Ауыл шаруашылығы

Мал тұқымын түрлендірудің тың жобасын қолға алды

Мал тұқымын түрлендірудің тың жобасын қолға алды

«Әмір» шаруа қожалығының жігіттеріне алып герефордтарды қолға үйрету оңайға түспесе керек. Салмағы тоннаға жуықтайтын сиырлар алғашында бақташыларды ат-матымен аударып тастапты. Алайда, Алтайдың сақылдаған аязы адуын жануарларды сабасына түсіріп, адам қолынан жем жеуге иліктіріп берген. Бүгінде мәрмәр етті ірі қаралар қайыруға көніп, адамның үстемдігіне мойынсұнған.

Үлкен үміт артылып отыр

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген бұл жоба 2013 жылы қолға алынған. Жоспар бойынша бүкіл ауданның ірі қара тұқымын түрлендіру ісінде «Әмір» шаруа қожалығы негізгі тірекке айналуы тиіс. Бүгінгі мың бас герефордтың саны 2020 жылға қарай 2250 басқа жетеді деп көзделген. Ерген төлдің еркектері бір жасқа шығысымен асыл тұқымды бұқа ретінде өзге шаруа қожалықтарына сатылады. Ал мемлекет сатып алынған әрбір асыл тұқымды бұқа үшін қожалық иесіне 154 мың теңге субсидия төлейді. Осының арқасында асыл тұқымды аталық ірі қараның тірі салмағы келісіне 1100 теңгеден саудаланбақ. Сондай-ақ, мертіккен немесе сапа стандартына сай келмеген малдардың есебінен жыл сайын 20 тонна ет өткізу де жоспарланып отыр. Сонау Аустралиядан 1034 бас сиыр әкеліп, оны ұстап көбейтуге иен далада тұтас бір шаруашылық құру үшін 707,5 млн. теңге қаржы жұмсалыпты. Оның 601,4 млн. теңгесі «Қазагроқаржы» АҚ арқылы несие көздерінен алынған. Қожалықтың құрылуымен 25 тұрақты, 30 уақытша жұмыс орны пайда болды.
Шаруашылық меңгерушісі Біржан Тыныбеков герефорд нәсілінен бөлек бірен-саран симментал тұқымды сиырлар да өсіріп отырғанын айтады. Сөйлесе кеткен малшының бәрі герефордтардың төзімділігін ерекше атады. «Мәңгі жасыл құрлықта» аяз түгілі қардың не екенін білмей өскен жануарлар өткен қыстан күй бермей, төлдерін де аман ертіп шығыпты. Жалпы, Аустралияның мал бағу тәсілі заманауи технологиялар мен дәстүрлі үрдістерді үйлесімді пайдалануға негізделген. Олардың мал індеттерінен сақтану жолдары көшпенді қазақтың тәжірибесіне өте ұқсас. Айына екі рет өріс ауыстыру арқылы жайылымды ауру тудыратын микробтардан ұдайы тазартып отырады. Бір қызығы, біздегі атты бақташылардың орнын ол жақта «электр-бақташылар» ауыстырған. Сым қоршаулар өзіне жанасқан малды әлсіз ток зарядымен кері қайтарып қана тұрады. Осындай емін-еркін күтімге үйренген герефордтардың әуелде атпен қайыра қоймақ болған бақташыларға тап беруінің себебі осында жатса керек.
-«Қазагроқаржының» талабы бойынша, аустралиялықтар малды қорамызға дейін жеткізіп берді. Бірнеше сиыр жол көтермей, бастырылып өліпті. Аман қалғандарына да жол ауыр тисе керек. Жүк көліктерінен түскен бойда бытырап, қайыру бермей кетті. Тіпті, жақын келген бақташыларын атымен қоса сүзіп, жуытпады. Екі күн бойы алысып, 1000 бастан астам малды әрең жинастырғанбыз, – дейді Біржан Тыныбеков.

Ақ бас сиырдың арғы тегі – герефорд

Жалпы герефорд тұқымының өзге ірі қаралардан артықшылықтары көп. Күй талғамайтындықтан арнайы жем мен қоспасыз-ақ шөптің өзіне де семіре береді. Суыққа да төзімді. Аязды күндер айлап созылғанда да етін бермей, тоқ қалпын сақтайтын қасиеті жазы қысқа, қысы ұзақ Катонқарағай сияқты өлкелерге қолайлы-ақ.
Кейбір асыл тұқымды нәсілдердің бір кемшілігі, іштегі төл анасының салмағына сәйкес келмей, төлдеу кезінде енесіне ауырлық туғызып жататын көрінеді. Ал герефордтың төлі өте кішкене болып туады да, жылдам жетіледі. Ересегі бабын тапсаң, күн сайын келілеп салмақ қосады. Ең жақсы жетілгендері 1100 келіге дейін ет жинайды.
Герефордты қазақтың ақ бас сиырының атасы десе де болады. Биология ғылымдарының докторы, профессор Ағыбай Смағұлов 1972-1997 жылдар аралығында жергілікті қазақ және қалмақ сиырларымен герефорд бұқаларын будандастыру арқылы әйгілі ақ бас сиырларды сұрыптап шығарған екен. Айтулы ғалым сырттан мал кіргізбейтін, эпизатиялық жағдайды қатаң бақылауда ұстайтын Аустралиядан 1000 бас герефорд әкелінгенін естіп, Алматыдан арнайы Катонқарағайға келіп кеткен. Олардың Алтайға жерсінгеніне көзі жеткен ғалым сөз арасында осы герефордтың көмегімен тағы бір жергілікті асыл тұқымды будан алсам деген арманы бар екенін айтыпты.
Сиырлар Аустралиядан келгелі бері мал соңында жүрген бақташының бірі – Самат Көкенов. Ол да өзге малшылар сияқты вахталық тәсілмен жұмыс істейді. 400 бас бойдақ сиырды күнұзақ бағу – осы С.Көкеновтің міндеті.
-Отбасым Аққайнар ауылында. Кезінде кеңшардың малын баққанбыз. Сол тәжірибе енді қажетке жарап жатыр. Үйге керегім бола қалса, жұмыс берушілер өз көліктерімен жеткізіп тастайды. Әйтпесе негізгі уақытым мал соңында өтіп жатыр. Күніне үш уақ тегін тамақ ішеміз. Жазда жұмыс қызған кезде төрт уақ тамақ береді. Жатын орнымыз тегін. Қалаған уақытымызда монша жағамыз. 400 басқа ие болу оңай емес қой. 100 мың теңгенің айналасында жалақым бар, – дейді бақташы.
Оның сөзін Біржан Тыныбеков те растады. Айтуынша, жұмысшыларға қыс мезгілінде 70 мыңнан бастап, жазда 100000-ға дейін жалақы төлейтін көрінеді. Жақсы айлыққа қызығып Өскемен, Семей, Глубокое аудандарынан жұмыс сұрай келгендер болыпты. Ондай уақытша табыс іздегендерді жазғы жұмыстарға тарту жолға қойылыпты.
– Осы сиырлардың арқасында ағылшынша тіл сындырып қалдық, – деп әзілдеді Самат Көкенов. Олай дейтіні қазақтың «өк» деген одағайын аустриялық сиырлар о баста қаперіне де қыстырмаған екен.
-Қолыңнан жем жеп, жеріңнен мекен тапса, мал екеш мал да тіліңді үйреніп алады екен, – дейді бақташы.

Ескі жұртқа ел қона бастады

Бұл аумақта кезінде Красная знамя деген елді мекен болған екен. Қызыл жүйемен бірге жұрнағы да қалмай құрыған ауылдан белгі болып ескі тамдар мен мектеп ғимараты ғана қалған. Шаруашылық құрылғалы ескі жұртқа қайтадан жан бітіп, үш үй бой көтерді. Кәсіпкер Шоқан Мұсабалин мектеп ғимаратын да қажетке жаратпақшы. Келер жылы жұмысшылардың отбасыларын көшіріп алу үшін жаңа үйлер салынбақ. Жобаға мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы инфрақұрылым түзу ісіне 18,5 млн. теңгенің қолдауы көрсетіліпті. Бұл ақшаға ұзындығы 1,6 шақырым болатын су құбыры тартылған. Бұрын жол талғамайтын көліктің өзі әрең жететін жолға тас төгіліп, ретке келтірілген. Бұл жұмысқа аудан бюджеті 20 млн. теңге бөліпті. Иен қалған мекенге қайтадан ел қонуы Катонқарағай сынды шекаралық ауданның тарихында бірінші рет болып отыр.
Қожалыққа шаруашылық жүргізу үшін жеті мың гектар жер берілген. Жолы шалғай болғанымен, мал мен егінге жайлы бұл мекеннің аңы да ауылдың қайта жанданғанына қарсы емес пе деп қалдық. Бақташы Самат ағамыз алғашында бұл жақта аюдың еркін жүретінін көрген малшылардың қожалық иесінен мылтық сұрағандарын айтады. Алайда, Шоқан Мұсабалин оларға бұл жердің аюы түгіл құсын да атуға тыйым салыпты. Адам бастамаса, аңның малға да, жанға да тиіспейтініне бақташылардың көзі енді жетіп жүр.
– Осы маңда үш қоңыр аю бар. Сиырларға әбден үйреніп алды. Жайылған малмен ілесіп жүре береді. Ешбір сезікті әрекеттерін де байқамадым, – дейді С.Көкенов.
Мұхит асып келген малдарды көзімізбен көргесін аудан орталығына бет бұрдық. Таудың қойнауын күңіренткен тракторлардың үні кешкі қараңғылықты ыдыратқысы келетіндей. Қарсы жолыққан шанаға үш трактор қатар жегіліпті. Бұл – шөбі шүйгін болғанымен, жолы қиын өлкеде бұрыннан қолданылатын тәсіл. Қардың қалыңдағанын пайдаланып түн баласында тырбанып жүрген ауыл адамдарының жанкешті еңбегіне таңырқамасқа лажың жоқ. Олар бір сәтке де дамылдамайды. Өйткені, қорада оларды мәрмәр етті мың бас герефорд күтіп тұр.

Есімжан Нақтыбайұлы
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button