Мектептерде әлімжеттік бар ма?
Ауылдан келгеніне екі айдай уақыт болған. «Агенттен» бас алмайтын ол кейінгі күндері телефонын қолына алса болды, қабағы түйіліп, тұнжырап шыға келеді. Артынан белгілі болды. Мектептегі ересек қыздар мұны мектепте де, әлеуметтік желіде де қорқытып-үркітіп, ақша талап етеді екен. «Агентке» шыққанын көрген бойда «блогына» қоқан-лоққыға толы хабарламаларды қарша боратып, мазасын алумен болған. Бұл іске мемлекеттік қызметте істейтін ағасы араласып, абырой болғанда, ың-шыңсыз аяқталған.
қайдан іздеуге болады?
Осы іспеттес сценарийі шытырман оқиғалы фильмге бергісіз оқиғалар білім ошақтарында болып жататыны өтірік емес. «Әлімжеттік» деген ұғымды ер адамдардың арасында ғана болатындай қабылдайтын қазақ қоғамы үшін қыз балалардың бір-біріне зомбылық жасауы заманақырдың айқын белгісіндей әсер еткенімен, келе-келе оған да селт етпейтін болдық. Бір кездері ұялы телефондар арқылы бүкіл елге тараған қыздардың бет жыртысып, шаш жұлысқан төбелестерінің кейбірінің ар жағында ақша бопсалау жатқанын анықтаған ішкі істер өкілдері. Болашақ аналардың бесік тербетуі тиіс қолдарын бір-біріне сілтеуге әдеттенуінің астарында не жатыр? Тұрмыс тауқыметі, тәрбиенің терістігі, заманның кері әсері, жаһанданудың дерті сынды жалпылама себептерден бөлек өтпелі кезеңнің көрінісі деген сипаттама берушілер де бар бұған. Сонда бұл өтпелі кезең қашанға дейін жалғаспақ деген сұрақ туады.
Ал психологтар бұл құбылыстың себебін адамның ішкі жан дүниесі мен ақпарат ағынынан іздейді. Жастарға арналған «Нұрсалауат» денсаулық орталығының меңгерушісі, психолог Мергүл Ордабаева мектеп ішіндегі әлімжеттік мәселелерінің астарында өтпелі жас тұрғанын айтады. Бұл кезеңде адам өмірінде екі бірдей қиындықты бастан кешіретін көрінеді. Оның бірі психофизиологиялық өзгеріспен, яғни, жас организмнің есеюімен байланысты болса, екіншісі, психологтар әлеуметтік өзгеріспен байланысты.
– Бұл кезде әр адам үшін балалық бал дәуреннің есігі тарс жабылып, ересектер әлеміне өтеді. Әсіресе, соңғы өзгеріс оның айналасына деген қарым-қатынасын айқындайды. Бала күнгі аңғал түсініктері мен өмір шындықтарының қайшылығы мінезге өз таңбасын салмақ. Бәрін өлшеп-пішетін қасаң қисын жеткіншектің ақыл-ойын басқара бастайды. Соның әсерінен жеткіншек барлық мазалаған сұрақтарға біржақты жауап іздеп, өзгелерден де соны талап етеді. Сол қасаң қисынға бағынбаған ақпараттың бәрін жоққа шығарудан тайынбайды. Олар өздеріне қарсы айтылған барлық сын пікірлерге агрессивті жауап қатады. Агрессивті жауап қату ретінде бірі үйден кетеді, бірі айналасындағылармен ренжіседі, бірінің төбелеске әуестігі артады.
Қаптаған қантөгіске толы фильмдер мен компьютерлік ойындардың да әсерін жоққа шығаруға болмайды. Өтпелі кезеңде мұндай ермек түрлеріне қызықпағанымен бала кезінен көрген фильмдер мен ойнаған ойындардағы ақпараттар мінезге әсер етеді. Бүгінгі шытырман оқиғалы фильмдердегі әйелдердің ер адамдармен қатар мылтық атып, қан жоса болып төбелескендері нәзік жанды жеткіншектерді қатыгездікке жетелейді.
Қоғамда педагог қауымның басым бөлігі нәзік жандылар болып кеткені қауіпті болмаса да зиянды құбылыс екені жиі айтылып жүр. Бүгінгі жастардың көбінің қыз мінезді болып келуін де осы үрдіспен байланыстыру негізсіз емес. Күйрек, бұйығы, өз басына жауап бере алмайтын ұрпақтың артуына баланы неке құрып табудан гөрі жеке жүріп табуды қолай көретін қыз-келіншектер де барынша үлес қосуда. Жарым отбасыдан Абай айтқан «толық адам» өсіп шығуы мүмкін еместігін өмір көрсетіп отыр. Көзін ашқаннан анасының мінезі мен әрекеттерін көріп өскен баланың ер мінезді болып шығуы қиын екені рас. Жеке жүріп дүниеге әкелінген балаға өзге ағайындары да жолай қоймайтыны тағы рас. Солайша сәбидің мектептен тыс тәрбиесіне жалғызбасты анадан басқа ешкім араласпайды да.
Психологтар баланың бойына өзін қорғай алатындай мінез дарыту үшін әуелі жанашыр жақындарын қорғауға әдеттендіру керектігін айтады. Баланың көңілі өзінен гөрі өзгені қорғауға дайын тұратынын айтады олар. Ал бүгінгі қазақ отбасыларының көбі шаңырағында дүниеге келер баланың санын алдын ала жоспарлап қоятыны жасырын емес. Бір ұл, бір қызбен шектелу сәнге айналды деуден гөрі әлеуметтік жағдайдың әлегінен туындаған мәжбүрлі меже деп білу керек сияқты. Бір үйден мектепке топтанып шығатын жанұяны қазір қаланы қойып, ауылдан да көру өте қиын. Өзімен тетелес, барлық мәселесін жасырмай айта алатын, одан қалса әр қадамын сырттай бақылап жүретін аға-інісі болмаған соң, саяқ өскен баланың күйрек болуы да түсінікті жайт.
Дәл қазір еліміздің оңтүстігі мен батысында, Астана қаласында мектеп қабырғасындағы қатыгез әлімжеттік мәселесі қатты қаузалып, алдын алу шаралары қызу жүріп жатыр. Қалың елдің қабырғасын қайыстырған суицид фактілерінің артында әлімжеттік жатқанын мәлімдеушілер пайда болды.
Шығыс Қазақстанда осы бір қылдай нәзік болса да шетін мәселе қаншалықты қадағаланып отыр? Тиісті орындар тиімді әрекет ете алуда ма? Осы сауалдарға жауап іздеп облыстық ішкі істер департаментіне жүгінген едік. Әр мектептегі моральдық-психологиялық климатты бақылаудан шығармау үшін жасырын сауалнамалар өткізіліп отыратынын айтады облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі А.Мұрзықанов. 776 оқу орнында жазбаша жүгінімдер салуға арналған арнайы жәшіктер орнатылған. Бір жылдың ішінде 39300 баладан сауалнама алынғанын да жайып салды ішкі істер өкілі.
Өткен жылы облыс көлемінде кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасында екі бірдей ақша бопсалау оқиғасы тіркеліпті. Оның бірі мектеп қабырғасында болса, бірі колледжде тіркелген. Бұл – ресми құжатқа қылмыстық іс ретінде тіркелген оқиғалар. Ал мұндай оқиғалардың қаншасы анықталмай, анықталса да жабулы қазан күйінде қалып жатқанын ешкім дөп басып айта алмас. Мақаланың басында келтірген оқиға сынды өз ортасында шешіліп, «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деген қағидамен бесігінде тұншығып жатқан жағдайлар да бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Бұл мәселені жасөспірімдер арасындағы қылмыс ретінде қарап, тек бір оқушының немесе бір ғана отбасының мәселесі ретінде көрсету үрдісі басым. Оқушының мәселесі мектептің де мәселесі болуы тиіс екенін айтады Өскемендегі А.Байтұрсынов атындағы №20 орта мектеп директоры Қанипа Мұқышева.
– Бұл бағытта көптеген жұмыстар жүргізілуде. Барлық қалалық білім ошақтары сияқты бізге де мектеп инспекторы тағайындалған. Тәрбие ісі жөніндегі екі орынбасарымның біреуі нақты осы іспен, атап айтқанда, оқушылардың құқығын қорғау және әлеуметтік мәселелермен байланысты жұмыс істейді. Құрамына ата-аналар комитетінің мүшелері мен әкімшілік қызметкерлері, психологтар кіретін психологиялық қызмет тобы да осы шаруамен айналысуда. Жуықта ғана өз ішімізде 8-11 сынып оқушылары арасында жасырын сауалнама жүргіздік. Жасырын болатыны, балалар бұл жөнінде ашық айтудан қорқады. Нәтижесінде екі бала «Сенен ақша бопсалай ма?» деген сауалға «Иә» деген жауап берген. Алайда «Сол жәбірлеушіні атап бере аласың ба?» деген сұрақты жауапсыз қалдырған. Бұл мәселе мектеп инспекторының бақылауына алынды, – дейді мектеп директоры.
Қанипа Мұқышева оқушылардың өздерінен құрылған жас полиция тобы да әлімжеттік мәселесінің алдын алуға атсалысып отырғанын айтады. Мектеп көлемінде өтетін ата-аналар жиналысына құқық қорғау орындарының қызметкерлері қатысып, арыз-шағымдарды тыңдап, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізетін көрінеді. Екі мыңыншы жылдардың басында әлімжеттік «гүлденіп» тұрған мектептер қатарына жатқызылған білім ошағының директоры өзі басшылық еткен бес жыл көлемінде ешқандай ақша бопсалау оқиғасы тіркелмегенін айтады.
Әлімжеттіктің алдын алып, анықтау мәселесінде сынып жетекшісінің рөліне мән бермей отырған сыңайлымыз. Күнделікті тіршілікте әлімжеттік пен ақша бопсалау оқиғаларына куә болғандар айтатын тағы бір шындық бар. Мектептен тыс жерді былай қойып, аулада немесе дәлізде осындай оқиғаның үстінен түскен кейбір ұстаздардың өзі болған оқиғаға көз жұма қарайтын көрінеді. Оқушының тәрбиесіне, оның тұлға болып қалыптасуына ата-анадан кейінгі кезекте жауапты ұстаздардың осыншалық «сақ» әрекет етуіне қарап, «Мұндай оқиғаның артында қылмыс әлемінің сыртқы күштері тұрған жоқ па екен?» деген ойға да келуге болады.
Бұл мәселе білім беру ісіне тікелей жауапты саланың тарапынан қаншалықты назарға алынғанын білу үшін Өскемен қаласының білім беру бөлімінің бастығы Александр Кузнецов атына сауал жолдаған едік. Қаланың бас мұғалімінің берген жауабы ішкі істер департаментінің ақпарына мүлде кереғар болып шықты.
«Прокуратура және ішкі істер органдарының қызметкерлерінен тұратын оңтайлы топтар ақшаны қорқытып алуды анықтау бойынша жұмысты жүргізбеді, себебі, оларға осы мәселе бойынша шағымдар түспеген.
Ақшаны қорқытып алу фактісін анықтау мақсатында балаларға анонимді сауалнама жүргізілмеген, себебі, осы мәселе бойынша білім беру бөліміне өтініш түспеген» деген мазмұнда жауап алдық.
Түйіндер болсақ, қасаң қағидаларға құрылған адамдар арасындағы қатынас тірі тұрғанда әлімжеттік те тоқталмайтыны ақиқат. Бұл мәселе мектеп жасындағы балаларға қатысты болғанда «Кім жәбір көрді?», «Кім жәбірледі?» деген сауалдардан басқа «Неге қатыгездікке жол берілді?», «Неге жәбірленуші босаңдық танытты?» деген сұрақтарға да жауап іздеу қажет сияқты.