Әлеуметтік серіктестік әлеуетіңді арттырады
Зырян қаласында облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВТІҢ төрағалығымен әлеуметтік серіктестік жөніндегі облыстық үш жақты комиссияның көшпелі отырысы өтті. Кеңеске қатысушылар Зырян өңіріндегі шығын шегіп отырған кәсіпорындардың мәселесі мен экономикалық әлеуеті төмен елді мекендердің болашағын талдап, талқылады.
Көшпелі отырыста көтерілген негізгі мәселенің бірі Зырян қаласындағы «Водоканал» МКК мен Серебрянка қаласының «Теплоцентраль» МКК әкімшілігі мен кәсіподақ комитетінің бірлескен жұмыстары төңірегінде өрбіді.
Зырян қаласындағы «Водоканал» МКК директоры Петр Митрофанов кәсіпорынның алдында аса қомақты дебиторлық қарыз қордаланып қалғанын баяндады. Ол 18 миллион теңгені құрап отыр. Бұл жылдық түсімнің 12 пайызы! Әрине, қала басшылығы, аудан әкімдігі қарыздың қайтарылуын бақылауға алып, жұмыстар жүргізіп жатыр. Өткен жылдың маусым айынан бастап кәсіпорынға берешек қарыздардың көлемі 12 миллион теңгеге азайған. Әйткенмен кәсіпорын әлі шығынмен жұмыс істеп, зиян шегіп келеді. Энергетиктердің алдындағы өз қарыздарын өтеуге мүмкіндік жоқ. Қаржылық жағдайдың күрделенуі салдарынан мамандар да тұрақтамай, кетіп жатыр. «Водоканал» МКК-нің жұмысшыларға төлеп отырған еңбекақысы 18 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ғана болып отыр.
– Сіз өзіңіздің ұжымдық келісімшарттары-ңыз жайында әңгімелеп тұрсыз, – деді Серік ӘБДЕНОВ кәсіпорын директорына. – Онда адамдар жұмыстан босаған кезде жасалатын көмектер көрсетілген. Кәсіподақпен бірлесе отырып ұжымдық келісімшарттың шарттарын қайтадан қарап, жұмыстан шығып жатқандарды емес, ең алдымен жұмыс істеп жатқан жұмысшыларды қолдайтындай етіп жасау керек.
Облыс Әкімінің бірінші орынбасары кәсіпорын басшысына аудан әкімдігімен бірлесе отырып дебиторлық қарыздарды азайтуға күш салуды тапсырды. Серік ӘБДЕНОВ сонымен бірге «Водоканал» бас-шылығына жұмысшылармен кәсіпорынның экономикалық дамуы мәселелері туралы кеңесуді тапсырды.
Серебрянкадағы қала түзуші кәсіпорындардың бірі болып отырған «Теплоцентраль» МКК басындағы жалақыға байланысты жағдай да мәз емес. Бүгінде онда 80 адам жұмыс істеп жатыр, соның 56-сы негізгі өндірісте жүр.
Кәсіпорын басшысы Алексей Зубов өз баяндамасында өндірістегі қызметкерлердің орташа жалақысы жылыту маусымы кезінде 29–30 мың теңге болып отырғанын, ал жазғы уақыттарда 20 мың теңге екенін жеткізді.
– Жұмыс істеп жатқандардың басым бөлігі ер-азаматтар екенін ескерсек, олар осы табысымен бір отбасын жалғыз өздері асырап келеді, – деді Алексей Зубов. – Кәсіподақтың негізгі міндеттерінің бірі – осы мардымсыз еңбекақыны өсіріп, жұмыс істеуге жағдай туғызу.
Жалақыны 18 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін өсіріп, жағдайды жақсарту үшін бүгінгі қолданыстағы тарифті 36 пайызға көтеру керек. Тарифтің көтерілуі Серебрянка қаласының тұрғындары үшін тағы бір қымбатшылықты тудырмақ.
– Егер естеріңізде болса, өткен жылы «Теплоцентраль» мекемесіне облыстық бюджеттен қаржы бөлінген болатын, – деп еске салды Серік ӘБДЕНОВ. – Бұл табыс бөлігін құруға негіз болып, мүмкіндік беретін. Біз көмектескен кезде бұл кәсіпорын әрі қарай шығынсыз жұмыс істеуге көшетінін айтып, уәде еткен болатын. Сіздер міндеттеме алған екенсіздер, оны орындау қажет, қол жайып отыра бермей, мүмкіндіктерді іздестіру қажет.
Қаржылық жағдай мен әлеуметтік жағдайдың ушығуынан текетіреске түскен кәсіпорын басшылығы мен кәсіподақ мүшелеріне Серік ӘБДЕНОВ бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеп, ахуалды оңалтуға жағдай туғызу қажеттігін баса айтты.
Екіжақты ауызбірлікке шақырған ол өз сөзінде кез келген кәсіпорын өз еңбеккерлеріне дұрыс еңбекақы төлеп, жұмыс орындарын сақтап, өнім көлемін арттыруға жағдай жасау қажеттігін қайталап айтты.
Көшпелі мәжілісте Зырян ауданындағы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы барысы турасында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Ерембесов баяндама жасады.
– Бүгінгі күні Зырян ауданында 145 бос жұмыс орны бар, соның 38-і – жұмысшы мамандарға арналған, 64-і – мекемелердегі бос орындар. Тұрғындарды экономикалық әлеуеті жоғары аудандарға (Зырян қаласы сондай аймақтардың бірі ретінде таңдалып алынып отыр) көшіру мақсатына үш миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Қазіргі күні экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден көшіп келетін жұмыссыздарды қоныстандыру үшін Зырян қаласында 60 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр.
Зырян ауданында мұндай экономикалық әлеуеті төмен өңірдің бірі – Көгілдір бұғаз кенті болып отыр. Бірақ бұл елді мекеннің тұрғындары Зырян қаласына көшкісі жоқ. Жергілікті тұрғындармен өткізілген кездесулер мен түсіндіру жұмыстары нәтижесіз болып шықты. Демалыс аймағынан қалаға кетуді қош көрген ешкім болмады.
Қалада салынып жатқан 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы маусым айында аяқталмақ. Бүгінгі күні инженерлік-коммуникациялық жұмыстарының бәрі аяқталып, әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалға берілетін пәтерлердің жалгерлік бағасы бір пәтер үшін орта есеппен 5000 теңге деп белгіленіп отыр. Алайда сол салынып жатқан үйлерге кіруге, Зырян қаласына көшіп келуге құлық танытушылардың саны аса көп емес болып отыр.
Әкімдіктің қызметкерлері Жарма, Зайсан, Бесқарағай, Тарбағатай, Ұлан, Аягөз аудандарының жұмыспен қамту орталықтарына ұсыныс жасап, үй, жұмыс берілетінін айтып сұрау салғанымен, ол жақтан да оңды жауап ала алмаған.
Ауыл тұрғындарымен бетпе-бет кездесіп, түсіндіру үшін Зырян қаласының жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері Зайсан, Күршім аудандарына барып келді. Күршім ауданында тұратын үш отбасының он екі адамы Зырян қаласына көшіп келуге ынта білдірген екен.
Кеңесті қорытындылаған облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВ:
– Қазір облыс бойынша көшірілуге 62 елді мекен анықталып отыр. Оларда 1023 адам тұрып жатыр. Зырян ауданы әкімдігі болашағы жоқ деп табылған сол елді мекендермен белсенді жұмыс істеуі қажет. Зырянда бүгінде жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға үлкен мүмкіндік бар. Жұмыс орындары бар, сондықтан қала болашағы бар өңірлердің қатарына енгізілді. Бірақ сол жұмыс орындарына, сол үйге алдымен өз облысымыздың жұмыссыз тұрғындары көшіп келіп, орналасуы тиіс. Басқа облыстарға ешкім табылмай жатқан жағдайда ғана сұрау саламыз. Ал Зырян қаласына көшіп келуге тілек білдіріп отырған 30 отбасына қатысты айтарым, аудан басшылығы сол адамдар тұрып жатқан елді мекендерді көші-қон бағдарламасына кіргізудің мүмкіндіктерін қарастыруы қажет, – деді.