Мемлекеттік рәміздердің мерейін асырды
Әлемде сан мыңдаған ұлт пен ұлыс өмір сүреді. Дәстүрлерін дәріптеп, болашаққа үмітпен қарайды. Алайда сол сан мыңдаған халықтың барлығы дерлік шекарасын айқындап, туын еркіндік көгінде желбіретіп, елтаңбасына тәу етіп отырған жоқ. Бұл жағынан алғанда біз бақыттымыз! Біздің Қазақстан атты мемлекетіміз, қыраны қалықтаған көк Байрағымыз, елдігімізді паш етер Елтаңбамыз, ұлтжандылыққа бастар Әнұранымыз бар. Бүгінгі өскелең ұрпақ елдігіміздің нышандарын ардақ тұтып, мақтан етеді.
Мұны олар мемлекеттік рәміздеріміздің 20 жылдығына арналған «Болашақ бүгіннен басталады» республикалық патриоттық форумы барысында дәлелдеді. Аталмыш форум облыс орталығында жоғары дәрежеде өтті.
«Үлбі» мәдениет үйіне жиналған жастар «Біз Қазақстанды сүйеміз!», «Алға, Қазақстан!» деп ұрандады. Форумға қатысып, жиналғандарды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай келген Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаевты, әнші Вячеслав Ткачты, Қазақстанның армрестлинг және гір спорты федерациясының бас хатшысы Владимир Геллертті, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Думанғазы Арғынғазинді өскелең ұрпақ қошеметпен қарсы алды.
Форум барысында «Жыл патриоты» мен «Туған Қазақстанымды паш етемін» номинацияларының жеңімпаздары марапатталды. «Жыл патриоты» марапатына ие болғандардың басым көпшілігі адам өмірін тілсіз жаудан арашалап қалған кіші сержант Рүстем Асланбекұлы, прапорщик А.Колесников, майор С.Лычагин сынды өрт сөндіру қызметінің мамандары. Ал «Туған Қазақстанымды паш етемін» номинациясының иегерлері еліміз бен өңіріміздің атын шығарып жүрген спорт саңлақтары мен өнер иелері. Олардың қатарында «Жігер», «Ладушки» фольклорлық ансамбльдері мен Р.Маликов, И.Ибраев, Л.Ануферова сынды спортшыларымыз бар.
№5518 әскери бөлімінің қызметкерлері шырқаған «Қазақстан – елім», Евгений Выблов орындаған «Алаш ұраны» әндері мен «Жігер», «Ладушки» ансамбльдерінің композициялары форумға жиналған өскелең ұрпақтың жүрегінде еліне, жеріне деген ұлтжандылық атты ұлы сезімді оята білді, мұны олардың жанарларында тұнған шексіз мақтаныштан байқауға болар еді.
Өйткені, олар әлемге Қазақстан атты ел бар екендігін паш етіп, БҰҰ алдында желбіреп тұрған көк байрағы бар елдің ұландары. Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанған спортшыларымыздың құрметіне көк байрағымыз көтеріліп, жат елде Әнұранымыз шырқалғанда олардың әрбірінің жүрегінде Отанға деген шексіз сүйіспеншілік сезімі оянып, көздеріне жас келген… Олар көк байрағымыздың ғарышта да желбіреп, Әнұранымыздың ғарышта да шырқалғандығы үшін де бақытты.
Семейде «Болашақ бүгіннен басталады» атты республикалық форум қаланың әр ауданын қамтып, оған Отанын құрметтейтін барлық жастар қатысты.
Орталық алаңда ұйымдастырылған патриоттар форумына «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков қатысып, жастарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
– Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Баршаңызды осынау Отанға деген құрмет сезімін арттыратын атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Елтаңба, Ту, Әнұран – тәуелсіз халқымыздың міндетті атрибуттары. Мемлекеттік рәміздерімізде Қазақ елінің егемендігі мен тәуелсіздігі идеялары көрініс тапқан. Біздің мақсатымыз – жастарды қазақстандық патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін қалыптастыру. Еліміздің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеу – әрбір азаматтың борышы. Сондықтан, Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік болып, туы желбіреп, әлемдегі мықты мемлекеттер қатарында болуына бәріміз де атсалысайық. Бүгінгі мерейлі күні Сіздерге зор денсаулық, жемісті еңбек, отбасы амандығын, ырыс-береке тілеймін. Тәуелсіз мемлекетіміздің көк байрағы биіктен желбіреп, мәртебесі одан әрі арта берсін! – деді Түсіпхан Түсіпбекұлы.
Дәстүр бойынша Мемлекеттік рәміздер күні аймағымыздың үздік патриоттары облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ сыйлығымен марапатталады. Осы жолы да облыс Әкімінің грамоталары ең белсенді жастарға табыс етілді. «Журналистика» аталымын тілші Досжан Омархан иеленді. Батылдық пен кәсібилік танытқаны үшін және отансүйгіштігі үшін Семей қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкері Талғат Отарбаев марапатталды. Жоғары азаматтық ұстанымы, шеберлігі және Отанына деген сүйіспеншілігі үшін бородулихалық Азамат Әубәкіров грамотамен марапатталды. Ал «Шығыс» аймақтық қолбасшылығының әскери оркестрі «Жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін» аталымына ие болды.
Ал қала әкімі Aйбек Кәрімовтің марапат қағаздарын Семейдің бірқатар балаларға білім беретін мекемелері, атап айтсақ, Ш.Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» мектеп-лицейі, «Жас жұлдыз» балалар орталығы мен №4 нашар еститін мектеп-интернат ұжымы иеленді.
Мемлекеттік рәміздер күнін семейліктер асқан патриоттық сезіммен мерекеледі. Балалар мен жастар шығармашылығы сарайында «мемлекеттік рәміздер туралы қаншалықты білеміз?» деген тақырыпта сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылды.
– 1992 жылғы маусымның 4-інде тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілді, – дейді сайысқа қатысқан жас Аида Мәдібекова. – Рәміздер – мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Сондықтан, біз – жастар тек түрлі шараларда ғана емес, өміріміздің әр кезеңінде рәміздерді құрмет тұтуымыз керек.
Қаланың сол жағалауындағы Мұхтар Әуезов алаңында жастар форумы аясында «Туған күніңмен, мемлекеттік рәміздер!», орталық саябақта «Желбіре, біздің жарқын ту!» атты шаралар ұйымдастырылды. Орталық алаңдағы мереке әрі қарай концерттік бағдарламамен жалғасты.
Раушан Нұғманбекова