Мақал жетіскеннен шықпайды, кетіскеннен шығады
Төл әдебиетіміздің классигі Мұхтар Мағауин ұзақ жылдар бойы «Жазушы» баспасының бас редакторы қызметін атқарғаны белгілі. Баспа деген – ірі өндіріс, тынымсыз еңбек, күнде күйіп-жанып жатқан жұмыс. Мұқаң қатты шаршап жүреді. Сондай қарбалас күндердің бірінде телефонмен Баспа комитеті бастығының бірімен сөзге келіп кетісіп, ренжіңкіреп отырса, бөлмесіне баяу басып жазушы Рамазан Тоқтаров кіріп келеді.
– Мұха, шаршап отырсың ғой? – дейді Рамазан.
– Баспаның жұмысы емес, басқаның жұмысы шаршатты, – деп Мұқаң қабағын кіржитеді.
– Тегі, біреу сені ренжіткен-ау? – дейді Рамазан түсінгендей болып.
– Айтысқан соң дау табасың, алысқан соң жау табасың! – деп Мұхаң шорт қайырады.
– Байқаймын, сенде қағаз жұмысы да көп сияқты, – дейді Рамазан жаны ашығансып.
– Жұмысың бұзық болса да, қағазың түзік болу керек! – деп Мұқаң тағы тоқ еткізеді.
– Мұха, сен өзі мақалдап сөйлейтін болыпсың ғой, – деп енді Рамазан таңданысын жасырмайды. Мұхтар бұл жолы да:
– Мақал жетіскеннен шықпайды, кетіскеннен шығады! – деп тағы да келте қайырыпты.