Әлеуметтің әлеуетін қалай арттыруға болады?
Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен облыс әкімдігінің мәжілісі болып өтті. Оған аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық басқармалардың, аумақтық департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Мәжілісте алдымен 2011-2012 жылдардың қысқы кезеңіндегі жол жұмыстарының қорытындылары және 2012 жылғы құрылыс-жөндеу жұмыстары маусымына дайындық барысы туралы мәселе қаралды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Мақсұт Исахов баяндама жасады. Оның айтуынша, біздің аймақтағы жол кәсіпорындары қысқы мерзімге орта есеппен 85 пайыз дайындықпен келді. Қыстың жылдағыдан жайлы болуына байланысты автожолдарды тазалау бойынша қиындықтар туындаған жоқ.
Бүгінгі күні облыстық маңызы бар жолдарда орташа жөндеуден өтуге тиісті жалпы құны 270 млн. теңге болатын 78 су өткізгіш құбырлар мен 9 апатты көпірлер бар.
Сонымен қатар бірінші кезекте күрделі жөндеуден өткізуді талап ететін апатты жағдайдағы үш көпірге жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
2012 жылы жергілікті маңызы бар жолдарға жалпы жиыны 9 249,98 млн. теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен Аягөз ауданында «Шыңқожа–Мыңбұлақ–Ақшәулі» 29–35, 34–41 шақырымдары (жиыны 12 шақырым), Зырян ауданындағы «Көгілдір шығанақ» демалыс орнының кіреберісі (7,5 шақырым), «Мақаншы–Жалаңашкөл», «Үлкен Нарын – Күршім», «Күршім–Қалжыр» және басқа да учаскелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, «Таңсық стансасы–Қозы Көрпеш-Баян сұлу» автожолы құрылысының жобасын іске асыру жоспарлануда.
Баяндаманы мұқият тыңдаған облыс басшысы биыл Абай ауданында маңызды мәдени шаралар өтетінін айта келіп, «Семей–Қарауыл» бағытындағы жолдың сапасына көңіл бөлуді тапсырды. Сондай-ақ, Алакөл және Бұқтырма жағалауындағы демалыс орындары, Рахман қайнары бағытындағы жолдарды демалатын маусым ашылардан бұрын жөндеп, реттеуді ескертті. Облыс Әкімі Осинов асуындағы жолды жөндеу жұмыстарын жеделдетуді де қадап айтты.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «ОблШығысЖол» кәсіпорнының басшысы Ә.Мәткәрімовке негізгі жолдарды назарда ұстау, жұмыс сапасына көңіл бөлу керек екенін ескертіп, жол бойындағы белгілерді жол жағдайына байланысты орнатуды тапсырды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов ауыл шаруашылығына арналған жерлерді ұтымды пайдалану туралы баяндама жасады.
Жерді ұтымды пайдалану мақсатында 2011 жылы аудандар мен қалалардың есебіндегі жерлерге тексеру жүргізіліп, 575,8 мың гектар жер пайдаланылатыны, оның ішінде егістік жер – 95,7 мың гектар екені анықталды. Түгендеудің нәтижесі бойынша пайдаланылмайтын 331,6 мың гектар жер иесіз жер ретінде есепке қойылды. 152,2 мың гектар, оның ішінде 15,5 мың гектар егістік аумағы жалға беру шарттарын жою арқылы мемлекет меншігіне қайтарылды. 7,2 мың гектар аумақтағы 22 жер телімі ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.
Топырақ құнарлылығын сақтау мақса-тында 2011 жылы 375 мың тонна органикалық және 8,2 мың тонна минералдық тыңайтқыш себілді, бұл – 2009 жылғы деңгейден 2 есе артық.
Облыстың егіс алқаптарында ауыл шаруашылығы дақылдарын ылғал сақтау ресурстарын пайдалана отырып өсіру тәжі-рибеге енгізіліп, таратылды. 2011 жылы аталған технология 290 мың гектар алқапта дәнді дақыл өсіру кезінде қолданылды. Биыл бұршақ, жарма және мал азығы дақылдары егістігін кеңейту, керісінше күнбағыс алқаптарын қысқарту арқылы егістік құрылымын әртараптандыру бағытында мақсатты жұмыс-тар жүргізіліп жатыр. Осының нәтижесінде 2011 жылмен салыстырғанда күнбағыс егістігінің аумағын 31,7 мың гектарға (8 пайыз) азайту, ал бұршақ, жарма және мал
азығы дақылдары егістігін тиісінше 7,5, 14,7 және 11,8 мың гектарға ұлғайту көзделді.
Пайдаланылмайтын жер телімдерінің ең көбі Аягөз ауданында – 184,5 мың гектар, Семейде – 109,4 мың гектар, Ұлан ауданында – 68,7 мың гектар және Тарбағатай ауданында – 50,3 мың гектар.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жерді тиімді пайдаланудың жолдары жайында айта келіп, бірқатар аудандарда күнбағыс өсірілетін алқаптардың ұлғайып бара жатқандығына алаңдаушылық білдіріп, сол өңірлердегі жерлердің құнарлылығын сақтауға жете мән бермей отырған Бородулиха, Шемонайха, Глубокое, Зырян аудандарының басшыларына мал өсіріп, төрт түліктің санын арттыруды тапсырды.
Осы аудандарда ет-сүт өнімдерінің көлемінің азайып бара жатқандығын да басшылардың беттеріне басып айтты. Көк-темгі егіс басталатын уақыт та таяп қалды. Үржар ауданында биыл көктемде себілетін тұқымның 62 пайызы үшінші сұрыпты болса, күзде одан қаншалықты өнім алынатыны да белгілі. Зырян, Зайсан аудандарында да осындай жағдай қалыптасқан.
Облыс басшысы көктемгі егісті бастамас бұрын элиталық тұқымдарды алдын ала дайындап алу керек екенін, ендігі қалған уақытта жұмыс топтарын құрып, аудандарға шығып, сапалы тұқым қорын тауып әкеліп, себуді тапсырды. Егіс алқаптарына ми-нералдық тыңайтқыштар жеткізуді қолға алу керектігін де атап өтті.
Облыс Әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев 2011-2012 жылдардағы жылу беру маусымын өткізу қорытындылары және алдағы 2012-2013 жылдардың жылу беру маусымының міндеттері туралы баяндады.
Қысқы жағдайда жұмыс істеуге сапалы дайындалу үшін барлық энергия көздерінде негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеудің нақты кестелері бар, жөндеу жұмыстары соған сәйкес жүргізіледі.
Күз-қыс мезгіліне дайындық барысына депутаттық корпусты, мамандандырылған ұйымдарды және жұртшылықты тарта отырып бақылау ұйымдастырылған. Облыс Әкімінің бастамасы бойынша қалалар мен аудандар әкімдіктері жылумен жабдықтаушы ұйымдар арасында бір-біріне өзара тексеру жүргізді, бұл өз кезегінде дайындық науқанында осал тұстарды анықтап, оларды жоюдың тиісті шараларын қолдануға мүмкіндік береді.
Тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін 2011-2012 жылдардың жылу беру маусымына дайындауға 17 751,5 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Барлық білім және денсаулық сақтау объектілерінде жоспарланған жөндеу-дайындау жұмыс-тары толық көлемде орындалды. Бекітілген іс-шараларға сәйкес 226 қазандықта жөн-деу жүргізіліп, 37,2 шақырым жылу және 41,4 шақырым су құбыры желілері толығымен ауыстырылды. Орталықтанды-рылған жылу беру жүйесі бар 4205 тұрғын үй жылу қабылдауға дайын.
Облыс басшысы сумен қамтамасыз ету нысандарын жөндеуді бірінші шілдеге дейін орындап шығуды жүктеді. Зырян қаласында сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу керек. Жыл сайын Өскеменде бұрыннан белгілі орындарда апатты жағдайлар орын алып жатады. Бір рет жөнделген құбырларды келесі жылы қайтадан жөндеуге неге жол беріледі? Әкімдер және жылумен қамту ұйымдарының басшылары өткен жылы қандай проблемалар болғанын тағы бір мәрте пысықтап шығып, олқылықтардың орнын толтыруы тиіс. Аудандар мен қалаларда штабтар құрып, іс-шаралар жоспарын жасау керек. Уақыт өтіп барады. Ал бірқатар әкімдіктен ешқандай ұсыныс түскен жоқ. Барлық жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, Астанаға барып, тиісті министрліктер мен ведомстволарға түйінді мәселелерді жеткізіп, тапсырыс беру керек. Сумен, жылумен қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты жұмыстарды мамыр айында бастау керек. Тұрғын үйлерді терможаңғырту жұмыстарына бөлінген қыруар қаржы игерілуі тиіс. Тұрғындарға терможаңғырту жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізуге көңіл бөлінбей келеді. Биыл тұрғындардың суды пайдаланудағы берешегі былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге азайды. Семей қаласында тұрғын үйлерге ыстық су берілді. Тұрғындар қарыздарын қайтаратын болады. Тұрғын үйлер мен мекемелерде су есептеу қондырғылары орнатылуын қадағалау керек. Облыс басшысы тиісті басқарма басшыларына осындай нақтылы тапсырмалар жүктеді.
Облыс қалалары мен аудандарының 2012 жылғы бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму серпіні рейтингісінің қорытындылары туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинская баяндама жасады.
Бірінші тоқсандағы облыстың әлеумет-тік-экономикалық даму көрсеткіштері өткен жылғы экономикалық өсу қарқынының сақталғанын көрсетеді. Экономиканың нақты секторында өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 125,7 пайызды құрап отыр. Еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда бұл – ең жоғарғы көрсеткіш. Көрсеткіштердің оң болуына негізінен облыстың ірі өндірістік орталықтары үлес қосқан, олар – Өскемен (өсім – 1,6 есе) мен Семей (өсім – 1,3 есе) қалалары. Өнеркәсіптің табиғи көлемі Аягөз ауданында 9 есеге ұлғайған. Тарбағатай, Катонқарағай, Күршім аудандары да аталмыш көрсеткіштер бойынша алдыңғы шептен орын тепкен. Тек Бородулиха ауданы ғана 99,7 пайыздық көрсеткішпен ең соңғы орын алып отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі мұнда Жезкент кен байыту комбинатының қайта құрылымдануына орай, яғни «Восток-ремсервис» ЖШС-індегі өндіріс көлемінің азаюына байланысты төмендеген. Сонымен қатар, Риддер қаласы мен Глубокое, Үржар аудандарында өсім деңгейі шамалы болыпты.
Басқарма басшысының айтуынша, рейтингтік көрсеткіштерге «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық жобалар саны» еніп отыр. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыс бойынша тек 8 жоба іске асырылған.
Сонымен, бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы бойынша Аягөз, Көкпекті, Үржар, Глубокое, Күршім және Бесқарағай аудандары даму қарқыны жоғары өңірлер тобына кіргізіліп отыр. Ал даму динамикасы төмен өңірлерге Зырян, Бородулиха, Зайсан, Абай аудандары, Риддер мен Курчатов қалалары енген. Атап өтерлігі, Абай ауданы бұл топтан үш тоқсан бойы шыға алмай келеді. Бұл аталмыш аудан әкімінің жағдайды жақсарту бойынша қолға алған шараларының тиімсіз екендігін байқатады.
– Абай ауданы осылай көштің соңында жүре бере ме? Риддер әлеуеті зор қала ғой, неге нәтижелер төмен? Бұл жергілікті әкімдіктер нашар жұмыс істейді деген сөз, – деді осы мәселеге орай облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Биылғы бірінші тоқсанға арналған аймақішілік рейтинг қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Шемонайха ауданының әлеу-меттік-экономикалық даму динамикасы төмен екендігін атап көрсеткен. Бұл аудан екінші жыл қатарынан рейтингтің 17-орнын алып келеді.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғары екенін айтып, кемшін тұстар бойынша нақты жұмыс істеу қажеттігін қатаң ескертті. Осы рейтингтің қорытындысы бойынша облыс әкімдігі тарапынан тиісті шешімдер шығарылатын болады.
– Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша соңғы орын алған әкімдерге қатысты қызметінен босатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылатын болады, – деді облыс Әкімі. Сонымен қатар, аймақ басшысы аталмыш рейтингке жер телімдерін тиімді пайдалану көрсеткішін де енгізуді ұсынды.
Облыстық қаржы басқармасының бастығы Серікқазы Оразалиев алғашқы тоқсандағы облыстық бюджеттің орындалу барысына тоқталды.
Бюджеттің орындалуы көңіл көншітерлік. Өткен жылмен салыстырар болсақ, бюджет түсімі өсе түскен. Дей тұрғанмен, бюджеттің 3,6 миллиард теңгесі игерілмей отыр. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тапсырмасы бойынша мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурстар 1-сәуірде өткізіліп біту керек болатын. Бірақ бүгінгі күнге дейін әлі 18 конкурс жарияланбаған. Оған басты себеп – жобалық-сметалық құжаттамаға арналған мемлекеттік сараптама әзір емес. Бюджет қаржысының игерілу деңгейі өткен жылдың осы мерзімінде 96,1 пайыз болған-ды, биыл 93,9 пайызды көрсетіп отыр. Яғни, қарқын азайған.
Сонымен қатар, ішкі істер департаменті, облыстық білім, денсаулық сақтау, ішкі саясат басқармалары да қаржы игеруде қалыс қалып барады. Конкурстардың өткізілу мерзімін құрылыс басқармасы көп бұзған.
– Облыс тарихында тұңғыш рет 27 мектеп салына бастады. Осы жұмыстар үшін қыруар қаржы бөлінді, ал іс әлі сол конкурс-тық шаралардан ары аса алмай отыр, – деді облыс Әкімі. Аймақ басшысы конкурстарды мамыр айының ішінде толық аяқтап бітіруді тапсырды. Бұл – соңғы мерзім.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқарма-сының бастығы Ольга Кузовлева «Глубокое, Үржар, Бородулиха аудандарында, Семей, Риддер қалаларында жастар іс-тәжірибесін, әлеуметтік жұмыс орындарының ұйымдас-тырылуы туралы» баяндама жасады.
«Жастар іс-тәжірибесі» және «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламалары өңірдегі жұмыссыздық деңгейін соңғы үш жылдың ішінде 1,2 пайызға қысқартуға мүмкіндік берген. Статистика басқарма-сының мәліметі бойынша, жастар арасын-дағы жұмыссыздық деңгейі 2008 жылғы 10,4 пайыздан 2011 жылы 7,9 пайызға дейін төмендепті.
Бағдарламалардың сәтті орындалуы қашан да бөлінетін қаржыға тәуелді. Жыл сайын республикалық және қалалар мен аудандар бюджетінен жастар іс-тәжірибесін және әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыру сомасы ұлғайып келеді. Соңғы екі жылда облыс бойынша қаржыландыру 32 пайызға көбейді.
Басқарма бастығы алда тұрған бірқатар міндеттерді де атап көрсетті. Мәселен, қалалар мен аудандар әкімдері жастар іс-тәжірибесіне және әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру және жұмыссыздарды әлеуметтік қолдау мақсатында бюджеттен бөлінетін қаржыны ұлғайтуды жалғастыру керек. Әлеуметтік жұмыс орындарының мерзімін 12 айға дейін ұзарту қажет. Сондай-ақ, тұрақты жұмыс орындарына қабылдайтын кәсіпорындарға басымдық берген жөн. «Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламасына облыс аумағында орналасқан шетелдік компанияларды тартқан да артық емес.
– Жастар іс-тәжірибесін, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру – бүгінгі таңдағы өте маңызды мәселелердің бірі. Себебі, бұл іс ең алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарымызға қатысты. Қаржы бар, енді тек осы бағытта жүйелі әрі табанды жұмыс істеу керек. Жұмыссыз жүрген, яғни материалдық тұрғыда аз қамтылған адамдарды еңбекпен барынша қамту қажет. Сонда өзге де әлеуметтік мәселелер азаяды, – деп қадап айтты аймақ басшысы.
Мәжіліс соңында облыс басшысы жүзеге асыруға тиісті бірқатар өткір мәселелерді тізіп өтті. Атап айтсақ, күн тәртібінде бірінші тұрған ол – көктемгі егістік науқанын ойдағыдай атқару. Сондай-ақ, Әкім қар кетіп, күннің күрт жылынуына байланысты дала және орман өрттерінің орын алып жатқанын тілге тиек ете келе олардың алдын алу, кезекшілік ұйымдастыру, қоршаған ортаны тілсіз жаудан қорғау турасында жауапты басшылықтарға тапсырмалар берді. Бұдан кейінгі өңір басшысы жақындап қалған 9-мамыр Жеңіс күні мерекесін атап өту барысында соғысқа қатысқан және тылда еңбек еткен бір де бір ардагер, тыл еңбеккері елеусіз қалмайтынын, кейбір ардагерлерге материалдық қолдау көрсетілетіндігін, концерттер мен басқа да мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылатынын жеткізді.
– Қазіргі біздің алдымызда тұрған бір шаруа – облыс аумағындағы құрылыс нысандарына инвентаризация жүргізу. Алдағы екі айдың ішінде осы істі бір жағына шығарғанымыз жөн. Әсіресе, әлеуметтік-мәдени салаларға қарасты ғимараттардың ахуалын тексеріп, құрылысында қандай да бір ақау анықталған жағдайда тиісті шара, яғни, жөндеу жұмыстары қолданылады. Бұл жұмысты орынбасарым Жомарт Мұратов басшылыққа алып, тиісті басқармалармен бірге атқаратын болады. Мәселен, Глубокое ауданындағы медицина мекемесі қабырғасының жарылып кетуі – құрылысшы компанияның кінәсі. Өйткені, ол жерде екі қабаттан артық ғимарат салуға рұқсат етілмеген, ал олар бұған қарамастан төрт қабатты нысан тұрғызды. Соның салдарынан апаттық жағдай туындап отыр, – деп түсіндірген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ орынбасары Жомарт Мұратовқа құқық қорғау органдарымен бірлесіп, аталмыш құрылысты жүргізген компанияны тауып, тиісті шара қолдануды жүктеді.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, кәсіпкерлер мен кәсіпорындар есебінен «Парыз» қорына қаражат аудару жағы да аса белсенді деп айта алмаймыз. Әкім өз сөзінде облыс әкімдігін айтпағанда, басқа аудандар мен қалаларда әлеуметтік жауапкер-шілік аясында жеке кәсіпкерлермен арада жасалатын меморандумдар жоқтың қасы екендігін еске салды. Сонымен қатар жалақы қарызының көлемін азайту бағытындағы жұмыстарды ширатуды, басқармалар мен департамент басшылары, өзге де лауазым иелері аудандарға іссапармен жиі шығып, ауылдағы ағайындарға мемлекет тарапынан қандай жұмыстар іске асырылып, ел игілігі үшін қандай проблемалар шешімін тауып жатқанын түсіндіруді тапсырды.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ пікірінше, сенбіліктерді ұйымдастыру, жалпы бұл игілікті іс туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу өз деңгейінде атқарылмай отыр. Облыс орталығы Өскеменнен бастап өңірдегі барлық қалалар мен аудандарда, ауылды жерлерде апта сайын тазалық күні өткізілуі тиіс. Бұл ең әуелі тұрғындардың өздері үшін. Осыны халыққа жақсылап түсіндіріп, насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдары мен жауапты басшылардың белсенгендері дұрыс. Сенбілікке тұрғындар жаппай қатысулары қажет. Көгалдандыру, қоқыстарды тазарту, көшеттер отырғызу сияқты жұмыстар екі ай көлемінде жүргізілетін болады. Осы орайда мемлекеттік қызметкерлер басқа жұртқа өнеге көрсетіп, ең бірінші солар тазалыққа атсалысуға тиіс.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр апта сайын өткізіліп келе жатқан ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелерін одан әрі жалғастыруды қадап тұрып ескерткен Әкім тұрақтандыру қорының тауарларын өткізуге қатысты: – Қатаң ескертемін, егер қандай да бір ауданның әкімі бюджеттік қызметкерлердің жалақысын қордағы азық-түлік өнімдерінің есебінен төлейтін болса, жақсылық күтпесін! Мұны айтып отырған себебім, кейбір облыстарда бюджет қызметкерлеріне, оның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлерге айлық жалақысының орнына қымбат бағамен картоп, сәбіз, пияз сияқты ауыл шаруашылық тауарларын береді екен. Мұндайға жол берілмесін! Бізде барлық қызметкерлерді еңбекақымен қамтамасыз етуге қаржы жеткілікті.
Бұған қоса Әкім жиында мемлекеттік қызметкерлердің ант қабылдау рәсімін салтанатты жағдайда еліміздің көк байрағы мен Елтаңбасы орнатылған Ботпай тауында өткізуді дәстүрге айналдыру міндетін алға тартты. Одан бөлек «Дип-ломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауыл-аймақты түлетуге бел буған жас мамандарға жағдай жасап, материалдық-тұрмыстық көмек көрсетуді, мемлекет тарапынан қарастырылған тиісті төлемдерді уақытымен беру қажеттігін мықтап ескертті.
Ержан Әбіш,
Серік Әбілхан