Әкім есебі

Әлеуметтік саладағы маңызды жобалар жалғасын табады

Кеше Өскеменде облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша халық алдында есеп берді.Жиынға аудан-қалалардан келген тұрғындар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесуде аудандар мен қалалардың бірқатар тұрғыны өз сауалдарын бейнебайланыс арқылы қойды. Өз есебінде Даниал Ахметов облыстағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына тоқталды. Облыс халқы өңірдің алға өрлеуіне өздерінің зор үлестерін қосып келеді./Облыс әкімінің есептік кездесудегі  баяндамасының тезистері газетіміздің 8 ақпандағы санында жарияланған/.

Жалпы, өткен жылыбарлық салада даму байқалды. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 109, ауыл шаруашылығы өнімдері 104, инвестициялар123, құрылыс жұмыстары 106 пайызға артты. 27 мың жұмыс орны ашылды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4 триллион теңгеге жетті.

Өңірде атқарылған жұмыстардың дені әлеуметтік маңызды бағыттарды қамтыды. Айталық, облыста денсаулық сақтау саласын дамытудың кешенді жоспары жүзеге асуда.

– Қабылданған шаралар медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға, диагностика мен емдеудің 130-дан астам жаңа әдісін енгізуге мүмкіндік берді. Қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау 6 пайызға артты, нәресте өлімі 28, қан айналымы жүйесі аурулары 7, өкпе ауруы 66 пайызға төмендеді. Биыл емханаларды жаңғыртуды жалғастырамыз, дәрігерлерді баспанамен, көтермеақымен қамтамасыз етеміз. Бұл денсаулық сақтау саласының сапасын жақсартады, – деді аймақ басшысы.

Жүйелі жобалар білім саласында да іске асырылуда. Шығыс Қазақстан – «Менің мектебім» жобасы бойынша 648 мектепті IT-сыныптармен жабдықтаған бірден-бір өңір.

«Бес әлеуметтік бастама» жобасы аясында жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арнап 4048 орындық 10 жатақхана салу көзделген. Қазірдің өзінде Семейдегі медициналық және электротехникалық колледждерде 700 орындық екі жатақхана қолданысқа берілген. Осы жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында колледждерге арналып 5 жатақхана салына бастайды.

Өңірде көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау шараларының кешенді бағдарламасы іске асырылуда.

Аймақ басшысы қала-аудан әкімдеріне, білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларына көпбалалы отбасыларға уақытылы кепілді әлеуметтік қолдау көрсетуді қадап тапсырды. Сондай-ақ масылдыққа қарсы шараларды қолға алуды да жүктеді.

Жалпы, тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін шешу үшін алдағы 2 жылда үй құрылысының көлемі екі есеге артады. Ол үшін 730 мың шаршы метр үйлердің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталды. Ағымдағы жылы 480 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.

Өңірдің жол-көлік инфрақұрылымына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл автожол саласына 102,8 миллиард теңге инвестиция құйылады. Оның 82,3 миллиард теңгесі республикалық Талдықорған – Қалбатау – Өскемен, Қалбатау – Майқапшағай жолдарына, 20,5 миллиард теңгесі жергілікті жолдарға жұмсалмақ. Облыс бойынша биыл 397 шақырым автожол, 83 шақырым көше орташа жөнделеді.

Облыс әкімі ауызсумен қамту саласында атқарылған және жүзеге асырылатын жұмыстар туралы айтып берді. Аймақ басшысы атап өткендей, 2020 жылы өңірде орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген ауылдардың үлесі 76,5% болса, сапалы ауызсуға қолы жеткен ауыл тұрғындарының үлесі 81% болады.

– Агроөнеркәсіптік кешен облыстағы жалпы өнімнің 62 пайызын құрайды. Сүт, бал, панты, күнбағыс майын өндіруде облыс республика бойынша 1-орынды, ет өндіруде 2-орынды алады. Сүттің 60 пайыздан астамы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Соңғы бес жылда халықтан сүт сатып алу 17 есеге артты. Қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесібес жылда 29 пайыздан 75 пайызға өсті.

Агросаладағы басым бағыт – өсімдік шаруашылығын экспортқа бағытталған өнімге ауыстыру. Бірінші кезекте – соя мен жүгері өндірісі. 2024 жылға қарай егіс алқабын 4,2 есеге, өнім экспортын 10 есеге, яғни 1,5 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін өсіру жоспары тұр, – деді облыс әкімі.

Облыста туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, оған өңірдің табиғи ерекшелігі мен бірегей тарихи-мәдени мұрасы мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда Алакөл жағалауын абаттандыру, инфрақұрылымын дамыту үшін облыс қазынасынан 6,3 миллиард теңге бөлінді. Алдағы төрт жылда тағы 20 миллиард теңгеге 6 ірі инфрақұрылымдық жоба іске аспақ. Биыл Үржар әуежайын жаңарту, Алакөл жағалауына су құбырын, электр желісін тарту басталады.

Осы жылдың ең жарқын оқиғасы – Абайдың 175 жылдығы. Мерейтойға орай 184 іс-шара жоспарланған, оның 24-і – халықаралық деңгейде.

– Облыс жыл қорытындысы бойынша әлеуметтік саладағы жүйелі жобаларды жалғастыра отырып, тұрақты экономикалық даму траекториясында қалып отыр, – деп түйіндеді өзінің есептік баяндамасын аймақ басшысы.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің халық алдындағы есепті кездесуінде тұрғындардың дені сауалдарын залдан емес, былтырғыдай сахнадағы экран арқылы жолдады.

Кирилл Рожков, Өскемен:

– Биыл қар ерекше көп жауды. Ал қаладағы аулалар мен көшелердегі қар апталап шығарылмай жатады. Осы қар көктем кезінде қызыл суға айналып, көптеген проблема тұғызатыны сөзсіз. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылмақ?

– Әрине, биылғы қыстың біраз қиындық туғызғаны рас. Бүгінде облыстың барлық ауданы мен қалаларында ақтарушы биліктің тікелей араласуымен қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Биылдың өзінде үлкенді-кішілі елді мекендерден 700 мың текше метр қар шығардық. Бір ғана Өскемен қаласының аумағынан 125 мың текше метр қар шығарылыпты, бұл былтырғы көрсеткіштен 2-2,5 есе көп. Мен аудан және қала басшыларына бұл жұмысты бәсеңдетпеу жөнінде тапсырма бердім. Дегенмен, аталған іске пәтер иелерінің кооперативтері де атсалысуы қажет. Сондықтан тұрғындар ПИК-терге осындай талап қоюға құқылы. Ал қарғын су мәселесіне келер болсақ, қазір жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Облыс бойынша 108 елді мекенді су басу қаупі бар. Қазір апаттың алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Апта сайын мамандар тобы тікұшақпен рейдке шығып, маған облыстың аудан-қалаларында қалыптасқан жағдай жөнінде есеп беріп отырады. Төтенше жағдайлардың алдын алу, салдарын жою мақсатына 1 миллиард 800 миллион теңге көлеміндегі қаражат бөлінді. Бір ғана жарылыс жұмыстарына қосымша 150 миллион теңге қарастырылған. Қажет болса, тағы да ақша бөлуге дайынбыз.

Бақыт Сырымбаева, Зайсан ауданы:

– Қазір әлем жұртшылығын коронавирус дертінің етек алып бара жатқаны толғандырады. Біздің аудан Қытаймен шекаралас болғаннан кейін, зайсандықтарды да бұл мәселе алаңдатады. Осыған байланысты, облысымызда аталған індеттің алдын алу мақсатында қандай іс-шаралар атқарылуда екенін білгім келеді.

– Рас, бұл проблемаға қатысты халықта қорқыныш көп. Күн сайын теледидардан жантүршігерлік жаңалықтар естіп жатамыз. Сол себепті облыста коронавирустың алдын алу мақсатында арнайы штаб құрылып, кешенді жұмыс жоспары әзірленді. Әуежайлар, теміржол вокзалдары мен автобекет қызметкерлеріне арналған курстар ұйымдастырылып, олардың вирусқа күдік туындаған жағдайдағы іс-әрекеті пысықталды. ҚХР-ден келген барлық жолаушылар, тасымалдаушылар, экипаж мүшелері міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Шекарадағы «Бақты» және «Майқапшағай» кеден бекеттері бұл іске қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. 17 ақпаннан бастап Қытайдан келген әрбір адам 14 күндік обсервацияға алынады. Сондай-ақ қажет болған жағдайда науқастарға облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының,  Зайсан және Үржар аудандарындағы амбулаториялардың, «Уба» және Грехово ауылындағы шипажайлардың, сондай-ақ Ақжар ауылындағы туберкулезге қарсы диспансердің мамандары көмек көрсетуге әзір.  Облыста қажетті мөлшердегі дәрі-дәрмек, респираторлар мен маскалар, қорғаныс костюмдерінің қоры бар. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз.

Марина Коновалова:

– Бүгінде облысымыз үлкен құрылыс алаңына айналғандай. Әсіресе, соңғы жылдар ерекше көп тұрғын үй бой көтерді. Өзіме келер болсам, баспана кезегінде 2003 жылдан бері тұрғанмын. Осыдан біраз бұрын көп күттірген пәтеріме де қол жеткіздім. Сол үшін өңір басшылығына алғыс айтқым келеді. Мұндай игі іс алдағы жылдары да жалғасын табады деп сенемін.

– Дұрыс айтасыз. Біз алдағы екі жылда құрылыс көлемін екі есеге арттырамыз. Биыл 570 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіште екі есеге дейін ұлғайтамыз. Өйткені, баспана кезегінде тұрған жерлестеріміз әлі де көп. Мәселен, облысымызда әлеуметтік жағынан аз қамтылған 18 мың адам пәтер алуға мүдделі екен. Сол сияқты 1 700 көпбалалы отбасын баспанамен қамтитын боламыз. Бұған несиеге берілетін 12 мың шаршы метр мен жалға берілетін 20 мың шаршы метр үйді қосыңыз. Демек, бұл бағытта тындырылатын шаруа әлі шаш етектен. Бүгінде несие арқылы пәтер алғысы келетін шығысқазақстандықтар саны 11 мыңнан асады екен. Сондықтан бізге осындай ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізе алатын қосымша еңбек күші қажет. Қазіргі басты мәселе де осы болып тұр. Аталмыш проблеманы шешу үшін оқу орындарының басшылықтарына қысқа мерзімде құрылыс саласының мамандарын даярлау жөнінде тапсырма берудеміз.

Елена Сихварт, Самар ауылы, Көкпекті ауданы:

– Халықты азық-түлік бағасының қымбаттауы алаңдатады. Бұл әсіресе мереке күндері айқын көзге ұрады. Осы орайда, аталған мәселеге кім жауапты екенін білгіміз келеді. Өз еркімен бағаны өсірген сатушылармен тиісті жұмыс жүргізіле ме?

– Азық-түлік бағасын бақылауда ұстайтын бірден-бәр орган – жергілікті әкімдік. Облыста бағасын өзіміз белгілейтін 19 өнім түрі бар. Әрине, жалпы жағдайды да бақылауда ұстауға тырысамыз. Мысалы, осыдан біраз бұрын Шемонайхаға барғанымда ол жақтағы бағалардың Өскемендікінен де жоғары екенін білдім. Бұл жергілікті әкімдіктің аталған мәселеге жүрдім-бардым қарап келгенінің салдары. Облыста сиыр еті, сары май мен бірқатар көкөніс өнімінің қымбаттағаны рас. Бұл ретте жер-жерде тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын арнайы дүңгіршектер ашылып, жұмыс істеп тұрғанын еске салғым келеді. Бұл дүңгіршектерде қорда сақталған алты мың тонна өнім саудалануда. Сонымен қатар келесі жылы Өскеменде мемлекеттік көтерме-бөлшек сауда орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Ол жерде Қазақстанның өзге өңірлерінен, сондай-ақ көршілес елдерден әкелінген бақша дақылдары қолжетімді бағамен саудаланатын болады. Ешқандай алыпсатарларға жол берілмейді.

Жанар Жеңісова, Семей:

– Мен 12 жастағы мүгедек баланы тәрбиелеудемін. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласына келгенде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған оңалту орталығы салынатыны туралы айтқан болатын. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Президенттің тапсырмасын міндетті түрде орындайтын боламыз. Қазіргі кезде Семей қаласында 1 304 мүмкіндігі шектеулі бала тұрады екен. Оңың 489-ы медициналық оңалтуды қажет етеді. Біз бұл мәселеден хабардармыз. Осы проблеманы шешу үшін 150 орынға шақталған оңалту орталығының құрылысын бастамақпыз. Аталған жобаның құжаттары сараптамаға жіберілген, бұл жұмыс шамамен мамыр айына дейін созылуы мүмкін. Одан кейін құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Бұл орталық 2023 жылға дейін пайдалануға беріледі деп сеніммен айта аламын. Ал әзірге қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандарға «Қарағайлы» деп аталатын тамаша шипажай қызмет көрсететін болады.

Александра Осипова, блоггер, Өскемен:

– Облыс орталығындағы өндіріс орындары жыл сайын қаладағы экологиялық жағдайды оңалту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы есеп беруде. Бұл есептерге қарасаң, жағдай жақсарып келе жатқан сияқты. Алайда, өскемендіктер мен қала қонақтары ешқандай өзгеріс байқамауда.

– Проблема жоқ емес, бар. Оны мойындаймыз. Енді жылдар бойы түйіні тарқамай келген мәселені шешудің амалдарын қарасыруымыз қажет. Соңғы бес жылда қаланың экологиясын оңалту мақсатына 27 миллиард теңге көлеміндегі қаражат бөлінген. Оның 12,5 миллиарды – «Казцинктің» еншісінде. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс атқарылуда. Алайда, оның кемшін тұстары да көп. Сол себепті, біз 2020-2025 жылдарға арналған өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған арнайы бағдарлама әзірледік. Бұл бағдарлама өндіріс орындарының ауаны ластау деңгейін жеті пайызға төмендетуді көздейді. Әлбетте, бұл анау айтқандай көп емес. Алайда, бұл тек басы ғана. Сонымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкімен Өскемен және Семей қалаларында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттар салу жөнінде келісімге келдік. Бұл да – аймақтың экологиясына едәуір пайдасын тигізетін қадам. Әдеттегідей, көгалдандыру жұмыстарына да айрықша мән берілмек.

Аида Үркүншинова, Алтай қаласы:

– Даниал Кенжетайұлы, бізде инфаркт, инсульт бойынша өлім-жітім көрсеткіші өте жоғары болып тұр. Өткен жылы Алтай қаласында инсульттік орталық ашылғанын білеміз. Осы бағытта жұмыстар жалғаса ма?

– Бұл – өте маңызды мәселе. Жаңа есепті баяндамамда айтып өткендей, биыл тағы осы екі қала – Аягөз бен Алтайда кардиологиялық орталықты ашамыз. Онда 1,3 млрд. теңгеге ең заманауи медициналық құрал-жабдықтар орнатылатын болады. Шетелде оқыған 276 дәрігердің 60-тан астамы кардиология саласының мамандары. Кардиохирургия  бойынша Алтай мен Аягөз қалалары үшін екі дәрігерден шетелде оқып келеді, сондай-ақ тағы бір-бір маман Нұр-Сұлтан қаласында білімін жетілдіреді. Атап өткім келетіні, бұған дейін еш уақытта Аягөз бен Алтайда мұндай орталықтар болған емес және біз Қазақстан бойынша инсульттік және кардиологиялық орталықтар бір ауданда орналасқан бірінші аймақ боламыз. Біз үшін бірінші орында сапа тұрады.

Нина Кипа, аудандық аналар кеңесінің мүшесі, Үржар ауданы:

– Біздің ауданның босанатын әйелдері облыс орталығына немесе Семейге баруға мәжбүр. 500-600 шақырымдық ұзақ жолды жүріп өту жүкті әйелдер үшін қаншалықты ауыр екенін өзіңіз де білесіз. Үржарлық барлық аналардың атынан өтініп сұрарым, аналарға өз ауданында баласын дүниеге әкелуіне қолдау білдірсеңіз екен.

– Бұл мәселеде жақында аудандар бойынша талдау жасап шықтық. Сол кезде таңғалғаным, өңірдегі барлық аналардың сексен пайызы Өскемен мен Семейде босанады екен. Сексен пайызы. Бесқарағай мен Бородулиха аудандарында аналардың 10 пайызы ғана өздерінде босанады. Күршімде, Көкпектіде және Тарбағатайда 30 пайыз. Бұл дұрыс емес. Сондықтан биыл бұл мәселені түбегейлі шешу үшін 1 млрд. 600 млн. теңгені Үржар, Катонқарағай, Күршім, Зайсан аудандарының орталықтарында халықаралық талаптарға сай жабдықтар алу үшін бөлетін боламыз. Сонымен бірге, шекаралық аудандарды қоса есептегенде аудандар үшін 40 педиатр дәрігер оқытылатын болады. Биыл бес ауданда, келесі жылы төрт ауданда ашып, бұл мәселені толық жоямыз. Сонау Марқакөлден облыс орталығы Өскеменге келіп босану деген еш ақылға сыймайды.

Тынысбек Жарымбетов, Семей:

– Биыл Семей қаласы жақтағы Ертіс өзенінің жағалауындағы Бейбітшілік аралының маңында жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіле ме? Сұрап отырғаным, жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде Ертістің суы жағалаудағы үйлер мен құрылыстарға қауіп төндіріп келеді. Қайбір жылы тасқын су алып кеткен жағдай да болды.

– Біз соңғы бес жылдың көлемінде Семейдің ұзақ жылдар қордаланған проблемаларын түбегейлі шештік. Жиырма жыл бұрын жылуды қойып, ыстық су да болмаған еді ғой. Қазір ыстық су да, жылу да бар. Енді қаланы сумен қамтамасыз ету қалды. Сіздің көтерген мәселеңіз орынды, оны мен білемін. Екі айдан соң жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп боламыз. Жылдың екінші жартысында Семей қаласының жағалауын бекіту жұмыстарын бастаймыз. Жобаға Сіз айтқан Бейбітшілік аралы, Пристань, Восточный және Мирный елді мекендері кіреді. Ондаған жылдар бойы шешілмеген бұл мәселені биыл бастап, келесі жылы аяқтайтын боламыз.

Әйгерім Айдарханова, Курчатов:

– Менің балам келесі жылы мектеп бітіріп, Семейдегі бизнес және сервис колледжінде оқығысы келеді. Бізді тұратын жері  алаңдатады. Бұл оқу орнының жатақханасы бар ма?

– Елбасының тапсырмасы бойынша облыстағы жеті колледжде жеті жатақхана салуымыз керек. Қазірге дейін екеуін салдық, осы жылы бесеуінің құрылысын бастаймыз. Оның ішінде Сіз айтқан колледж де бар. Құны 1,7 млрд. теңге болатын жатақхананың құрылысын алдағы бір жарым жылда бітіреміз.

Азамат Тілебалдинов, Өскемен:

– Даниал Кенжетайұлы, облыс орталығында жақында «АДК» деп аталатын үлкен ойын-сауық орталығы салынып, іске қосылды. Оның атауы Сіздің аты-жөніңізге толық сәйкес келіп тұр. Бұл сәйкестік пе, әлде басқа да себебі бар ма?

– Осыдан бес жыл бұрын маған Өскемен қаласының шетінде «АДК» деген сауда дүкені барын айтты. Сәйкестікке қызығушылығым артып, барып көрген де едім. Бірақ ол  дүкен емес болатын. Енді міне, қаланың орталығында екінші үлкен «АДК» ашылып отыр. Былтыр оның иесі маған келіп, осындай жоспарымен бөліскен болатын. Енді міне, үлкен сауда орталығын іске қосып отыр. Толық тарқатып айтсақ, «Алматинский домостроительный комбинат» болып шығады. Қарап отырсақ, мұндай да сәйкестіктер болады екен. «АДК» алдағы уақытта қала тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады, жұмысына сәттілік тілейміз.

Ольга Мартыненко, Риддер:

– Өңірде соңғы жылдарда аулаларды абаттандыру жұмыстары қарқын алғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп жатырмыз. Енді қалалар мен аудан орталықтарында толықтай көшелік жарықтандыру жобасы іске асырылады деп естідік.  Риддер қаласының көшелеріндегі жарықтандыру жүйесі бұл жаңғыртуға кіре ме?

– Риддер қаласында бірнеше рет болдым. Қалада шешімін табуға тиіс екі мәселе бар. Біріншісі, қалада мектеп салуымыз керек. Жұмысын былтыр бастамақ едік, жобалық-сметалық құжаты дайын болмағандықтан, биыл бастаймыз. Екіншісі, Риддерде денсаулық сақтау саласында мәселе бар. Емхана, аурухана ескі ғимаратта орналасқан. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп бітуге тақау. Бұлар міндетті түрде салынуға тиіс нысандар. Сондықтан қалада мектеп пен аурухана құрылысын бастаймыз. Ал жарықтандыруға келсек, биыл сөзсіз Риддер қаласы толық жарықтандырылатын болады.

Есепті кездесуде облыс әкіміне бейнебайланыстан бөлек, залдан да сауалдар қойылды. Мәселен, Өскемендегі Қазақ-Американ еркін университетінің президенті, қоғам қайраткері Ережеп Мәмбетқазиев аймақ басшысының есепті кезеңде тындырған жұмысына жоғары баға бере келе, мектеп бітірген түлектер көршілес мемлекеттердегі ЖОО-на кетіп қалмау үшін, бөлінетін гранттар саны көбейтілсе деген ұсыныс айтты.

Ал Глубокое ауданы, Тарханка ауылындағы «Семена масличное» шаруа қожалығының жетекшісі Людмила Цыбенко өңірдің ауылшаруашылық саласына көрсеткен қолдауы, ауылды жерді орталықтандырылған сумен, сапалы интернетпен қамтығаны үшін шаруалар атынан ризашылығын білдірді. Ал Семей қаласының соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуына, тарихи қала мәртебесін алуға, Үкіметтің Семейдің дамуы үшін жеке бағдарлама қабылдауына жасаған зор қолдауы үшін барша семейліктердің атынан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов әкімге алғыс айтты, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын лайықты өткеру үшін облыс басшысына тиісінше қолдау білдіретіндіктерін де жеткізді.

Облыс әкімі Даниал Ахметов есепті кездесуден соң бірқатар тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша  қабылдады.

Ержан Әбіш,

Нұржан Кенжеұлы,

Дәурен Аллабергенұлы  

Осы айдарда

Back to top button