Марат Мағзұмов, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры:
– Қордай ауданында тұрмыстық деңгейдегі кикілжіңнен басталған оқиға жаппай тәртіпсіздік пен топтық төбелеске ұласты. Өкінішке қарай, оқиға салдарынан материалдық қана емес, адам шығыны да болды. Осыған байланысты арнайы мәлімдеме жасаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Жағдай толық бақылауға алынды. Қазір үкіметтік комиссия жұмыс істеуде. Әлбетте, қақтығысты бастаушылар мен қатысушылардың анықталары анық.
Оқыс оқиғаның басқаша сипат алып кетпеуіне анық ақпарат берудің маңызы зор. Бұл ретте еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары халыққа дер кезінде дұрыс ақпар тарата білді. Біз арандатушылық ниетте бейресми хабар таратудың бұндай кезеңде аса қауіпті екенін жақсы түсінуіміз керек.
Біздің халқымыз ежелден татулық пен тұрақтылықты, береке мен бірлікті мақсат еткен ел, біздің егемен еліміз де тәуелсіздік алған күннен бастап ынтымағы жарасқан, қазақстандық даму жолын қалыптастырған абыройлы мемлекетке айналды.
Сонымен бірге, бүгінде Қазақстанның бейбітшілік пен татулық саясаты әлемнің көптеген елі үшін үлгі саналады.Елдің тұтастығына нұқсан келтіретін кез келген берекетсіздікке жол берілмеуі тиіс.