Тікелей байланыс

Мектептердің 30 пайыздан астамы аттестаттаудан өте алмады

Мектептердің 30 пайыздан астамы аттестаттаудан өте алмады

«Дидар» газетінің редакциясында өткен кезекті тікелей байланыста оқырмандардың сауалдарына облыстық білім сапасын бақылау департаментінің басшысы Бағлан Данияров жауап берді.

Қанат Смағұлов,
Аягөз ауданы:
– Білім саkасын бақылау департаментінің негізгі қызметтері қандай? Департаменттің функцияларын білім басқармасына беруге болмас пе еді?
– Білім сапасын бақылау департаменттері Елбасының тапсырмасымен үш жыл бұрын құрылған болатын. Негізгі мақсаты білім беру сапасын арттыру, білім ұйымдары мен Білім және ғылым министрлігі арасындағы кері байланысты қамтамасыз ету және еліміздің барлық аймағында сапалы білім алуға бірдей жағдай тудыру болып табылады.
Маңызды факторлардың бірі ретінде мүдделі жақтардың кикілжің тудырмауын атап өтер едім. Осы уақытқа дейін өзіміз жоспарлап, өзіміз жүзеге асырып, оның орындалуын өзіміз тексеріп келдік. Соның салдарынан өз қызметімізге баға беру мен қабылданған шешімдердің объективтілігі мен ашықтығы сақталған жоқ. Бір ғана мысал келтірейін. Бұған дейін білім беру мекемелерін мемлекеттік аттестаттаудан аудандық және қалалық білім бөлімдері өткізіп келді және сол кезде бір де бір аттестатталмаған ұйым болған жоқ.

Шәйза Құттықадамқызы,
Семей:
-Менің математика мамандығы бойынша жоғары білімім бар. Жоғары оқу орнында информатиканы да оқыдым. Информатика бойынша біліктілік арттыру курсынан да өткем. Мектепте информатика пәнінен сабақ беруге құқым бар ма?
– Информатика мамандығы бойынша қайта дайындау курсынан өтсеңіз және сертификатыңыз болса, информатикадан сабақ беруіңізге болады. Бұл жерде ескертетін жайт, шағын жинақталған мектептерде жұмыс істейтін пән мұғалімдеріне басқа пәннен дәріс беруде кейбір жеңілдіктер жасалған.

Мұрат Жәңгірбеков,
Семей қаласы, Жаңасемей ауылдық округі, Ново-Баженово ауылы:
– Орта арнаулы оқу орнын ашайын деп ем, лицензия алуым керек пе? Ол үшін қандай құжаттар жинауым керек?
– Еліміздің «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Білім туралы» Заңдарына сәйкес, білім берудің кейбір түрлері лицензиялауға жатады. Нақты техникалық және кәсіптік білім беруге келетін болсақ, міндетті түрде заңды тұлға ретінде тіркелу қажет. Заңды тұлға біліктілік талаптарына сай болған жағдайда, оқу орнын ашуға толық мүмкіндігіңіз бар. Толығырақ vkocontrol.gov.kz сайтынан немесе болмаса 8(7232)70-43-60, 8(7232)21-65-38 телефондары арқылы хабарласып, білуіңізге болады. Егер сандық қолтаңбаңыз болса, электронды түрде өтініш беруіңізге болады. Бұл туралы httpe://elicense.kz веб-порталынан біле аласыз.

Әсем Қалдыбаева,
Зырян ауданы:
– Басқа мемлекетте алған білім туралы құжат қалай нострификацияланады? Мен Ресейден медициналық колледж бітіріп келген едім.
– Шет мемлекеттерде алған білім туралы құжаттар мемлекетаралық келісімдер негізінде біздің елде жарамды деп қабылдануы мүмкін. Нострификациялау мәселесімен Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласын бақылау комитеті айналысады. Өтінішіңізді осы комитетке жолдауыңыз қажет. Мына сайтқа хабарласуыңызға да болады: www.control.edu.gov.kz.

Жанболат Рахимов,
Курчатов:
– Облыстағы білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізудің қорытындылары қандай? Аттестациядан өтпей қалған оқу орындарының тағдыры не болмақ?
– «Білім туралы» Заңның 59- бабына сәйкес барлық білім ұйымдары бес жылда бір рет мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Бұл рәсімнің негізгі мақсаты – білім ұйымдарында білім берудің мемлекеттік стандарттарының орындалуына бақылау жасау. Мемлекеттік стандарт ұғымына оқу орнының материалдық-техникалық базасы, оқыту әдістемесі, кадрлармен қамтылуы және оқу үлгерімінің көрсеткіштері кіреді. Үстіміздегі жылы облыстағы 131 білім беру ұйымында, соның ішінде 97 мектепте, 25 мектепке дейінгі ұйымда, тоғыз кәсіптік және техникалық білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. Нәтижесінде мектептердің 31,9 пайызы, мектепке дейінгі ұйымдардың 20 пайызы, кәсіптік техникалық ұйымдардың 66,6 пайызы осы рәсімнен өте алмады. Негізгі кемшіліктер – кейбір басшылардың өздері мемлекеттік стандарттың не екенін білмейді және нормативтік заңнамаларды білу деңгейлері де төмен. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылып, орын алған кемшіліктерді жою үшін алты ай уақыт берілді. Қайта тексеру барысында кемшіліктерін толықтай түзете алмаған үш колледж: Өскемен колледжі, Семей колледжі және Өскемендегі Бизнес пен құқық колледжі сот шешімімен жабылды. Бұлардың үшеуі де жекеменшік және сырттай оқытатын. Оқушыларын заң бойынша басқа оқу орындарына орналастыруға міндетті, сондықтан олардың құқықтары аяққа тапталмауы керек.

Мектептердің 30 пайыздан астамы аттестаттаудан өте алмады

Сембаев,
Катонқарағай ауданы:
– Мемлекеттік стандарттың талаптары барлық білім беру ұйымдары үшін біркелкі. Алайда, ауылдық мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуын қаладағы білім ошақтарымен салыстыруға келмейді. Сол себепті ауылдағы мектептер үшін басқадай критерийлер қоюға болмай ма?
– Жоқ, мемлекеттік стандарт талаптары барлығы үшін бірдей болғаны дұрыс. Биыл мектептердің 31,9 пайызы
аттестаттаудан өтпей қалса, солардың жартысынан көбі ауылдық жерлердегі білім ошақтары. Бұл жерде жергілікті органдардың жауапкершілігін арттыру қажет. Біз осы жөнінде министрлікке ұсынысымызды білдірдік.

Нұртас Байтілеуов,
Абай ауданы:
– Сіздердегі бақылау шара¬ларының жариялылығы қай дең¬гейде? Бұл тұрғыда азаматтық қо¬ғам өкілдерімен байланыс¬тары¬ңыз бар ма?
– Департаменттің негізгі бақылау шаралары білім ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан және білім саласындағы Заңдардың орындалу жағдайы туралы жоспарлы тексерістер өткізу арқылы жүргізіледі. Мемлекеттік аттестаттаудан өтетін ұйымдардың кестесі алдын ала департаменттің сайтында жарияланады және ережеге сәйкес үш ай бұрын әр білім ұйымы жазбаша түрде ескертіледі. Сонымен қатар, аттестаттау нәтижелерін де департамент сайтынан табуға болады. Аттестаттау комиссиясының құрамына тәжірибелі мамандар, өзге де облыстардың өкілдері, кәсіпкерлер палатасының өкілдері тартылып отырады. Қабылданатын шешімдердің жариялығын, объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында департамент жанынан БАҚ және мемлекеттік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен консультативті-кеңесші комиссия құрылған. Барлық келелі мәселелер осы комиссия отырыстарында қаралады, комиссияның шешімінсіз бірде бір лицензия берілмейді.

Кәмшат Жидебай,
Жарма ауданы:
– Биыл ҰБТ және оқу жетістіктерін сырттай бақылауды өткізуде қандай ерекшеліктер орын алуы мүмкін? Ұлымыз 11-сыныпта оқушы еді, сол себепті алаңдап отырмыз.
– ҰБТ өткізудің форматы келесі жылы ешқандай өзгеріске ұшырамайды. Балаңыз алаңдамай, дайындығын жалғастыра бергені жөн. Ұлттық бірыңғай тестілеудің әкімшілік, сондай-ақ, психологиялық тұрғыдан көп жүк түсіретіні жасырын емес. Өмір бір орнында тұрмайды. Келешекте қоғам мүшелерімен, мұғалімдер қауымдастығымен, білім ұйымдарымен кең түрде талқылай отырып, ҰБТ-ны жетілдіру мәселелері қаралуы қажет деп ойлаймын. ҰБТ 2015 жылы да биылғыдай 14 тестілеу пунктінде өткізіледі. Барлық пункттер қажетті техникалармен толық жабдықталған. Сынақтың дұрыс өтуін Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мен облыстық білім сапасын бақылау департаментінің мамандары қадағалайтын болады. Негізгі мақсатымыз – барлық түлектерге бірдей жағдай туғызып, тестілеудің ашық түрде өтуіне ықпал ету. Ал оқу жетістіктерін сырттай бағалауға келетін болсақ, бұл білім ұйымдарында кездейсоқ іріктеу арқылы өтетін шара. Яғни, шараға барлық мектептердің қатысуы міндетті емес және оның нәтижелері оқушылардың жеке білімін бағалауда есепке алынбайды, білім ұйымы үшін ешқандай құқықтық салдары жоқ. Биыл облыстағы білім ұйымдарының он пайызы кездейсоқ таңдалып, тексерілді. ОЖСБ нәтижелері еліміздегі білім беру саласындағы өзгерістерді, кемшіліктерді сараптауға мүмкіндік береді және тиісті шешімдер қабылдау үшін қажет.

Серік Аманғазыұлы,
Риддер:
– Алматыдағы дизайн және сән колледжінде орын алған қайғылы оқиғадан кейін қоғамда оқу бағдарламасынан алғашқы әскери дайындық пәнін алып тастау керек деген пікірталас туып жатыр. Сіз осыған қалай қарайсыз?
–Алматыдағы оқиға кімді болса да бейжай қалдырмайтыны анық. Дегенмен, пәнді оқытуды оқу бағдарламасынан мүлде алып тастау дұрыс емес деп ойлаймын. Қазақстан ядролық қарудан бірінші болып бас тартқан мемлекет. Алайда, террористік қауіп те жоқ емес. Сол себепті жастарымыз Отанды қорғауға әрқашан дайын болулары керек. Оқу бағдарламасына өзгерістер енгізу арқылы оңтайландырылса, білім беру мекемесінде қару-жарақ сақтауға (қандай түрі болмасын) шектеулер қойылса, мұндай келеңсіз жағдайлар болмас еді. Бұл мәселені жан-жақты талқылап, пәнді оқыту әдістемесін жетілдірген жөн. Отанды қорғау, оған әрқашан да дайын болу барлық заманда маңызды болған.

Батырхан Оразов,
Үржар ауданы:
– Ауылдық аймақтардан халықтың көптеп көшуіне байланысты ауыл мектептерінде бала санының азаю үдерісі бар. Осыған орай мектептерді оңтайландыру жұмыстары қандай ресми құжаттарға сүйеніп жүргізіледі?
– Расында, оңтайландыру бүгінгі таңдағы үлкен мәселелердің бірі. Еліміздің Білім беру ұйымдары желісінің кепілденген мемлекеттік нормативіне сәйкес, ауылдық елді мекендегі мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш мектепте балалар саны бестен, негізгі орта мектепте 41-ден, жалпы орта білім беру ұйымында 81-ден асқанда, мекемелер өз қызметтерін жүргізе алады.

Гүлшара Абаева, Өскемен:
-Зейнеткерлік жасқа жақындаған мұғалімдер кезекті аттестаттаудан өтуге тиіс пе?
– Білім және ғылым министрлігі бекіткен педагогтік қызметкерлерді аттестаттау ережесінің 42-тармағына сәйкес, егер мұғалімнің біліктілік санатының қолдану мерзімі зейнеткерлік жасқа дейін төрт жылдан аспайтын уақыт қалғанда аяқталса, онда оның біліктілік санаты зейнеткерлік жасқа жеткенше сақталады. Егер педагог педагогикалық қызметін зейнетке шығуына байланысты тоқтатуға ниетті болса, ол білім беру ұйымының аттестаттау комиссиясына оны кезекті санат беруден (растаудан) босату туралы өтініш береді. Зейнет жасындағы педагог қызметкерлер білім беру ұйымының штатында және еңбек шарты бойынша бір жылдан артық жұмыс істеген жағдайда жалпы негізде аттестатталады.

Тікелей байланысты жүргізген – Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button