Журналистік зерттеу

Мал дәрігері неге тапшы?

Мал дәрігері неге тапшы?

Малды егуге арналған дәрі-дәрмектің жаңа түрін жасауда Семейдегі Шәкерім атындағы университеттің «Агротехнопарк» ғылыми орталығында заманауи, соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған орталықтың әлеуеті жоғары деуге болады. Орталық болашақ ауылшаруашылық мамандарына және ветеринар, биотехнолог мамандарға арналған зертханамен жабдықталған. Орталық зертханасында мал ауруларына қарсы дәрілер жасалады.
-Біз соңғы жылдары Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша 13 жобамен жұмыс істедік. Биыл тұңғыш рет ет Және сүт бағытындағы малды қауіпті дерттен сақтау және емдеу үшін ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысымен жұмыс істеуді бастадық. Бұл жобаның құны 37 млн. теңгені құрайды. Онымен қоса, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының екі жобасын қолға алдық. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында түлектерді жеке кәсіпкерлікпен айналысуға дайындаудамыз. Ол үшін жас фермерлер мектебі, консалтинг орталығы жұмыс істейді. Осы агротехнопаркіміздің арқасында облыстың агрокешендерімен тығыз байланысқа шығуға әзірміз. Алғашқы тапсырыстарымыз бар. Алдағы уақытта агротехнопарк «Шығыс инновация орталығы» ЖШС деген атпен заңды тұлға ретінде тіркелетін болады, – дейді университеттің проректоры Құмарбек Әмірханов.
Орталыққа ғылыми жұмыстар мен оқу үрдісіндегі инновациялық жетістіктерді жетілдіру мақсатында тәжірибе алмасу үшін Ресей, АҚШ, Англия, Түркия, Болгария, Польша, Германия және Чехия мемлекеттерінен профессорлар келіп, дәріс оқып, шеберлік сыныптарын өткізген.
Қазіргі таңда агротехнопарк кешені тарапынан ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, зоотехникалық селекциялық және аса қауіпті аурулардың алдын алу, оларға мониторинг жасау сияқты бірқатар ғылыми зерттеу жұмыстары бюджеттік және тікелей шаруашылық есеп айырысу арқылы жүзеге асуда.

Аурудың жаңа түрлері пайда болды

Бұрын аурулардың ішінде жиі кездесетіні тек бруцеллез еді. Қазір аусыл, сібір жарасы секілді небір аурулардың легі шықты. Қазір де мал маманы жоқ емес. Тек олардың басым бөлігі нәпақасын басқа саладан айыруға мәжбүр. Жоғары оқу орындарында мал дәрігерлерін дайындау үрдісі қайта жалғасқанымен, ол мамандарды қажетсініп отырған мал иелері жоқ. Себебі, жеке қожалыққа өз қаражатына мал дәрігерін ұстау тиімсіз. Бұл сала негізінен салғырттықты көтермейтінін ескерген жөн. Өйткені, ол азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты.
-Қазір қай жерде болмасын малды асылдандыру, шаруашылықты өркендету ісінде ғылым жетістіктерін қолдану жұмыстары айтылады. Бірақ осы жұмыстардың атқарылуы көңіл көншітпейді, – дейді тәжірибелі мал маманы Нұрбек Әбсапаров. – Қазақстанның табиғатына бейімделген етті, сүтті мал тұқымдары жылдан-жылға азып барады, көбі шетелден әкелінген. Мәселен, кешегі жоғары сапалы биязы жүн, құнарлы ет беретін меринос, қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы, байыс қойлары қайтадан қалпына келсе жақсы болар еді. Селекциялық жұмысты дұрыс жолға қоймай елімізде мал шаруашылығы дамымайды.
Сонымен қатар, ветеринариялық қауіпсіздік жайы да елді қатты алаңдатады. Бұрын әрбір шаруашылықта мал дәрігерлері қызмет ететін, үй жануарларына да арнайы вакцина салынатын, әрбір шара жоспарлы түрде жүргізілетін. Қауіпті кеселдердің ошақтары белгіленіп, арнайы картаға түсіріліп, ол жерлер қатаң бақылауға алынушы еді. Бүгінгі таңда соның бәрі назардан біршама тыс қалып отырғаны өкінішті.

Жақында Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің төрағалығымен өткен жиынның басты мақсаты да осы сала қызметін реттеуге бағытталды. Ауылдық округ әкімдері мен барлық ветеринарлар да осы жерден табылды. Жиында мал шаруашылығын дамыту туралы көп айтылды. Мал шаруашылығы әңгіме бола қалса, маман жоқ дегенді естиміз. Шынымен мал мамандары жетпей ме, әлде бұл мамандық иелері қажетсіз болып отыр ма? Қаражат тапшылығы, көлік жеткіліксіздігі, шалғай елді мекендерде интернет байланысының жоқтығы көптеген кедергілер тудырып отырғаны айтылды. Жиында ветеринарлық қызмет жергілікті бөлім тарапынан дұрыс ұйымдастырылмай отыр деген мәселе қозғалды. Мәселе ауылдық округтердегі өлексе көму орындарын толық құжаттандырмау, бруцеллезге шалдыққан малды мерзімінде ет комбинатына өткізбеу, қаңғыбас иттердің азаймауы, «Сары» базарындағы жәрмеңкенің антисанитарлық жағдайы сияқты бірқатар ескертулер айтылды. Бөлімнің атқарған жұмыстарына тиісінше дұрыс баға берілуі үшін, арнайы комиссия құрылған. Алдағы уақытта комиссия мүшелері заң аясында талдаулар жасап, бөлімге жүктелген міндеттердің қандай деңгейде жүзеге асырылғаны жөнінде өз қорытындыларын шығарады.

Ғылымға арқа сүйеген дұрыс

Семейлік ғалым Серғазы Дүйсембаевтың ветеринария саласындағы еңбектері бүгінде Қазақстанға танымал. Бүгінде ол Семей қаласындағы аймақтық сынақ зертханасы – «Радиоэкологиялық зерттеулердің ғылыми орталығына» жетекшілік етеді. Ғалым Алматыдағы Қазақ ұлттық аграр¬лық университетінде «Марал гель¬мин¬тоздарындағы сойыс өнімдерін ветеринариялық-санитарлық са¬раптау» деген тақырыпта доктор¬лық диссертациясын сәтті қор¬ғады. Серғазы Тұрлыбекұлы профессор ретінде ветеринария саласында шәкірттерімен бірлесіп жүргізген 30-дан астам ғылыми еңбегі нәтижелерін беріп, тәжірибеге кіргізілуде. Әсіресе, әлем жұртшылығының ерекше назарын аударып жүрген марал, жылқы шаруашылықтарының дамуына, Семей ядролық сынақ полигонына жақын орналасқан аймақтардың экологиясын зерттеуде. Білікті зерттеуші мал шаруашылығын ілгерілету үшін бірінші ғылым жетістіктерін дер уақытында енгізіп отыру қажет екенін айтады.
-Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары шекара жанындағы ауданға аусыл көрші мемлекеттен келді деген мәліметтер таратып жатады. Шындығына келгенде, сол індеттің қандай жолмен келгенін бірде-бір маман нақты айта алмайды. Тағы бір себеп, ветеринария саласында мамандардың жетіспеуі. Соңғы мәліметтерге қарағанда, елімізде мал дәрігерлері 20 пайыздай кемшін. Қазір барлық мал жеке мен¬шіктің қолында. Бұрын 700-800 сиырға бір маман бекітілетін де, басқа да мал саны есептеліп, қанша маман керектігі шығарылатын. Бұл тәжірибеде дәлелденген мәселе. Өкінішке қарай, бүгінде бірнеше отар қой, табын-табын сиыр, үйірлі жылқы айдап жүрген шаруа қожалығында мал дәрігері жоқ. Әлі де болса ауыл шаруашылығы нысандарының басшылары ветеринарияның маңызын түсінгілері келмейтіндей. Жергілікті жерлерде қауіпті ауруға шалдыққан малдың көзін жою мәселесі әлі күнге дейін түбе-гейлі шешімін таппай отыр. Мал иесіне берілетін өтемақының мөлшері де мардымсыз. Ауыл әкімдерінің қауқары белгілі. Малының жұқпалы дертке шалдыққанын біле тұра, кейбір азаматтар пайда табуға тәуекел жасайды. Егер мал иелеріне нарық бағасы бойынша өтемақы тӨленсе, бұндай проблема туындамас еді. Бұрынғыдай барлық аудандарда, қалаларда ветеринарлық стансаларды және қажетті ветеринария нысандарын қалпына келтіріп, қатаң бақылау орнату үшін ветеринарлық полиция қыз¬ме¬тін ашу қажет секілді, – дейді ғалым.
Оның айтуынша, орта буын мамандарды да дайындауды қалпына келтіру керек. Бүгінде ауылдағы мал мамандарының орташа жасы 50-дің айналасында. Сонымен қатар, мал дәрігерінің мәртебесін әлеуметтік маңызды сала қызметкерлерімен теңестірген жӨн. Сонда ғана жас мамандар ауыл шаруашылығына баратын болады. Расымен сырттан асыл тұқымды малды аттай қалап алдырып жатсақ та, түрлі субсидиямен шаруаларды ынталандырсақ та, азық-түлік қауіпсіздігін мал дәрігерлерінің қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Маман тапшылығын шешуі үшін әуелі арнайы білімі бар азаматтарды жұмыспен қамтып, соларды игілікке тиімді пайдалана алуымыз қажет.

Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button