Білім

Маман даярлаудың тиімді тәсілі

Айжанат Бақытқызы

Колледж студенттерін нақты іс-тәжірибемен таныстыра отырып оқыту – қазіргі білім беру жүйесінің маңызды бір бөлігі. Осы орайда облыстағы колледж студенттері «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде дуальды оқыту бойынша кәсіптік біліктіліктерін арттырып жатыр.

Облыстық кәсіптік білім беру орталығы директорының міндетін атқарушы Ләззат Кездікбаеваның айтуынша, дуальды оқыту жүйесі – колледждерде мамандар даярлаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.

        – Дуальды оқыту жүйесі теорияны өндіріспен ұштастыра оқытуға бағытталған. Ол алғаш Германияда пайда болып, негізі қаланды. Әлемде кең таралған бұл жүйенің кәсіби маман даярлауда тиімділігі жоғары. Өйткені білім алушылар уақытының үштен екі бөлігінде еңбек ете жүріп, өндірістен қол үзбей оқиды, тек уақытының үшінші бөлігін теориялық оқуға арнайды. Жүйенің негізгі мақсаты – техникалық-кәсіптік оқу орындары жұмыс беруші өндірістік, шаруашылық мекемелермен өзара серіктестік орнатып, бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандар даярлау. Кәсіпорындарды дуальды оқыту жүйесіне тарту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді, – деді Ләззат Тоқтарбекқызы.

Колледждердің әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастығы жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі уақытта білім басқармасы өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп 28 колледжде 49 мамандық бойынша 2900 студентті қамти отырып «Казцинк» ЖШС, «Өскемен ЖЭО» ЖШС, «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС, «СМУ-Шығыс» ЖШС, «Риддер орман шаруашылығы» КММ, «Востокцветмет» ЖШС, тағы да басқа жетекші кәсіпорындармен серіктестікте дуальды оқыту жүйесі бойынша мамандар даярлап жатыр.

Дуальды оқытудың түлектер үшін тағы бір ұтымды тұсы – жұмыспен қамтылуы.

      – Қазір мен дуальды оқыту жүйесі бойынша «Казцинк» кәсіпорнында теориялық білімімді тәжірибеде шыңдап жүрмін. Тәжірибе барысында мыс балқыту цехында тәлімгерім Қалихан Қадырбаевтың жетекшілігімен дәнекерлеу ісінің қыр-сырын меңгеріп жүрмін. Осы кәсіпорында тәжірибеден өту – маған үлкен жетістік, өйткені оқуымды бітірген соң осында дәнекерлеуші болып жұмысқа орналасуыма мүмкіндік аламын, –дейді Өскемен құрылыс колледжінде дәнекерлеу ісі мамандығы бойынша білім алып жүрген студент Антон Старостенко.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту басқармасының басшысы Әсет Бердіғалиұлының айтуынша, 2014 жылдан бастап дуальды жүйе бойынша алты мыңнан астам студент оқытылып, облыстың 200-ден астам кәсіпорны дуальды даярлауға қатысты.

Кәсіпкерлер палатасы дуальды оқыту келісімшарттарының тізімін жүргізіп, кәсіпорындарда қажетті жағдайлардың болуын бақылайды, сондай-ақ  тәлімгерлерді оқытады. Биыл кәсіпорындардың жүзден астам тәлімгерін оқытуды жоспарлап отыр, олардың арасында «Казцинк» ЖШС қызметкерлері де бар.

«Казцинк» ЖШС-де дуальды оқыту бойынша студенттерді даярлау техникалық, энергетикалық салалар және машина жасау технологиясы бойынша жүргізіледі. «Казцинк» ЖШС кадрларды даярлау және дамыту департаментінің оқу орындарымен жұмыс бөлімінің басшысы Ирина Елфимованың сөзінше, студенттерді бағдарламаға іріктеу компания бөлімшесінің басшысымен әңгімелесу және медициналық көрсеткіштердің кәсіби жарамдылық нәтижелері бойынша бірінші курстан бастап жүргізіледі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button