Медиаторлар не үшін қажет?
Өскемен қаласындағы Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында «Халықаралық келіссөздер академиясы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстандағы медиацияның дамуы» атты аймақтық конференция өтті.
Пікір алмасу түрінде өткен басқосуда осы институттың өңірдегі дамуы, кәсіби медиаторларды даярлау, кедергілерді жою және басқа да шешімі табылмай жүрген мәселелер сөз болды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында «Қазіргі заманғы технологиялар мен медиацияны пайдалана отырып, тиімді азаматтық сот ісін жүргізуді жолға қоямыз. Біз сотқа дейінгі іс жүргізу жүйесін күшейтеміз және айыптау мен қорғау тараптары арасындағы нақты бәсекелестікті қамтамасыз етеміз» деген болатын.
«Еліңнің ішін даудан сақта, сыртын жаудан сақта» деген нақылдың ішінде қаншама мән-мағына жатыр?! Бүгінде елімізде даулы мәселелерді шешудің балама әдістері енгізілген. Солардың бірі – медиация рәсімі. Даулы мәселелерді татуласу арқылы шешу азаматтардың сот шығындарын үнемдейді, сонымен қатар екі тарапты да қанағаттандыратын шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
– Медиация саласындағы түйткілді мәселелерді анықтап, оларды шешудің жолдарын іздестіру мақсатында еліміздің әр өңірінде кездесулер өткізіп, медиаторлармен жүздесіп жүрміз. Шығыс Қазақстан – біз келген алтыншы аймақ. Бұған дейін біз Астанада голландық әріптестермен халықаралық конференцияда болдық, сонда ұққанымыз, бізде медиация саласы дұрыс дамып келеді. Енді сіздерді толғандырған мәселелермен танысып, сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдау үшін келдік, – деді «Халықаралық келіссөздер академиясы қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Сабыржан Қалмұхамбетов.
Қазақстанда «Медиация туралы» заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енгені белгілі. Сол себепті, шығысқазақстандық медиаторлардың пікірінше, медиация саласының дамуы жайында емес, оның берген жемісі туралы айтатын кез келді. Алайда аталмыш институттың өмірімізге енгеніне он екі жыл өтсе де, әлі күнге «Медиация туралы» заң еш жерде сатылмайды, жас медиаторлар мәтінмен тек интернет желісінде ғана таныса алады.
Ұлан ауданының кәсіби медиаторы Тулетай Танекенова медиация саласында қордаланған біраз мәселелерді ортаға салды.
– Неге екенін білмеймін, қазір судьялар біртіндеп медиаторлардың қызметінен бас тартуда. Біздің ауданда бірде-бір іс полицейлерден шықпайды. Мысалы, жол-көлік оқиғасында зардап шеккен тараптар өзара келісіп, кінәлі жақ кешірім сұрап, тіпті шығынды өтеп қойса да, бізге келгенде зардап шегушілер «бір де қағазға қол қоймаймын!» деп сіреседі. Бұны қалай түсінуге болады? Медиаторлар жұмыс істегісі келеді, бірақ ешкім іс қарауға шақырмайды, жергілікті басшылардан қолдау аз. Мектеп медиациясы бойынша іс шықса, мектепке бармас бұрын алдымен аудандық білім бөліміне барып, рұқсат алу керек. Себебі білім ұясының директоры онсыз бізді жолатпайды. Мен өзім он бірінші жыл кәсіби медиатормын, әр сұрақты шешу үшін үлкен басшылардың кабинеттерін қағуға мәжбүрмін. Сіздерге алдымен аудан, ауыл әкімдерімен, бөлім басшыларымен жұмыс жасау керек, – деді Тулетай Замамбекқызы.
Әріптестерінің сөздерін Глубокое ауданынан келген және өскемендік медиаторлар да қолдады. Жиында аудандарда медиацияның дамуына әкімдіктің, полицияның, сот жүйесі жұмысындағы рейтингтер көп кедергі келтіретіні айтылды.
– Полиция бөлімдері басында медиаторлармен қуана жұмыс істеді. Бірақ артынан біз проблемаларды олардан тез шешетінімізді көргенде, істерді беруді қойды. Өйткені олардың жұмыс рейтингінде тараптарды татуластыру көрсеткіштері бар. Сот жүйесінде де солай. Қазір судья-медиаторлар шықты. Бірақ олардың жұмысын медиация деуге келмейді. Өйткені судья қалай болғанда да бір тарапты жақтайды. Сот медиациясына қатысқан адам басында шешіммен келісіп шығады, бірақ артынан өзінің мүддесі сақталмағанын түсінгенімен, шешімді қайта қарауға арыздана алмайды. Мектеп медиациясы туралы айтылды, олармен жұмыс істеу үшін мектеп директорына барып, «бірге жұмыс істейік» деп өзіміз өтінуіміз керек, ол үшін де жоғарыдағы басшылардың рұқсаты қажет, – деген пікірін білдірді глубокоелік медиатор.
Қызметтері құнсызданып барады
Жиынға қатысушылар қоғамда медиаторлардың қызметіне қажеттілік болғанымен, оларды ешкім пайдаланбайтынын қынжыла айтты. Медиацияны азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолдануға болады. Азаматтар, сондай-ақ заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттыруға болады. Халықаралық статистикаға сүйенсек, барлық даулардың 30-40 пайызы медиация рәсімінен өтеді, олардың 85 пайызында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Мысалы, АҚШ пен Сингапурда сотқа жетпей шешілетін даулардың үлес салмағы 90 пайыздан асады. Ал бізде қоғамдық медиаторларды қойып, кәсіби медиаторлардың өзіне сұраныс жоқ. Қоғамдық медиаторлар көбінде жасы келген адамдар, мысалы, облыста 82 жастағы медиатор бар. Егер аудан орталығында бір жиын өткізу керек болса, әр округтен олардың басын қосу да оңай емес, орталыққа жету үшін ешкім көлік бөлмейді, өз беттерімен жету қосымша шығын.
– Глубокое ауданында біз өз қаражатымызға елу медиаторды оқытып, бәріне сертификат бердік. Алайда оларды істерді қарауға ешкім шақырмайды. Осылайша медиаторлардың жұмысы құнсызданып жатыр. Біз аудан әкімі, ауыл әкімдері азаматтарды қабылдаған кезде қоғамдық медиаторлар бірге отырсын деген ұсыныс айтқан едік. Ол да жауапсыз қалды. Кәсіби медиаторлардың көпшілігінде прокуратурамен, полиция бөлімімен, сотпен, әкімдікпен бірлесе жұмыс істеу туралы меморандумдар бекітілген. Алайда олардан түсетін ұсыныс өте аз, – деп толықтырды Глубокое ауданынан келген медиатор.
Дегенмен медиация жұмысына дұрыс көңіл бөлетін аудандарда бұл қызмет түрі тәп-тәуір дамып келеді. Алтай ауданындағы Достық үйінің әдіскері Зинаида Натарова медиаторларға бөлек ғимарат бөлінгенін, олардың жұмысына жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Мысалы, қоғамдық медиаторлардың бірі Баймырза Сүлейменов жасының келгеніне қарамастан, күн сайын азаматтарды қабылдап, айына бес-алты істі сотқа жеткізбей шешеді.
– Ауданда медиаторлардың жұмысына түсіністікпен қарайды, он үш округтің медиаторлары жұмыстары туралы есеп беріп отырады. Судьялардың өздері ұрлық, отбасылық жанжал сияқты істерді медиаторлардың қарауына жібереді. Көлік не басқа да қажеттіліктер болса, әкімдік үнемі көмектеседі, – деп толықтырды Зинаида Аднановна.
Жеке мамандық ретінде танылуы керек
Өскемендік медиатор Оксана Александровна медиаторларды оқыту мәселесіне тоқталды.
– Қазір бізде екінің бірі өзін медиатор деп атағысы келеді. Судья-медиаторлар бар, енді нотариус-медиатор, сот орындаушысы-медиатор болғысы келетіндерді естіп жүрміз. Судьялардың қандай медиатор екені маған дейін айтылды. Нотариус дегеніміз даусыз істермен жұмыс істейді, ол қалай медиатор болады? Жалпы, қоғамда медиацияны дамыту туралы айтқанда негізгі жүктеме жасы келген қоғамдық медиаторларға немесе мектеп медиаторларына емес, кәсіби медиаторларға түседі. Біріншіден, медиатор деген мамандық болуы керек. Екіншіден, оларды оқытқанда өз қызметін жарнамалай алатындай маркетинг дағдыларына да үйрету керек. Олар маңдайшаға «медиатор» деп жазып қойғанымен, оларды көшеден ешкім іздеп келмейді, – деді медиатор.
Медиаторлар сонымен қатар өздерінен табыстары әлдеқайда жоғары адвокат пен сот орындаушыларымен бірдей мөлшерде салық ұсталынатынына наразылықтарын білдірді. Табыстарының 37 пайызы салық, әлеуметтік жарна, МӘМС жарнасы және зейнетақы қорының төлемдеріне ұсталады екен. Тым болмаса жас медиаторларға жеңілдік берілсе деген ойларын айтты. Бұдан басқа медиациялық келісімдерді тіркеу, ертең электронды тіркеуге өткен кезде не істеу керек деген сияқты толғандырған сұрақтарын ортаға салды.
Жиын соңында «Халықаралық келіссөздер академиясы қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Сабыржан Қалмұхамбетов басқосуда айтылған сын-ескертпелерге қатысты өз пікірін білдірді. Сабыржан Қайыржанұлының айтуынша, конференция жұмысына судьялар да шақырылыпты, біздің өңірден басқа облыстардың барлығында да олар белсенді түрде қатысып, пікірлерін білдірген екен.
– Судья-медиаторларға келсек, дұрыс айтасыздар, олар медиатор болып отырғанда, үстеріндегі мантияның әсерінен шыға алмай қалатындары рас. Сол себепті олардың тараптарды бітімгерлікке шақыру ниеттері басқа жаққа ауып кетеді. Соның салдарынан тараптардың бірі автоматты түрде өзін кінәлімін деп мойындайды. Қазір осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Келешекте біз кейбір категориядағы істерді міндетті түрде медиаторларға, сот арбитраждарына жүктеуге қол жеткізбекпіз. Сондай-ақ Президент әкімшілігі арқылы біз премьер-министр, министр, бас прокурор, жоғарғы сот төрағасы азаматтарды қабылдаған кезде олармен бірге медиаторлардың қабылдау жүргізуі туралы жобамызды ұсындық. Егер осы ұсынысымыз қабылданса, онда бұл тәжірибені облыс әкімінің азаматтарды қабылдауы кезінде де қолдануға болады, – деді Сабыржан Қалмұхамбетов.
Төраға қолға алған жобаның аясында сайт ашылатынын, кез келген адам сол жерде сауалдарын жолдап, оған жауап ала алатындарын айтты. Медиаторды жеке мамандық ретінде онлайн оқыту да жоспарда болғанын, қазір заңға енгізілген өзгерістерден кейін ол бастаманы қайта қарайтындарын ескертті.
Айна Ескенқызы