Саясат

Әлеуметтік мәселелер – әрдайым назарда

Қазір елімізде «Нұр Отан» ХДП бастауыш партия ұйымдарының есеп беру-сайлау науқаны басталды. Еліміз бойынша алғашқы есеп беру-сайлау жиналыстары Шығыс Қазақстанда басталып, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан САҒЫНТАЕВ аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге Өскеменнен кейін ат басын Семейге бұрды. Семей мемлекеттік педагогикалық институтында қала активімен, ардагерлермен, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілерімен, ҮЕҰ, студент жастар және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.

Әлеуметтік мәселелер – әрдайым назарда– Елбасымыздың тапсырған жұмысын алға жүргізіп, қадағалайтын – біздің «Нұр Отан» партиясы, – деді Бақытжан САҒЫНТАЕВ. – Шығыс өңірі – еліміздің алдыңғы қатарында тұрған облыстың бірі, экономикалық көрсеткіштері, әлеуметтік қамтамасыз етуі жағынан үнемі алғы шепте келе жатыр. Бұған республикалық бюджеттен беріліп отырған қаржы, тартылып отырған инвестиция көлемі дәлел. Өңірдегі ірі кәсіпорын, зауыттардың қарқынды жұмысы осыны айғақтайды. Қомақты жобалар қолға алынған. Елбасымыздың алға қойған тапсырмаларына орай үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама, бизнестің жол картасы, жұмыспен қамту, қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары қолға алынған. Бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын назарда ұстау үшін партиялық бақылау постылары, бекеттер қойылған. Солар бойынша есеп алынады. Әрбір бөлінген қаржы халықтың игілігіне бағытталып, жөнімен жұмсалуы тиіс.

Жалпы партия әлеуметтік мәселелерге ерекше мән береді. Сондай-ақ, Бақытжан САҒЫНТАЕВ жастардың білім алып, жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалғанын да атап өтті. Кездесуге келгендер Бақытжан САҒЫНТАЕВҚА өз сауалдарын жолдады. Мәселен, ардагер Хафиз Матаев қарттарды әлеуметтік, құқықтық жағынан қорғау мәселесін көтерді.

Бүгінгі таңда Семей қаласы ел экономикасын дамытуға үлес қосып келеді. Бұған дәлел – қаладағы өндіріс орындарының атқарып жатқан ауқымды жұмыстары. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан САҒЫНТАЕВ темір-бетон бұйымдарын шығаратын «Фирма Азия» ЖШС-нің тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл кәсіпорын – құрылыс материалдарын шығаруға бағытталған жаңа өндіріс ошағы. Ол жуықта ғана іске қосылған. Бұл зауыт тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысына ұзындығы 6 метр, ені 1,2 метр темір-бетон бұйымдарын әзірлейді. Бұл серіктестікті құруға 552,3 млн. теңге қаржы жұмсалған. Әзірге мұнда 15 жұмысшы еңбек етеді, барлық жұмыс процесі автоматтандырылған. Олардың орташа еңбекақысы 90 мың теңгені құрайды. Заманауи технологиялардың арқасында зауыттың сапалы өнімді молынан өндіруге мүмкіндігі бар.

– Елбасының тапсырмасымен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қолға алынған, – деді өндіріс басшысы Мейірғали Теңізбаев, – осыған орай біз құрылыс, тұрғын үй саласына қажетті өнім өндіреміз. Бұл – Шығыс өңіріндегі бірден-бір тұңғыш кәсіпорын. «Нұр Отан» партиясы біздің бағдарламамызға қолдау көрсетіп, жұмыс барысын бақылайды. Біздің мекеме бұл қарқынмен тоқтап қалмай, алға қарай қарқынды дами бермек. Елбасы бағдарламасын басшылыққа ала отырып, Қазақстанымыздың игілігі үшін еңбек етеміз.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ партияның Семей филиалында да кездесу өткізді. Филиалдың жұмысымен танысқан Бақытжан САҒЫНТАЕВ, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ осындағы жоғарғы партия мектебінің аймақтық филиалында болып, онда өтіп жатқан «Тиімді топ құру» семинар-тренингінің жұмысына оң баға берді. Семейде 38 бастауыш партия ұйымы тіркелген, онда 12581 партия мүшесі бар. Партия филиалы ашылған кезден бастап, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілерімен барлық сала бойынша 9 семинар өткізілген. Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысының 349 партия мүшесі қатысқан семинар-тренинг те жұмысқа көп пайдасын тигізді. Дәріс оқуға еліміздегі жоғары оқу орындарының профессорлары тартылады.

Бұдан соң қонақтар Түйемойнақ аралына ат басын тіреді. Мұнда сәулетші Қалдыбек Қоқиланов Бейбітшілік мұражайының жұмысымен таныстырды. Осыдан біраз бұрын қаламызда Бейбітшілік мұражайының жобасы жасалған еді. Пайдалануға берілетін Бейбітшілік мұражайы жер шарын түрлі апаттардан сақтайық деген ұғымға негізделген. Мұражайдың ішінде халық игілігі үшін кинотеатр, көрме залы сияқты бірқатар маңызды нысандар орналасатын болады.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button