Басты

Әлеуметтік азық-түліктің бағасы тұрақты

Қазір жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер кезі. Осы көктемнің көкөзек шағында дәрігерлер коронавирусқа қарсы тұратындай етіп иммунитетті көтеру үшін жасанды тамақтан, нәрсіз тамақтан бас тартып, жиі-жиі жеміс-жидек, балық, жұмыртқа  жеп, құрт қосқан сорпа ішіп, ет, қымыз сияқты ұлттық құнарлы тамақтарымызды көптеп тұтыну қажеттігіне кеңес беруде. Сонымен бірге дұрыс демалып, ұйықтап, темекі шегу тәрізді зиянды әдеттерден аулақ болуды баса айтуда.

Кеше тұрғындармен тікелей байланыста баспасөз мәслихатын өткізген облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Нұрбаев елде жарияланған төтенше жағдай кезінде облыс әкімдігі халықты азық -түлікпен үздіксіз қамтамасыз етуге орай барлық қажетті жағдайды жасап жатқанын мәлім етті. Өңірде әлеуметтік маңызды деген 19азық-түліктің қатарына кіретін ұн, пияз, картоп, күріш, қарақұмық, сәбіз, сиыр еті, күнбағыс майы сияқты өнімдердің бәрі жеткілікті, бағасы тұрақты деді ол.

Бұл өнімдердің бәрі де дерлік өз аймағымызда өндіріліп келе жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, қымбатшылықтың алдын алу мақсатында басқарма  «Нұр Отан» партиясымен, қоғамдық ұйымдармен бірге апта  сайын әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлері бақыланып, мониторинг жүргізіліп отыр. Соның ішінде облыста ұн, күнбағыс майы,құс еті өнімдерінің қоры сұраныстағы  қажеттіліктен әлдеқайда көп. Аймақтағы өнім өңдеуші кәсіпорындардың тауарларына да апта сайын мониторинг жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайға байланысты олардың бәрінде санитарлық тазалық шаралары күшейтіліп, нан,тоқаш өнімдері сауда орындарына қаптамамен жөнелтіліп жатыр. Өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін өңдеушілерге жыл сайын 218 тоннадан астам сүт жеткізіліп келеді. Күн сайын базарлар мен сауда орындарында 160 тонна ірі қара еті сатылып отыр. Бұл көлем, еттің жылдық өндірісі облыс халқының етке деген қажеттілігін 141 пайызға қамтитын көрінеді.

МЫҚТЫ АҒЗА ВИРУСҚА ТОЙТАРЫС БЕРЕДІ

COVID-19болсын, кез келген вирусты ағзасы күшті адам ғана жеңіп шыға алады. Ал базарда ірі қараның жұмсақ етінің келісі 2 800 теңгеге жетіп тұр. Етпен облыс тұрғындарын 141-ді қойып, 200 пайызға артығымен қамтыса да  ауылдың да, қаланың да қазағы ол қымбат етті қалай сатып алсын. Сондай-ақ қалада қымыз сатып жатқан бір-ақ сауда орынын көрдік. Оның да бағасы әркімнің қолы жететіндей емес.Бәрінен қымбаты халықтың денсаулығы дейміз кеп. Осындайда уақытша болса да сол табиғи деп жатқан тамақтардың бағасын тұрақтандыруға болмай ма? Осы сауалды біз тікелей байланыста басқарма басшысына ватсап арқылы жолдап, «Бізде ірі қара саны жеткілікті, сауда орындарына келіп түсетін ет көлемі де артығымен жетеді.Базарды тексеруге аламыз» деген жауап алдық.Тағы да айтайық, еттің көптігінен не қайыр, бағасы аспандап  тұрса?!

Төтенше жағдайға байланысты енді Өскеменде, аудан орталықтарында ұйымдастырылып  келе жатқан сенбілік жәрмеңкелер бұдан былай өткізілмейді. Коронавирустың таралуына тосқауыл қою үшін  ауыл шаруашылығы өнімдері қауіпсіздігін, тасымалын бақылау шаралары да күшейтіліп отыр.

-Облыс тұрғындарын әлеуметтік маңызды азық-түлік қорымен қамтамасыз ету, олардың бағасын тұрақты  ұстап тұру басқарманың күнделікті  бақылауында. Бізде өндірілмейтін күріш, қант өнімдерінің көлемі тұрақтандыру қорында жеткілікті. Сауда орындарында аталған өнімдер азайып кеткен жағдайда осы қордан бөлінеді. Сонымен бірге, бірінші қажеттіліктегі   басқа да  өнімдер қорын жасақтау мақсатында оларды облысқа  жеткізу шаралары жасалып жатыр. -дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Нұрбаев.

Төтенше жағдай кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер салықтан босатыла ма? Иә, басқарма басшысы  ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер ағымдағы кезеңде  жер салығынан, ҚҚС салығынан босатылатынын айтты. Гербицидтер мен пестицидтер, ауыл шаруашылығы техникалары, тұқым, өзге де ауыл шаруашылығына қатысты біраз өнімдер облысқа шетелдерден сатылып алынып келеді. Сол себепті сатылымы шарықтап тұрған АҚШ долларының кесірі өңірдің ауыл шаруашылығына айтарлықтай кері  әсерін тигізіп,   шығын әкелетіні айдан анық. Ал көктемгі егіске қажетті  дизель отыны жылдағыдай мемлекеттік жеңілдікпен арзандатылып берілмек.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button