Ауыл шаруашылығы

Марал шаруашылығының әлемдік мәселелерін шешудің жолын ұсынды

Марал шаруашылығының әлемдік мәселелерін шешудің жолын ұсындыӨскеменде VI дүниежүзілік маралшылар конгресі өтті. Халықаралық шараның ашылуына облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысып, конгресс жұмысына сәттілік тіледі.

Маралшылардың да мұражайы болады

Үш күнге созылған ауқымды шара отандық маралшылар үшін де, шетелдік меймандар үшін де аса пайдалы болғанын айтқан жөн. Біздің облыс төрт жылда бір өтетін маңызды шараны жоғары деңгейде өткізіп қана қоймай, әлемдік марал шаруашылығының алдында тұрған өзекті мәселелерді дәл атап, оларды шешудің жолын ұсынды.

Этноауылдағы киіз үйде екі күн бойы таңнан кешке дейін ымырасыз пікірталасқа түскен маралшылар конгрестен көп дүние түйіп қайтты. Әсіресе, шетелдік меймандарды марал шаруашылығын «жасыл экономиканың» құрамдас бөлігі ретінде дамыту идеясы таңғалдырды. Аймақ басшысы да өз сөзінде конгреске «Жасыл экономика – Қазақстан дамуының жаңа векторы» деген тақырыптың бекер бекітілмегенін атады.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ халық саулығын арттырудың маңызы жайында үнемі айтып келеді. Соның бір жолы – омарташылық пен марал шаруашылығын дамыту екенін біз жақсы түсінеміз. Сол үшін де мамыр айында өткен «Өскемен EXPO-2014» көрмесінде облыстың пантымен емдеу жобаларын ұсынғанбыз. Бүгінгі конгресті сол шараның жалғасы іспетті десе де болады. Бұл шаруашылықтарды дамыту үшін жергілікті бюджеттен субсидия бөліп келеміз. 2010 жылдан бері екі шаруашылықты дамытудың бағдарламасы жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде бал өндірісі 2,5 есеге өсіп, 40 түрлі пантын өнімін шығарып отырмыз. Алдағы уақытта бұл өнімдерді көршілес елдерге шығарсақ деген ниет бар. Бүгінгі бал фестивалі мен маралшылар конгресіне жиыны 17 елден өкілдер келді. Аталмыш екі шаруашылықтың егіз сала екенін текке айтып отырған жоқпын. Бізге өзіміз бас қосып отырған сол жағалаудағы мұражай-қорықта омарташылар мұражайын ашу жөнінде ұсыныс түсті. Қолдауға тұралық ұсыныс. Тек ол мұражай маралшыларға да ортақ болуы керек. Біз этноауылдан арнайы орын бөлуге әзірміз. Ал мұражайға қажет дүниелер жинап, оны ұстап тұру мәселесіне әр саланың тиісті ведомстволары да күш салғаны жөн, – деді аймақ басшысы.

Пантымен емдеу қолға алынды

Еліміздегі маралшылар қауымдастығының төрағасы Нұрлан Тоқтаров әлем маралшыларының алдында тұрған проблемалар туралы баяндама жасады. Ол марал шаруашылығы мен панты өндірісінің адамзат денсаулығын нығайтудағы тиімділігі қажетті деңгейде емес деген пікір білдірді. Бұған басты себеп саланың шағын нарықтың ішінде тұйықталуы болып отыр. Нарықты тұйықтап отырған Оңтүстік Корея мен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің өндірушілері. Аталмыш елдер өздерінде бұғы тұқымдастарды өсірмей-ақ, панты өндірісінің монополисіне айналған. Мәселені төтесінен қойған кәсіби маралшы жағдайдан шығудың қазақстандық жолын да нұсқады.

– Облыс басшылығының бастамасымен бізде өндірілетін панты өнімдерінің жан басына шаққандағы үлесіне талдау жасағанбыз. Жылына өндірілетін 15 тонна панты өнімдері 17 млн. қазақстандықтың әрқайсысына 0,75 грамнан келеді екен. Ал стандарт бойынша бір адам жылына 100 грамм панты өнімін тұтынуы қажет. Бізбен көршілес Ресейде де осыған ұқсас жағдай қалыптасып отыр. Демек, бізге ең әуелі өз халқымызды пантымен қамтамасыз етіп алу қажет. Ал қазіргі кезде өндірген өнімнің 80-85 пайызы шетелге арзан бағамен сатылып кетіп жатыр. Олай болмас үшін пантымен емдеу орталықтары мен шипажайларды көбейтіп келеміз. Біздің бастама бір мезгілде екі үлкен мәселені шешуге бағытталған. Біріншіден, халықтың денсаулығы нығайып, адамзаттың өмір сүру жасы ұзарады. Екіншіден, маралшылардың табысы артып, қосымша жұмыс орындары пайда болады, – деген Нұрлан Тоқтаров осы сынды өзекті мәселелерді талқылап, нақты шешімдер нәтижесінде бірге әрекет етуге мүмкіндік беретін маралшылардың бүкіләлемдік үйлестіру кеңесін құруды ұсынды. Бұл ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, аталмыш кеңеске мүше елдің кез келгені дауыс беру құқығына ие болуы керек деген шарт қосылды.

Мұндай жағдайдың Ресейді де алаңдатып отырғанын бұғы шаруашылығын зерттеу жөніндегі бүкілресейлік ғылыми зерттеу институтының өкілі Василий Луницын да растады. Оның айтуынша, көршілеріміз жылына 50 мың тонна консервіленген панты өндірсе, соның тек 5-8 пайызы ғана өздерінде қайта өңдеуге түседі екен. Бұл мәселені Алтай өлкесінің Бийск қаласындағы «Алтамар» холдингінің бас директоры Петр Свиридов кеңейте түсті. Ол Ресейде 1998 жылдан бері жанармай мен электр қуатының құны 22-22,5 есеге өссе, панты өнімдерінің бағасы төрт есеге арзандағанын алға тартты. Аталмыш холдингке қарасты «Алтамар» және «Спектр Бальзам» компаниялары бүгінде экспортқа бір грамм да панты шығармайды. Барлық өнім компанияларға қарасты туристік базалар мен емдеу орталықтарында пайдаланылады. Осының арқасында көлеңкелі нарықта 200-250 АҚШ долларына сатылып жүрген бір келі пантыдан 730 доллар пайда көріп отыр. Өзге де ресейлік мамандар шығысқазақстандық маралшылардың панты өнімдерін шикізат ретінде экспортқа шығармау жөніндегі ұсыныстарын қолдайтынын білдірді.

Біздегі субсидия талайларға арман

Оңтүстік Азия елдерінің аталмыш салаға монополиялық үстемдік орнатып отырғанын саладағы көшбасшы саналатын Жаңа Зеландия өкілдері деп мойындап отыр. Бұған «Tasman velvet processors» компаниясының директоры Джон Смитпен әңгіме барысында көз жеткіздік.

– Жаңа Зеландияда бұғы деген атымен болмаған. Оларды Еуропалық ақсүйектер аңшылық үшін жеткізіпті. Қазір олардың саны милионнан асады. Бізде бұғы асыраушылар панты өнімдерін сату ісіне бас қатырмайды. Панты сатумен айналысатындарды шартты түрде продюсер деуге болады. Мен – солардың бірімін. Біз дайын шикізатты Қытай мен өзге де Оңтүстік Азия мемлекеттеріне экспорттаймыз. Өйткені, аталмыш елдерде жұмыс күші де, өндіріс те арзанға түседі. Сіздердегідей, өзіміз марал өсіріп, пантыны өз елімізде өңдеу үшін мемлекеттік қолдау керек. Ал ондай қолдау бізде жоқ, – дейді Джон Смит.

Дегенмен, Жаңа Зеландияда бұғы шаруашылығымен айналысудың ресми нормативтік стандарты бекітілген. Massey университетінің ветеринария професоры Питер Уилсонның айтуынша, бұғы тұқымдастарды қолда ұстау, оның мүйізін кесу немесе сою, пантыны экспортқа шығару, бұғы етін сақтау және тасымалдау істерінің барлығы мемлекеттік стандартқа сай жасалуы заң арқылы қадағаланады. Аталмыш стандартта бұғы мүйізін кесер алдында ауруды жеңілдеткіш екпе егу сынды міндеттемелер жүктелген.

Біздегідей мемлекеттік қолдаудың бұғы өсірушілерге жетіспей отырғанын Канада маралшылар альянсының өкілі Ян Торлейфсон да айтты. Оның айтуынша үйеңкі жапырақты елде бұғы шаруашылығымен 160 ферма айналысады. Олардың қолында 50 мыңға жуық бұғы бағылса, 10 миллионнан астам бұғы жабайы өмір кешуде.

– Бізді марал шаруашылығын дамытуға жергілікті биліктің көңіл бөліп отырғаны қызықтырды. Канадада мемлекеттің бізге деген қолдауы шектеулі. Керек десеңіз, біздің елде бұғы асыраушылар табиғат жанашырлары тарапынан қысым көріп келеді, – дейді ол. Олай болатын жөні де бар. Бұл елде бұғы шаруашылығынан ел бюджетіне жыл сайын түсетін үш млрд. АҚШ долларының басым бөлігі аңшылық бағытқа тиесілі екен.

Конгресс мәжілістерінде марал шаруашылығында ультрадыбыстық диагностика, қолдан ұрықтандыру, панты өнімдерін консервілеу және тоңазытып тасымалдау технологияларын қолданудың артықшылықтары мен кемшіліктері жөнінде пікірталастар туындады.

Мәскеулік професор, әскери медицина полковнигі Александр Шахов марал шаруашылығының келешегі медицинада деген пікір айтты. Бүгінде Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі пантымен емдеуді ресми медициналық технология ретінде мойындауды қолға алып, ұлт қауіпсіздігінің мемлекеттік стратегиясына енгізген. Десе де, пантымен емдеудің арнайы курстарын ашу, мамандар оқытып, сертификаттау мәселесі ешбір елде жолға қойылмаған. Сондай-ақ, панты өнімдерінің жас босанған ана мен балаға қолданудың пайда-зияны мен мөлшері, онкологиялық ауруларға әсері жайында ешқандай да ресми баға берілмеген.

Канада, Жаңа Зеландия, Қытай, Швеция, Беларусь, Ресей және Австралия елдерінен келген ғалымдар мәжілістерден кейін Ұлан ауданының «Багратион» шаруа қожалығы базасында дала жағдайында марал өсіру бойынша, Катонқарағай ауданында таулы жағдайда марал өсіру бойынша іс-тәжірибелік семинарларға қатысты. Ресейдің Алтай өлкесі 2018 жылы өтетін VII дүниежүзілік маралшылар конгресін өз елінде өткізуге ұсыныс тастады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button