Құқық

Ұлылар шыққан елден ұрылар шықпауы тиіс

Кеше өңірімізге жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі мен мүшелері облыстағы бірқатар мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда болып, қоғамды жайлаған сыбайлас жемқорлық дертінің алдын алуға бағытталған іс-шаралар жайын баяндады. Жұмыс сапары барысында штаб мүшелері облыс активімен кездесу өткізді. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов қатысты.

– Еліміздің Шығысында сыбайлас жемқорлықпен күрес үздіксіз жүргізіліп келеді. Оны бүгінгі сапар аясында өздеріңіз де көріп отырсыздар. «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бөлімшелері аймақтағы барлық қалалар мен аудандарда ашылып, жұмыс істеуде. Қазір басқарма басшылары мен қала-аудандардағы өкілдер осы жиынға онлайн режимде қатысып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиналғандар алдында сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың облысқа келгендегі басты мақсаты – әлдекімдерді ұстап, қолына кісен салып, түрмеге тоғыту емес, керісінше сондай жағдайдың барынша ертерек алдын алу, мемлекеттік қызметте жүргендерге сол бағытта мүмкіндігінше ағартушылық кеңес беру екендігін атады.

– Агенттік жанынан құрылған штаб құрамына  қоғамға белгілі мемлекет қайраткерлері, елге есті сөз айта алатын азаматтар кіріп отыр. Біз мүмкіндігінше өңірлерде болғанымызда пара алатын да, беретін де адам заң алдында теңдей жауапкершілікке тартылатынын ескертіп келеміз. Кеше Павлодар облысында болсақ, бүгін Абай туған, Шәкәрім мен Мұхтар шыққан қасиетті Шығыс өлкесіндеміз. Адал да парасатты ұрпақ тәрбиелеу – басты мұрат. Ұлылар шыққан елден ұрылар шықпасын деген үндеуімізді жеткізгіміз келеді, – деген Арман Тілектесұлы қол астындағы қызметшісі пара алса, басшысы да қызметтен кететін заман келгенін атап өтті.

Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі, республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада қазақтың бұрынғы байымен қазіргі байының арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін нақты мысалдармен жеткізді.

– Өткен ғасырларда қазақ даласында билік жүргізген Ресейдің генерал-губернаторлары қазақ байлары парасатты, текті, адал, аймағына қамқоршы, елі мойындаған, солардың сөзін сөйлеуші білімді адамдар деп жазып, айтып кеткен. Ал қазіргі байлардың ойы тек байыған үстіне байи түсу. Айырмашылық қандай? Сондықтан ойланатын, өршіген жемқорлыққа бірігіп, қоғам болып тоқтау қоятын уақыт жетті, – деді Ырза Тұрсынзада.

Кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев штаб мүшелері шалғайдағы алыс аудандарға да шығып, халықпен кездессе, ұсыныс-тілектерін тыңдаса деген тілегін білдірді.

Шығысқа жасаған жұмыс сапары аясында республикалық штаб мүшелері облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамымен кездесу өткізіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдады, қойылған сауалдарға жауап берді, облыстық ALTAY телеарнасында болды. Сонымен қатар өңірдегі қоғам өкілдерімен де кездесу өткізіп, қоғамды жайлаған әлеуметтік дертпен бірігіп күресу жайын талқылады. Арайлым Есімбекова жетекшілік ететін аймақтағы ақпараттық-ағартушылық штабтың жұмысымен танысып, аталған штабтың атқарып жатқан жұмысын оң бағалады, алдағы уақытта да осы қарқыннан танбау керектігін жеткізді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button