Облыс әкімі: бағыт-бағдар

Әлеуметтік-экономикалық дамудың оң көрсеткіші сақталды

Пандемияның таралуын шектеу шараларына қарамастан, облыста әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталып отыр. Өңірдің атқарушы органдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын іске асыру аясында нақты жұмыстар атқаруда. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметов кеше Нұр-Сұлтан қаласында, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім етті.

Барлық салада өсім бар

Жолдау аясында 2020 жылдың он айында өңірде атқарылған шаруаларды баяндаған Даниал Ахметовтің айтуынша, жыл басынан бері облыс экономикасын дамытуға 106,5%-дық өсіммен 547 млрд. теңге инвестиция салынған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 125,4%-ға ұлғайған. Мәселен, 116,7% өсіммен 316 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, өнеркәсіп өндірісінің қарқыны да жүз он екі пайызға өскен.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығында 100,3% жалпы өсім сақталып, мемлекеттік бюджетке түсім – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102%-ға, ал жергілікті бюджетке түсім – 120%-ға артқан.

Есепті кезеңде халықтың ақшалай табысы 109,4%-ға, орташа айлық жалақы 120%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері 111%-ға немесе 46 млрд. теңгеге өскен. Жиырма төрт мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылған. Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан аспайды.

– Ең әуелі, әрине, коронавирустық пандемиямен күрес шаралары. Біз барлық күштерді осы бағытқа жұмсадық. Екінші, өңірдің экспорттық әлеуетін дамыту. Ол үшін бүгінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында бірқатар ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бізде Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін нақты іс-қимыл жоспары бар, – деді Даниал Ахметов.

Қарашаның соңында «Қызыл аймақтан» шығамыз

Брифинг барысында аймақ басшысы пандемияның облыстағы қазіргі жағдайына да кеңірек тоқталды.

Өңірде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты, күрделі жағдай сақталып отыр. COVID-19 алғашқы оқиғасы тіркелген сәттен бастап, он төрт мың жұқтыру жағдайы тіркелді. Облыс ауруханаларында бүгінде 659 адам жатыр.

Өкінішке қарай, оқу жылы басталғаннан бері облыста оқушылар арасында коронавирустың төрт жүз он жағдайы тіркелген. Оның ішінде 291 оқушы қашықтан, 119 оқушы 93 мектепте штаттық режимде оқыған. Індет анықталғаннан кейін барлық мектептер жабылып, оқушылар қашықтан оқытуға ауыстырылған. Вирус көбінесе үй жағдайында жұққан. Бүгінгі таңда облыс ауруханаларында оқушылар жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы аймақ басшысына екі апталық мерзім ішінде, яғни қараша айының соңына дейін облысты “қызыл аймақтан” шығару туралы тапсырма берген болатын. Қазіргі уақытта күніне екі рет облыс әкімінің тікелей басшылығымен штаб кеңесі өткізіліп, нақты тапсырмалар берілуде.

Аймақ басшысының айтуынша, облыста 40 инфекциялық стационар дайындалып, толық жабдықталған 6 мыңнан астам төсек-орын ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта 3,7 мың төсек-орын бар. Сонымен қатар облыс әкімі ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап науқастарға арналған төсек-орын саны 12, реанимациялық төсек-орын саны 10 есеге артқанын мәлім етті.

– Ауыр науқастар үшін иммундық плазманың 3 мыңнан астам дозасы дайындалды. Бұл бүкіл республика бойынша әзірленген дозаның 62,5%-на тең. Жұмыс нәтижесін біздің төсек-орын қорының жүктемесіне қарап көруге болады, ол небары 17 пайызды құрайды. КТ-аппараттары тәулік бойы жұмыс істеуде, қосымша “Фавипиравир” тиімді препаратын сатып алдық. Қазірдің өзінде күніне індет жұқтырғандар санының төмендеуі байқалады. Нақты айтқанда, 356-дан 249-ға дейін. Осы шаралар қараша айының соңына дейін «Қызыл аймақтан» шығуға мүмкіндік береді деген сенімдемін, – деді Даниал Ахметов.

Келер жылы алты ірі жоба аяқталады

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде 77,4 млрд. теңгенің 819 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобасы әзірленіп, 21 мың жұмыс орны ашылған.

– Барлығы 479 әлеуметтік нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 266 жоба білім беру, 30 денсаулық сақтау, 76 мәдениет, 43 спорт, 66 жоба әлеуметтік қамтамасыз ету саласы бойынша. Сондай-ақ 87 шақырым су құбыры желісі, 238 шақырым жол мен көше жөнделді, 79 аула абаттандырылды, – деп атап өтті аймақ басшысы брифингте.

Семейдегі перинатальдық орталықта, Аягөз, Глубокое, Жарма және Ұлан аудандарындағы аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта Шемонайха қаласында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, Семейдегі онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығының, сондай-ақ екі пәтерлі 37 үйдің құрылысы аяқталуда.

Көпбалалы отбасылар кезегі жойылады

Брифингте аймақ басшысының айтуынша, өткен жылдың басында баспана кезегінде 906 отбасы тұрса, оның ішінде ауылдық жерде тұратын 563 отбасы бүгінгі таңда баспанаға қол жеткізді.

– Ағымдағы жылдың соңына дейін өңірде 1038 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Кезекте тұрғандардың саны жыл сайын артып келеді. 2017 жылдан бастап баспана алу кезегі 4 есеге өсті. Көпбалалы отбасылардың тұрғын үй алу кезегін 2022 жылға дейін жоюды жоспарлап отырмыз, – деді Даниал Ахметов.

Жыл қорытындысы бойынша 74 көппәтерлі және 204 бір қабатты үйлерді тапсыру жоспарланған. Бұл – 519 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 4 900 пәтер. Жалпы, тұрғын үй құрылысына 30 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық.

Облыс әкімі брифингте биыл алғаш рет білім беру нысандарын жөндеуге 11 млрд. теңге бөлінгенін атап өтті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бес есе артық. Жаңа оқу жылына 394 білім беру мекемесі дайындалған. Бұл жұмыстардың 70%-ы «Жұмыспен қамтудың жол картасымен» жүзеге асырылған.

– Біз компьютерлері жоқ балалардың білім беру бағдарламаларынан артта қалмауы және ҰБТ мен емтихандарды сәтті тапсыруы үшін, ал ЖОО түлектері дипломдарын ойдағыдай қорғауы үшін барлық мүмкіндікті жасадық. Осылайша, облыс мектептері үшін 33 мыңнан астам компьютерлік техника сатып алынды. Оқушылардың 90 пайыздан астамы интернет желісіне қосылып, балалардың 6 пайызы роутермен қамтамасыз етілді, – деді Даниал Ахметов.

Айта кетейік, облыста үш ауысымды мектептердің жұмыс істеу мәселесі шешілген. Ағымдағы жылы тағы үш жаңа мектеп ашылды.

– Абай ауданының Қарауыл ауылында 300 орындық, облыс орталығындағы Ахмер ауылында 1000 орындық, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында 300 орындық интернаты бар 600 орындық мектеп ашылды, – деп нақтылады аймақ басшысы.

Шекаралық аудандарды дамытуға қаржы бөлінеді

Брифинг барысында облыс әкімі көптің көкейінде жүрген шекара маңындағы Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан, Үржар аудандарын дамыту туралы,  олардағы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша кешенді жоспарлар қабылданын да айтты.

– Барлық жоспарланған іс-шараларды шешу үшін қолда бар бюджеттік және бюджеттен тыс ресурстар жұмылдырылды, мемлекеттік қолдау құралдары іске қосылды. Бастапқыда 5 жыл ішінде жоспарларды іске асыруға 209 млрд. теңге бағыттау көзделсе, бүгінде бұл сома «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобалары есебінен 9 млрд. теңгеге артып, 218 млрд. теңге болды. Оның ішінде 44 млрд. теңге ағымдағы жылға қарастырылған, – деді Даниал Ахметов.

Шығыс Қазақстанда экспортқа шығаратын дақылдардың өндірісін кеңейту және көлемін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдануда.

Күзгі жиын-теріннің қорытындысы бойынша жалпы өнім жинау 340 млрд. теңгеге бағаланып, өткен жылға қарағанда 130%-ға өскен. Барлығы 804 мың тонна дәнді дақылдар жиналса, соның 626 тоннасы майлы дақылдар.

– Әлемде бұршақ және майлы дақылдарға сұраныс жоғары. Ең үлкен тұтынушы – Қытай. Ол жыл сайын көп мөлшерде май мен май тұқымын сатып алуға дайын. Бүгінгі таңда елімізде өсірілетін күнбағыстың 66%-ы Шығыс Қазақстанға тиесілі. Сондықтан өсімдік майының алуан түрін өндіру бойынша көшбасшы болу мүмкіндігіміз зор. Майлы дақылдар егістігін 23%-дан 40%-ға дейін ұлғайту қажет, – деді брифинг барысында аймақ басшысы.

Ет пен сүт өндіруден алдамыз

Сүт және ет өндіру көлемі бойынша өңір жетекші орында. Биыл 7 мың бас ірі қараға арналған 3 бордақылау алаңы пайдалануға беріліп, 1600 басқа арналған 8 тауарлы-сүт фермасы салынған және реконструкцияланған. 5 сүт қабылдау пункті іске қосылды.

–    Соңғы 5 жыл ішінде салаға салынған инвестициялардың көмегімен халықтан сүт сатып алу, ақшалай есептегенде 17 есеге, өнім ретінде 13 есеге ұлғайды. Бұл бізге сүт өңдеу кәсіпорындарының қуатын 29-дан 87%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді, – деді Даниал Ахметов.

Мал шаруашылығы өнімдері көлемінің ұлғаюы тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының қуаттылығын арттырды. Осылайша «Эмиль» компаниясы өндірісті жылына 32 мың тоннадан 45 мың тоннаға дейін жеткізуге кіріссе, «Өскемен құс фабрикасы» дайын өнім шығару көлемін жылына 22 мың тоннадан 55 мың тоннаға дейін ұлғайтып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында экспорттық өндірістерді құру үшін 2020 жылдан 2025 жылға дейін облыста 645 млрд. теңге инвестиция тартуға және 10 мың жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған 32 жоба іске асырылмақ.

Облыс әкімі атап өткендей, биыл 37,5 млрд. теңгенің бес жобасын іске асыру жоспарланған. Оның ішіндегі маңызды жобалардың бірі – жылдық қуаты 200 тонна уран өндіретін АЭС-ке арналған жылу бөлетін құрамдар шығаратын зауыт құрылысы. Жоба Азия нарығына, атап айтқанда Қытайға бағытталған.

Мұнымен бірге Ақтоғай тау-кен байыту комбинатында мыс кенін қайта өңдеу көлемін екі есеге арттыру бойынша ірі жобаның екінші кезеңі іске асырылуда. Қызылқайың кен учаскесінде қуаттылығы жылына 25 млн. тонна кен өндіретін байыту комбинатының құрылысы басталмақ.

Ауылдар ауызсумен қамтылды

 Облыс әкімінің айтуынша, сумен жабдықтау және су бұру бойынша жобаларды жыл сайын қаржыландыру көлемі 2015 жылдан бастап 3,6 есеге, атап айтқанда, 7 млрд. теңгеден 25 млрд. теңгеге дейін өскен. Су құбырлары 209 елді мекенде орнатылып, бүгінге дейін 240 мың адам ауызсумен қамтылған.

– Қолға алынған сумен қамту бойынша 41 жоба осы жылдың соңына дейін аяқталатын болады. Бұдан басқа 51 блок-модульді станция орнатылды, бұл 21 мың адамды сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс әкімі.

Соңғы 5 жылда ауылдарды сумен қамту пайызы 24,4 пунктке өскен. Ағымдағы жылы облыс халқының 92,3%-ы ауызсумен қамтамасыз етілсе, соның 82%-ы ауыл тұрғындары.

Алғашқы тәжірибелік-өнеркәсіптік алаң құрылды

Облыс әкімі брифингте атап өткендейй, медициналық импланттар өндірісі бойынша еліміздегі алғашқы тәжірибелік-өнеркәсіптік учаске Шығыста құрылды

– Үлгілердің адам ағзасының тіндерімен үйлесімділігі сыналды. Қазақстандық импланттардың сапасы ғана емес, сонымен қатар бағасы да тиімді. Ортопедиялық протездер шикізаттың өзіндік құнының төмендігіне байланысты шетелдік баламалардан 70% арзан. Өнімнің 65%-ы облыс кәсіпорындарында өндірілетін болады, – деді Даниал Ахметов.

Брифинг барысында облыстағы ішкі туризмді дамыту жайы да сөз болды. Мәселен, суы шипалы, әйгілі Алакөлдің жағасын абаттандыруға осыған дейін 11 млрд. теңге бағытталған. Биылғы пандемияның тигізген кедергісіне қарамастан, онда 600 адам демалған. Келер жылы көрсеткішті бір миллионға дейін жеткізу көзделген. Брифингте сонымен бірге, облыста экологиялық ахуалды жақсартуда қолға алынған шаруалар да баяндалып, келер жылы алда тұрған міндеттер айтылды.

***

 Облыс әкімі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

 Айнұр Коскина, «Вести.kg» ақпараттық порталы:      

  • Шығыс Қазақстан облысындағы қандай өңірлерде коронавирустық инфекцияның өршуі орын алып отыр? Оның себептері неде деп ойлайсыз? Облыс қанша ӨЖЖ (өкпені жасанды желдету) аппаратын сатып алды?
  • Мен күнделікті аудан-қала әкімдерімен байланысқа шығып, өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырмын. Бүгінгі таңда әзірше Өскемен, Алтай, Риддер, Серебрянка қалаларында және Глубокое ауданында ауру белгілерінің өсуі байқалады. Себептері туралы айтар болсам, вирустың таралуы тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтауына, бақылаушы органдардың қызметіне, климатқа және денсаулық сақтау саласының жағдайына байланысты. Медициналық мекемелердің жарақтануында мәселе жоқ. Қазіргі кезде бөлінген төсек-орындар тек 17 пайызға ғана жүктелген. Вирустың ең көп жұғатын жері – адамдардың ең көптеп шоғырланатын орындары болып отыр, оның ішінде қоғамдық көліктерді атауға болады. Ал кәсіпорындарда аурудың жұғуы тым аз, мәселен, «Казцинк» зауытында бүкіл кезең ішінде небәрі 104 адам ғана вирусқа шалдыққан. Біз 50 ӨЖЖ аппаратын сатып алдық, олар Швейцарияның «Хэйзелтон», АҚШ-тың «ТВ-100» және Жапонияның «НКВ-550» аппараттары.

Бақыт Сәрсембаева, «Рудный Алтай» газеті:

  • Шығыс Қазақстан коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша «қызыл аймаққа» еніп отыр. Десек те, тұрғындар арасында ПТР-тест нәтижелеріне деген сенімсіздік кездеседі. Неліктен және осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
  • Расында да, алғашқы кезде ПТР-зертханалардың нәтижелерді кешіктіріп беруі, сонымен қатар тестердің қате болып шығу фактілері болды. Бүгінде жағдай орнықты, облыста жеті ПТР-зертхана бар, олар тәулігіне жеті мың тест жасай алады.

Риза Молдашева, «Семей таңы» газеті:

  • ПТР-тестің құны тым қымбат, оны тұрғындар үшін тегін етуге болмай ма? Екінші сауалым, облыстағы әр аудан орталығына бір-бірден компьютерлік томограф (КТ) құрылғысын орнатуға бола ма?
  • Иә, алғашында тест құны 18 500 теңге болды, кейін 11 500 теңгеге арзандады. Қазір – 8125 теңге. Бұл мәселені Үкімет қарастыруы тиіс. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Тек бекітілген 10 санаттағы азаматтарға ғана тест тегін жасалады. Томографтар туралы айтсам, облыста қазір 18 КТ аппараты істеп тұр. Әр 250 мың тұрғынға бір құрылғыдан келеді. Алдағы уақытта Зайсан, Күршім, Тарбағатай аудандарына томограф алуды қарастырып отырмыз. Томограммаға кезекте тұрған азаматтар жоқ.

Марат Бәшімов, «Адам және заң» газеті:

  • Облыстың басты бір мәселесі – экология. Осыған орай өңірдегі зауыттарда тазарту құрылғыларын орнату ісі қалай жүруде?
  • Әрине, экология өңіріміздің басты проблемаларының бірі болып қалуда. Соңғы кездері мәселені шешуге 35 миллиард теңге қаржы салынды. Шығарылатын қалдықтар 10 мың тоннаға азайып отыр. Ең ірі кәсіпорынның бірі – «Казцинк» 15 жылда шығарындылар көлемін 41,7 пайызға кемітті. Бүгінде біз кешенді бағдарлама әзірлеп отырмыз, оны іске асыруға 50 миллиард теңге көзделген.

Диана Құлмағанбетова, «Информбюро»:

  • «Бипэк Авто» ұжымының хатынан хабардарсыз ба? Ондағы қалыптасқан жағдай өңір экономикасына қалай әсер етуде?
  • Әлбетте, бәрі менің бақылауымда. Екі мәрте компания басшысымен жолықтым. Қазір Индустрия министрлігі мен кәсіпорын арасында сот процесі жүруде. Расында, кәсіпорын мемлекеттен 327 миллион АҚШ долларының жеңілдетілген көмек қаржысын ала отырып, өз міндеттемелерін орындамаған. Әрине, біз мәселенің шешілуін қалаймыз. Әзірге, кәсіпорыннан түсіп жатқан салық азайған жоқ. Кәсіпорын тоқтап қалады деп ойламаймын. Біз, ең алдымен, еңбек ұжымының мүддесін қорғайтын боламыз.

Диас Баймұхамедов, «Атамекен бизнес» арнасы:

  • Вирустық инфекция салдарынан облыста өндіріс көлемі төмендеген жоқ па?
  • Жоқ, мәселен, экспорт көлемі 1,9 триллион теңге шамасында болды, яғни жоспарланған мөлшерде. Рас, мыс екі тоннаға, мырыш төрт тоннаға аз сатылды, бірақ әлі жыл аяқталған жоқ. Нақты вирустың салдары сезіліп отырған емес.

Динара Әбдірова, «Хабар 24» арнасы:

  • «Өскемен – Рахман қайнары» жолының құрылысы қашан жалғасады?
  • Құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы қайта қаралу үстінде. Нысан құрылысы міндетті түрде аяқталады.

Валерий Калганов, әлеуметтік желі арқылы:

  • Өскеменнің №1 қалалық ауруханасы мен Риддер қаласының ауруханасы қашан жөнделеді?
  • Риддер ауруханасының жобалық құжаттамасы аяқталды, келер жылы жөндеу жұмыстары басталады. Өскемендегі №1 аурухана  – 1962 жылы салынған ғимарат, жөндеуді қажет етеді, ол жұмыстар да келер жылға жоспарланған.

Олжас Керейхан, «Хабар 24» агенттігі:

  • Өскеменнің іргесіндегі Ахмер, 23-ші, 25-ші шағын аудандарға қоғамдық көлік тым сирек қатынайды. Осы мәселе қашан шешіледі?
  • Мәселе шешіледі, жаңадан 93 автобус аламыз. Аталмыш аудандарға апаратын жолдар салынады.

Орталық коммуникациялар орталығы:

  • Абай мерейтойының облыста өтуін қалай сипаттар едіңіз?
  • Мерейтой аясында 14,4 миллиард теңге қаражат бөлініп, 73 инфрақұрылымдық нысан салынды, қалпына келтірілді. Барлығы 142 іс-шара өтті, оның алтауы спорт, қырық үші білім, қалғандары мәдениет саласы бойынша.

Осы айдарда

Back to top button