Саясат

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің міндеті зор

 Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің міндеті зор


Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік және баршаға ортақ тең мүмкіндіктерді сақтай отырып, әділетті, дамыған қоғам құруға бастайтынын айтты. Осы ойын ұлықтау рәсімінде тағы бір сабақтап, жаңадан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын және бұл түйткілді мәселелердің түйінін тарқататын, халықтың ой-ұсыныстарын бір арнаға тоғыстыратын алаң болатынын мәлім етті.

– Біздің азаматтарымызды билік пен қоғам диалогын дамыту мəселесі қатты толғандырады. Мұндай диалог пікір алуандығын мойындау негізінде құрылуы тиіс. Түрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт. Міне, басты бағдарымыз. Сондықтан мен Қоғамдық сенімнің ұлттық кеңесін құрған жөн деп шештім. Кеңеске жастарды қоса алғанда, бүкіл қоғам өкілдері кіретін болады. Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы осы жылдың тамызында өткізіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаевқызметіне ресми кірісу рəсімінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау науқанында өңір-өңірді аралап, халықтың жай-күйімен етене танысқанын айтты. Сондай-ақ билік адамдардың талап-тілегіне құлақ асып, проблемаларын жергілікті жерде шешуге, азаматтар алдында тұрақты есеп беріп тұруға міндетті екеніне тоқталды. Президент əділдіктің үстемдік құруын талап еткен халықтың мəселелері шындыққа жанасатынын жоққа шығармай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы бағытта жұмыс істейтінін жария етті.

Айдос Сарым, саясаттанушы, қоғам қайраткері:

– Жалпы, бұл кеңеске жүктелетін міндеттердің іске асуы бірқатар қадамдарға байланысты. Ең алдымен, кеңес ережесін дұрыс бекітіп, содан кейін оның құрамының ауқымды болуы, яғни қоғамның әрбір саласында жүрген әр күштердің атынан шыққан азаматтардың басын қоса білу маңызды. Сол кеңеске қоғамға сөзі өтетін азаматтардың көптеп еніп, олар бір-біріне құрметпен қарай отырып, тиісті шешімдерді шығаруға қауқарлы болуы керек. Жұмыстың табысты болуы көбіне осыған байланысты.

Кеңес құрамына енген мүшелер қоғамдағы ең өзекті мәселелерге назар аударып, дер кезінде талқылай білуі шарт.
Екіншіден, кеңес өзекті әрі негізгі мәселелерді ортаға салып, сол бойынша тиісті құжаттардың нұсқасын, жобасын шығара алатын ұйым болуы қажет деп есептеймін. Сайлау, БАҚ, митингтер туралы, сондай-ақ саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер жөніндегі заңнаманың қайта қаралуын көптен бері айтып жүргендер бар. Егер осылардың негізгі тұжырымдамасын, негізгі идеясын бекітіп, соны заңгерлерге табыстап, дұрыс нұсқаларын жасап, оны Парламентке енгізсе, онда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өзіне жүктелген міндетті орындай алады деген пікірдемін.

Сайлау науқанының аяқталуына байланысты негізгі эмоциялар тарағаннан кейін қоғаммен сөйлесу, қоғамдық-саяси күштермен ақылдасу, кеңесу жұмыстары жүргізілуі керек. Содан кейін Президент бастама жасап отырған кеңеске көптеген білікті азаматтардың келуін қамтамасыз еткен жөн.
Қоғамда танылған, беделді азаматтардың бірлесе жұмыс істеуіне алғышарттар жасау, сенімді орта қалыптастыру маңызды.

Серік Оразбайұлы, Өскемен қаласы жергілікті өзін-өзі басқару кеңесінің жетекшісі:

– Президенттік сайлауда қазақстандықтардың басым бөлігі өз дауыстарын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беріп, тәуелсіздік жылдарында елімізде қалыптасқан басты байлығымыз бен мәңгілік құндылығымыз – бірлік пен келісімді таңдады. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде билік пен қоғам арасындағы диалогты әрі қарай дамыту идеясын ұсына отырып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды.

Мен азаматтық қоғам өкілі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру идеясын толық қолдаймын. Сондай-ақ оны тұрақсыз әлемдік саясат жағдайындағы еліміздің одан әрі дамуын қамтамасыз ету үшін жасалған мықты қадам деп білемін.

Елімізде наразылар болмауы керек. Мәселені көрмеу мүмкін емес. Рас, мәселелер қиын, бірақ жауапты. Себебі, кез келген мәселе, ол – әр қазақстандықтың тағдыры, мемлекетіміздің болашағы. Жиналған мәселелерді ортаға салып шешу керек. Қоғамға диалог керек, бейбітшілік керек.
Осы орайда аталған кеңеске өте үлкен жаупкершілік артылып отыр. Енді қоғам мүшелері өз мәселелерімен ашық алаңда бөлісе алады, идеялары мен шешімдерін ұсына алады. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің халықпен өзара іс-қимылдың таптырмас тәсіліне айналып, елімізде осы уақытқа дейін орнаған бейбітшілік пен келісімді нығайта түседі деп сенемін.

Талғат Қалиев, саясаттанушы, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – Президенттің мейлінше маңызды бастамасы. Өйткені қалың бұқараға тараған әлеуметтік наразылық билік пен қоғам арасындағы әлеуметтік келісім нормаларын жаңғырту қажеттігін көрсетті. Бұл нормаларды қоғамның бүкіл қажеттіліктерін ескере отырып жасап шығу қажет, бұл – күн тәртібіндегі жаңа өзекті мәселе.

Жалпы, бұл проблема тек Қазақстанда ғана байқалып отырған жоқ. Бүгінгі таңда мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қатынастардың форматын қайта қарау мәселесі әлемнің көптеген елдерінде өзекті болып отыр. Сондықтан бұл мәселе бүгінде өзекті әрі аса қажет. Оның үстіне, кеңес құрамына жастар, танымал қоғам қайраткерлері, ойшыл қауым өкілдері кіретіні айтылды.

Кеңесте өте қызықты әрі өткір пікірталастар болады, олар арқылы барлық әлеуметтік топтарды қанағаттандыратын жаңа сапалы жобалар әзірленеді.

Әзірлеген – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button