелері кейбір мемлекеттік органдардың ғимараттарында рәміздердің жоқ екенін, рәміздер стандартқа сай еместігін, олардың мемлекеттік органдардың сайттарында жоқтығын, түнгі уақытта оларға жарық түсірілмейтінін көрсетті.

Мысалы, Ұлан ауданы мемлекеттік мұрағатының, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мемлекеттік инспекция комитеті Ұлан аудандық өңірлік инспекциясының, Ұлан аудандық ветеринарлық бақылау комитеті өңірлік инспекциясының ғимараттарында Мемлекеттік ту орнатылмаған. Аталған мекемелердің лауазымды тұлғаларына қатысты Ұлан ауданының прокуроры әкімшілік іс қозғап, сотқа жолдаған.

Сондай-ақ, облыстың басқа да аудандарында осы тектес заң бұзушылықтар анықталған. Мемлекеттік рәміздер орнатылмаған барлығы он ғимарат анықталды. Осымен қатар, мемлекеттік ұйымдар ғимараттарындағы рәміздердің стандартқа сәйкес келмеуі орын алуда. Көбінесе олардың Сауда және индустрия министрлігі техникалық реттеу комитетінің №154-ОД бұйрығымен бекітілген түс реңдері дұрыс сақталмайды.

Мысалы, Семей қаласының прокуратурасы тексеру барысында қалалық қаржы, білім беру, құрылыс және сәулет, автомобиль жолдары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, кәсіпкерлік бөлімдері бастықтарының кабинеттерінде орнатылған Елтаңбалардың стандартқа сай еместігі анықталды. Осындай заң бұзушылық қаланың ішкі істер басқармасында да орын алған.

Прокуратура осы фактілер бойынша қала әкімінің атына заң бұзушылықтарды жою және кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту жөнінде ұсыныс жолдады. Қазіргі кезде Елтаңбаларды алмастыру жұмысы жүргізілуде.

Стандартқа сәйкес емес мемлекеттік рәміздерді пайдаланғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту мүмкін емес, себебі мұндай норма Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінде жоқ.

Тағы да көп кездесетін бұзушылық: мемлекеттік рәміздер түнгі уақытта жарықтандырылмайды. Прокуратура жүргізген рейд кезінде облыстық құрылыс басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы ғимараттарында орналасқан Ту түнде жарықтандырылмайды. Мұндай олқылықтарға басқа да мемлекеттік органдар жол береді.

Мемлекеттік органдардың ресми сайттарына мониторинг жасаған кезде көптеген бұзушылықтар анықталды, кейбір сайттарда Ту мен Елтаңба болмаған. Облыс прокуратурасы аталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізіп отыр.

Облыстың прокуратура органдары аталмыш конституциялық заңның бұзушылықтарын жою туралы 49 ұсыныс енгізіп, 10 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғаған.

Облыс прокуратурасының
баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button